Көкшетауда Ерейментау, Аршалы аудандарынан, Степногор және Көкшетау қалаларынан ақылына көркі сай ару келіндердің қатысуымен «Әдепті келін – отбасы көркі» фестиваль-байқауы өтті.
Келіндер мемлекеттік тілге құрмет көрсету, халқымыздың тарихы мен мәдениетін дәріптеу, салт — дәстүріміз бен әдет — ғұрпымызды кеңінен насихаттау және қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, инабаттылық, сымбаттылық, ізеттілік және іскерлік пен тапқырлықтың үлгісін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен көкшетаулық Толғанай Даутова, ІІ дәрежелі дипломмен ерейментаулық Жанар Хуандаг марапатталды. Ал I дәрежелі дипломға Степногор қаласынан келген келін Динара Сабдина ие болды.
Сонымен бірге, фестиваль-байқауына белсене қатысқаны үшін Арайлым Қалдан (Аршалы ауданы) және Сымбат Әбішева (Көкшетау қаласы) марапатталды.
Әр қатысушыға диплом, ас астауы, қазақтың ұлттық киіз үй мүсіншесі және гүл шоқтары табыс етілді.