Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілік пен кәсіби білім және біліктілікті қажет етеді. Осындай ауыр да, жауапты қызмет саласында еңбек етіп жүргендердің арасында нәзік жанды әйелдердің көптігі олардың қоғамымызда ерекше орны бар екендігін айғақтаса керек. Мен тілге тиек еткелі отырған облыстық әділет департаментінің бас маманы Тоты Қапарқызы Берлібекова сондай өз міндетіне адал жоғары кәсіби білікті мамандарыдң бірі.
Тоты Қапарқызы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажал ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қаласының № 127 орта мектебінде қазақ тілі мұғалімі болып бастаған. 2001 жылдан бастап Тоты Қапарқызы әділет органдарында қызмет істейді. АХАЖ, нотариат және құқықтық көмек көрсету бөлімінің бас маманы қызметін атқарған ол 2024 жылдан бастап құқықтық түсіндіру және заң қызметтерін көрсету бөлімінің бас маманы болып еңбек етіп жүр. Өзінің қызметтік міндеттері шеңберінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында азаматтарға заң көмегі көрсетілетін түрлі құқықтық түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырады және жүргізеді. Бұл жұмыс үлкен біліктілікті, жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабылетті талап етеді. Тоты Қапарқызы өзіне жүктелген сондай ауыр да, жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді.
Әріптестер оның ашықтығын, кәсіби жоғары біліктілігі мен ізеттілігін қадір тұтады. Тоты Қапарқызы бірнеше рет жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің, Ақмола облысы Әділет департаменті басшысының, облыс әкімінің грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды, сондай-ақ «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Ол белсенді кәсіби өмір мен отбасына қамқорлық жасауды шебер үйлестіреді, үйдегі міндеттер мен төрт баланы тәрбиелеуге әрдайым уақыт табады. Ол тұрмыста, өзінің жұбайымен Әділет департаментінің қабырғасында кездесіп отбасын құрған. Жұбайы қазіргі таңда отставкадағы Ақмола облысы ТЖ саласының азаматтық қорғаныс полковнигі.
Тоты Қапарқызы бос уақыттарында бағбандықпен айналысады. Бау-бақша өнімдерін өсіріп, оны күтіп баптауды, өз қолымен жинауды жақсы көреді. Бұл бір жағы ермек болса, екінші жағынан отбасын дәмді де таза тағамдармен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Осылайша, отбасында да, еңбекте де жақсы жетістіктерімен айналасындағыларға қуаныш силап жүрген әріптесімізді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, отабсына береке-бақыт, деніне саулық, еңбегіне жеміс тілеймін. Тоты Қапарқызы, осы деңгейден түспей, әрдайым биіктерден көріне беріңіз!
Еркін Қабышев,
Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының
орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл.









