Қазақ ақпарат кеңістігі жаңа кезеңге қадам басқан қазіргі уақытта медиа саласының алдында бұрынғыдан да күрделі міндеттер тұр. Ақпарат тарату жылдамдаған сайын оқырман талғамы да өзгеріп, аудитория сапалы контентке, сенімді дерекке, нақты сараптамаға басымдық бере бастады. Цифрлық технологиялар өмірдің барлық саласына дендеп енген шақта журналистика өзіндік жаңғыру жолын таңдауға тиіс.
Бұл жаңғыру ең алдымен кадрлық саясат пен редакциялардың басқару мәдениетіне тікелей байланысты. Жас журналистерді дайындау, олардың шығармашылық қабілетін ашу, жаңа медиа талаптарына бейімделген орта қалыптастыру — саланың ұзақ мерзімді дамуының басты шарты.
Редакциядағы тоқырау – саланың дамуына кедергі
Өкінішке қарай, соңғы жылдары көптеген өңірлік және кейбір республикалық басылымдарда байқалатын ортақ мәселе бар: басқару жүйесінде ұзақ отырған, зейнет жасынан әлдеқашан асқан басшылардың жаңашылдықты енгізуге құлықсыздығы. Бұл құбылыс табиғи буын алмасуын тежеп қана қоймай, редакциялардың заман талабына сай өзгеруіне кедергі келтіреді.
Мысалы, «Арқа ажары» редакциясының жағдайы – осының көрінісі. Газетті жаңғырту, форматты жаңарту, аудиториямен байланыс орнату секілді маңызды бағыттардың орнына әкімдікке қаржылай қолдау сұрауға негізделген ескі тәжірибе жалғасуда. Бұл туралы Esilnews.kz порталы бірнеше рет мәселе көтергенімен, редакцияда да, жергілікті атқарушы билік тарапында да айтарлықтай өзгеріс байқалмайды.
Шын мәнінде, медиа органын алға жылжыту қаржы сұраудан басталмайды. Ол ең алдымен басқару жүйесін жаңартудан, кәсіби серпін бере алатын жаңа буынға жол ашудан басталады. Ақпараттық нарықтың «жүрісін» сезбейтін, уақыт талабын түсінбейтін басшылықтың жаңашылдық енгізуі неғайбыл. Жасы жеткен, серпіні сарқылған басшылардан «жаңалық күтудің» өзі — қаңқасы қалған ескі тракторды «ремонттап» рекорд орнатамыз деп сенумен бірдей.
Газеттің болашағы – цифрлықта, сенімді ақпаратта және терең талдауда
Бүгінгі медианың болашағы үш негізгі бағытта айқындалып отыр: цифрлық форматқа бейімделу, сенімді ақпарат тарату, терең талдау мен сараптама ұсыну.
Алайда бірқатар басылымдарда публицистика, очерк жанрының атын жамылып, жеке адамдардың өмірі, тіпті автордың өз туыстары туралы жазған материалдар легі көбейіп кеткені байқалады. Танымал адам болмаса, жеке тұлғаның өмірін көпшілік не үшін оқуы керек? Мұндай материалдар оқырман сұранысын қанағаттандырмайтыны белгілі.
Сонымен қатар, жұлдыздардың жеке өмірі, ажырасуы, отбасылық жағдайы туралы жеңіл-желпі контенттің журналистикаға еніп кетуі кәсіби ортаға салмақ салады. Бұл — ақпараттық идеологияның жүйеленбей тұрғанының, медианың қоғам алдындағы міндетін толық атқара алмай отырғанының белгісі.
Қазір, керісінше, қоғамға түсіндіру журналистикасы қажет. Экономикадағы өзгерістер, цифрлық саясат, әлеуметтік реформалар, жасанды интеллект, мемлекеттік бағдарламалардың мазмұны — мұның бәрін қарапайым тілмен түсіндіретін, халыққа бағыт-бағдар беретін журналистиканың рөлі күшейіп келеді.
Зейнеткер журналист цифрлық дәуірді қалай түсіндіреді?
Президент биылғы Жолдауында цифрландыруды күшейту, жасанды интеллектіні дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл — еліміздің технологиялық болашағын айқындайтын маңызды бағдар.
Алайда қоғамға осы реформаларды түсіндіруді Ақмола облысындағы кей редакцияларда өзі компьютерді қоса алмайтын, eGov-пен жұмыс істей алмайтын, электрондық поштаны қиындықпен ашатын, әлеуметтік желіні «өсек айтатындардың алаңы» деп түсінетін зейнет жасындағы журналистерге тапсыру — ақпараттық саясаттағы үлкен қайшылық. Өзі түсінбеген дүниені халыққа қалай ұғындырады?
Цифрлық реформаны түсіндіруді цифрлық сауаты жоқ адамға жүктеу — мәселенің мәнін бұрмалау деген сөз. Мұндай жағдайда берілетін ақпараттың сапасы да, мазмұны да, әсері де төмен болатыны анық.
Бүгінгі өзгерісті жүзеге асыратын — жаңа буын
Жаңа медианың тілі мен қарқынына бейімделген жас журналистер: цифрлық құралдарды жоғары деңгейде меңгереді; күрделі тақырыптарды түсінікті тілмен жеткізе алады; аудитория сұранысын дәл сезеді; жаһандық трендтерді жылдам қабылдайды; контенттің жаңа формаларын игеруге дайын.
Қазіргі ақпарат нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін редакциялар басқару мәдениетін жаңартып, жас буынға сенім артуы тиіс.
Халықаралық тәжірибе: басылым қалай дамуы керек?
Қазақ журналистикасы жаңғыру жолында. Бұл үдерісті түсіну үшін әлемдік тәжірибеге назар аудару маңызды. Жетекші елдерде медиа саласы басқаруды жаңарту, контент сапасын арттыру және технологиялық өзгерістерге жылдам бейімделу арқылы дамиды.
BBC (Ұлыбритания): Жас журналистерге маңызды жобаларды сеніп тапсыру, тәжірибелі қызметкерлерді ментор ретінде қолдану, деректер журналистикасы мен мультимедиа бойынша тұрақты оқыту арқылы жұмыс істейді. Басқару орындары ұзақ жылдар бойы бір адамның қолында қалмайды.
The New York Times (АҚШ): 2010 жылдары редакцияны толық цифрлық форматқа бейімдеп, сандық жазылымдарын 10 миллионнан асырды. Жас репортерлерге арналған Digital Fellows бағдарламасы күрделі тақырыптарды оқырманға түсінікті етіп жеткізуді үйретеді.
The Guardian (Ұлыбритания): Күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіретін Explainer форматында материалдар жариялайды. Бұл оқырманға ақпаратты түсінуге, әлемдегі процестерді ұғынуға мүмкіндік береді.
Deutsche Welle (Германия): Орташа жас 30–35 шамасындағы кадрлар мультимедиялық өнімдерге — қысқа видеолар, интерактив инфографика, дерекке негізделген талдау — басымдық береді. Журналистерді үнемі оқытатын академия жұмыс істейді.
Bloomberg (АҚШ): Деректер журналистикасына басымдық береді. Жеңіл-желпі материал жоқ, контенттің негізгі бөлігі — анализ, болжам және деректерге негізделген түсіндіру.
Түйін:
Қазақ журналистикасы үшін халықаралық тәжірибе көрсеткен сабақтар айқын: жас буынға жол ашу, цифрлық құралдарды меңгеру, ашық және түсіндіру журналистикасы. Басқаруды жаңарту, жас кадрларға сенім арту және контент сапасын арттыру арқылы ғана саланы жаңғыртуға болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қағаз газеттің келешегі бар ма?» тақырыбында мақала жариялаған едік.






