«Жақсыны көрмек жақсы» деген бұрынғылар. Расында да жақсы адамдармен бірге жүріп, араласып дәмдес болып, жасаған жұмыстарын тамашалағанның өзі бір ғанибет. Олардың тұрмыс-тіршілігі, жүріп өткен өмір жолдары ұрпаққа үлгі өнеге.
Осындай ел ішінен шыққан жақсыларымыздың бірі ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Атбасар ауданының құрметті азаматы, тек қана қаламызға ғана емес, облыс, республика көлеміне есімі танымал жас буын өкілдерін құдыретті би өнеріне баулап жүрген Ортвин Фридрихович Шлоссерді білмейтін жан жоқ.
Сонау 1944 жылы соғыс жүріп жатқанда Польша жерінде лагерьде шыр етіп дүние есігін ашқан жас нәрестенің тағдыры қазақ даласындағы киелі Қараөткел өңірі қасиетті Атбасар шаһарымен байланысты болады деп кім ойлаған. Алғашқыда ата-анасы Украинаның Одесса облысында тұрып жатқан болатын. Ұлы Отан соғысы басталып немістер Украинаны басып алады. Шлоссердің отбасы тұтқынға түсіп Польшаға айдалады. Міне осылайша лагерьде анасының бауырында дүниге келген еді.
Соғыс аяқталып аман-есен туған жеріне оралған Шлоссердің отбасына жергілікті үкімет маза бермеді. Әкесі Фридрих «халық жауы» деген жалаға ұшырап 25 жылға айдалып кете барады. Қыстың қақаған боранды, аязды күндерінде шиттей төрт баламен анасы зар илеп қала береді. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демей ме. Орал өңіріне қоныс аударып күйбең тірлікпен айналысады. Зулап өтіп жатқан уақыт. Тірі пендеге кеудеден жан шықпаған соң өлместің күйін кешеді.
1955 жылы төрт баласын ертіп анасы Атбасарда тұратын ағайын-туыстарының қасына көшіп келеді. Соғыстың зардабы мен ауыртпалығы бұл жақта да анық байқалып тұрды. Ішер асқа, киер киімге жарымады. Тұрмыстары жақсарып кете қоймады. Жасынан елгезек Ортвин аяқ киімдерді жамап, үй-жиһаздарын құрастырып шеберлігін шыңдай берді. Мектептегі тәртібі жақсы, сабаққа үлгерімі 4 пен 5 болатын.
О. Шлоссер 1963 жылы Атбасар қаласындағы теміржолшылар клубындағы би үйірмесіне барады. Сол жылы отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылады. Солтүстік әскери теңіз флотының ән-би ансамблінің белді бишісі атанды. 1966 жылы Мурманск қаласында әскерде жүргенде «Мосфильм» киностудиясы шығарған (режиссеры Н. Михалков) «Торпедоносцы» фильміне түсіп ұшқыштың бейнесін сомдайды.
Елге келген соң 1968 жылы «Молодость» би ансамблін құрады. Биге құмар жастардың қатары көп болатын. Міне осылайша ең алғаш би ансамблінің іргесі қаланған еді. «Жігіттің астындағы аты жақсы болса бір бақыт, алған жары жақсы болса мың бақыт» демей ме. Мың бақыты, аяулы жары Гульвира Айтқабылқызы бүлдіршіндерді биге баулап жүрген өнер иесі.
«Жігітке жеті өнер де аз» деп жатамыз ғой. О. Шлоссер сайып қыран спортшы. Облысымыз бойынша көп сайысты спорттан бірнеше дүркін чемпион, спорт шебері. Сегіз сырлы, бір қырлы ағаштан түйін түйетін Ортвин ағамыздың тағы бір ерекшелігі жер бетінде көп тараған жәндік көбелектің он мыңға тарта түрін жинаған коллекционер-лепидолтеролог.
О. Шлоссер бала кезінде қатты ауырып отаға түсіп төсек тартып жатып қалады. Дәрігерлердің «саған қозғалуға болмайды, ауыр көтерме» деген кеңесін тыңдамайды. Дене шынықтырумен шұғылданып төрт жылдың ішінде тәуір болып жазылып шығады. Төсек тартып ауырып жатқан жас жігіттің мына жарық дүниеге, өмірге, өнерге деген құлшынысы, бойына туа біткен дарыны ырық бермей қайтадан қатарына қосылады.
«Молодость» халықтық би ансамблінің репертуары өте бай. Қазақ, молдаван, орыс, украин, бурят, түрік, өзбек, татар т.б. халықтардың билері қамтылған. «Халықтық атақ алар кезде Алматыға бардық. Ол кезде Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ұлттық хореография өнерінің негізін салушы би зергері Шара Жиенқұлованың көзі тірі еді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген бір-бірінен асып түсетін би ұжымдары сайыс додасын бастап кетті. Шара апамыз қазылар алқасының қатарында өзі бас көз болып билеу шеберліктерін қадағалап отырды. Басқа би ұжымдары келесі биге шыққанда «киім ауыстырамыз, үлгермейміз» деп он-он бес минуттан үзіліс жасап жатқанда біз үлгеріп бір демде билеп шықтық.
Сол кезде бір бишіміз асығып жүргенде аяғына сыймайтын тар етікті ет қызумен байқамай киіп алыпты. Сайыс аяқталған соң әлгінің етігін шеше алсақшы. Байғұстың аяғы күп болып көгеріп ісіп кетіпті. Өзім де таң қалдым, қалай шыдаған?! Шара апамыз шапшаңдығымызға, ұқыптылығымызға және шеберлігімізге қайран қалып ризашылығын білдірді. Сүйтіп биге шексіз берілгендіктен «Халықтық би ансамблі» деген атақты жеңіп алдық» дейді Ортвин Фридрихович.
Ш. Жиенқұлованың батасын алған О. Шлоссер шынында да бақытты жан еді. Ғұлама шебердің ақыл кеңесін тыңдады. Бірнеше ай қасында болып ұлттық биіміздің қыр-сырымен танысты. «Би-тағдырым» деп Ш. Жиенқұлова айтқандай О. Шлоссердің де тағдыры би. Осы құдыретті би өнерімен ел алғысына бөленіп сахнаның сәніне айналған ақсақалымыз жасы жетпістің төртеуіне келсе де әлі бабында.
«Молодость» халықтық би ансамблінің құрамында осы жылдар ішінде қаншама жастар тәлім-тәрбие алып өмірге қанат қақты. Мәскеу, Алматы, Астана, Көкшетау қалаларында өткен өнер байқауларында топ жарып көрермендерінің ықылас, қошеметіне ие болды. Қазір сол биші қыздардың көпшілігі шет елдерде, еліміздің әр аймақтарында еңбек етуде.
Иә, «мың жыл жасаймын десең шәкірт тәрбиеле» деген екен бір ғұлама. Би өнеріне шәкірттерін баулап тәрбиелеген О. Шлоссер ұзақ жылдардағы еткен еңбегінің нәтижесін көріп отырған ұлағатты ұстаз.
ТЕМІРБЕК ҚАСЫМЖАНОВ
Өлкетанушы.







