Мәжіліс депутаты әлеуметтік желіде АҚШ президенттерінің неше жасқа дейін өмір сүргенін тізіп, байлық, генетика, ананас пен папайяға дейін талдап шығыпты. Осы жазбаға қарап отырып бір сұрақ туындайды: осы ойды жазған адам – Мәжіліс депутаты ма, әлде әлеуметтік желіде философия қуып жүрген блогер ме?
Елде шешімін күткен мәселе аз ба?
Инфляция, тариф, несиеге белшеден батқан халық, жастардың жұмыссыздығы, ауылдағы медицина мен қымбатшылықтан қиналған халықтың жағдайы– бәрі өз кезегін күтіп тұр. Ал Мәжіліс депутаты болса, АҚШ президенттерінің ұзақ өмір сүру құпиясын зерттеп, байлық пен ананастың пайдасын таразылап отыр.
Мәжіліс – ойтолғау клубы емес, жауапкершілік алаңы. Депутат – философ емес, шешім қабылдайтын тұлға. Ал бұл жазбада нақты ұсыныс жоқ, заңнамалық бастама жоқ, тіпті Қазақстанға қатысы бар тұжырым да жоқ. Бар болғаны – элитаны ақтауға ұқсайтын әлеуметтік романтика.
Ең сорақысы – мұндай мәтін қоғамға қауіпті ой тастайды: бай адам ұзақ өмір сүреді, кедейдің жүйкесі әлсіз, денсаулығы бастапқыда-ақ «сапасыз» деген тұжырым. Бұл – әлеуметтік теңсіздікті табиғи құбылыс ретінде көрсету. Ал депутаттың міндеті – теңсіздікті түсіндіру емес, азайту.
Егер байлық ұзақ өмірдің басты шарты болса, онда мемлекеттің әлеуметтік саясаты не үшін керек? Білімге, медицинаға, балалардың тамақтануына бөлінетін миллиардтар не үшін жұмсалып жатыр? Әлде «кедейдің баласына витамин кеш берілді, енді кеш» деп қолды бір сілтейміз бе?
Мәжіліс депутатының қолында микрофон ғана емес, мандат бар. Ол мандат әлеуметтік желідегі субъективті пайым үшін емес, халықтың күнделікті мәселесін заң арқылы шешу үшін берілген. Сондықтан ел депутатының уақытын АҚШ президенттерінің жасын санауға емес, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасы мен жасын ұзартуға арнағаны жөн болар еді.
Өйткені халыққа генетика жайлы бос сөз емес, әділетті жалақы, қолжетімді медицина, сапалы азық-түлік пен сенімді ертең керек.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Парламенттің бағасы шарықтап, халықтың үміті үзіліп келеді» тақырыбында мақала жариялаған едік.






