Әлеуметтік желіден бір қызық жазба оқыдым. Автордың айтуынша, Германияда мұғалімге жеке гүл сыйлау, қымбат сыйлық жасау, тіпті ұстаздың жеке WhatsApp нөміріне хабарласудың өзі құпталмайды. Өйткені мұнда мұғалім мен ата-ананың арасындағы кәсіби шекараға өте қатаң қарайды. Ал жеке сыйлық беру белгілі бір жағдайда сыбайлас жемқорлық тәуекелі ретінде бағалануы мүмкін екен.
Әрине, Германиядағы тәртіпті Қазақстанға сол күйінде көшіре салу міндетті емес. Бірақ осы жазбаны оқып отырып, өзіміздегі жағдайға қарамай тұра алмайсың.
Өйткені Қазақстанда да бұл мәселеге қатысты ұстаным өзгеріп келе жатқан сияқты.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Ш.Ақпарова 1 қыркүйекте мектеп қабырғасында педагогтерге гүл және басқа да сыйлықтар беруге жол берілмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға тиісті хаттар жолдаған. Онда мектептерде мұғалімдерге гүл мен қандай да бір сыйлық табыстауға болмайтыны нақты көрсетілген.
Журналистер ата-аналар мұғалімге гүл алуға қанша теңге жұмсай алатынын да сұраған. Министрлік нақты сома атамады. Себебі мұндай сыйлықтың қажеттілігі жоқ деген ұстаным айтылды.
Қызығы сол, 2024 жылы министрліктің позициясы мүлде басқа болатын. Ол кезде гүл сыйлауға рұқсат етілетіні, оның ұстазға деген құрмет пен алғыстың белгісі екені айтылған. Бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та мұғалімге гүл сыйлау дәстүрін «жақсы дәстүр» деп бағалаған еді.
Екі жыл ішінде көзқарастың бұлай өзгеруі де көп нәрсені аңғартатын сияқты.
Ал енді біздегі ата-аналар чатына қараңыз.
1 қыркүйек, Мұғалімдер күні немесе оқу жылының соңына жақындаса болды, чат бірден жанданады.
«Қандай сыйлық аламыз?»
«Қанша теңгеден жинаймыз?»
«Гүл аламыз ба?»
«Сертификат берсек қалай?»
«Мұғалімге не ұнайды?»
Кейде ата-аналар чатының негізгі мақсаты баланың оқу үлгерімі емес, мұғалімге қандай сыйлық жасаймыз деген мәселе болып кетеді.
Бір ата-ана береді. Бірі бере алмайды. Бірі мүлдем бергісі келмейді. Бірақ ортақ чаттағы талқылаудан кейін өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Өйткені сыйлық бермеу біртіндеп «ұстазды сыйламау» деген түсінікке айналып кетеді.
Ал шын мәнінде ұстазға құрметтің бағасы қанша?
10 мың теңге ме? 20 мың ба? Әлде қымбат гүл шоғы ма?
Ұстаздың еңбегін сыйлау – оның қолына сыйлық ұстатумен өлшенбеуі керек.
Бәлкім, ата-аналар чатында да «мұғалімге қандай сыйлық жасаймыз?» деген әңгімені мүлдем тоқтататын уақыт келген шығар.
Тіпті ата-аналар чаттарының өзін қайта қарау керек шығар. Өйткені балаға білім беретін мұғалім мен ата-ананың қарым-қатынасы сыйлық жинау мәдениетіне емес, кәсіби сыйластыққа құрылуы керек.
Гүлдің өзі жаман емес. Сыйлықтың өзі де жаман емес. Бірақ ол міндетке, жарысқа, қысымға немесе «бәрі беріп жатыр, сен де бер» деген қалыпқа айналса, мәселе басқа.
Мүмкін, бізге де ұстазға сыйлық сыйлауды емес, ұстаз еңбегін бағалауды мәдениетке айналдыратын уақыт келген шығар.
Ал сіз не ойлайсыз?
Мектепте мұғалімге гүл мен сыйлық беруге нақты шектеу қою дұрыс па? Ата-аналар чатында «ұстазға не сыйлаймыз?» деген әңгімені мүлдем тоқтатқан жөн бе?
Әлде гүл сыйлау – ұстазға деген құрмет пен алғыстың қалыпты көрінісі болып қала беруі керек пе?
Пікіріңізді жазыңыз.








