Басты бетСөз салмағыТойда сөйлеген ақсақалды қамауға алудың астарында не бар?

Тойда сөйлеген ақсақалды қамауға алудың астарында не бар?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында егде жастағы бір кісіні тойда уағыз айтқаны үшін қамап, үстінен қылмыстық іс ашқаны туралы хабар талқыланып жатыр. Біреулер тойда уағыз айтқан дұрыс емес десе, екінші біреулер енді билік тойға барғандардың сөзін аңдуға шықты ма деп реніштерін білдіруде.

Тойда кім не айтпай жатыр, ішіп алып біреулерді балағаттағандар, жаға жыртысып төбелескендер, жынды адамша аласұрып ерсі қимылдар жасап билегендер толып жатыр. Ондай видеоларға қатысты жұрттар өздерінің пікірлерін айтып, біраз уақыт талдап, талқылайды да сосын жайына қалдырады. Ал тойдағы сөзі үшін полиция қамауға алып, үстінен қылмыстық іс қозғаған жағдай елімізде бірінші рет болып отырғанға ұқсайды.

Ақсақал неге қамалды

Неге бұлай болды дегенге келсек, оған аузы дуалы бір тұлғаның, атап айтқанда Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің осы видеоға қатысты жазған пікірі себеп болғандығы анық. Басына тақия киіп, сақал қойған егде жастағы кісі той иелеріне деген ізгі ниеті мен құттықтауын айтудың орнына, тойда  еркектер мен ұрғашылар (бұнысы енді анайылау болды) бөлек отыруы қажет деп, әншілерді сайтанның азаншыларына теңеді.

Бір қарағанда бас жарылып, көз шығаратын ауыр сөз емес, ол кісі өз пікірін айтты. Сол үшін оны қамауға алып, үстінен қылмыстық іс қозғау қаншалықты дұрыс және заңды деген сұрақ туады. Егер де, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары арнайы көңіл аударып, әлеуметтік желіде өз пікірін жазбаса, оған ешкімнің назар аудармайтыны анық еді. Құқық қорғаушылар Ерлан Қариннің пікірінен кейін іле шала жедел қимылдап, тойда сөйлеген (сөйлеген дегеннен гөрі, уағыз айтқан деген дұрыс болатындай) азаматты анықтап, оны бірден қамауға алған.

Тойда сөйлеген әлгі азаматтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тарасымен, ол жайында қызу пікірталас өрбіді. Әлеуметтік желіге құлаш-құлаш мақалалар жазып, салып жатқандар бар. Сондайлардың сөзіне назар аударсаңыз, тойда сөйлеген азамат сорғалаған ащы шындықты айтқан. Сол үшін оны қамауға алуға бола ма дейді. Тойда сөйлегені үшін қамауға алып, үстінен қылмыстық іс қозғау асыра сілтеу сияқты көрінеді.  Дегенмен де, істің байыбына ақыл көзімен тереңірек үңіліп қарайтын болсаңыз, оның астарында өзекті мәселенің жатқандығын аңғаруға болады. Президент әкімшілігі басшысының орынбасарының бұл мәселеге арнайы назар аударғаны тектен тек еместігі күмәнсіз. Енді осы жайына кеңірек тоқтала кетейік.

Ислам соғыс арқылы таралған дін

Қазір әлем халықтары ұстанатын негізгі дәстүрлі 5 дін бар. Олар: ислам, христиан, иудей, индуизм және буддизм діндері. Солардың арасында ислам діні  халыққа күшпен, яғни соғыс арқылы таратылған жалғыз дін. Басқа діндерді миссионерлер ел аралап уағыз айта жүріп таратқан. Пайғамбардың өзі қолына қару алып дін үшін шайқасқан. Мекке қаласын алған кезде Мұхаммед пайғамбар қаланың барлық тұрғындарын тізерлетіп отырғызып қойып,  «лә иләха илалла, Мұхамед расул Алла» деп тілін кәлимәға келтіріп, мұсылман болғандарды ғана аман қалдырып, қалғандарын өлтіруге бұйрық береді. Осылайша Мекке тұрғындары мұсылман дінін қабылдауға еріксіз мәжбүр болады.

Пайғамбар тұсында, одан кейінгі халифалар кезінде  мұсылман, арабтар көрші елдерге шабуыл жасап, оларды еріксіз дінге кіргізеді. Осылайша, ислам дінін тарату қарудың күшімен соғыс арқылы жүргізіледі. Бұл тарихи шындық.

Рас, ислам діні феодалдық қоғамда ұсақ мемлекеттерге жіктеліп, бір-бірімен соғысып жатқан халықтарды біртұтас үлкен халифатқа біріктірді және алғашқы кезеңде онда дінмен қатар ғылым-білім де шарықтап дамыды. Әлемде екінші ұстаз атанған Отарардан шыққан Әбунәсір әл Фараби, медицинаның негізін салушы Ибн Сина, жердің диаметрін алғаш өлшеген Әбурайхан Бируни, математик Әл Жәбір, т.б. ғұламалар сол кезде шықты.

Дегенмен де, кейін келе ислам діні бұрмаланып, ғылымнан алшақтады, ғалымдарды қуғындау басталды. Осыдан кейін дін ғылым-білімді дамытуға емес, керісінше оны тежеуге, сол арқылы халықтың тұрмыс жағдайын ауырлатуға ықпалын тигізді. Қазіргі ислам әлемі ғылымнан аулақ, орта ғасырлардағы мешеулікте өмір сүруде.

Исламнан елімізге қауіп бар ма?

2000-шы жылдардың басында «Заң газетінің» тілшісі ретінде Көкшетауда діни экстремизм бабымен сотталған бірнеше адамдардың сот мәжілістеріне қатыстқан едім. Сот барысында белгілі болғандай, ол адамдар шет елдерден басқарылатын экстремистік ислам ұйымының мүшелері болған. Оларды шет елден қаржыландырып, нақты міндеттері мен жұмыстарын белгілеп, бағдарлап отырған.

Үш-төрт адамнан тұратын шағын ұйым түріндегі ол құрылымның негізгі міндеті алдымен уағыз арқылы теріс ағымды халық арасына барынша кең тарату. Содан кейін ұйым өкілдерінің саны көбейіп, үлкен күшке айналған кезде түрлі тәсілдермен, оның ішінде қарулы қақтығыстарды да қолданып, билік басына келуді мақсат еткен. Түрлі әдебиеттермен, аудио-видеожазбалармен қамтамасыз етілген  экстремистік ұйым еліміздің біраз аймақтарына таралған. Олардың түпкі мақсаттары: барша әлемде ислам халифатын құру екен.

Журналист ретінде дін басқармасының мамандарымен және ҰҚК, ішкі істер департаменті сияқты құзырлы орган қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеп, теріс ағымдар туралы біраз мақалалар жаздым. Ол кейінірек «Сайтани секталар» деген атпен кітап болып шықты. Сол теріс ағымдар жайында жаза жүріп, олардың тарапынан қоғамға, еліміздің қауіпсіздігіне келер қауіп туралы көптеген ақпараттар алдым. Олардың бәрі де залалды ағымдар және біразына елімізде жұмыс істеуге заң негізінде тиым салынған,  дегенмен де, еліміз үшін ең қатерлі ағым – бұл ислам экстремистері. Неге десеңіз, олар алдына нақты мақсат ретінде билікті қару күшімен басып алуды және ислам мемлекетін құруды қояды. Және осы жолда олар жанкештілікпен өте белсенді әрекеттер жасайды. Сол әрекеттердің ең басында уағыз айту арқылы адамдарды теріс ағымға барынша көп тарту тұр.

Осы мақсатқа жету үшін сәлафит, уахабит аталған экстремистер барлық айла-тәсілдерді қолданады. Олар арабша сауат ашу деген желеумен жас балаларды азғырып, насихаттайды, кез-келген мүмкіндікті пайдаланып уағыз айтып, адамдарды тартады. Осылай жүргізген белсенді жұмыстардың нәтижесінде қатерлі ағымға кіргендер қатары уақыт өткен сайын өсіп барады. Ал олардың саны көбейген сайын, еліміздің қауіпсіздігіне төнер қатер де өсе түсетіні анық.

Еліміздегі қазіргі діни ахуал қандай?

2000-шы жылдардың басында сол тұста сопылық ағымды ұстанып, өзіне ізбасарлар тартып жүрген Құрбанәлі ишанның уахабистер туралы айтылған біраз видоәңгімелерін тыңдадым. Өзбекстаннан келген ол біздің елімізге әлі сіңе қоймаған қатерлі ағым жайында жан-жақты әңгімелейді. Оның айтуынша, сол тұста өзбек елінде әбден белең алған бұл ағым енді ақырындап Қазақстанға да кіре бастаған.

