Өзіміз өмір кешіп жатқан 21-ші ғасырды адамдар «Ақпарат ғасыры» деп атап жүр. «Ақпаратты билеген әлемді билейді» деген сөз бар. Ақпарат саласын «төртінші билік» деп ресми емес түрде айтып та жатады. Осылардың бәрі ақпараттың адам өміріндегі үлкен рөлін аңғартса керек. Иә, ақпарат өте қуатты қару. Қазақтың «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген сөзі ақпараттың ежелгі қазақ қоғамындағы орнын аңғартатыны анық. Ерте заманнан солай болған, дегенмен де, ақпаратты таратудың заманауи технологияларының дамуымен оның ықпалы еселеп арта түсті.
Алғашқы баспалдақтар
Мен сөз еткелі отырған азамат қазіргі заманғы ақпараттық технология саласының бесаспап білгір маманы. Оның бірнеше жылдардан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан екі веб-сайты бар. Ол сайттарды біреуге жасатпай, өз қолымен өзі жасаған және күн сайын мыңдаған адамдар кіріп оқитын қалың оқырманы бар.
Аслан Оспановты мен 2010 жылдан бері білемін. Сол жылы ол «Арқа ажары» газетіне қызметке орналасты. Алдында бірер ай телевидениеде істегені болмаса, ақпарат саласында еңбек етпеген. Мамандығы – тіл әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жазба қазақ тілін жетік меңгергені өз алдына, ең алдымен журналист болу үшін шығармашылыққа бейімділігі, қабілеті болуы керек. Қабылет-қарымы жоқ адам қанша жетелесең де жазба жұмысымен айналысып кете алмайды. Содан болар, редакциямызға үлкен үмітпен келіп, таулары шағылып кететін жастар аз болмайтын.
Дегенмен, Аслан Оспанов ауыр да, қиын журналист мамандығын оңай меңгеріп алды. Оның журналист болып қалыптасуына аз да болса еңбегімді сіңіргенімді мақтаныш етемін. Шынын айтқанда, ол өте алғыр шәкірт болып шықты. Айтқаныңды әп-сәтте қағып алады және елгезек, еңбекқор, ізденімпаз. Журналистке ондай қасиеттер ауадай қажет.
Сөйтіп, шалғай ауылдан қалаға бақыт іздеп келген жас жігіт өз бақытын журналистика саласынан тауып, осы салаға берік орнығып қалды. Сол кезден басталған Асланның журналистік жолы ұдайы биіктерге өрлеумен, дамумен, жетілумен жалғасты. Кейінірек «Қазақпараттың» облыстағы меншікті тілшісі қызметін қоса атқара жүріп, ол шағын хабарларды жазудың хас шеберіне айналды.
Аслан өзі қызмет істеген Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде ең ауыр бөлім саналатын экномика бөлімінде еңбек етті. Президент, Премьер-министр, басқа да салалық министрлердің облысқа іссапарларын жазу түгелдей Асланның мойнына жүктелетін. Ол хабарларды өте жедел және сапалы жазатын. Планшетімен әп-сәтте сапар барысында хабарды жазып, редакцияға жөнелтіп жатады. Осылайша ол ауыстыруға болмайтын білікті маманға айналды.
Сайтпен жұмыс
Мен алғашқы сайтымды 2011 жылы ашқан едім. «Қылмыс пен жаза – Преступление и наказание» деп аталатын екі тілде шығатын сайт облыстық соттың қолдауымен шықты және сот саласының ақпараттарын таратты. Сол тұстағы облыстық соттың төрағасы Ақжан Ештай қаржылай қолдау көрсетіп отырды. Дегенмен, Ақжан Жайлауханұлы басқа өңірге қызметке ауысқан соң жаңа төраға сайтты қолдауды доғарды. Осыған орай сайттың жұмысы тоқтап қалды. Бірақ та, сайтпен жұмыс істеп үйренген мен өзімнің жеке сайтымды ашып, жұмысты одан әрі жалғастырдым.
Жасыратыны жоқ, ол кезде сайт дегеннің не екенін басқалар түгілі, журналистер де онша біле қоймайтын. Облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының «Көкше дидары» атты газетін шығарып жүрген Аслан бірде маған газеттің сайтын жасағысы келетінін айтты. Өзім сайт жасай алсам да, сапалы кәсіби жақсы сайт болсын деген ниетпен Назар деген сол саланың маманына сайт жасатып бердім. Асланға онымен қалай жұмыс істеу керектігін көрсеткен соң, ол сайтты өз бетінше жүргізіп кетті.
«Көкше дидары» газетінің сайты бірнеше жыл сәтті жұмыс істеді және сол уақыттың ішінде Аслан сайтпен жұмыс істеудің қыр-сырын жақсы меңгеріп алды. Ұмытпасам 2019 жылы ғой деймін, ол өз сайтын жасауға кірісті. Вордпресс бағдарламасы арқылы ол жап-жақсы сайт жасап алды. «Көкшеинформ» деп аталған ол сайтын Ақпарат министрлігінде тіркеп, кәсіби деңгейде жұмысқа кірісті. Алғашында оның бұл қадамынан мардымды ештеңе шыға қоймас деген оймен жәй бақылаған мен көп ұзамай кәсіби деңгейде екі тілде ақпарат тарататын сайтты ұршықтай үйірген әрекетіне қайран қалдым.
Міне, сол кезден басталған веб-сайтпен жұмыс жасау тәжірибесін ол әлі күнге дейін өте сәтті жалғастырып келеді. Бүгінде ол еліміздегі 30 астам жаңалықтар порталына техникалық қолдау көрсетіп отыр.
Қазіргі заманғы ақпарат технологиясы
Газет пен веб-сайттың арасында көп ұқсастық бар. Екеуі де ақпарат тарату құралы, дегенмен де веб-сайттың мүмкіндігі газетке қарағанда өте көп. Ең алдымен, хабарды жедел, сол сәтінде жариялауға болады. Оған қоса, қалағаныңша сурет, тіпті видео да сала аласың. Газет бір-ақ рет шығып, оқылған соң қоқысқа тасталып жоғалса, сайттың мақаласы ұзақ жылдар сақталады және оны кез-келген адам кез-келген сәтте ашып оқи алады.
Веб-сайтты жүргізу адамнан үлкен кәсіби біліктілікті, білімді және ізденіс пен тың идеяларды, тынбай жұмыс істеуді талап етеді. Сондай қасиеттердің бәрі бойынан молынан табылатын Аслан сайтты еш қиналмай жүргізіп кетті. Оқырманды көп тарту үшін жазған мақалаларың қысқа, нұсқа және тартымды болуы шарт. Сайтқа мақала жазу газеттегі мақаладан мүлдем өзгеше. Мен ертеректе Кочнев деген ресейлік блогердің сайтқа мақала жазу тәртібі туралы оқу курсын оқыған едім. Ең алдымен, тақырып тартымды болуы шарт. Ол адамды бірден тартып әкетуі, қызықтыруы тиіс. Содан кейін шағын тақырыпшаларға бөлінеді. Газеттегі сияқты сала құлаш құрмалас сөйлемдер, соқыр мәтіндер жоқ. Бәрі қысқа және нұсқа, артық сөз болмайды.
Аслан ондай арнаулы курстарды оқымаса да сайтқа мақала жазу тәртібін лезде меңгеріп алды. Қысқа хабарларды өте көп жазатын және бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне арналған хабарлар болатын бәрі. Суреттер көп салынады, ол тақырыпты өте жақсы ашады. Тартымды, қызықты ақпараттар жеткіліксіз, оқырман көп болуы үшін сайт редакторынан талап етілетін бірнеше міндеттер бар.
Ең алдымен, сайт редакторы СММ менеджер болуы тиіс. Яғни, әлеуметтік желілермен жұмыс істеудің қыр-сырын жетік меңгеруі қажет. Жазған мақалаңды әлеуметтік желілер арқылы тарату, оқырмандарды тарту өнерін білмесең, сайттың рейтингі өте төмен болады.
