Ақ халатты абзал жан

Сондай-ақ, оқыңыз...

Кеңес заманында газеттерде осындай айдармен дәрігерлер туралы мақалалар жарияланатын. Ол кезде «ақ халатты абзал жан» деген атқа лайықты дәрігерлер аз болмайтын. Денсаулық қызметі тегін, дәрі-дәрмек арзан. Дәрігерлердің кәсіби біліктілігі де, өз жұмысына деген жауапкершілігі де жоғары болатын.  Арына үстеріндегі ақ халаттай дақ түсірмейтін сол кеңес заманының ақжүрек еңбекқор дәрігерлері қазір аңызға айналып алыста қалғандай.

ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, жоғары сыныпты дәрігер Бауыржан Айтбайұлы Ділдәбек те сондай ақ халатты абзал жан деген атқа лайықты азаматтардың бірі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Бәкең қырық жылдан астам өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған. Ол қатардағы жәй дәрігер емес, үлкен ұжымды басқарған бас дәрігер ретінде өзінің ұйымдастырушылық іскерлік қабылетін жан-жақты танытып, ел құрметіне бөленген жан.

Бәкеңмен мен 1993 жылы Атбасар қаласына жаңадан ашылған қазақ тіліндегі «Атбасар» газетіне редактор болып келген кезде танысқан едім. Қазақ газетінің ашылуына да Бауыржан Айтбайұлы жетекшілік ететін аудандық «Тіл және мәдениет» қоғамы мұрындық болғанын атап өтпесе болмайды. Облыстағы іргелі аудан саналатын Атбасарда қазақ мектебі, балабақшасы, қазақ газеті жоқтығын айтып, Президентке дейін хат жазып, болмағасын бір топ белсенді қолдарына плакат ұстап аудан әкімдігінің алдына наразылықтарын білдіріп шыққандығын кейінірек жергілікті тұрғындар аңыз қылып айтып жүрді. Міне, сол белсенді ұлтжанды азаматтардың жанқиярлығының арқасында ауданда қазақ мектебі, балабақшасы және газеті ашылған еді.

Бәкең сол кезде теміржол тораптық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет істеді. Жұмыс кабинетінде қазақтың үш ұлы биінің портреттері ілулі тұрады, Абайдан бастап бірқатар алаш ардагерлерінің аталы сөздері жазылған плакаттар көрнекті жерге ілінген. Мұнда кірген сәтте ұлтжандылық анық сезілетін. Қазақтардың көбі қазақ тілін білмейтін солтүстік өңірдегі бұндай ұлтжандылық қасиет бірден көзге шалынатын еді.

Ол басқарған «Тіл және мәдениет» қоғамы  аудандағы елді мекендердің және көшелердің аттарын қазақыландыруда үлкен ауқымды жұмыстар атқарды. Мұндай жұмыстар әдетте жергілікті кертартпа күштердің қарсылығымен күресе жүргізілетін. Жүйке жұқартатын сондай жұмыстардың бәрінің басында қоғам және оның төрағасы Бауыржан Ділдәбек жүрді. Осы еңбектері ескеріліп, бертінірек Бауыржан Ділдәбекке Атбасар ауданының құрметті азаматы атағы берілді.

1997 жылы теміржол тораптық ауруханасы жабылып, Бәкең жоғарыдағылардың көзін жеткізе айта жүріп, Атбасардан ауданаралық туберкулезге қарсы диспансер ашқызды және соның бас дәрігері болды. Алты ауданға қызмет көрсететін ауданаралық диспансерде сол тұста ел ішінде көбейіп кеткен туберкулез ауруларының алдын алу, емдеу жұмыстары жүргізілді. Бәкеңнің ұйымдастырушылық іскерлік қабылеті сол тұста мықтап ашылған болатын. Диспансерге күрделі жөндеу жүргізіліп, қазіргі заманға озық құрылғылармен жабдықталды, білікті мықты дәрігерлер жиналды. Ауданаралық диспансердегі оның қызметі өз алдына үлкен бір әңгімеге тиек боларлық. Сол бір ауыр жылдарда диспансер қызметкерлері аудандарға шығып, ауруларды анықтау және алдын алу жұмыстарын белсенділікпен жүргізді.

2009 жылы зейнет демалысына шыққан соң Бәкең біраз жылдар аудандық сайлау комиссиясын басқарып қоғамдық қызмет атқарды. Кейінірек отбасы жағдайымен Астананың іргесіндегі Қосшы қаласына қоныс аударған соң да ол қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Ол қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде қала өміріне қатысты маңызды мәселелерді талқылауға және шешуге белсене араласып тұрады.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан бар өмірін еліне қызмет етуге арнаған Бауыржан Айтбайұлы Ділдәбектің елге сіңірген еңбегі елеулі және әлі де еңбегін сіңіре берері даусыз.

Қалкөз Жүсіп.  

 

 

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз