11.2 C
Kokshetau
Четверг, 3 октября, 2024
11.2 C
Kokshetau
МаңыздыТоқаевтың мәлімдемесінің астарында не бар?

Тоқаевтың мәлімдемесінің астарында не бар?

Бөлісу

Сондай-ақ, оқыңыз...

Германияның канцлері Олаф Шольцтің Қазақстанға іс сапары кезінде  болған кездесуде еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты пікір білдірді. Ресейді соғыста жеңу мүмкін емес, сондықтан келісімге келу шараларын қарастырған жөн, әйтпеген жағдайда соғыс өрті жайылып  кетуі мүмкін деген қаупін айтты Қазақстан президенті.

Тоқаевтың осы мәлімдемесіне байланысты әлеуметтік желілерде түрлі алыпқашты пікірлер өртше қаулады. «Тоқаев Путиннің адамы, соның айтқанымен жүріп-тұрады» деген пікірлер  айтылып жатыр. Ұзақ жылдар дипломатия саласында қызмет істеген және дипломатияның қыр-сырын жетік білетін Тоқаевтың бұндай мәлімдемені тектен текке жасамағына анық. Әсіресе, қазіргідей әлем елдері тарапынан Ресей санкцияға ілініп, қатты оқшауланған тұста бұл мемлекет туралы дұрыс пікір білдіру ешкімге ұнай қоймайтыны белгілі. Жасыратыны жоқ, Қазақстан халқының басым көпшілігі бүгінде Украинаны қолдайды. Соған орай Ресей жайындағы Мемлекет басшысының мынадай пікір білдіруі жұртшылыққа ұнамағандығы даусыз.

Алды-артын ойлап, әр сөзіне терең мән беретін кәсіби дипломат Тоқаевтың  бұндай мәлімдемені он ойланып, тоғыз толғанып барып айтқанында күмән жоқ. Егер қазіргі еліміздің ахуалына назар аударып қарасаңыз, президенттің осындай қадамға баруының себебін ұғына түсесің. Басынан бақайына дейін империяшыл пиғылға  былғанған Путинді қазіргі күні Ресей халқының кем дегенде 70 пайыздайы қолдап отыр. Яғни, ол халық Путиннің жат елге басқыншылық жасауын, тәуелсіз елді отарлап бодандыққа салу пиғылын құптайды деген сөз. Ресей телеарналарындағы ақпараттарға назар аударсаңыз, бұл мемлекеттің алдына қойған басты мақсаты бұрыңғы КСРО-ны, тіпті  Ресей империясын қайтадан қалпына келтіру екенін бағамдауға болады. Федоров деген Думаның экс депутаты жағы талмай үнемі КСРО құлар тұста өткізілген референдум негізінде одақтың таратылуы заңсыз болды, сондықтан оны қалпына келтіру қажет дегенді айтып жүр. «Украинадан кейінгі соққы Қазақстанға беріледі» дегенді ашық айтып жүрген саясаткерлер де баршылық. Осылардың бәрі  Ресей тарапынан елімізге қауіптің бар екені анық көсретеді.

Ал біздің қорғаныс жайымыз қандай? Қазақстан  Қарулы күштерінде қазір әскер саны 78 мыңдай екен. Украинаға 200 мың әскермен басып кірген Ресейдің «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, ертең елімізге басқыншылық жасаса кем дегенде 200 мың, тіпті одан да көп әскер шығаратыны белгілі. Самсаған қолға қарсы не қауқар жасай аламыз? Жемқор шенеуніктердің «Қазақстан әскері кез келген жауға тойтарыс бере алады» деген желбуаз мақтан сөзіне сенуге бола ма? Жоқ, әрине.  Тәуелсіз сарапшылардың пікіріне назар аударсақ, қару-жарақ ескі, бәрі Ресейдің қаруы, әскердегі тәртіп те ақсап тұр. Соңғы бірер жылдың ішінде ғана айдың күннің аманында әскерге барған 271 сарбаз қаза тапқан. Бұндай әскер елімізді жаудан қорғай ала  ма?

Бұл жағдайды Тоқаев та жақсы біледі. Сондықтан, «орыс аюының» ашуына тимей, бейбітшілікті сақтау үшін дипломатиялық әдісті барынша қолданып келеді. Германия канцлерімен болған кездесуде жасаған мәлімдемесін де сол дипломатиялық тәсілдің бір парасы деуге болады. Ресей мен Украина соғысы қазір шешуші сәтке жақындап келеді. Шетелден қару алып отырған Украина әскері өткен жылы қарсы шабуылға шығып, ресейліктерді қуып шығады деп үміттенген еді оған қару беріп отырған Батыс елдері. Дегенмен, ол үміт ақталмады. Соғыс созылып кетті. Ол созылған сайын Ресейдің арзан газы мен мұнайын алып отырған Батыс мемлекеттерінің экономикалық жағдайлары қиындай түсуде. Германияда қазір көптеген ірі кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, жұмыссыздық саны өскен. Тұрмыс жағдайлары нашарлаған адамдар арасында елден кету көбейген. Германияға Ресейден барған немістердің біразы кері қайтып жатыр. Бұның бәрі Германияның канцлеріне тығырықтан шығар жағдай іздеткен сияқты. Қазақстанға келген сапарында президентпен кездесуінде Ресей мен Украина соғысы туралы сұрақ қоюы да осыны аңғартса керек. Шольц үшін де қазір Ресейдің соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге келуі тиімді. Ол кезде Батыспен сауда қайта жанданып, Ресейдің арзан газы Батысқа жіберіле бастамақ.

АҚШ пен Батыс елдерінің қазіргі күні соғысты бейбіт келісімге келу арқылы тоқтатуға мүдделі болып отырғанын Тоқаев та жақсы түсінеді. Оның жоғарыдағыдай мәлімдеме жасауына да осы себеп болғаны анық. Тіпті, болашақ екіжақты келісімдерге Астананың өз алаңын ұсыну мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды.

Ресей екіжақты келісімге келіп, соғысты тоқтатқан соң аз уақыт күш жинап алып, басқа көрші елдерге көз алартатындығында дау жоқ. Олар аттың басын қайда бұрмақ? Тоқаевты осы мәселе алаңдататын сияқты. Рас, Украинадан аузы күйіп қалған Ресей одан гөрі, халқының саны аздау болғанымен, әлеуеті мықты Қазақстанға шабуыл жасауға батылы бара қоймауы мүмкін. Дегенмен де, «орысты ақылмен түсіну мүмкін емес» дегендей, Путиннің қандай қадам жасайтынын алдын ала дәл басып айту мүмкін емес. Ал Қазақстан үшін ең алдымен бейбітшілік қажет. Украинадағы жағдай соғыстың адамзатқа қаншалықты залал әкелетінін анық көрсетіп отыр. Біздің қазіргі ең басты байлығымыз – бейбітшілік. Соны көздің қарашығындай сақтау қажет.

Қалкөз Жүсіп.

Барлық материалдар ESILNEWS.KZ желілік басылымының және «ESIL-MEDIA» ЖК, сондай - ақ, оның лицензиарларының меншігі. Сайт материалдарын коммерциялық мақсатта толық немесе ішінара көшіруге тек сайт иесінің жазбаша рұқсатымен ғана рұқсат етіледі.
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Соңғы мақала

Өзге де жаңалықтар