Екінші талап, мақалаңның жоғарғы он топ мақаланың құрамында болуы үшін іздеуші роботқа ұсынатын шарттарды жетік білуің керек. Ол ең алдымен, жұрт көп оқитын кілтті сөздер, жақсы тақырып, ондай сөздерді астын сызып, қарайтып жұрттың назарын аударатын етіп беру. Бұл саланың маманын СЕО менеджер деп атайды. Яғни, сайт редакторы СММ менеджер және оған қоса, СЕО менеджер болуы тиіс.
Үшінші талап: сайт редакторы сайтты жасау, сайт программасының тілін меңгеруі керек. Хакерлер тарапынан шабуылдар жасалып, сайттың плагиндері кейде ұшып кеткен жағдайларда оны қалпына келтіру сайт құрылымын жақсы білуді талап етеді.
Аслан сайт редакторына қажетті барлық білім-біліктілікті меңгерген кәсіби маманға айналды. Ол кез-келген құрылымы күрделі сайттарды өз қолымен жасап, қалауынша өзгерте алады. Бағасы 4-5 млн теңге тұратын ірі компаниялар жасататын сайтқа тапсырыстарды алып, сондай сайттарды жасауы және оның техникалық қызметін мойнына алуы оның сайт саласының кәсіби білікті маманы болғандығын анық аңғартады.
Қазіргі күні Аслан жүргізетін сайты негізінен екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде, ал кейбір материалдарды ағылшын тілінде жариялап тұрады. Солтүстік аймақтарға таралатын Есілнюс сайты екі тілде шығады. Кейбір мақалаларының қаралымы 2-3 млн-ға дейін барады. Феисбук, Телеграм, Инстограм каналдарында 100, 200 мың оқырманы бар парақшалары жұмыс істейді. Яғни, ол жазған мақалаларды сол сәтінде бірнеше жүздеген мың адам қарай алады. Соңғы кезде Тик-ток желісін пайдаланып, сол арқылы мақалаларын таратуға да көңіл бөліп жүр.
Жастарға жол ашу деген жәй айтыла салған жылтыр сөз бе?
Ұмытпасам 2018 жылдың көктемі болуы керек, «Арқа ажарының» таңертең өткізетін лездемесінде газетіміздің басшысы Жабал Ерғалиевке Асланды редактордың орынбасары етіп тағайындасаңыз деген ұсыныс айттым. Сол тұста орыс тілінде шығатын «Акмолинская правда» газетін басқаратын іскер басшы, білікті менеджер Валентина Косянюк жас жігіт Алексей Чаиканы екінші орынбасар етіп бекіткенін естігенмін. Ақылы материалдардан, жарнамадан жақсы ақша табатын Акмолинканың төрт ауданда меншікті тілшілері болды. Енді редактордың екінші орынбасары қызметін енгізіп, оған болашағы бар жас жігітті тағайындауы газет сапасын көтеруге ықпал ететіні анық еді.
Ал аудандарда меншікті тілші ұстамайтын біздің газетте сол тұста редактордың орынбасары да болған жоқ. Осы қызметті атқарып жүрген Байқал Баяділов «Егеменге» меншікті тілші болып кеткеннен кейін бұл қызмет орны бос тұрған. Соған орай, менің айтқан бұл ұсынысымды директор Жабал Ерғалиев құптайтын болар деген үмітім болған. Өз сайтын ашып, табысты жүргізіп жүрген және «Көкше дидары» газетін шығаратын Асланның бұл қызметті қиналмай алып кетеріне сенім мол еді.
Дегенмен де, менің ұсынысым Ерғалиевке ұнамады. Ол «сен біреуге шапан кигізбек түгілі, өз шапаныңды дұрыстап киіп ал» деді зіркілдеп. Бұрын Сенат депутаты болған ол биік мінберлерден «жастарға жол ашу керек, қамқорлық жасау қажет» дегенді жиі айтатын. Мына әрекеті сол сөзіне қайшы келгендей болды. Аслан орынбасар болса, бір жылға жетпейтін уақыттан соң зейнетке шығатын редактор Қайырбай Төреғожаның орнына редактор болып тағайындалар еді. Оның бұл қызметке лайықты екендігі және жақсы атқарып кете алатындығы еш күмәнсіз болатын. Бірақ, өкініштісі Ерғалиевтің ұстанымы басқаша болып шықты.
Төреғожа бір жылдан соң пенсияға шықты, бірақ қызметінен кеткен жоқ. Сол тұста жасы жетпіске жақындап қалған зейнеткер Ерғалиев өзі сияқты зейнеткерді қызметінде қалдырды. Жабал Ерғалиев «Арқа ажарының» редакторы болып 2005 жылдың ақпан айында келген еді. Сол жылы жазда Қайырбай Төреғожаны редактордың орынбасары етіп тағайындады. Міне, содан бері өткен 21 жылда осы екеуі газетті үзбей басқарып келеді. Ерғалиев Сенат депутаты болған 6 жылда Төреғожа директор болып, басшылық қызметін атқарды. Ал 2017 жылы депутаттық мерзімі бітіп, қайта оралған Ерғалиев директорлық қызметіне қайта кірісті де, Төреғожа редактор болып қалды.
Бұл екеуі 21 жылдың ішінде өздерінің барлық қабылет-қарымын, идеяларын толықтай жүзеге асырды деп айтуға болады. Кез-келген адам ерте ме, кеш пе бір қызметте отырса сарқылады. Адамның табиғаты сондай. Ендігі уақытта газетке 21 жылдан бері басшылық жасап келе жатқан екеуінен жаңа өзгеріс, тың идеялар күту ақымақшылық болар еді.
Қазір ешкім теріске шығара алмайтын мынадай факті бар: «Арқа ажары» газеті өзінің таралым деңгейі, мазмұндық сипаты, кадрлық құрылымы, қаржылық-материалдық жағдайы жөнінен еліміздің басқа облыстық басылымдарымен салыстырғанда көп төмендеп кетті. Газеттің қазіргі таралымы мың дананың үстінде. Бір кезде жиырмадан астам адам еңбек еткен, үш бөлімі бар газетті бүгінде небары 4-5 адам шығарады. Кадр жоқ, көп журналистер кетіп қалды. Өйткені, жалақы төмен және сол аз жалақыны уақытында бермейді. Газет салық пен баспаханаға милиондаған теңге қарыз. Қарызға белшеден батқан газет қызметкерлері сыйақы дегенді мүлдем алмайды.
Мен қазір мына жайды нық сеніммен айта аламын: егер де Ерғалиев Асланды редактордың орындасары етіп тағайындау жөніндегі ұсынысымды қабыл алып, оны орынбасар, ал Төреғожа зейнетке шыққан соң редактор етіп тағайындағанда газет дәл қазіргідей мүсәпір, кісі аярлық деңгейге түспеген болар еді. Бәсеке деңгейі өте жоғары интернет ақпарат алаңында өз сайтын ашып және оны өте жоғары деңгейге көтере алған Аслан Оспановтың газет деңгейін де көтеруге қабылеті молынан жетер еді. Дегенмен де, бүгінде біреуінің жасы 74-ке, екіншісінің жасы 69-ға келген зейнеткер басшылар ондай мүмкіндікті Асланға қимады.
Солтүстік Қазақстан облыстық газетін ұзақ жылдар басқарған Мәжілісте депутат болған Жарасбай Сүлейменов зейнеткерлікке шыққан соң өз орнын басатын жас жігітті тәрбиелеп, оған қызметін беріп кетті. Ал ол сеніп тапсырған редакцияны әлгі азамат жақсы басқарып келеді. Халқының саны Ақмола облысымен шамалас, ал қазақтардың саны бізден әлдеқайда аз Солтүстік Қазақстан облысының қазақ тілді газетінің бүгінгі таралымы 7 мыңның үстінде. Яғни, «Арқа ажарынан» жеті еседей көп. Редакцияның қарызы жоқ, қаржы жағдайы да, кадр жайы да жақсы. Бұның бәрі жас басшының ұйымдастыруымен жасалып жатқан жақсы істер екені анық.
Бір қызметте ондаған, жиырмалаған жылдар тастай жабысып отыру, өле өлгенше кетпеу мықтылық та, даналық та, пысықтық та емес, бұл – рухтың әлсіздігін, адамның тойымсыздығын көрсетеді. Қомақты жалақыны, қызмет автокөлігін, басқа да басшыға берілетін игіліктерді қимай екі аяғын алдына қаратып табытқа салып алып шыққанша, болмаса желкелеп қуып шыққанша қызметте отырып алу рухани әлсіздіктің белгісі. Керісінше орнын басар жасты тәрбиелеп, соған уақытында орнын беріп әдемі кету – ең үлкен жеңіс және жетістік. Бұндай қадамға рухы мықты, елжанды, ұлтжанды адам ғана бара алады. Осы тұрғыдан алғанда «Солтүстік Қазақстан» газетінің бұрыңғы басшысы Жарасбай Сүлейменовтың ісі нағыз азаматтық деуге болады. Оның бұл әрекетінің дұрыс болғандығын қазіргі газеттің жағдайы анық дәлелдеп отыр.
Ұстаздан шәкірт озады
Ғылым мен техниканың шарықтап дамуы өмірімізге үлкен өзгерістер әкелуде. Бұрын фантастикалық шығармалардың желісі саналатын жайлар қазір өмір шындығына айналып отыр. Бұндай өзгерістер ақпарат саласында да жетерлік. Ертеректе негізгі ақпарат тарату құралы болып саналатын газет-журналдар жыл өткен сайын ақпарат алаңынан ығысып, өз орнын интернет арқылы таратылатын ақпарат құралдарына беруде.
Жасанды интелектінің өмірімізге кең енуі болашақта көптеген мамандықты қажетсіз етеді дегенді айтады білгір сарапшылар. Осыған орай заман талабына бейімделе алмаған адамдардың ертең қиын жағдайға қалу қаупі бар. Бұл әсіресе, ақпарат саласының мамандарына қатысты. Қазірдің өзінде газеттердің орнын веб-сайттардың басатындығы анық байқалып отыр. Бюджет мекемелерінің қызметкерлерін бұрынғыдай мәжбүрлеп жаздыру тоқтаған соң газетке жазылу күрт азайып кетті. Бұның өзі газеттердің көп ұзамай шығынға батқан, өзін ақтай алмайтын және көп аудиторияны қамтымайтын пәрменсіз ақпарат құралына айналдыратыны анық. Оның ақыры газеттердің мүлдем жабылуына ұшыратуы мүмкін.
Ал интернет алаңында жұмыс істейтін веб-сайттарда мұндай қатер жоқ. Осы саланың білікті кәсіби маманына айналған Асланның қазіргі қол жеткен жетістіктері интернет ақпарат саласының болашағының зор екенінің дәлелі десе болатындай.
Бағасы 4-5 млн теңге тұратын ірі компаниялардың веб-сайттарын жасап, оның техникалық қызметін мойнына алатын Аслан өз сайттары арқылы да ақшаны жақсы тауып жүр. Оның табысы қарапайым журналистердің түсіне де кірмейтіндей деңгейде. Әрине, ондай жоғары табыс табу үшін сұранысқа ие кәсіби білікті маман болу шарт. Ондай деңгейде болу үшін үнемі ізденіс, оқу, даму қажет. Асланның қазіргі қол жеткен жетістіктерінің бәрі сондай тынымсыз жұмыс пен ізденістің, оқудың жемісі екені анық.
Ұстаздан шәкірт озады, деген сөз бар. Мен Асланның өзім армандаған, бірақ жете алмаған биіктерден көрініп жатқанына қуанамын. Болашақта бұдан да зор биіктерді бағындыратынына сенім мол. Өйткені, ол өте еңбекқор және жаңалықтарды білуге, таным көкжиегін кеңейтуге әрдайым ынталы. Бұның бәрі табыс биіктеріне бастайтын баспалдақтар.
Қалкөз Жүсіп.








