Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев 2035 жылға дейін еліміздегі 14 мамандық қажетсіз болып жойылады, ол салада қазіргі күні 49 мыңдай адам еңбек етеді дегенді айтты. Оған қоса, 46 мамандық бойынша еңбек етіп жүрген 362 мың адам қысқартуға ұшырайды екен. Осылайша алдағы жеті-сегіз жылдың ішінде бас-аяғы 400 мыңдай адам жұмыссыз қалмақ. Бұның бәрі жасанды интелект әкеліп отырған жаңалықтың нәтижесі.
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, жасанды интелектіні бүгінде аузымыздың суы құрып мақтап жатамыз, ал оның тигізетін кері салдарына оншалықты назар аудара қоймаймыз. Шындығында, жасанды интелект өмірімізге кең енген сайын, оның адамзат қоғамына тигізер теріс салдары да күшейе бермек. Ол ең алдымен, көп адамдардың қоғамға қажетсіз басы артық жандарға айналатындығынан көрінеді. Жоғарыдағы депутат айтып отырған таяудағы бірнеше жылдың көлемінде елімізде жұмыссыз қалатын 400 мыңдай адам сол жасанды интелект әкелген өзгерістің салдары десек болады.
Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, жойылатын мамандықтардың арасында банктерде қызмет ететін ақпарат орталықтарының мамандары, коллекторлар, курьерлер, инкассаторлар бар. Бұл мамандықтарды қазірдің өзінде жасанды интелектілер ауыстыра бастаған. Мәселен, банктердің ақпарат орталықтарына хабарлассаңыз адам емес, бот-программалар жауап береді. Қытайда жыл өткен сайын адам курьерлердің орнына жасанды интелектке негізделген роботтар қолдану көбейіп келеді.
Ал таяудағы бес-он жылда үлкен қысқартуларға ұшырайтын мамандықтардың арасында сақтандыру, қаржы саласының мамандары, құжаттар айналымы, есепші-бухгалтерлер сияқты мамандар бар. Бұл салаларда да жасанды интелектке басымдық берілмек. Соның салдарынан көптеген адамдар қысқарып, жұмыссыз қалатын түрі бар. Ал олардың бәрі жоғары білімді, оқыған мамандар.
Жасанды интелект сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру салаларына да айтарлықтай ықпалын тигізбек. Қазірдің өзінде дамыған шет елдерде күрделі отаны жасанды интелект арқылы жасау, ауруға диагнозды да жасанды интелекттің көмегімен қою белең алып барады. Балалардың тілінде сөйлейтін, ойын сабақтар өткізіп, балаларды тарта білетін жасанды интелектіге негізделген программалар көбеюде. Бұл программалар түптің түбінде адам мұғалімдерді ауыстырып, олардың қажетсіз болып жұмыссыз қалуына ұшырататыны сөзсіз.
Мәжіліс депутаты Үкіметке болашақта жұмыссыз қалатын адамдарды еңбекке орналастыру мәселесін қазірден бастап шешу жөнінде ұсыныс жасалғанын айтты. Үкімет қосымша жұмыс орындарын ашу мәселесін қолға алып жатқан жайы бар. Дегенмен де, мына мәселе басы ашық күйінде қалады: уақыт өткен сайын жасанды интелект өмірімізге терең ене береді және соның нәтижесінде қажетсіз болып, жұмыссыз қалатындардың саны да арта бермек. Бұл мәселеге осы бастан Үкімет жете назар аударып, оны шешудің жолдарын қарастырулары тиіс.
Қытайда бұрын 10 мыңдай адам еңбек еткен үлкен порт түгел жасанды интелектке ауыстырылып, қазір онда небары онға тарта адам ғана жұмыс істейді екен. Портқа кемемен әкелінген заттарды түсіру, қоймаларға орналастыру, одан елдің әртүрлі аймақтарына жүк көліктеріне тиеп жөнелту жұмыстары – бәрі жасанды интелектінің көмегімен атқарылады. Ал оның жұмысын он адам үйлестіріп отыр. Осылайша, жасанды интелектінің салдарынан 9990 адам жұмыссыз қалған. Бұндай жағдайлар әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар және жасанды интелектінің ықпалы уақыт өткен сайын арта түсуде.
Болашақта жұмыссыз қалмас үшін не істеу қажет? Біреулер айти саласының маманы болсаңыз ондай қатерден құтыласыз деп жатыр. Шындығында жасанды интелект өзін жасаған айти мамандарды да қажетсіз етіп, жұтып қоятын сыңайлы. Мәселен, қазір криптовалюта саудасымен айналысатын бот аталатын программаларды жасанды интелектінің көмегімен жасатып алатындар көбейген. Жасанды интелект небір күрделі интернет программаларды оңай жасап бере алады. Бұның өзі программистердің қызметіне деген сұранысты жоятыны анық. Яғни, түптің түбінде аити мамандар да жұмыссыз қалатын түрі бар.
Бес-он адам емес, ондаған, тіпті жүздеген мың жұмыссыз қалған адамдарға жұмысты Үкімет қайдан тауып бермек? Бұл күрделі және ауыр міндет. Осындай жағдайда қарапайым адамдарға не істеу қажет?
Қазақ «доп ойнаған тозар, асық ойнаған азар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» дейді. Міне, сол айтылғандай, қой бағып, мал өсіргендердің дәсі артатын заман келе жатқандай. Бұрыңғы мемлекет басшысы Назарбаевтың айтқан «екі сиыр ал да, өзіңді асыра» деген сөзі шындыққа айналғалы тұр. Ауылға барып мал өсіріп, бақша салған адам ешкімге тәуелді болмай, өз күнін өзі көретін заман туып келеді. Мал өсіріп, бақша салуға жасанды интелектінің еш қажеті жоқ.
Бүгінде бағасы қолжетімді болып отырған күн электр батареясымен тұрмысқа қажетті электр қуатын алуға болады. Шағын трактор сатып алсаң шөбіңді шауып, бақшаңды жыртып, қажет жұмыстарыңды атқаруыңа мүмкіндік бар. Артық өнімді сатсаң, тұрмысқа қажетті затар мен киім-кешек аласың. Осылайша, ауылда тұрған адам ешкімге алақан жаймай өз күнін өзі көруге мүмкіндік алады.
Болашақта жасанды интелектінің салдарынан үлкен қалаларда жұмыссыздық, соған орай басы артық адамдар саны көбейетін болады. Оларды жұмыспен қамту мәселесін шешу атқарушы билік үшін үлкен бас аурға айналмақшы. Ауылға барып, өз күнін көретін адамдар ешкімге салмағын салмай және жасанды интелект әкелген жұмыссыздық дертіне шалдықпай, еркін өмір сүре алады.
Осы жайға қарап, бүгінде қаңырап қалған ауылдардың қайта түлейтін күні келе жатыр деп үміттенуге болатындай.
Қалкөз Жүсіп.







