6.2 C
Kokshetau
Басты бетШежіре«Киікбай батыр адыры» туралы не білеміз?

«Киікбай батыр адыры» туралы не білеміз?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Атбасар қаласының оңтүстігінде Қимаға қарай баратын күре жолдың бойында Киікбай батырдың зираты бар. Мола қырат басына орналасқан. Сондықтан бұл кезеңді  жергілікті қазақтар «Киікбай адыры» деп атайды.

Аңыздарға қарағанда Киікбай батыр 1693-1741 жылдары өмір сүрген. Сол заманда қазақтар мен жоңғарлар жиі қақтығысатын. Сондай бір жойқын шайқаста қазақтар ойраттардан жеңіліп, амалсыздан жерін тастап батысқа қарай ығысады. Жерінен айрылып қалған қазақтар кейін бірігіп басқыншыларды елімізден қуып шығуға әрекет жасаған болатын.

Осындай бір ұрыс кезінде Киікбай батыр шейіт болады. Батырдың сүйегі Атбасардан  15 шақырым жердегі қазіргі Сергеевка ауылы маңына жерленген. Бір қызығы бұл жерде екі Киікбай жатыр. Оның екеу болатын себебі Атбасарлықтар шатастырып басқа біреудің қабірінің басына жалпақ тастан қалап бейіт тұрғызады. Оған:«Бұл жерде ХVІІІ ғасырда жоңғар шапқыншылығынан елі мен жерін қорғаған Киікбай батырдың мүрдесі жерленген. Белгі қоюшы Атбасарлық азаматтар. 1995. ж» деп  ескерткіш орнатады.

Ол аздай моңғол елінен ата жұртына қоныс аударған ағайындарымыз да «Байқараұлы Киікбай. Руы Керей. 1693-1741. Асаубай немерелері» деп тастан белгі қойыпты.        Ал келесі қыраттың басында тағы бір ескі моланың қалдығы мен мұндалайды.  Мұнда  да құлаған зират басына  орнатылған ескерткішті көресің. Онда:«Киікбай батыр Байдаулет баласы. Руы Жырық. Белгі қоюшы Мухамбеді баласы, Абдіқалық балалары. 2009 ж.» деп жазылған.

Шындығына келгенде құлаған кесене қалдығы бар мола Киікбай батырдың сүйегі жатқан жер болуы мүмкін. Оған дәлел, 1978 жылы В.Иванов атты фотосуретші  кесенені суретке түсіріпті.

Жергілікті өлкетанушы Клара Әмірқызы «Қиылған ғұмырлар» кітабына:«Осы адырдың үстінде уақыттың озғандығынан, жел мен судан мүжілсе де әжептәуір көлемде жалғыз зират  тұратын. Зираттың қасына барғанымызда оны сол ауданның қыратты жерлерінде көп кездесетін шақпақ тастардан қаланғанын көрдік. Жалпы жобасы қазақтың көшпелі  тұрмыста малшылары пайдаланатын сырғауылдан жасайтын қосы тәрізді шошақ төбелі  болғаны байқалады. Түп жақ қабырғасының қалыңдығы 1,5-2  метрдей де, жоғарлаған сайын қалауы жұқара түседі. Қазақстанның басқа жерінде кездесетін күмбезді тамдарындай емес… Тарихи деректер мен аңыз әңгімелерді жию үшін үлкендердің басын қосқан жерінен қалмауды әдетке айналдырған кезім болатын. Сондағы бар тапқаным  қысқа ғана «қалмақтармен соғысқанда қаза тапқан Киікбай батырдың тамы ғой» дегеннен басқа жарытымды әңгіме кездеспеді…» деп жазады.

Осы орайда Атбасарда тұратын Хазы Бәкейұлы ағамызбен әңгімелескен едім және зират басына барып, аралап көріп құран бағыштаған едік. «Әр елдің салты басқа…» дегендей молаға кіретін есігі жоқ екен. Шақпақ таспен өріп қалапты. «Мұндай зираттар Моңғолия, Семей, Өскемен аймақтарында жиі ұшырасады. Сондықтан Киікбай батыр Керейдің-Шеруші руынан болуы тиіс. Оның бір себебі Керейлердің салтында бейітті  салғанда басы сүйірленіп шошақталып келеді. Кесененің алғашқы нұсқасы солай болғаны анық » дейді  Хазы ағамыз.

Ал,енді ел сыйлаған ақсақалымыз Хасен Тықанұлы:«Киікбай батыр Найманның-Жырық руынан» дейді. Ия, қазақта «жер, күн, ай, жақсы ортақ» деген сөз бар. Жақсыға барлығымыз таласамыз. Ол заңды құбылыс. Оны сөгетіндей ештеңе  жоқ. 1995 жылы  сол кездегі тарихи- өлкетану музейінің директоры марқұм Сәулет Шақайұлы мен Атбасар қаласының сәулетшісі Бірлік Ережепов кесененің сызбасын жасапты. Ол уақытта өтпелі кезең, қиыншылықтың тұсы болатын. Әркім күнін көру қаракетімен жүріп, қаражат тапшылығынан ойлағандарын іске асыра алмаған.

Ал, менің айтайын дегенім сызбада көрсетілгендей кесенені қалпына келтірсе. Оған қазіргі таңда  қауқарымыз жетеді. Тек қолға алып талпыныс жасау керек. Сонда Атбасар өңіріндегі «Киікбай адыры» келешек ұрпақ тәуіп ететін, бас иіп тағзым жасайтын киелі орынға айналар еді…

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ, өлкетанушы.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз