Қоғамда бір парадокс тереңдеп барады: кеше ғана өзгені асыра мақтап жүрген адам бүгін сол мадақтың өз орталығына айналып шыға келеді. Яғни, идолды жағымпаз жасамайды – кейде жағымпаздың өзі идолға айналады.
Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – уақыттың мінезі. Өйткені шынайы еңбектен гөрі әсерлі сөз өтімді болған ортада кім көбірек мақтай білсе, соның салмағы артады. Ал мақтаудың шебері бір сәттен кейін-ақ сол мақтауға мұқтаж «тұлғаға» айналады. Сөйтіп, ол өзіне табынатын ортаны өзі қалыптастырады.
Ол мақтайды – оны мақтайды.
Ол көтереді – оны көтереді.
Нәтижесінде шындықтың орнын өзара келісілген иллюзия басады.
Сырттай бәрі үйлесімді көрінеді: бірі жалған мадаққа риза, екіншісі сол мадақпен жасалған беделге мәз. Бірақ бұл кеңістіктің іші қуыс. Мұнда мазмұн емес, әсер ғана құнды.
Сын бұл жүйеге сыймайды. Себебі сын тепе-теңдікті бұзады. Ал мұндай орта тепе-теңдікке емес, өзара тәуелділікке құрылған. Жағымпаздықпен «өсірілген» идол шындықтан емес, шындықтың өзінен қорқады. Өйткені шындық оның жасанды бейнесін әшкерелеп қояды.
Шындық таразысына салғанда, мұндай «идолдың» салмағы жеңіл. Ол – өзіне сендірілген образ ғана. Ал образға сену уақытша, ал ақиқат – түбінде бәрібір үстем болады.
Сонда негізгі сұрақ ашық қалады: бұл тұлға ма, әлде рөл ме?
Егер қоғам мазмұннан бұрын мадақты, еңбектен бұрын әсерді алға шығара берсе, мұндай «идолдардың» көбеюі заңдылыққа айналады.
Сондықтан мәселе жеке адамда емес. Мәселе – сол адамды «идолға» айналдырған ортада. Ал ең қауіптісі – осыны қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастаған санада.
Қазақта «болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің түпкі мәні – ел ішіндегі ынтымақ пен өзара құрметті дәріптеу еді. Бірақ бүгінгі көріністе бұл ұғым да біртүрлі «жаңартудан» өткен сияқты.
Бүгінде болар елдің баласы бірін-бірі батыр деп бағалаудан гөрі, себепсіз биіктетіп, өздері жасаған жасанды «идолға» өздері табына бастады. Батырлықтың өлшемі ерлік пен еңбектен алыстап, лайк пен мақтауға қарай ойысып бара жатқандай әсер қалдырады.
Сөйтіп, шынайы бағалаудың орнына өзара асыра көтермелеу мәдениеті қалыптасады.
Жағымпаздық тек сөзде қалмайды. Ол жүйеге айналғанда, өз заңын тудырады. Мұндай ортада адамдар бірін-бірі шынайы бағалау үшін емес, бірін-бірі өсіру арқылы өз орнын бекіту үшін мақтайды. Бүгін ол сені көтереді – ертең сен оны көтересің. Сөйтіп, өзара «мақтау экономикасы» қалыптасады.
Бір қызығы, мұнда шынайы еңбек екінші орынға ысырылып, өзара жылы сөз – мансаптың валютасына айналады. Бірін-бірі асыра мақтағандар қызмет сатысына да сол келісілген мадақтың арқасында ұмтылады. Яғни, жетістік кейде біліктілікпен емес, өзара қолпаштау қабілетімен өлшенетіндей әсер қалдырады.
Ал сырт көзге бұл – ұйымшылдық, ішкі көзге – үнсіз келісім.
Ең сорақысы – жағымпаздықтың екіжүзділікке айналуы. Бір кеңістікте бірін-бірі аспандатып мақтайды, ал екінші кеңістікте бірін-бірі жерге тығады. Шындық екі арада емес, осы екіұдай мінездің арасында жоғалып кетеді.
Көзбе-көз – «ең мықтысыз», «сізден асқан жоқ» деген сөз. Ал сырт айналса – сол адамның беделіне көлеңке, еңбегіне күмән. Бірін-бірі сөзбен өсіріп, сыртынан кемітіп отыратын тұйық айналым.
Әсіресе әлеуметтік желіде бұл айқын көрінеді: бір-бірінің жазбасына жарыса мақтау қалдырады, «керемет», «тамаша» деп бедел жасап береді. Ал шынайы пікір – үнсіз қалады. Цифрлық кеңістікте жасанды бірлік, ал шынайы өмірде үнсіз бәсеке орнығады.
Бұл – мақтаудың мәдениеті емес, екіжүзді келісімнің жаңа формасы. Мұнда мақтау – шын бағалау емес, өзара міндеттеу тіліне айналған. Бүгін сен мені мақтайсың, ертең мен сені мақтайсың. Ал шын пікір айту – бұл жүйеге сыймайтын тәуекел.
Сондықтан өңкей жағымпаздар жиналған жерде шындық жалғыз қалады. Ал жалғыз қалған шындық – ең соңында бәрін әшкерелейтін жалғыз өлшем.







