Президент сапары қарсаңында қаланы «жылтыратып» көрсеткен жауапты мекемелердің шынайы бет-бейнесі көп ұзамай қайта ашылды. Кеше ғана тәртіп пен тазалық сақталғандай көрінген көшелер бүгін тағы да бұрынғы қалпына түскендей әсер қалдыруда.
Редакциямызға хабарласқан оқырмандардың айтуынша, әсіресе Көкшетау қаласындағы Центральный шағынауданында тұрғын үйлердің аулаларында қаңғыбастар мен маскүнемдердің топтасып, қоқыс жәшіктерінің жанында ішімдік ішіп отыруы жиі байқалады. Бұл жағдайға алаңдаған тұрғындар балалардың ойын алаңы дәл сол маңда орналасқанын айтып, қоғамдық қауіпсіздік мәселесін көтеріп отыр.
Әрине, мұндай көріністер тек мерекелік дайындық пен ресми сапарлар кезінде уақытша реттеліп, ертеңгісін ұмыт қала бермеуі тиіс. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігі – күнделікті қадағаланатын талап. Сондықтан жауапты органдар бір реттік науқаншылдыққа емес, жүйелі жұмысқа көшкені абзал.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жақсы» дүкені маңындағы маскүнемдер туралы жазған едік.