Абылай ханның есімі ел тарихында жайдан-жай қалған жоқ. Оның атымен аталған даңғыл да сол ұлы есімнің айбыны мен айрықша мәртебесіне сай болуы тиіс. Алайда Көкшетаудың кей тұсына көз салсаң, «Бұл шынымен Абылай ханның атына лайық па?» деген ой еріксіз келеді.
Қала көркін көреміз деп қарасаң, қараусыздыққа кезігесің; абаттандыруды іздесең, арамшөпке тап боласың. Көрікті аллеяның орнын көргенде, қаланың абаттандыру тарихын емес, немқұрайлылықтың шежіресін оқып отырғандай күй кешесің.

Назарбаев пен Абылай хан көшелері түйісетін тұста, Қылшақты өзенінің бойында аллея бар. Қазір оның жағдайын көріп, «аллея» деп атауға ауыз бармайды. Аллея деген атауға ең болмаса күтімі, тазалығы мен абаттандырылуы сай болуы керек. Мұнда керісінше, ұмыт қалған аумақтың көрінісі байқалады.

Арамшөп қаулап кеткен. Ағаштар қураған. Орындықтар сынған. Қоқыс жәшіктері қираған.

Ал тастардың үстіне сәндік композиция ретінде қойылған екі жұп бұғының мүйізі ше?
Олар да қазір өз алдына бір «жәдігерге» айналған. Металл арматуралары шіріп, опырылып жатыр.
Табиғатта бұғы мүйізін тастайды. Ал бізде мүйізді орнатып, кейін оны қараусыз қалдырады екен.
Бірақ бұл жердің ең аяныштысы – шіріп жатқан мүйіздер емес.
Көгалдың орнын балық аулап, ішімдік ішетіндердің тұрақты мекені басқан. Қала тұрғындары тынығып, серуендейтін қоғамдық кеңістік біртіндеп мүлде басқа сипат алған.
Енді дәл осы жердің арғы бетіне көз салайық.
Абылай хан көшесінің арғы бетінде – «тауық қорасы» тұр.
Ханның аты берілген көшенің қарсысында тарихи нысан да, сәулет ескерткіші де жоқ. Заңсыз тұрғызылған павильон бар.
Бұл туралы біз талай рет жаздық. Әкімдік те хабардар. Тіпті жауап та берілген: «Демонтаж жасалады».
Содан бері уақыт өтіп жатыр.
Ал павильон – орнында.
Әкімдіктің «демонтаж жасалады» деген жауабы да сол павильон сияқты қозғалмай, өз орнында қатып қалған.
Кейде еріксіз ойлайсың: Абылай ханға өкпесі бар біреу әдейі қойып кеткен ескерткіш пе екен?
«Хан болсаң да, мына тауық қорасына қарап жүр» дегендей.
Әрине, бұл – әжуа. Бірақ қаланың қазіргі көрінісіне қарағанда, шындықтың өзі кейде әзілден асып түседі.
Бір жағында – ұмыт қалған аллея.
Екінші жағында – заңсыз павильон.
Ортасында – шіріп жатқан бұғы мүйіздері.
Бәрі де қаланың қақ ортасында.
Қағазда – абаттандыру.
Жауапта – демонтаж.
Ал өмірде – арамшөп, қираған орындық, сынған жәшік және орнынан қозғалмай тұрған «тауық қорасы».
Мәселе бір павильонда немесе бір аллеяда ғана емес.
Мәселе – қаланың кейбір жерлері неге тек тұрғындар шулаған кезде ғана еске түсетінде.
Әкімдікке жаңа жауаптың қажеті жоқ.
Бұрынғы жауаптың соңына бір ғана сөз қосса жеткілікті:
«Қашан?»
Өйткені тұрғындар енді уәдеге емес, нақты іске қарап отыр.








