Адамдардың арасындағы теңсіздік атам заманнан бар. Байлар мен кедейлер, ел билеушілері мен бағынышты бұқара халық бір-бірімен араласа қоймайтыны өз алдына, бір-біріне сенімсіздікпен, жеккөрінішпен қарайтыны шындық. Осыған орай, марксизм философтары айтқандай, тап күресі тарихтың өн бойында үзіліссіз жүрген.
Теңсіздіктің тамырының тереңге кеткені соншалықты, тірі кезінде ғана емес, өлгеннен кейін де адамдар арасындағы теңсіздіктің сақталып қалатыны тарихтан мағлұм. Ежелгі гректердің арасында, Рим империясында атақты адамдарды жерлейтін пантеон аталған зираттар болған. Бұндай дәстүр орта ғасырлардағы Батыс елдерінде де болды. Дегенмен де, капиталистік қоғам күшіне енген 18-19 ғасырларда адамдарды алалап жерлеу дәстүрі ақырындап жоғала бастады. Билік басында болған немесе атағы жалпақ елге жайылған, болмаса мыңғырған бай адамдарды өзге жұрттан оқшуалап жерлеу әдеті біртіндеп жоғалып, барша жұртшылық өкілдерін бір зиратқа жерлеу ғұрпы орныға түсті. Батыс елдерінде зираттарда атағына, мансабы мен байлығына қарамай қайтыс болғандардың бәріне біркелкі ескерткіш тас орнату дәстүрі қалыптасқан.
Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақстанда дегенмен де, Назарбаев дәуірінде қарапайым халықтан оқшауланып, өздерін өзге әлемде жүргендей сезінетін билік басындағы шенеуніктер мен қызмет бабымен шылқып байыған байшыгештер атам замандағы гректердің пантеонын қалпына келтіруге күш салды. Астана маңынан ауқымды жер телімі алынып, ол қоршалып атақты адамдарды жерлеу зираты дайындалды. Онда қазір біршама адамдар жерленген. Пантеон аталатын бұл зиратқа атақ-даңқы шыққан, биік лауазымда болған адамдар жерленеді.
Бұл тақырыпқа арнайы көңіл аударып отыруымыздың өзіндік себебі бар. Өткен аптада алты алашқа кең танымал, еліне еңбегі сіңген ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов қайтыс болды. 84 жасқа қараған шағында дүниеден өткен ақынның өлімі халықтың қабырғасын қайыстырып, көңіл айтушылар, онымен соңғы рет қоштасуға ынталылар қатары аз болмады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысты Кремльде сьездің биік мінберінде шындықты қасқая тұрып айтқан қайсар перзентін қазақ халқы құрмет тұтады. Дегенмен де, қарапайым халықтың ақынға деген құрметі мен сыйластығына сызат түсіретін жағымсыз жайлар да болмай қалмады. Ол Мұхтар Шахановты қайда жерлеуге байланысты туындаған дау түрінде көрініс берді. Ақынға жақын жүрген біреулердің айтуынша, ол денесін туған жеріндегі Арыстан баб кесенесінің жанына, ертеректе қайтыс болған қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың қасында жерлеуді өсиет етіпті. Дегенмен де, билік оған келіспей ақынды Алматыдағы Кеңсай зиратына жерлеуді ұсынады. Осыған орай дау туып, ақынның өсиеті неге орындалмайды деп наразылық білдірушілер өз пікірлерін әлеуметтік желілерде айтып, жазып жатты. Оны пантеонға жерлеген жөн деген ұсыныстар да болды.
Осылайша біршама дау туғызған жерлеу мәселесі өз шешімін тапқан сияқты болды. Ақынның денесі Арыстанбаб кесенесінің жанына жерленді. Әлеуметтік желілерде Арыстанбаб кесенесінің жанынан ақынға арнап сәулетті еңселі кесене тұрғызу қажеттігі айтылған пікірлер де жазылып жатыр. Олардың айтуынша, Арыстанбабқа зиярат етуге келгендер ақынның кесенесіне де соғып, зиярат етуге тиіс. Ақынға деген құрмет осыдан көрінбек.
Егер де Мұхтар Шахановтың орнында қарапайым біреу болса, онда оны жерлеу мәселесі соншама дау-дамай туғызбасы анық-ты. Қайтыс болған адамды сол өзі тұрған елді мекеннің зиратына апарып, ың-шыңсыз жерлер еді. Ал биік лауазым иесі болған немесе атақ-даңқы шыққан адамдарды жерлеу қашанда маңызды мәселе ретінде қаралатынын өмірден көріп, естім жүрміз. Өйткені, ол жәй адам емес, оны дәрежесіне сай арнайы қорымға жерлеу қажет. Адамдар арасындағы теңсіздік осыдан көрінбей ме. Ет пен сүйектен жаратылған пенделердің бәрі тең емес пе. Жәрайды, тірі кезінде қоғамдағы алатын орнына қарай біреудің дәрежесі жоғары, екіншісі төмендеу болсын-ақ, бірақ өлген соң да сол теңсіздікті сақтаймыз деп тырбаңдаудың қанша жөні бар?!
Мұхтар Шахановты жерлеу кезінде түсірілген видеодан Арыстанбаб кесенесінің іргесіндегі қорымда ақын Көпен Әмірбек, академик Өмірзақ Айтбаев сияқты біраз атақты адамдар жатқанын көрсетті. Сондай-ақ, видеодан алтын түсті күмбезбен күмбезделген сәулетті айшықты мазарлар да көрінеді. Яғни, бұл қорымда атақты және бақуатты адамдар жерленіп жатқан тәрізді.
