Бүгінгі ақпарат кеңістігі – тек жаңалық тарату алаңы емес, қоғамдық санаға ықпал ететін күшке айналды. Сондықтан журналистикаға қойылатын талап та бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бұл салада әр сөздің салмағы, әр пікірдің жауапкершілігі бар.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған бастамалар көрініс табуда. Президент көтеріп отырған ашықтық, пікір алуандығы мәселелері – ақпарат саласына да жаңа міндет жүктейді. Бұл – журналистика үшін үлкен мүмкіндік. Бірақ сол мүмкіндікті кәсіби деңгейде пайдалану – әр қалам иесінің өз ұстанымына байланысты.
Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін мақтау мен мадаққа бейім ақпараттық мәдениет толық жойылған жоқ. Кейбір медиа өкілдері шынайы талдаудан гөрі, дайын ұран мен ресми риториканы қайталауға әуес. Әсіресе, кез келген әкімді асыра дәріптеп, оны уақытша «қаһарманға» айналдыру – үйреншікті үрдіске айналып барады.
Бірақ уақыт – ең әділ сүзгі. Кеше ғана көкке көтерілген тұлға қызметтен кеткен сәтте, сол мадақтаушылардың бағытын күрт өзгертіп, артынан күл шашуға көшуі – кәсіби ұстанымның жоқтығын көрсетеді. Бұл – пікір емес, жағдайға бейімделу. Ал журналистика бейімделгіштікке емес, принципке сүйенуі тиіс.
Тағы бір алаңдатарлық құбылыс – журналистикада жүрген зейнет жасынан асқан кейбір басшылардың кәсіби биіктен гөрі, ұсақ әрекетке ұрынуы. Тәжірибесімен бағыт беруі тиіс адамдардың жас журналистермен деңгейсіз тартысқа түсіп, билік өкілдерінің соңынан қолбаладай жүгіріп жүргені қисынға келмейді. Бұл – тек жеке беделге емес, тұтас саланың абыройына көлеңке түсіретін көрініс.
Мәселе жаста емес, ойлау жүйесінде. Заман өзгерді: ақпарат тарату жылдамдығы артты, жаңа платформалар қалыптасты, аудитория талғамы күрделенді. Ал ескі тәсілмен жұмыс істеп, шынайылықтан гөрі жағымпаздықты таңдаған журналистика – бүгінгі бәсекеге қабілетсіз.
Қазіргі оқырманды алдау мүмкін емес. Ол нақты дерек, терең талдау, әділ баға күтеді. Мемлекеттік бастамаларды қолдау – оны шексіз мақтау емес, тиімділігіне кәсіби тұрғыда баға беру. Бұл – шынайы журналистиканың белгісі.
Сондықтан бүгінгі қазақ журналистикасының алдында айқын таңдау тұр: не сапа мен ұстанымға сүйеніп, қоғам сенімін нығайту, не уақытша пайда үшін сол сенімнен айырылу.
Журналист – жел қай жақтан соқса, солай бұрылатын тұлға емес. Ол – қоғамның айнасы. Ал айна ешқашан жалған көрсетпеуі керек.
Аслан Оспанов, журналист







