Басты бетӨзектіКөкшетау өз ұлыларын неге ұлықтай алмай отыр?

Көкшетау өз ұлыларын неге ұлықтай алмай отыр?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ескерткішсіз қалған тарихи тұлғалар, ашылмаған музейлер, мәнін жоғалтқан көше атаулары. Қаланың тарихи жадына кім жауапты?

Көкшетау — қазақ тарихында орны бөлек өңір. Бұл топырақта Абылай ханның ізі, Науан хазіреттің өнегесі, Ақан сері мен Біржан салдың әні, Сәкен Сейфуллин мен Сәкен Жүнісовтің шығармашылық мұрасы қалған. Көкшенің табиғатын жырға қосқан ақындар аз емес, ал оның тарихын жасаған тұлғалар бір шоғыр. Бірақ бүгінгі қаланың келбетіне қарап, осы бай мұраға қаншалықты құрмет көрсетіп жүрміз деген заңды сауал туады.

Абылай ханға лайықты еңселі ескерткіш бар ма? Науан хазіреттің рухани мұрасын танытатын музей қайда? Ақан сері мен Біржан салдың өнерін ұлықтайтын мәдени орталық неге жоқ? Қажымұқан мен Балуан Шолақ секілді Ақмола өңірінің қос алыбына арналған ескерткіштер қайда? Сәкен Сейфуллин мен Сәкен Жүнісовтің Көкшетаудағы еңселі монументтері неге жоқ? Ал осы тұлғалардың есімін иеленген көшелер мен даңғылдардың бүгінгі жағдайы олардың тарихи мәртебесіне сай ма?

Бұл сауалдардың бәрі бір ғана мәселеге келіп тіреледі: Көкшетау өз тарихын, өз ұлыларын қалай қадірлеп жүр?

Абылай ханның аты бар, айбыны қайда?

Көкшетауда Абылай ханның ескерткіші бар. Алайда оның көркемдік шешімі ұлы ханның тарихи тұлғасына сай ма деген сұрақ туындайды. Үш жүздің басын біріктіріп, елдің тұтастығы мен дербестігі үшін күрескен, жоңғар шапқыншылығы тұсында қазақ мемлекеттілігін сақтап қалуға зор үлес қосқан ханның айбарын танытатын асқақ монумент деп айта аламыз ба?

Ашығын айтқанда, қазіргі ескерткіштің көркемдік шешімі көпшіліктің көңілінен шыға бермейді. Тіпті ханның тұлғасы мен тарихи мәртебесін ашып көрсетудің орнына, мүсін көрген адамға қой бағып отырған қойшының бейнесін елестетеді. Бұл — әдейі әсірелеу үшін айтылған сөз емес, ескерткіштің көркемдік деңгейіне қатысты сын. Үш жүздің басын қосқан, ел тағдырын шешкен тарихи тұлғаның бейнесі осындай әсер қалдырмауы керек еді.

Мүсіннің тағы бір назар аударатын тұсы — ханның қолына сүйеніш ретінде ұстатқан бақанға ұқсас зат. Алыстан қарағанда ол адалбақанға немесе стелаға көбірек ұқсайды. Ал жүрелеп отырған хан сол бір бағанаға сүйеніп, одан тірек іздеп отырғандай әсер қалдырады. Сонда үш жүздің басын біріктірген, талай тарихи шайқасты бастан өткерген, ел тағдырын шешкен Абылай ханға сүйеніш боларлық тұлпар да, айбарлы тақ та табылмағаны ма? Ханның өзі бақанға сүйеніп отыруы керек пе еді?

Фото: Петропавлдағы Абылай хан музейі алдындағы ескерткіш

Әрине, бұл — мүсіннің көркемдік шешіміне қатысты субъективті пікір. Бірақ ескерткіштің міндеті тарихи тұлғаны жай ғана бейнелеу емес, оның айбынын, болмысын, дәуірдегі орнын көрер көзге сезіндіру ғой. Өкінішке қарай, қазіргі композиция мұндай әсерден гөрі, көрерменге еріксіз сұрақ туғызады.

Фото: Абылай хан ескерткішінің жобасы

Біз Ботай мәдениетін әлемге танытып, қазақ даласында жылқыны қолға үйрету тарихының терең тамыры жатқанын мақтанышпен айтамыз. Жылқыны ер қанатына балаған халықтың ұлы ханы Абылайға келгенде, еңселі ескерткіштің бір тас тұлпарын қиюға неге сараңдық танытамыз? Үш жүздің басын қосқан ханның бейнесі Көкшетаудың төрінде айбарлы тұлпарымен асқақтап тұрса, оның қандай сөкеттігі бар? Керісінше, бұл ел тарихын көркем образ арқылы ұрпақ санасына сіңірудің бір жолы болар еді.

Фото: Абылай хан даңғылындағы көрініс

Мәселе мұнымен де бітпейді. Абылай ханның есімі берілген даңғылдың бүгінгі көрінісі де көңіл көншітпейді. Қаланың басты көшелерінің бірі болуы тиіс бұл даңғылдың кей тұстары абаттандырылған, көріктендірілген тарихи кеңістіктен гөрі қараусыз қалған, күтімсіз алаңды елестетеді. Кейбір көріністері тіпті жоңғар шапқыншылығына ұшыраған қаланы еске түсіреді. Бұл — ханның абыройын түсіру үшін айтылған сөз емес, қала кеңістігінің тарихи атауға сай болмауына қатысты сын.

Абылай ханның есімін даңғылға беру аз. Сол даңғылдың әрбір бөлігі оның тарихи мәртебесіне лайық болуы керек. Тазалығы, жарықтандырылуы, көгалдандырылуы, сәулеттік шешімі мен қоғамдық кеңістігі қаланың айбынын танытуы тиіс. Әйтпесе, атауы асқақ болғанымен, тұрпаты оған сай келмейтін көшенің болуының өзі ойландырады.

Ұлылардың есімі бар, музейі неге жоқ?

Көкшетауда Ақан сері мен Біржан салға арналған мүсіндер бар. Олардың орнатылғанына да бірнеше онжылдық өтті. Бірақ осы екі өнер саңлағының қазақ музыкасы мен әншілік дәстүріндегі орнын терең танытатын, қалаға келген адам арнайы іздеп баратын мәдени кеңістік қалыптастыра алдық па?

Науан хазіреттің рухани-ағартушылық жолын танытатын жеке музей қайда? Абылай ханның өмірі мен мемлекеттік қызметіне арналған заманауи тарихи орталық ашуға болмас па еді? Ақан сері мен Біржан салдың әншілік мұрасын, Сәкендердің әдеби жолын кеңінен таныстыратын мәдени орындар неге жоқ?

Әрине, қалада тарих және өнер музейлері бар. Бірақ ол аталған тұлғалардың әрқайсысының өмір жолын, мұрасын, қоғамдық қызметін терең зерттеп, танытатын дербес музейлердің орнын толық баса алмайды. Ақан серінің әнін, Біржан салдың өнерін, Науан хазіреттің өнегесін, Сәкендердің шығармашылығын тек оқулықтағы бірнеше дерекпен шектемей, заманауи музейлік форматта ұсынуға әбден болады.

Мұндай музейлер тек жәдігер сақтайтын орын емес, ғылыми зерттеу, мәдени-ағартушылық жұмыс, туристік бағыт және жас ұрпаққа тарихи тәрбие беретін орталыққа айналар еді. Көкшетауға келген турист те, мектеп оқушысы да, студент те осы тұлғалардың өмірі мен еңбегін бір жерден танып-білуге мүмкіндік алуы керек.

Ақмола өңірінің қос алыбына Көкшетауда ескерткіш неге жоқ?

Ақмола өңірінің мақтанышына айналған тағы екі алып тұлға бар. Олар — әлемге танылған күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен қазақтың халық композиторы, ақын, сал-серілік өнердің көрнекті өкілі Балуан Шолақ Баймырзаұлы. Екеуінің де өмір жолы Ақмола өңірінің тарихымен тығыз байланысты. Бұл — қазақтың күш өнері мен ұлттық мәдениетінде өзіндік із қалдырған бірегей тұлғалар.

Қажымұқан — қазақтың атын әлемдік күрес аренасында танытқан, талай халықаралық бәсекеде жеңіске жеткен теңдессіз балуан. Оның есімі тек спорт тарихында ғана емес, халықтың рухы мен қайсарлығының символы ретінде сақталды. Ал Балуан Шолақ — күш өнерін, әншілік пен ақындықты, ат үстіндегі түрлі өнерді бір бойына тоғыстырған ерекше дарын иесі. Ол сал-серілік дәстүрді жалғастырып қана қоймай, қазақтың ән өнеріне өлмес мұра қалдырды.

Ендеше, Ақмола өңірінің осындай қос алыбына Көкшетаудың төрінен неге еңселі ескерткіш орнатпасқа? Қалада жаңа нысандар бой көтеріп, саябақтар абаттандырылып жатқанда, ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға да лайықты орын табуға болмай ма? Қажымұқан мен Балуан Шолақтың бейнесін бір кеңістікте немесе қаланың тарихи-мәдени тұжырымдамасына сай жеке монументтер арқылы ұлықтау — ойлануға тұрарлық бастама.

Бұл жай ғана екі мүсін орнату туралы ұсыныс емес. Қажымұқан арқылы жас ұрпаққа қайсарлық пен жеңіске деген жігерді, Балуан Шолақ арқылы ұлттық өнердің, сал-серілік дәстүрдің байлығын танытуға болады. Олардың өмірі мен мұрасын насихаттайтын мәдени кеңістік қалыптастыру да өңірдің туристік тартымдылығын арттырар еді.

Өзінің алыптарын ұлықтай алған елдің рухы да биік болады. Ал Ақмола өңірінің осындай перзенттеріне Көкшетаудың төрінен лайықты орын беру — тарихи жад алдындағы парыз.

Екі Сәкеннің де ескерткіші неге жоқ?

Көкшетау туралы сөз болғанда Сәкен Сейфуллинді айналып өту мүмкін емес. Ақын өзінің «Көкшетау» поэмасында осы өңірдің табиғатын, аңызға толы тарихын жырға қосты. Ол қазақ баспасөзінің қалыптасуына да өлшеусіз үлес қосты. 1917 жылы Ақмолада «Тіршілік» газетінің жарық көруіне атсалысты. Кейін осы басылымның жалғасы ретінде «Арқа ажары» газетінің тарихы қалыптасты.

2017 жылы газеттің Көкшетаудағы редакция ғимаратына Сәкенге арналған мемориалдық тақта орнатылды. Бірақ мемориалдық тақта мен ұлт мақтанышына айналған тұлғаның еңселі ескерткіші бір деңгейдегі құрмет емес.

Мәселенің тағы бір ойландыратын тұсы бар. Сәкен Сейфуллинге арналған мемориалдық тақта газеттің меншікті редакция ғимаратына емес, басылым жалға алып отырған жеке кәсіпкерге тиесілі ғимаратқа орнатылған. Ертең газет редакциясы басқа мекенжайға көшсе, бұл тақтаның тағдыры не болмақ? Оны да бірге алып кете ме? Әлде жалға алынған ғимараттың қабырғасында уақытша естелік болып қала бере ме?

Ғасырдан астам тарихы бар, Сәкен Сейфуллиннің есімімен тікелей байланысты «Арқа ажары» газетінің бүгінге дейін өзінің редакция ғимараты жоқ, жалға алынған орында жұмыс істеп отырғаны да ойландырмай қоймайды. Қазақ баспасөзінің қалыптасуына үлес қосқан, талай буын журналистің қолтаңбасы қалған басылымның тұрақты шаңырағы болуы керек емес пе? Газеттің тарихы бар, аты бар, елге сіңірген еңбегі бар. Бірақ сол тарихты сақтап отырған редакцияның өз үйі жоқ. Бұл да өңірдегі руханият пен баспасөзге деген көзқарастың бір көрінісі емес пе?

Турасын айтқанда, бүгінгі «Арқа ажарының» да жағдайы көңіл көншітпейді. Газеттің бүгінгі күйіне қарасаң, Сәкеннің өзі тіріліп келмейінше, оңалмайтындай көрінеді. Бұған тек басылымның қаржылық немесе таралым мәселесін себеп ету жеткіліксіз. Ең алдымен, заман талабына сай медиа менеджменттің, тың идея мен жаңашыл басқару тәсілдерінің жетіспейтіні анық байқалады. Қазіргі ақпарат кеңістігінде басылымның өміршең болуы үшін қалыптасқан жұмыс тәртібін қайталай беру аз. Оқырманмен жаңа тіл табысу, цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану, редакциялық мазмұнды жаңарту қажет. Бұл — әкімдіктің қаржылық қолдауына қатысты мәселе емес, бүгінгі редакция басшылығының басқару мәдениеті мен кәсіби көзқарасының мәселесі.

Сәкен Сейфуллин 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болды. Кейін ақталып, халқымен қайта қауышты. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Астана қаласында Сәкеннің ескерткіші мен музейі бар. Ал ақын жырлаған Көкшетауда неге жоқ?

Сонда біз әлі күнге дейін Сәкенді «халық жауы» деп таныған кеңестік кезеңнің жаңсақ түсінігінен арыла алмай жүрміз бе? Сталиндік репрессияның құрбаны болған дауылпаз ақынға Көкшенің төрінен ескерткіш орнатуға не кедергі?

Бірақ Көкшетаудың өз перзенті, тағы бір Сәкен бар. Ол — Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісов. Ел арасында «Сәкен сері» атанған қаламгердің қазақ әдебиетіндегі, әсіресе ұлттық прозадағы және драматургиядағы орны айрықша. «Ақан сері» дилогиясы арқылы Көкше өңірінің өнер тарихын көркем әдебиетте жаңғыртқан жазушының туған жеріндегі мәртебесі қандай?

Оның есімі қаладағы шағын ғана көшеге берілген. Бұл — жазушының әдебиеттегі орны мен ел алдындағы еңбегіне көрсетілген құрметтің жеткілікті өлшемі ме? Көкшетауда Сәкен Жүнісовке арналған еңселі ескерткіш жоқ. Қала орталығында оның өмірі мен шығармашылығын кеңінен танытатын дербес әдеби-мемориалдық музей де жоқ.

Әрине, 2021 жылы Сәкен сері атындағы №18 мектеп-лицейде жазушының музейі ашылды. Онда қаламгердің жеке заттары, кітаптары, құжаттары мен фотосуреттерін қамтитын 500-ден астам жәдігер жинақталған. Бұл — игілікті бастама. Оған атсалысқан азаматтардың еңбегін бағалау керек. Бірақ мектеп ішіндегі музей бүкіл қалаға ортақ, туристер мен әдебиет сүйер қауым еркін келіп тамашалайтын дербес мәдени орталықтың орнын баса алмайды.

Сәкен Жүнісовтей қаламгерге арналған музейді қаланың тарихи-мәдени кеңістігінде ашу, оның ескерткішін орнату, есімі берілген көшені де лайықты деңгейге жеткізу — Көкшетаудың өз перзентіне көрсететін құрметі болар еді.

Сонда бізде бір ғана Сәкеннің емес, екі Сәкеннің де мәселесі бар. Бірі — қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, «Көкшетау» поэмасын жазған Сәкен Сейфуллин. Екіншісі — Көкшенің төл перзенті, «Ақан сері» дилогиясын жазған Сәкен Жүнісов. Екеуінің де есімі қазақ руханиятының алтын қорында. Бірақ туған өлкенің төрінде екеуіне де лайықты ескерткіш пен дербес музейлік кеңістік қалыптастыру мәселесі әлі шешімін күтіп тұр.

Ескерткіш қоюда қандай өлшемге сүйенеміз?

Қаладағы ескерткіштерге көз жүгіртсек, олардың арасында бұрынғы кеңестік кезеңде мемлекеттік қызметте, партиялық аппаратта немесе құқық қорғау органдарында қызмет атқарған тұлғалар да аз емес. Олардың елге сіңірген еңбегін жоққа шығару ойымызда жоқ. Мәлік Ғабдуллин секілді майдангер, ғалым, жазушының орны да бөлек. Алайда тарихи тұлғаларды ұлықтауда қандай өлшемге сүйеніп жүргенімізді ашық талқылайтын кез келді.

Неге ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалаған, руханият пен өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға келгенде соншалықты енжармыз? Неге қызметтік лауазымы мен кеңестік кезеңдегі атақ-дәрежесі бар адамдарға ескерткіш қоюға мүмкіндік табылғанда, ұлттың рухани тарихын жасаған алыптарға келгенде бастама мен батылдық жетіспейді?

Мұны көше атауларынан да аңғаруға болады. Сәкен Сейфуллин мен Сәкен Жүнісов секілді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің есімдерін Көкшетаудың еңселі көшелеріне беруге келгенде неге соншалықты сараңбыз? Ал өңірдің бұрынғы мемлекеттік және партиялық аппаратында қызмет атқарған Оразбек Қуанышев пен Мақтай Сағдиевтің есімдерін қала көшелеріне беруге келгенде мұндай кедергілер болған жоқ.

Олардың мемлекеттік қызметі мен өңір дамуына қосқан үлесі бар екені даусыз. Бірақ сонда қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалардың еңбегі неге дәл осындай деңгейде бағаланбайды?

Бұдан да ойландыратын жайт бар. Көкшетауда бұрынғы Қазақ КСР прокуроры Ғалым Елемесовке де бюст орнатылған. Ал оның есімі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі жазалау науқанына қатысты тарихи пікірталастарда аталады. Желтоқсанға қатысқан жастарды қудалау мен жауапқа тарту мәселесіндегі сол кездегі республика прокуратурасының рөлі әлі де тарихи тұрғыдан әділ бағалануы тиіс. Осындай жағдайда оның бюстінің қала кеңістігінен орын алуы, ал Желтоқсанның қаһармандарына лайықты құрмет көрсету мәселесінің әлі де күн тәртібінде тұруы қоғамдық талқылауды қажет етеді.

Мәселе біреудің есімін алып тастап, екіншісінікін қоюда емес. Мәселе — тарихи жадының таразысы қандай өлшеммен өлшеніп жүргенінде. Егер лауазымды қызмет атқарған азаматтарға көше де, бюст те табылса, онда ұлттың рухани тарихын жасаған Сәкендерге неге лайықты орын табылмайды? Неге Ақан сері, Біржан сал, Қажымұқан мен Балуан Шолақ секілді тұлғаларға келгенде бастама көтеруге батылдық жетіспейді?

Бұл — біреуді төмендетіп, екіншісін жоғары қою мәселесі емес. Бұл — тарихи әділет пен қоғамдық басымдық мәселесі. Қала кеңістігіне қарап-ақ оның қандай құндылықтарды алдыңғы орынға қоятынын аңғаруға болады. Ескерткішті кімге, не үшін және қандай көркемдік деңгейде орнатқанымыз — ұрпаққа беретін үнсіз тәрбиеміз.

Кейде кейбір мүсіндерге қарап, «осы да жарайды» дегендей, тек ескерткіш қойылғаны үшін ғана қойылғандай әсер аласың. Ал ескерткіш дегеніміз — бос кеңістікті толтыру үшін орнатылатын мүсін емес. Ол — тарихи тұлғаның болмысын, дәуірін, ел алдындағы еңбегін көркем тілмен жеткізетін өнер туындысы. Сондықтан оның идеясы да, сәулеттік шешімі де, орындалу сапасы да жоғары болуы шарт.

Осы беталыспен кете берсек, ертең Көкшетауда тарихи тұлғаларға ескерткіш орнатудан бұрын, қызметте болған әкімдердің мүсінін қай жерге қоямыз деп бас қатыратын түріміз бар. Бәлкім, олардың әрқайсысына жеке тұғыр орнатып, қызмет еткен жылдарын мәрмәр тақтаға қашап жазармыз. Ал ұлттың тарихын жасаған, руханиятын байытқан, елдің атын әлемге танытқан тұлғалар тағы да кезегін күтіп тұра берер. Әзіл сияқты көрінгенімен, мұндай қауіптің алдын алатын нәрсе — ескерткіш қоюдағы нақты өлшем мен тарихи әділет.

Абыздардың үнсіздігі нені аңғартады?

Ал осы мәселені кім көтеруі керек? Кеудесіне орден-медаль тағып, құрметті атақ алып, ел алдында «абыз» атанып жүрген азаматтар қайда? Мемлекеттік қызметтің биік сатыларынан өткен қайраткерлер, өңірдің зиялы қауым өкілдері, қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген аға буын неге осы мәселеге үн қоспайды?

Бәлкім, Көкшетау мен Ақмола өңірінің ұлы тұлғаларының әлі күнге дейін лайықты деңгейде ұлықталмай отыруының бір себебі осында жатқан шығар. Кезінде ел сыйлаған, сөзі өтімді, аузы дуалы атанған ағаларымыздың бірқатары қоғамдық мүддеден гөрі жеке басының жайын көбірек күйттеп кеткен жоқ па деген де ой келеді. Ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтау мәселесінде үнсіздік танытатын кейбір азаматтардың өздері атақ пен марапат алуға келгенде белсенділік танытып жататыны да жасырын емес.

Соңғы жылдары өңірдің бірқатар азаматтары облыстың құрметті азаматы атанды, енді біреулері мемлекеттік ордендер мен медальдарға ие болды. Әрине, елге еңбегі сіңген азаматтың марапат алғанына ешкім қарсы емес. Бірақ марапаттың да, атақтың да шынайы өлшемі болуы керек қой. Бүгін көзі тірі азаматтар құрмет пен атаққа кенеліп жатқанда, осы өлкенің атын тарихқа қалдырған тұлғалардың ескерткішсіз, музейсіз, лайықты мәдени кеңістіксіз қалуы қалай? Ұлылардың ұлықталуы кейінге ысырылып, тірілердің атақ-даңққа таласуы алдыңғы орынға шығып кетпеді ме?

Елдің қамын ойлайтын азаматтың міндеті тек өзіне көрсетілген құрметті қабылдап, марапат мінберінде суретке түсумен шектелмеуі керек. Оның артында ұрпаққа қалатын нақты ісі, қоғамға пайдасы, елдің жоғын жоқтаған азаматтық ұстанымы болуы тиіс. Өңірдің абыройлы ағалары Абылай ханға лайықты ескерткіш орнату, қос Сәкеннің мұрасын ұлықтау, Қажымұқан мен Балуан Шолаққа монумент тұрғызу мәселесін көтерсе, бұл да ел алдындағы үлкен қызмет болар еді.

Абылай ханның айбарын, Науан хазіреттің рухани мұрасын, Ақан сері мен Біржан салдың өнерін, қос Сәкеннің әдеби мұрасын, Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ел тарихындағы орнын ұлықтау тек әкімдіктің міндеті емес қой. Бұл — ең алдымен, елдің тарихы мен руханиятына жанашырлық танытуды азаматтық парыз санайтын тұлғалардың да жауапкершілігі.

Атақ пен марапат адамның кеудесінде жарқырап тұру үшін ғана берілмейді. Оның артында елге сіңірген еңбек, қоғамдық салмақ, кейінгі ұрпаққа қалатын өнеге болуы керек. Ендеше, осындай маңызды мәселелерде сол атақтың да, абыройдың да салмағы сезілсе дейсің. Ұлыларды ұлықтау жөнінде бір ауыз сөз айтуға, нақты бастама көтеруге, қоғамдық талқылау ұйымдастыруға не кедергі? Әлде тарихи тұлғаларға құрмет көрсету мәселесі де біреудің тапсырмасын күтіп қалуы керек пе?

Абыздықтың өлшемі — алған атақ пен таққан медальда емес, елдің жоғын жоқтап, ұлттың ұмыт қалған құндылығын түгендей білуде.

Тарихи жады бар қала қандай болуы керек?

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, ірі қалалар өздерінің ұлы тұлғаларын тек оқулық бетінде қалдырмайды. Париж Виктор Гюгоны, Лондон Шекспирді, Прага Франц Кафканы тарихи жадтың ажырамас бөлігіне айналдырған. Бұл — өткенге табыну емес, қаланың мәдени болмысын қалыптастыру, келер ұрпаққа рухани бағдар беру.

Мәселен, Париждегі Инвалидтер үйі кешенінде орналасқан Наполеон Бонапарттың кесенесін алайық. Бұл — жай ғана қабір немесе музей экспозициясының бір бөлігі емес. Кесене кешеннің сәулеттік әрі идеялық орталығына айналған. Наполеонның саркофагы күмбезді ғимараттың ортасындағы арнайы жасалған кеңістіктің төменгі бөлігіне орналастырылған. Оны тамашалауға келген адам жоғарыдағы галереядан төмен қарайды. Осылайша келуші ұлы қолбасшының мәңгілік мекеніне еріксіз бас иіп, оның тарихи тұлғасы мен мемлекет алдындағы орнын тереңірек сезінеді.

Мұнда сәулет өнері идеологиямен астасып жатыр. Бір ғана кеңістіктің құрылымы арқылы тұтас бір мемлекеттің тарихи жады, ұлттық мақтанышы мен ұрпаққа жеткізгісі келген құндылығы көрініс табады. Бұл — өткенді құр дәріптеу емес, тарихи тұлғаның ел жадындағы орнын ұтымды әрі әсерлі тәсілмен таныту.

