Автомобиль жолдарының сапасы – ел дамуының, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің маңызды көрсеткіші. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғам тарапынан әрдайым жіті назарда. 2025 жылы Ақмола облысында жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 126 жоба жүзеге асырылып, 900 шақырымға жуық автомобиль жолы жөнделді. Әсіресе ұзақ жылдар бойы жаңғыртылмаған учаскелерге басымдық берілді.
Жол-құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету мақсатында «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК Ақмола облысы бойынша филиалы тарапынан жүйелі бақылау жүргізілді. Жол-құрылыс маусымы барысында барлық нысандарда инспекциялық тексерістер ұйымдастырылып, пайдаланылған материалдардың сапасы зертханалық сараптамадан өтті.
Филиал мамандарының мәліметінше, жыл ішінде жол-құрылыс нысандарына 969 инспекциялық шығу жүзеге асырылып, 2 мың 800-ге жуық жол-құрылыс материалының сынамасы алынды. Оның шамамен 2 мыңы белгіленген стандарттарға сай деп танылды. Сонымен қатар, тексеріс барысында 492-ге жуық заңбұзушылық пен технологиялық ақау анықталып, олардың барлығы бойынша мердігер ұйымдарға кемшіліктерді жою жөнінде нұсқамалар берілді.
«Біздің басты мақсатымыз – ақауларды дер кезінде анықтап, оларды белгіленген мерзімде жою. Сол себепті әрбір нысанға қайта шығу арқылы кемшіліктердің толық жойылған-жойылмағанын қадағалаймыз», – дейді «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Талғат Қайратхан.
Дегенмен, жол саласында шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Сапасыз жолдардың негізгі себептері ретінде мердігер ұйымдардың жауапкершілігінің төмендігі, техникалық қадағалау тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі және талапқа сай келмейтін материалдардың қолданылуы аталады.
Осы олқылықтарды жүйелі түрде жою мақсатында заңнамалық деңгейде бірқатар өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, «Көлік туралы» заң жобасы аясында кепілдік мерзімінде мердігерлермен қатар авторлық және техникалық қадағалау қызметтерінің ортақ жауапкершілігін қарастыру көзделіп отыр. Сонымен бірге, «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК-ға көше-жол желісіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу өкілеттігі берілді.
Бұдан бөлек, жол сапасын арттыру үшін мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт қайта қаралып, өңірлердегі жол жағдайын бағалауға арналған әкімдер рейтингісін айқындау әдістемесі әзірленді. Бұл шаралар жол саласындағы жауапкершілікті күшейтіп, бөлінген қаражаттың тиімді әрі сапалы игерілуіне ықпал етпек.
Қорыта айтқанда, Ақмола облысында жол сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кешенді сипат алып, бақылау мен жауапкершілік тетіктері күшейтілуде. Бұл – өңір тұрғындарының қауіпсіз әрі қолайлы қатынас жолымен қамтамасыз етілуіне бағытталған нақты қадам.