2005 жылы Әндіжанда болған оқиға өзбек елінде уахабистердің белең алып, енді билікті қолға алуға кіріскендігін көрсетті. Діни экстремизмге қолдау жасаған 23 кәсіпкердің үстінен шығарылған сот үкіміне наразылық танытқандар алаңға жиналып ашық дауыс көтерді. Ал кешкілік қарулы топ түрмеге басып кіріп, сотталғандарды босатуға талпынды. Осыған орай, сол кездегі ел басшысы Ислам Каримов батыл шешім шығарып, төтенше жағдай жариялап, алаңға жиналып билікке қысым жасамақ болған экстремистік ағым өкілдерін атуға бұйрық берді. Пулеметтен атылған оқ алаңға жиналған наразы топты жуастып салды. Ресми деректер бойынша 187 адам қаза тапқан.

Бұл оқиға саны көбейіп, енді билікті қолға алуға талпыныс жасаған уахабистердің арынын басып тастады. Биліктің өздерін аямайтынын түсінген олардың басшылары жедел елден бой тасаласа, басқалары іргелес қырғыз еліне қашып жасырынды. Қазақ еліне ағылғандар да аз болмады. Уахабистер басқа елде де тыныш жүрмей, өз мақсаттарына жетудің амал-тәсілдерін жасап жатты. Қырғыз елінде біраз қарулы бүліктер ұйымдастырып, ол бірақ сәтсіз аяқталды. Қазақстанда да сондай оқиғалар қайталанды. Еліміздің батыс өңірінде қарулы топ аңшы мылтығын сататын дүкенді басып алып, одан әскери бөлімге шабуыл жасаған. Бірақ құқық қорғаушылардың жедел әрекеті нәтижесінде экстремистерге тойтарыс берілді.

Содан бері біраз жылдар өтті, қазір жағдай біршама тұрақталды десе де, қатер жойылып кетті деуге болмайды. Билік тарапынан батыл тойтарыс алған экстремистер аңысын аңдып, ел ішінде уағыздарын күшейтіп, өз қатарларын көбейтуде. Олардың бұл бағыттағы жұмыстары нәтижесіз де емес. Соңғы жылдарда уахабшылар мен сәләфитердің саны еселеп өсуде. Шолақ дамбал киіп, желбіретіп сақал қойған, әйелдерін қара матамен бүркеп тастаған әсіредіндарлар еліміздің қай өңірінде болсын кездеседі. Сириядағы соғысқа қатысамыз деп аттанған қазақстандықтар да аз болмады. Бұл да сол белсінді жүргізілген уағыз-насихаттың нәтижесі екені анық.

Сонау жылы мектепке қыз балалардың хиджаб киіп келуіне тиым салатын шешім енгізілген кезде, сақалды дәндарлар біраз айқай шығарғаны белгілі. Сол тұста бір сақалды діндар егер бұйрық берсе, екі жүз сарбазының атқа қонуға әзір тұрғанын ашық айтқан болатын. Өкініштісі, ондай дін үшін жанын беруге әзір сарбаздар аз болмаса керек. Оны құқық қорғаушылар да көріп, сезіп отыр.

Қазір мына жағдай анық: уахабшылар саны жыл санап көбейіп барады және олар уағызды қай жерде де асқан белсенділікпен жүргізуде, тіпті жас балалардың басын айналдырып, өз жақтарына көптеп тартуда. Сабақты тастап жұма намазына баратын балалар саны көбейген. Теріс ағымды ұстанушылардың қатарының көбеюі еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. 2 мыңыншы жылдардың басындағы Өзбекстандағы сияқты жағдай орын ала қалса, біздің билік Ислам Каримов сияқты батыл шешім қабылдап, атуға дейінгі қатаң шара қолдана ала ма? Егер де, Ислам Каримов сол тұста сондай шешім қабылдамағанда, бұл елде де 1990-шы жылдардағы Тәжістандағыдай азамат соғысының орын алуы мүмкін еді. Өйткені, Әндіжандағы оқиға экстремистердің ештеңеден тайынбайтынын және оларды жақтаушылар қатарының көптігін көрсетіп берген болатын.

Тойдағы ақсақалдың айтқаны ұсақ оқиға емес

Тойда сөйлегені үшін қамауға алынған ақсақалдың жайына қайта оралайық. Бір қарағанда ұсақ-түйек сияқты көрінген бұл оқиғаның астарында мемлекеттік қауіпсіздігімізге қатысты үлкен мәселе тұр. Өйткені, экстремистер енді басқаны қойып, тойды уағыз айтудың мінберіне айналдыруға кіріскен сыңайлы. Мешіттің айналасында жасалып жатқан уағыз насихаттардың нәтижесінде олар қатарын әбден қалыңдатып алды. Өлген адамдардың дұға, астарында да уағыздарын ашық және емін-еркін айтып жатыр. Енді ол аздай, тойды уағыз айту мінберіне айналдырмақ секілді.

Әлеуметтік желіде таяуда бір блогердің сұхбатын көріп қалдым. Ол айтады: Тайландқа барған едім, халқының басым көпшілігі еш дінді ұстамайтын атеистік көзқарастағы елде қылмыс аз, адамдар күлімсіреп амандасады, жылы сөйлеседі. Ал бізде жыл санап мешіт саны көбейіп барады, намаз оқитындар көп, бірақ соған қарамастан қылмыс та жылдан жылға өсуде.

Қазақтың классик жазушысы, абыз ақсақалы Мұхтар Мағауин «ислам дінін ұстанатындардың саны көбейді деп қуанып жүрсек, оның залалы көп екен» деді. Ислам дінін залады етіп, жұртқа құбыжық көрсетіп жатқан мұсылмандар емес, уахабшы, сәләфит сияқты теріс ағымды ұстанатын экстремистер. Олардың қатары жыл санап көбейіп барады. Нанбасаңыз, кез келген мешітке намаз уақытында барып қараңыз. Қолдарын кіндігінің үстіне байлап, бастарын төмен салып ұстайтын Ханафи мазхабын ұстанушылармен қатар аяқтарын талтайтып, қолдарын кеуделеріне айқастырып шәлтиіп тұратын уахабшылар да жетерлік. Намазхандардың жартсы сондайлар.

Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов «алақтяқ қылмыс жасайтындардың 80 пайызы намазхандар» дегенді айтты. Ол намазхандардың бәрі сол теріс ағымның өкілдері. Сәләфиттердің дін саласының маманы емес, жәй адамдар да айтпай танитын екі негізгі белгісі бар, ол: желбіретіп айғыр жалдандырып жіберген сақалдары мен дөрекі сөздері. Сәләфиттер мен аузы арақ сасыған маскүнемнің айырмасы жоқ сияқты, маскүнем қалай аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып боқтап сөйлесе, сәләфит те солай боқтықтан аузын тыймайды.

Ысқақ деген бір атеист жігіт дінге қатысты діндарлармен ұдайы пікірталас өткізіп жатады. Атеист болса да  сыпайы сөйлеп, әдептен озбайды, ал онымен пікірталасқан мұсылман дінін қорғаушымыз деп кеуде қаққандардың ауыздарынын шыққан сөзді тыңдасаң, төбе шашың тік тұрады. Құдай-ау, орысша-қазақша боқтықтың неше атасын жібереді кеп.

Тойдағы ақсақалды қызғыштай қорғап, ол шындықты айтты, бірер ауыз қаттырақ айтса ештеңе етпейді деп сылап-сыпағандар мынаны ескеруі керек: қазақ ешқашан адамға қатысты «еркек-ұрғашы» деген сөзді қолданбаған. Ондай жерде «ер адамдар мен әйел адамдар, ал қысқартып алса ерлер мен әйелдер» деп айтылады. Жасы 66-ға келген пайғамбар жасынан асқан адам өзінің қызымен, тіпті немересімен жасты қыз-келіншектерді «ұрғашы» деуі анайылық қана емес, оның астарында әбден дөрекі сөйлеп үйренген теріс ағым өкілдерінің теріс мінезі жатыр. Оны сәләфит емес деп қанша айқайласаң да, ақтай алмайсың, өйткені екі-үш ауыз сөзінен, желбіреген сақалынан-ақ кім екендігі анық көрініп тұр.

Ол ақсақалдың ендігі тағдырын сот шешеді. Бірақ та, басқаларға сабақ болуы үшін және тойды уағыз айту мінберіне айналдыруға тосқауыл қою үшін ол жазадан сырт қалмауы керек. Тәжік елі хиджап кигендер мен сақал қоюшыларға қарсы қатаң шара қолданатын заң қабылдады, өзбектер мен қырғыз ағайындар да әсіредіндарлармен күреске қатты назар аударып отыр. Бізде де бұл мәселеге жете көңіл бөлінуі керек. Өйткені, ол еліміздің қауіпсіздігі мен болашағы үшін өте маңызды мәселе.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз