1.2 C
Kokshetau
Басты бетОқиғаҚазақстанның көп векторлы сыртқы саясатының нәтижесі қандай?

Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясатының нәтижесі қандай?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Өткен аптада әлеуметтік желілерде талқыланып, жұртшылықтың үлкен пікірін туғызған мәселе — Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың БҰҰ ассамблеясының мәжілісіне қатысып, АҚШ-тың ірі электровоз жасайтын компаниясымен 4,2 млрд долларға шарт жасасуы және Украина президенті В.Зеленскимен кездесеуі болды. Еліміздің болашағын ойлайтын елжанды азаматтар бұл екі оқиғаның мәніне үңіліп, мемлекетіміз үшін маңыздылығын айтып ризашылығын білдірсе, кертартпа топтар кереғар пікірлерін тықпалап, аталмыш оқиғалардың маңызын жоққа шығаруға тырысып бақты.

Назарбаевтың кезінде жасыратыны жоқ еліміздің экономикасы 90 пайыз деңгейінде іргелес Ресеймен байланысты болатын. Бұның өзі еліміздің тәуелсіздігіне көлеңкесін түсіріп, әрбір істе Ресейге жалтақтап, соның қабағын бағуға мәжбүрлейтін. Ресейдің Украинаға басып кіру соғысы басталғаннан кейінгі уақытта Ресеймен ара қатынасымыз біршама қиындап кеткендей. Қазақстанға қысым жасау мақсатында еліміздің мұнай экспортының 90 пайызын қамтитын Ресей арқылы өтетін мұнай құбырын әлсін әлсін түрлі жайды сылтау етіп жауып тастаудың көбейгені бүгінде мұнай өнімдеріне қатты мүдделі болып отырған Батысқа мұнай тасымалдайтын баламалы жол салу қажеттігін көрсетті. Салынған халықаралық санкциялардың салдарынан экономикасы қатты құлдыраған Ресей Қазақстан үшін бұрыңғыдай тиімді әріптес бола алмайтыны анық аңғарылуда. Осыған орай, соңғы жылдарда Қытаймен және Түркиямен, Еуроодақ елдерімен экономикалық байланыс нығая түсуде.

Мемлекет басшысының АҚШ-қа барған бұл сапарында сол елдің ірі электровоз жасайтын компаниясымен үлкен көлемдегі тапсырысқа шарт жасасуы, Ресейге тәуелділіктен құтылып, тиімді экономикалық байланыстар орнатуға деген ұмтылушылық болғаны анық. Осы келісім-шарт негізінде Қазақстан аталмыш американдық компаниядан 300 қазіргі заманғы электровоз сатып алмақшы. Ресейлік ақпарат құралдары мен Ресейге бүйрегі бұратын қазақстандық блогерлер бұл шарттың теріс жағын айтып, қара күйені аямай жағып жатыр. Олардың пайымынша, қыруар ақшаға тұрмайтын сонша электровозды Ресейден әлденеше есе арзанға алуға болады екен.

Шындығында аталмыш шарттың астарына үңілсек, оның біз үшін зор маңызы барлығын түсінуге болады. Ең алдымен, американдық компания электровоздарды біздің елімізде құрастырмақшы. Бұның өзі қосымша 3,5 мың жұмыс орнын ашуға жағдай жасайды. Қазіргі заманғы озық технологиямен жұмыс істейтін электровоз құрастырушы американдық компания Қазақстаннан өз филиалын ашу арқылы қазақстандық тапсырысты орындаумен ғана шектеліп қалмайды, болашақта іргелес басқа мемлекеттерге де өз өнімдерін сатуларына мүмкіндік ашылады. Яғни, бұның өзі американдық ірі компанияның елімізге ұзақ мерзімге келіп, жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Бір кезде Қытайға, кейінірек Ветнамға, басқа да Шығыс елдеріне келіп орныққан электронды құрал жасайтын халықаралық “Apple” компаниясы мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, сол елдердің бюджетіне салық түрінде милиардтарды құйып отырғаны белгілі. Қазақстан нарығына кірген американдық электровоз жасау компаниясы да болашақта солай мыңдаған жұмыс орындарын ашып, бюджет қоржынын толтыруға айтарлықтай үлес қосатыны анық.

Қ.Тоқаевтың АҚШ-қа сапары шеңберінде Украина президенті В.Зеленскиимен кездесуі ресейлік БАҚ пен билік өкілдері тарапынан қатты сынға алынды. РФ сыртқы істер министрлігінің өкілі Захарованың айтуынша, Ресеймен достық қатынас жасап отырған Қазақстанның бұл әрекеті екі ел арасына салқын түсіретін залалды әрекет болыпты-мыс. Әсіресе, оның шамына тиген нәрсе – екі ел басшысының кездесуде ағылшын тілінде сөйлеуі болған сияқты. КСРО шекпенінен шыққан, бүгінде тәуелсіз елдерге айналған бұрынғы одақтас республикаларды әлі күнге дейін Ресейдің провинциясы деп білетін олар үшін Украина мен Қазақстан басшыларының орысша емес, ағылшынша сөйлеуі Ресейді қорлау болып саналған сыңайлы. Украина президенті кездесу барысында Ресеймен жасалатын бітімшілік келісімі өтетін орындардың бірі ретінде Қазақстанды да атады. Қазақстан болашақта үш жылдан астам уақытқа созылып, мыңдаған жанның өмірін жалмаған екі ел арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі келесім алаңына айналса, бұл еліміздің беделін арттыра түсері даусыз.

Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап көп векторлы сыртқы саясат жүргізіп келеді. Оның игі нәтижесі қазір анық сезіліп отыр. Еліміз Ресеймен де, іргелес Қытаймен, одан қалды Еуроодақ елдерімен де өзара тиімді экономикалық қатынас орнатқан. Қазақстан экономикасының соңғы кезде қарқынды дамып, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша Ресейді басып озып, бұрыңғы КСРО елдері арасында Балтық жағалауы мемлекеттерінен кейінгі төртінші сатыға көтерілуі ауыз толтырып айтарлықтай ірі нәтиже десе болады.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз