Ресейде бензин босататын орындарда шақырымдарға созылған автокөліктердің кезегі, тіпті палаткаларын тігіп алып, қонып жатқандар да бар. Шалғай аймақтарды былай қойып, бензин тапшылығы Мәскеуді де қысып тұр. Көршілердің бәріне көз алартып, бізден құдыретті империя жоқ, Варшава да, Берлин мен Париж де біздікі, деп ұрандататын зетпатриоттардың да үні өшіп, бензин кезегінде тұрғандардың дау-дамайының тасасында көміліп қалған.
Тарих тәжірибесі көрсеткендей, соғыс ешбір елге игілік әкелген емес. Басқыншы да, басқыншылыққа ұшыраған ел де одан зардап шегеді. Біреуі аздау, біреуі көптеу, бірақ түптің түбінде соғыс оған қатысқан елдердің бәрін де тұралатып, халқына айтып жеткізгісіз ауыр зардабын тигізіп жатады. Бірақ та, осы бір тарих көзімізге үнемі шұқып көрсететін ақиқатты адамдар тез ұмытады. 27 млн адамның өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысының зардабы кетпей жатып, импершілдік дертіне шалдыққан Ресей алдымен өз ішіндегі Шешенстан сияқты шағын елді қанға бөктірсе, содан кейін Грузияға тісін көрсетті. 2014 жылы Қырымды Украинадан соғыссыз тартып алған соң оны місе тұтпай, 2022 жылдың ақпанында осы елге баса көктеп кірді. Бұнысын соғыс емес, жәй арнайы әскери операция деп атап, ары кетсе бірер айда шағын елді тас-талқан етіп жаулап аламыз деген астам пиғылдары бірақ та, жүзеге аспай қалды.
Міне, қазір соғыстың жүріп жатқанына бесінші жыл. Осы уақыттың ішінде Ресей млн-нан астам адамынан, өте көп мөлшерде әскери қару-жарақтарынан айрылды. Барша әлем болып Ресейге қарсы санкция салды. Оның зардабын ресейліктер аяусыз тартып жатыр.
Батыс елдерінен материалдық-қаржылық көмек алып отырған Украина уақыт өткен сайын күшейіп, соғыс қимылдары біртіндеп Ресейдің аумағына ауысуда. Күн сайын Ресей аспанында мыңдаған дрондар ұшып, әскерге қатысы бар нысандарды бомбалауда. Соңғы кездерде мұнайлы державаның мұнай өңдеу кәсіпорындарын бомбалауға көшкен украиндық дрондардың шабуалдарының нәтижесінде көп зауыттар істен шықты. Ресейдегі бензин тапшылығы соның зардабы.
Қазақстанның Ресеймен 7 мың шақырымнан астам ортақ шекарасы бар. Көрші елдегі жағдайдың әсері бізге де тимей қоймайды. Дейтұрғанмен де, еліміздің басшылығының ерте бастан жасаған экономикамызды әртараптандырып, кеңес заманында қалыптасқан Ресейге тәуелділіктен құтылу жолындағы шаралары қазір нақты нәтижесін беруде. Ресейді жаппай қамтыған бензин тапшылығының бізге жетпеуі, оның еліміздегі бензин бағасына әсер етпеуі осының айғағы. Елімізде жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Қажетті жанар майдың 90 пайызын Ресейден алып отырған көрші қырғыз елі қалыптасқан қиын жағдайдан шығу үшін бірқатар мұнайлы елрдерге қолқа салып, жанар май мәселесін шешуге көмектесуін сұрауда.
Еліміздің ішкі нарығын қорғамасақ, ертең зардабының ауыр болатыны анық. Әрине, автокөліктеріне май құйғызамын деп шекарадан өтіп жатқан ресейліктерге тоқтау салу қиын, дегенмен де, түрлі шектеу қоюлар арқылы оның ішкі нарығымызға тигізер теріс зардабының алдын алу шаралары жасалынуы керек.
Қазақстан Үкіметінің қолға алған шараларына сай шекаралық аумақтағы ресейліктер Қазақстанға өтіп, автокөліктеріне май құйғызып алуларына болады, бірақ бір машина күніне бір-ақ рет өтуі тиіс және басқа ыдыстарға жанар май құйып алуға болмайды. Шекаралық аумақтарда құрылған мобилдік топтар бұл талаптардың бұзылмауын қадағалауда.
Істен шыққан мұнай өңдеу зауыттарын қысқа мерзімде қалпына келтіру мүмкін еместігі белгілі. Осыған орай, Ресейдегі жанар май тапшылығы жуық арада шешіледі деуге еш негіз жоқ.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, Ресейде қалыптасқан қазіргі бензин тапшылығының болашақта елдің жалпы экономикасына зор зардабын тигізетінін сарапшылар алдын ала айтып, дабыл қағып жатыр. Әлемдегі астықты экспорттайтын ең алып державаның ертеңгі күні жанар май тапшылығы себепті егін жинау науқанын дұрыс өткізе алмай қалу қаупі бар. Ол кезде елде нан тапшылығы орын алуы мүмкін. Бензин тапшылығына халық шыдар, бірақ та, нан тапшылығының тигізер кері әсері аз болмасы анық.
Украина тарапынан Ресей аумағына жасалып жатқан шабуылдар толастар емес, керісінше уақыт өткен сайын күшейіп барады. Соғыс жылдарында қорғаныс саласындағы өнеркәсібін қарыштап дамытуға қол жеткізіп алған Украина дрондарды милиондап шығаруда. Тіпті, Батыс елдері қазір Украинадан ұшқышсыз ұшақтарды сатып алу шарттарын жасай бастаған.
Өткен қыста Украинамен іргелес Белгород қаласы жойқын шабуалдарға ұшырап, жылусыз, жарықсыз қалған болатын. Қыстың суығында қиындық көрген қала тұрғындары үйлерін тастап, басқа жаққа үдере көшуге мәжбүр болған. Мұнай өңдеу кәсіпорындарын қиратқан украиндықтар бұдан кейін ЖЭО-ға көшсе, қыстың суығында жылусыз, жарықсыз қалған халық не істемек? Белгородтықтар сияқты қақаған қыста үйлерін тастап үдере көшетін жағдай тумасына кім кепіл?
Бірнеше жыл бұрын Ресейде жаппай мобилизация басталғанда содан қашқан мыңдаған ресейліктердің Қазақстанға ағылғаны есімізде. Сондай жағдай тағы да қайталанбасына ешқандай кепілдік жоқ. Осыған орай, Үкімет еліміздің шекарасын қорғау, босқындардың көптеп кіріп кетуіне жол бермеу шараларын осы бастан қарастырғаны жөн болар еді.
Қалкөз Жүсіп.







