Алдымыздағы тоғызыншы мамыр күні екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына -80 жыл. Өтіп бара жатқан өмір. Уақыт тілі алмасқан сайын, алға асыққан сайын, бәрі орнына келеді. Ұрпақ ауысады, дәуір алмасады, ғасыр легінде өткен шақ тарих боп қала береді. Иә, бұл соғыс адамзат баласының жүрегінде мәңгі орын алып қалуы тиіс.
Өйткені, миллиондаған адамның қаны судай ағып, Отан үшін от кешкендер, мүгедек, жарымжан болғандар, хабарсыз кеткендер, туған жерге, атамекенге ерлікпен оралғандардың бұл соғысты ұмытпайды. Алпыс миллион адамның тартқан мехнаты, көрген азабы, тізбектей берсеңіз тың деректер, айтылмаған ақиқаттар, зерттелмеген батырлар қаншама. Ол кезде қазіргі біздің ауданға қарасты ауылдардың барлығының орталығы — Көкшетау болды. Көкшетаудан қаншама азамат қырық бірінші жылы соғыс басталғанда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
Солардың қатарында Көрнекті ауылының тумасы Қалымжан Мұхамеджановта бар болатын. 1922 жылы туған Қалымжан КСРО-ның шекарасына барып кірген неміс басқыншыларының алдыңғы легіне тойтарыс беруге, алғашқылардың бірі боп аттанады. Алдымен, Белоруссия жеріне кірген неміс басқыншыларымен күресіп, жас жігіт өзінің ерлігімен, батырлығымен, батылдығымен көзге түседі.
Иә, жас кезінен Отанды сүю, Отанды қадірлеу керектігін аға буыннан естіп, жадына түйіп өскен Қалымжан туған жердің тұтам жері үшін атойлап ұрыс шебінде көзге түседі. Не бәрі он тоғыз жастағы жігіт әбжіл қимылдап, әрдайым аса қырағылықпен, көкірек керіп кірген неміс басқыншыларының көзін жойып, командирдің тапсырмасын бұлжытпай орындап отырады.
Басынан бастап, бақайына дейін мұздай қаруланып келген неміс басқыншыларының қаруы да, өздері де осал емес болатын. Бір түнде бейқұт жатқан елдің шекарасына кіріп, атойды салып сол кездегі КСРО-ның біраз аумағына басып кіріп, табандап жатып алған. Ал енді соғысып көр. Әрине, қолына қару алмаған азаматтардың басына сын сағаты түседі. Алдыңда жау. Тұтас боп тұрған. Қалымжан Мұхамеджанов айналасы толған жаудың ортасында жүріп соғысады. Ер басына күн туса, етігімен су кешер демекші, ер боп туған соң, ерлік көрсету, арына дақ, абыройына нұқсан келтірмеу керек.
1942 жылы Калинин майданындағы №134 атқыштар дивизиясынан №249 сапёрлар батальонына ауыстырады. Әскери лауазымы сапер -барлаушы. Басқыншылардың миналарын залалсыздандыру, жолдарын кесу Қалымжан Мұхамеджановтың мойнына жүктеледі. Барлаушы болудың өзі қорқыныш пен үрейге толы ғой, ептілік керек, ер мінезді болу керек. Қай жағынан ашуы бойына симай тұрған фашистердің шыға келетіндігін, нақты дөп басып білмейсің, оңынан шыға ма, әлде ойламаған жерден тасадан шығып оқ бората ма, бұл жағы тағы белгісіз, себебі бұл соғыс, соғыста аяушылық жоқ.
Бертін табылған архив деректеріне сүйенсек жерлесіміз майдан даласында жүріп екі мәрте ауыр жарақат алған екен. Жиырмадан жаңа асқан азамат Отанды қорғау жолында өзінің жанкешті ерлігімен танылады, батылдығымен көзге түседі. Ердің еңбегі еленіп «За Отвагу» медалімен марапатталады. Екі мәрте майдан даласында жүріп жараланған батыр жігіт, емделіп шыққан соң, қолына қайта қару алып алдыңғы шепте қаруластарымен бірге неміс басқыншыларына қарсы тойтарыс бере бастайды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып әрдайым алдыңғы шепте болады, Гитлер армиясының миналарын залалсыздандырып жаудың жолын сан мәрте кесіп, жоспарын талқандайды.
Неткен ерлік! Жиырмадан жаңа асқан жас жігіт. Әлі отбасында құрмаған. Бар ойы Отанды жаудан тазартып, елге ерлікпен Жеңіс туын желбіретіп келу еді. Бірақ, ол арманы ұзаққа бармай, Отанды қорғау жолында шейіт болатындығын білмейді. Білсе де өзекті жанға бір өлім деп тек алға ұмтылады.
1944 жылы он екінші ақпан күні жерлес атамыз Қалымжан Мұхамеджанов оққа ұшады. Кең даланы жалпағынан бауырына басып алған Гитлер армиясы өздері иемденіп алған жерден оңайлықпен бермеу үшін, бар күштерін аямай салған тұста қарсыластарына қарсы жан аямай күреседі. Сол сәтте Көрнекті ауылының тумасы Қалымжан Мұхамеджанов қаза табады. Белоруссия Республикасы Витебский ауданы, Шапура ауылында бауырластар зиратына жерленеді.
Бес жылға созылған алапат соғыс жеңіспен аяқталып, майданға аттанған азаматтар елге оралады. Ал не бәрі он тоғыз жасында қырғын соғысқа барып бір адамдай соғысып, Отан қорғау жолында асқан ерлік көрсеткен Қалымжан Мұхамеджанов майдангерлердің қатарында жоқ еді. Ал енді архив деректеріне сүйеніп қарап отырсақ марқұм Қ.Мұхамеджановтың «Батыр» атағын алатындай ерлігі болған, бұра тарту, бұрмалаудың кесірінен ондай атаққа қол жеткізе алмаған. Себебі, басқа ұлттың ішінде жалғыз өзі Қазақ болғандығы үшін бе деген қазіргі таңда сұрақ туындайды.
Болат қайнауда, ер майданда шынығар демекші, батырдың өзінен тараған ұрпақ болмаса да, бірге туған ағайындары Қалымжан Мұхамеджановты ұзақ іздеп, ақыры қай жерде жерленгенін біледі. Өліге құрмет, тіріге сауап дейді ғой мұндай кезде атам қазақ. Көрнекті ауылының тумасы, Бурабай ауданының «Құрметті азаматы» Қуаныш ақсақал аласапыран жылдары ерлікпен қаза тапқан ағасының жерленгенін жерін біліп бес уақыт намазында марқұмды еске алып, іштей дұға қылып отырам дейді.
Қасірет пен қайғы арқалатып, елді зар жылатып баланы әкеден, ананы жардан айырған сұм соғыс кімге қуаныш сыйлады дейсің, талайдың көкірегіне шер, қайғы, мұң, қасірет сыйлады. Сол жылдары бір үйдің үш баласы осы соғысқа қатысып қара қағаз келген. Осы күні ойлап қоям «апыр-ай, тым құрмаса тұтам қылып бәрін бірдей соғысқа салмай, біреуін неге алып қалмады екен?..» деп заң қатал, заманы сондай болды,-деп күрсінді Қуаныш ақсақал, ағасын еске алғанда.
Ұлы Жеңістің сексен жылдығына орай Қалымжан Мұхамеджановтың ерлігін елдің есіне сап жазып отырмыз. Өйткені, қаншама жыл бойы айтылмай, жазылмай басылмай бетінде жарық көрмеген оғлан батырларымыз бар. Олардың ерлігін елге көрсетіп насихаттау, бүгінгі біздің басты борышымыз. Отанды қорғау жолында опат болған батырлардың жандары пейіште болсын.
Ұрпақтары оларды ұмытпайды. Қайта жазып, жаңғыртып тоғызыншы мамыр сайын еске алады. Ердің ерлігі ұмытылмайды. Ерен ерлігімен, өр рухымен тарих бетінде қалған батырымыз, қайталанбас тұлғамыз Қалымжан Мұхамеджанов екендігін айтқымыз келеді.
Жеңіс Оспанов.