-17.8 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарЖер мәселесіне қатысты жалған ақпарат жоққа шығарылды

Жер мәселесіне қатысты жалған ақпарат жоққа шығарылды

Сондай-ақ, оқыңыз...

Соңғы күндері ақпараттық кеңістікте Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу алынып тасталды деген мазмұндағы жалған ақпарат тарауда. Аталған мәліметтің шындыққа жанаспайтынын Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми түрде мәлімдеді.

Орталықтың хабарлауынша, бұл ақпарат – фактілерді әдейі бұрмалау және қоғамды жаңылыстыруға бағытталған манипуляциялық мәлімдеме. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының 6-бабының 3-тармағында бекітілген «жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар» туралы норма жаңа Конституция жобасында да толық сақталған. Бұл тұжырым ешқандай өзгеріске ұшырамаған.

Сонымен қатар, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия да аталған нормалардың өзгеріссіз қалуға тиіс екенін растаған. Яғни, шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу мәселесі Конституция жобасында қайта қаралмаған және оның күшін жою туралы қандай да бір құқықтық негіз жоқ.

Маңызды жаңалықтардың бірі – жаңа Конституция жобасында мемлекеттің тұтастығы, унитарлығы мен егемендігіне қатысты қағидаттардың құқықтық тұрғыдан күшейтілуі. Бұрын бұл ережелер қорытынды және өтпелі қағидаларда қамтылса, енді олар конституциялық құрылыстың негіздері ретінде бастапқы тарауларда нақты бекітілген. Бұл Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен базалық қағидаттарының өзгермейтіндігіне берілетін құқықтық кепілдіктерді едәуір арттырады.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының 2-бабында:
«Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, бөлінбеуін, оған қол сұғылмауын қамтамасыз етеді» деп көрсетілген.
Сондай-ақ, осы баптың 6-тармағында:
«Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді» деген норма айқын жазылған.

Осылайша, шетелдіктерге жер сатуға тыйым салудың күшін жою туралы мәлімдемелердің ешқандай құқықтық негізі жоқ және олар қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызуға бағытталған.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтар мен медиа қауымдастық өкілдерін кез келген мәліметті ресми дереккөздерден тексеруге, деструктивті әрі манипуляциялық ақпараттың таралуына жол бермеуге шақырады. Фактілерді әдейі бұрмалау мен жалған ақпарат тарату заң аясында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені де ескертілді.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз