Әлеуметтік желілерде қазақтар туралы айтқан қырғыздың тарихшы-жазушысы деп таныстырған біреудің блогерге берген сұхбаты кең таралып, үлкен пікір туғызуда. Әлгі жазушы-тарихшының айтуынша, қазақ деген халық мүлдем болмаған, қазіргі қазақ жері, одан қалды өзбектің біраз жері, оның ішінде Бұхара қаласы түгел ежелден қырғыздардың жері екен. «Орыстар қазақтың жерін біздікі дейді, ал қырғыздың жеріне таласпайды, өйткені, қазақ деген халық болмаған, ал қырғыз ежелден бар» дейді әлгі жазушы-тарихшы.
Ешқандай тарихи дерекке, құжатқа немесе ғылыми еңбекке сүйенбей, ойдан шығарып айта салған бұл әңгімені екі адамның оңаша отырып айтқан жәй өсек-аяңы деп қоя салуға болар еді. Дегенмен де, қазақта «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деген нақыл бар. Бұл адамның сөзі әлеуметтік желі арқылы үлкен аудиторияға таралып жатыр. Оны тыңдаушылардың арасында сол тарихшы-жазушы сияқты тарихтан мүлдем мақұрым, оқымаған қараңғы жандар болуы мүмкін. Ондайлар әдетте жазушы-тарихшы аталған пенденің сөзіне имандай сенеді, сөйтеді де, «қазақ деген халық болмаған, барлық жері қырғыздікі екен» дейтін болады.
Бұны жеке адамның пікірі деп, мән бермей қоя салуға болмайтын тағы бір жай бар. Ежелден өзге елдерді «бөліп ал да, билей бер» деген саясатпен билеп келген, жерімізге әлсін-әлсін көз алартып қоятын көрші ел тарапынан бұл қолайлы жағдай тиімді пайдаланылып, екі халықтың арасына от салатын жай орын алу қаупін жоққа шығаруға болмайды. Жоғары білімі бар және жазушы-тарихшы деген білдей атағы бар адамның бұндай отбасы, ошақ қасында отырған шал-кемпірдің айтатын өсек-аяңына баруының астарында бәлкім сол іргелес елдің арнайы қызметі қаржыландырған арандатушылық әрекеттің жатуы да әбден мүмкін.
Жалпы, қырғыз бауырларымыздың арасында қазаққа қатысты осындай теріс пікірлердің айтылуы бірінші рет орын алып отырған жай емес. Олар әлсін-әлсін сондай әңгімелердің шетін шығарып қояды. 18 ғасырдағы ресей империясы географиялық қоғамы жасаған картадағы қырғыздар деген жазуды көрсетіп, «міне, Орта Азияның бәрі дерлік қырғыздың жері» деп жерден жеті қоян тапқандай жарияға жар салған видеолар интернетті кезіп жүр. Бұған сол елдегі тарихтан оншалықты хабары жоқ кейбір ағайындар құлай сеніп, «шынында да, ертедегі картада солай жазылыпты ғой» деп жатқандарын сол видеолардың астындағы пікірлердер оқып көрдік.
Жалпы, тарихи тақырыпта әңгіме айту үшін шынайы тарихи деректерге немесе құжаттарға, ғалымдардың еңбектеріне сүйенген лазым. Жәй дастархан басында отырып, әлдекімдерден шала-шарпы естіген әңгімені әлеуметтік желі арқылы жалпақ елге тарату берісі білімсіздік, арысы ақымақ-надандық болады. Әлгі жазушы-тарихшы мен блогерсымақтардың әңгімелеріне қатысты мына жайды айта кетсек, артық болмас.
1897 жылы өткен Ресей империясындағы тұңғыш ресми халық санағы бойынша мынадай мәлімет берілген: санақ қорытындысы бойынша қырғыздар – 200 мың, тәжіктер – 350 мың, түрікпендер – 280 мың, өзбектер – 726 мың, сарттар – 968 мың, қарақалпақтар – 104 мың, қазақтар 4 млн 84 мың адам деп көрсетілген.
Ал, енді 200 мың қырғыз барша Орта Азияны қалай мекен етпек? Жалпы, сол кездегі санаққа сай, Орта Азияны мекен еткен барша халықтарды қосқанда қазақтардың санына жетпейді екен. Яғни, қазақ халқы бұл аумақтағы ең ірі ұлт болған.
Ресей империясының карталарындағы Орта Азия аумағын мекендеген халықты қырғыздар деп көрсетілуінің сыры – орыстардың қазақты «казак» сословиесімен шатыстырмау және кемсіту мақсатында оларды «қырғыз, немесе қырғыз-қайсақ» деп атауында жатыр. Патша шенеуніктері қазақтарды «қырғыз-қайсақ» деп атады. Соған сай, Орта Азия аумағын картада «қырғыздар» деп белгілеген. Бүгінгі тарихтан мақұрым қырғыз жазушылары мен блогерлері осыған қарап «вау, барша Орта Азия қырғыздың жері екен ғой» деп жерден жеті қоян тапқандай мәз болысып жүрген секілді.
1920 жылы Орынборда өткен сьезде Қырғыз автономиялық республикасы жарияланды. Қырғыз деп аталуы сол ертедегі ресей патшалығының таңған атына байланысты болған еді. Осыған намыстанған алаш азаматтары ұлт атауын өзгертуге күш салды. 1923 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Еңбекшіл қазақ» газетінде «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақаласы жарияланды. 1925 жылы 15-19 сәуірде Ақмешіт қаласында өткен Қырғыз автономиялық республикасының бесінші бүкілқазақтық сьезінде күн тәртібінде қаралған алты мәселенің бірі – қазақ атауын қалпына келтіру болған еді. Сөйтіп, сьезд делегаттары бірауыздан қырғыз атауын қазақ деп өзгертуге шешім қабылдады. Міне, сөйтіп, патшалық ресей кезінде таңылған қырғыз атауы алынып тасталып, қазақ атын қайта алдық.
Тарихи құжаттар мен декректерден мүлдем хабары жоқ, үстел басында отырып, ойына келгенді айтатын немесе патшалық ресейден қалған бұрмаланған атаумен берілген ескі картаны малданып, теріс пікір айтатын қырғыз блогерлері осы ойсыз әрекеттерімен екі халықтың арасына от салып, ұлтаралық араздығын туғызып отырғанын мүлдем сезбейтін секілді.
Қазақта «жер дауы мен жесір дауы бітпейді» деген сөз бар. Қазақты халық ретінде жоққа шығарып, жерін түгел біздікі деп аузы қисаймай айтып жатқан тарихшы-жазушының сөзінің тигізер зардабы аз болмауы мүмкін. Қазірдің өзінде оған қарсы қазақтар тарапынан айтылып жатқан теріс пікірлер өте көп. Оның арасында қырғыз жазушысын жерден алып, жерге салып балағаттаған жаман сөздер де өріп жүр. Жалпы, бұндай ұлтаралық араздықты қоздыратын мәселелерге қарапайым азаматтар емес, ресми орган өкілдері өз сөздерін айтулары тиіс. Қазақ халқын жоққа шығарып, жері түгел біздікі деген әлгі азаматтың әрекетіне Қазақстанның қырғыз еліндегі елшісі ресми түрде наразылығын білдіруі қажет-ақ. Бұндай жаман әрекеттің алдын алмасақ, ертең оның үлкен теріс салдары болуы мүмкін.
Қалкөз Жүсіп.