Қазіргі күні мына жай анық болып тұр: қазақ қауымының арасында өлген адамдарды әспеттеуден бәсеке жарысы белең алған сыңайлы. Аса қымбат қызыл кірпіштен ескерткіштер тұрғызу, биік мұнара немесе күмбезді кесене салу дәстүрі кең етек алуда. Қорымға бара қалсаңыз, кімнің бай-бақуатты, ауқатты екенін, кімнің кедей, нашарлығын көзбен көріп, көңілмен сезіп қайтасыз. Бірінен бірі өткен айшықты, күмбезді мазарлар, бірінен бірі сорлы, жұпыны қабірлер… Биіктігі он метрлік мұнараның жанында жарбиып темір қоршауда жатқан төмпешікке жұрт шекесінен «ей, бейшара-ай» деп мүсіркей қарайды. Осылайша, тірілердің арасындағы мақтаншылық жарысы өлілерді де қамтып, теңсіздік өлілер әлеміне де кең таралып кеткендей.
Ертеректе мектептерде байлардың балалары малына киініп, жұпыны киінген кедейлердің балаларына шекесінен қарайтыны, тіпті, мұғалімдердің өзі бағасы бас айналдырар қымбат киім киген бай балаларының мысы басып, өздерін қор сезінетіні ақпарат құралдарында айтылып, жазылатын. Сол себеп болды ма, мектепте балаларға біркелкі үлгідегі киім кию тәртібі енгізілді. Бұл мектептегі теңсіздікті жойды. Сол сияқты қазір өлілер мекеніндегі болып жатқан теңсіздіктер мемлекет тарапынан заң шеңберінде нақты шара қолдануды талап ететіндей.
Біздің билік үнемі Батыс елдерін үлгі қылып айтып отырады. Батыстан үлгі алуға болады, оған еш дауымыз жоқ, міне солардың өзімізге қажетті пайдалы нәрселерін, мәселен, өлген адамдарды атақ-дәрежесіне қарап алаламай бір қорымда және біркелкі жағдайда жерлеу тәртібін неге енгізбеске. «Ала қойды бөле қырыққан, жүнге жарымайды» дейді қазақ. Онсыз да халқының саны аз Қазақстанда өлген адамдарды атақ-дәрежесіне қарап жерлеу және бастарына екінің бірінің қалтасы көтермейтін қымбат материалдардан сәулетті биік мазарлар, кесенелер тұрғызу 21-ші ғасырдың адамдарының санасына қайшы келер кертартпа әрекет емес пе.
Бұл мәселеге үлкен мән беріп қараған бір ғана лауазымды адамды білемін, ол – Қызылорда облысын бірнеше жыл басқарған Еркін Әуелбеков еді. Сол тұста облыс тұрғындарының арасында қайтыс болған туыстарының басына айшықты мазарлар салу бәсекелі дәстүр болған. Қымбат кірпіштен өрілген зәулім мазарларды көрген Еркін Нұржанұлы мұндай ысырапшылдықты жедел тыю қажеттігін жергілікті басшылардан қатаң талап етеді. Сөйтіп, көп ұзамай облыс аумағында қайтыс болған адамдарды атақ-дәрежесіне қарамай қабір сыртын темір шарбақпен қоршап, шағын тас ескерткіш орнатып жерлеу жолға қойылады. Осы дәстүр Әуелбеков биліктен кеткен соң да біраз жылдар жалғасты. Дегенмен, соңғы жылдарда адамдар баяғы таз кепеш қалыпқа түсіп, бір-бірімен жарысып мазар, кесене тұрғызуға көшті.
Бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіден Түркістан облысының аумағында сол облыста судья болған бір байшыгештің өз әулетіне арнап салған зәулім ғимарат пантеоны туралы видео жарияланды. Анандай зәулім үйді салуға қанша ақша жұмсалғанын Құдай білсін. Ішінде әлгі байшыгештің ата-анасы мен бірнеше туыстары жерленіпті, өзі мен әйелінің суреттері тасқа қашалып қойылған. Болашақта сол жерге жернелетін сыңайлы.
Егер бұл мәселеге заң шеңберінде тиым салынбайтын болса, онда болашақта ақыл-естен айрылған байшыгештер мен шенеуніктер өз әулеттеріне арнап пантеондар салып, тіпті Египет пірғауындары сияқты пирамидалар тұрғызып тыраштануы мүмкін. Қазіргі жағдай осыны анық байқатады. Қорымдардардағы зәулім мазарлар мен кесенелер уақыт өткен сайын биіктеп, аса қымбат материалдардан салынып, сәулеттеніп барады. Ақыл-естен айрылған пенделер мақтаныш үшін барын салып, бір-бірімен жарыса мазар, кесене, мұнара салуға кіріскен.
Парламент депутаттарының құлағына алтын сырға, бұл мәселені арнайы қарап, заң қабылдау қажеттігі бүгінгі күні анық байқалып отыр. Ақын Шахановты жерлеуге қатысты туындаған дау-дамай алдағы уақытта да жалғасатыны анық. Ертең әркім өз туыстарының атақ-дәрежесіне сай пантеонға, болмаса әулиелердің жанына жерлейміз деп бүйректен-сирақ шығаратыны даусыз. Ал жерлеу мәселесіне қатысты арнайы заң қабылданса, бұндай дау-дамайға жол берілмейді. Заң бойынша әрбір адам атақ-дәрежесіне, байлығына қарамай өзі тұратын елді мекеннің жанындағы қорымға белгіленген стандартқа сай дайындалған қабірге жерлененуі тиіс.
Өлілер арасындағы бүгінде белең алып кеткен теңсіздікті тек осылай ғана жоюға болады.
Қалкөз Жүсіп.







