More

    Бөліп-жарып билеу тәсілі жалғаса бере ме?

    Қазақ елі үш ғасырдан астам уақыт Ресейдің боданы болып келді. Ана тіліміз бен ұлттық салт-дәстүрімізден қол үзіп қала жаздаған бодандық күндер артта қалып, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Дегенмен де, осы ең басты байлығымыз болып отырған тәуелсіздігімізге Ресей тарапынан әлі де көз алартушылық тыйылар емес. Қазақстанның солтүстік облыстарына қатысты ресейлік саясаткерлер тарапынан әлсін-әлсін сепаратистік пиғылдағы пікірлер айтылып қалады. Дегенмен де, еліміздің билігі бұндай арандатушылыққа арандамай, салиқалы бейбіт саясат ұстанып келеді.

    Қазақ «орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын» деп текке айтпаса керек. Үш ғасыр бойы тісін батырған алып көршіден әрдайым сақ болмаса болмайтынын  Ресей тарапынан әредік жасалып қалатын түрлі озбырлық саясаттар анық байқатып қояды. Еліміз тәуелсіздік алған кезден басталған ақпараттық соғыс әлі жалғасуда. Ресейлік ақпаратты саналарына сіңірген кейбір отандастарымыз тарапынан сепаратистік пиғылды пікірлер әлсін-әлсін айтылып  жүр. Осылардың бәрі «жау жоқ деме – жар астында» деген халық даналығын еске салады.

    Орыс патшасының бодан елдерді бағындырып ұстаудың ұзақ жылдар жемісті жүргізген бір сенімді тәсілі – бөліп-жарып билеу. Бір ұлтты екіншісіне қарсы айдап салу, тіпті бір ұлттың ішіндегі түрлі топтарды бір-бірімен қырқыстырып қою – бұл ғасырлар бойы орыс патшасының жүргізген құйтырқы саясаты еді. Кеңес заманында Сталин сияқты саясаткерлер де оны шебер пайдалана білді. Қазіргі ресей билігі де бұл тәсілді пайдаланып келеді.

    Соңғы кезде әлеуметтік желілерде бауырлас қырғыз елінің кейбір блогерлері мен ғалымдары тарапынан қазақтарға қарсы бағытталған ақпараттық шабуыл жиілеп кетті. Блогерлер мен шала сауатты ғалымдардың аузымен «қазақ деген халық болмаған, қазақтар көшпелі ру-тайпалардың жиынтығы, шын мәнінде қазіргі қазақ жері түгел қырғыздардың жері» деген мазмұндағы әңгімелер айтылып қалады. Ара-тұра «Кенесары хандарыңның басын алып, орысқа тартқан біздер ертең осыны қажет болса, тағы  да қайталаймыз» деп қоқан-лоққы жасайтындар да бар. Осындай пікірлерімін олар қазақ пен қырғыздың арасына сына қағып, ашық жаулыққа шақыруда.

    «Тамшы тас теседі» дегендей, сондай блогерлердің күнде ызыңдап айтып жататын арандатушылық сөздеріне елігетіндер де аз емес сияқты. Күзде өткен  Көшпенділер ойындары жарысында көкпардан қазақтар бұра тартып, жеңісті өздері алды деп өкпелеген қырғыз елінің командасы еліміздің әнұраны шырқалғанда залдан кетіп қалуы, содан кейін де әлеуметтік желілер арқылы өкпе-реніштерін ашық айтуы, тіпті қазақтарға қарсы қатты сөздерге дейін баруы сол жүргізіліп жатқан арандатушылық ақпараттың жемісі екендігі анық. Ал енді олардың көздегені не және сыртында кімдер тұр?

    Бұрыңғы КСРО аумағындағы елдерде болып жатқан түрлі текетірестерге назар аударып қарасаңыз, бәрінің сыртында ресейлік ФСБ қызметінің қуатты қолы тұрғанын аңғаруға болады. Олар ақшамен жекелеген адамдарды сатып алып, солар арқылы теріс ақпараттар таратады және халықты түрлі топтарға бөліп, араға жік салады. Оның соңы текетіреске, ақыры тіпті дау-дамай, ұрыс-керіске ұшыратып жатады.

    Соңғы кезде Тұран Одағын құру туралы әңгіме өршіп, таяуда тіпті, түркі мемлекеттерінің ортақ әліпбиі қабылданды, бірлескен әскери жаттығу өтіп, экономикалық-мәдени байланыс нығая түсті. Бұның өзі Ресейге ұнамайтыны анық. Осыған орай, түркі мемлекеттерінің арасына жік салу үшін ресейлік қауіпсіздік қызметі барлық амал-тәсілдерді қолданатыны даусыз.  Ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас қырғыз бен қазақ халқының арасына сына қағып, арандатушылық ақпараттарды таратып жатудың астарында осындай құйтырқы саясаттың жатқанында дау жоқ.

    Қырғыз блогерлері тарапынан жасалып жүрген осындай арандатушылыққа еліккен қазақ блогерлері арасында да ашық теріс пікірлерге негізделген ақпараттар жариялана бастады. Бұның ақыры екі халықтың арасына жік түсіріп, жауластыруға дейін апаруы мүмкін. Сондықтан, құқық қорғау органдары тарапынан бұндай арандатушылықтың алдын алу шаралары жасалуы қажет. Еліміздің құзырлы органдары көрші қырғыз еліндегі әріптестерімен бірлесе отырып, осындай арандатушылықтың алдын алу шараларын қолға алуы тиіс. Әйтпеген күнде, ертең жағдай ушығып кетуі  әбден мүмкін.

    Қалкөз Жүсіп.  

     

    Қалкөз Жүсіп
    Қалкөз Жүсіп
    ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

    Соңғы мақала

    spot_imgspot_img

    Ұқсас мақала

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

    spot_imgspot_img