Ақмола облысында көші-қон заңнамасын бұзу дерегі бойынша қаралған іс аясында сот шешімі құқық талаптары мен гуманизм қағидаттарының үйлесімін көрсетті.
Жақсы аудандық соты Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Ресей Федерациясының азаматына қатысты әкімшілік істі қарады. Аталған құқық бұзушылық Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен қарастырылған.
Іс материалдарына сәйкес, 58 жастағы азамат 2025 жылғы желтоқсан айында Қазақстанға әпкесімен бірге келген. Алайда уақытша болу мерзімі аяқталғаннан кейін ел аумағынан шықпаған.
Сонымен қатар сот бұл істің мән-жайы ерекше екенін атап өтті. Анықталғандай, азамат ауыр дерт — инфаркттан кейін сал болып қалған, өздігінен қозғала да, сөйлей де алмайды. Қазіргі таңда ол Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын әпкесінің қарауында.
Сотта белгілі болғандай, Ресей Федерациясында оның жақын туыстары жоқ, бұрын жалғыз тұрған. Ал әпкесі бауырына тұрақты күтім жасап, оған Қазақстан азаматтығын рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Алайда оның болу мерзімін уақытында ұзарту мүмкін болмаған.
Аталған баптың санкциясы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберуді көздейді. Дегенмен сот құқық бұзушының денсаулық жағдайын, әлеуметтік ахуалын және өзге де жеңілдететін мән-жайларды ескерді.
Нәтижесінде, ӘҚБтК-нің 64-1-бабы негізінде, құқық бұзушылықтың қоғамға келтірген зиянының мардымсыздығы себепті іс бойынша өндіріс тоқтатылып, азамат әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Сот ауызша ескертумен шектелді.
Бұл жағдай еліміздегі сот тәжірибесінде заң талаптарымен қатар адам тағдыры мен өмірлік ахуалға да мән берілетінін көрсетеді.