Бізге де осындай тың идеялар неге келмейді? Неге Абылай ханға, Науан хазіретке, Ақан сері мен Біржан салға, Қажымұқан мен Балуан Шолаққа, қос Сәкенге арналған нысандарды жобалағанда тек мүсін орнатумен шектелуіміз керек? Неге олардың өмір жолын, тарихи миссиясын, елге сіңірген еңбегін сәулет, өнер және кеңістік тілімен сөйлете алмаймыз? Мәселе қаржының көптігінде ғана емес, ең алдымен, идеяның тереңдігі мен тарихи сананың биіктігінде. Ұлы тұлғаны ұлықтау үшін оның атын тақтаға жазып, мүсінін тұрғызу аз. Келген адам сол кеңістіктен тарихтың тынысын сезініп, тұлғаның ұлылығын жүрегімен түйсініп шығатындай шешім табуымыз керек. Идеология дегеніміз де — ұлттың тарихи жадын осылайша қалыптастыру емес пе?

Көкшетаудың да мүмкіндігі аз емес. Қалада Абылай ханға арналған жаңа, айбарлы монументтік жоба әзірлеуге, Науан хазіретке лайықты ескерткіш орнатуға, Ақан сері мен Біржан салдың мұрасын танытатын мәдени орталық ашуға, Қажымұқан мен Балуан Шолақтың еңселі ескерткіштерін тұрғызуға, Сәкен Сейфуллин мен Сәкен Жүнісовтің шығармашылық мұрасын танытатын әдеби-мәдени кеңістік қалыптастыруға болады. Ең бастысы, бұл жұмыстар науқаншылдықпен емес, ғылыми негізделген тұжырымдама мен сапалы жобалар арқылы жүзеге асуы тиіс.

Алдымен тарихшылар, өлкетанушылар, жазушылар, өнертанушылар, сәулетшілер мен мүсіншілер қатысатын қоғамдық кеңес құрылып, қаланың тарихи-мәдени келбетін жаңғырту жөнінде нақты бағдарлама әзірленгені жөн. Ескерткіш жобалары ашық конкурс арқылы таңдалып, кәсіби ортада талқылануы керек. Музейлерді дамыту, көше атауларының мазмұнын жаңғырту, тарихи орындарды абаттандыру мәселелері де осы жоспарға енуі тиіс.

Бұл жұмысты тек әкімдіктің міндеті деп қарауға болмайды. Өңірдің зиялы қауымы, қоғамдық ұйымдары, шығармашылық одақтары да үн қосуы қажет. Өйткені тарихи жад — бір мекеменің ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі.

Абайдың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген өлең жолдары бар. Расында, артында өлмес мұра қалдырған тұлғалар халық жадында мәңгі жасайды. Бірақ сол жадты жаңғыртып, олардың өнегесін келесі ұрпаққа жеткізу — бүгінгі буынның міндеті.

Ұлы тұлғалардың есімін көшеге беру — оларды ұлықтаудың өзі емес, алғашқы қадамы ғана. Ескерткіші болмаса, музейі болмаса, мұрасы жүйелі насихатталмаса, есімі берілген көшесі де күтімсіз қалса, онда біз тарихи тұлғаларды шын мәнінде қадірлеп жүрміз деп қалай айтамыз?

Көкшетаудың мәселесі ескерткіштің аздығында ғана емес. Мәселе — өз тарихына деген құрметті қаланың күнделікті келбетінен көрсете алмауында. Абылай ханның айбарын, Науан хазіреттің рухани мұрасын, Ақан сері мен Біржан салдың өнерін, Қажымұқан мен Балуан Шолақтың қайратын, қос Сәкеннің шығармашылық мұрасын қаланың әр бұрышынан сезінуіміз керек.

Бір өкініштісі, осылай жалғаса берсе, ертеңгі ұрпақ Көкшетаудың тарихын зерттегенде, ұлы ақындары мен батырларына қарағанда, кезінде қандай қызмет атқарған шенеуніктердің есімдері көшелерге көбірек берілгенін көріп өсуі мүмкін. Тарихты лауазым иелері емес, елге қалдырған мұрасы арқылы бағалайтын уақыт жетті. Әйтпесе, бүгін ұлықталмаған ұлыларымыздың орнын ертең кім толтырады?

Көкшетау өз ұлыларын қашан лайықты ұлықтайды? Бұл сауалға жауапты кейінгі ұрпаққа қалдырмай, бүгінгі буынның өзі іздеуі керек.

Аслан Оспанов, журналист

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз