-0.8 C
Kokshetau
Понедельник, 4 ноября, 2024
-0.8 C
Kokshetau
МаңыздыІскер ұйымдастырушы, қарымды қаламгер

Іскер ұйымдастырушы, қарымды қаламгер

Бөлісу

Сондай-ақ, оқыңыз...

Биылғы жылдың  қазанында біраз жылдар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне бас редактор болып, өтпелі кезең аталған сол бір ауыр жылдарда газет ұжымын басқарған қарымды қаламгер, публицист, жазушы Жомарт Сафиұлы Әбдіхалықтың дүниеден озғанына 20 жыл толады екен. 60 жасында төтенше келген ажалдан көз жұмған оның бергені де, әлі берері де мол болатын. Соңында публицистикалық, пәлсапалық біраз кітаптары, тәлімін алған шәкірттері мен ізбасарлары, ел, қоғам үшін атқарған елеулі еңбегі қалды. Сол алпыс жылдық ғұмырында ол өте көп шаруалар тындырды, көзтаныстары мен әріптестерінің есінде қалар, құрмет тұтар жақсы істер атқарды. Сол еңбектері еленіп мемлекет тарапынан атақтар мен марапаттар да алды.

Мен 1988-90 жылдары Қима аудандық «Дала таңы» газетінде қызмет атқардым. Сонда жүріп облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне үнемі жазып жүрдім. Облыс орталығы Целиноград қаласына бара қалсам міндетті түрде газет редакциясына соғып кетемін. Ол кезде газетті Октябрь Әлібеков басқарады. Жомарт Әбдіхалық бас редактордың орынбасары. Сол тұста газетте Мәди Хасенов, Алдан Смайылов, Баймұрат Есмаханов, Амангелді Жұмабеков, Бәдуан Имашев, Ілияс Қарағозин, Жұматай Сабыржанов, Жылқыбай Жағыпаров, Мағжан Садыханов, Төлеген Ілдебаев, Амантай Есілбаев, Үкімет Сүйінжанов сияқты  қаламдары қарымды, есімдері елге танымал тәжібибелі мықты журналистер еңбек етті. Олардың әрқайссы бір-бір мектеп болатын. Мен облыстық газетті нөмір жібермей бастан аяқ оқып жүремін. Аудандық газетте еңбек ететін журналистік еңбек жолын енді бастаған мен үшін аттары аталған қаламгерлерден үйренер жайлар аз болмайтын.

Өмір жолы адамды түрлі қиырларға бастайды. 1999 жылдың жазында тағдырдың жазуымен мен облыстық «Арқа ажары» газетіне қызметке кірдім. Ол кезде газеттің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық. Ол кісінің талғамы өте жоғары болатын және жұмысқа анау-мынау адамды ала қоймайтын. Мені жұмысқа қабылдарда бас редактордың орынбасары Жылқыбай Жағыпарұлы мен жауапты хатшы  Бәдуан Имашевты  шақырып алып, біраз ақылдасты. Бұрынырақта біреулердің айтуымен тексерместен бір қате хабар жазып, сол үшін Жомарт ағамнан біраз сөз естігенім бар еді. Соны ұмытпаса керек, мені жұмысқа алу-алмау жайын біраз талқылап, Жылқыбай мен Бәдуан ағаларымның екі жақты қолдауының арқасында қызметке алды. Алғашында сенімсіздікпен қарап жүрсе де, кейін келе жазғандарыма көңілі толып, содан кейін, тіпті мақтайтын болды.  Екуміз бірлесіп бірнеше көлемді мақалалар жаздық. Мен жазамын, ол үстінен қарап түзейтін және түзегенде тастай қылып, сөйлемдерді ойнатып, құлпыртып жіберетін.

1999 жылдың жазында Көкшетауға қоныс аудардық. Газеттің техникалық қызметкерлері Астанада қалып, газет те Астанадан шығып жүрді. Бірақ жазатын шығармашылық ұжымның дені Көкшетауда. Осылайша ұжым екіге жарылып, екі жақта жұмыс істеді. Ол өте ауыр жылдар еді. Бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақылары, зейнеткерлердің зейнетақысы уақытында берілмейді. Бірде, тіпті Көкшетауда зейнеткерлер митингке шығып, облыстық әкімдіктің алдына жиналды. Сол кездегі облыс басшысы Сергей Кулагин халық алдына шығып, жағдайды түсіндірді.

Міне, сондай жұрттар жалақыларын ала алмай қиналып жүрген тұста «Арқа ажарыны» газетінің  қызметкерлері айына екі рет жалақы алатын. Және жалақымыздың деңгейі өзгелермен салыстырғанда біраз жоғары болды. Өйткені бас редактор ұжым мүшелерімен кеңесе отырып, айлық жалақыға ай сайын 50 пайыз мөлшерінде сыйақы қосуға шешім қабылдайды. Осылайша жалақы деңгейі 50 пайызға көбейеді. Бұның өзі сол тұста жалақымен жан баққан  журналистер үшін  өте үлкен қолдау еді. Жалақыға қоса, мереке сайын жарты немесе бір айлық жалақы деңгейінде беретін сыйақы тағы бар. Конституция күні, Тәуелсіздік күні, Ауыл еңбеккерлерінің күні, Наурыз мерекесі, әйтеуір мереке көп. Сондай мереке қарсаңында  ішіміздегі белсендіміз Нәқаң (Нағима Тасқызы)  газеттің макетін көсреткен болып редакторға кіреді. Сосын «Жөке, мереке қарсаңында сыйақы бермейсіз бе» дейді. Ол қандай мереке деп сұрап алып, сосын бұғалтірге телефон соғып шақырып алады. «Осындай мереке келіп қалыпты, сыйақы беретін мүмкіндігіміз бар ма» дейді. Содан әрі-бері тартысып отырып бір, не жарты жалақы мөлшерінде сыйақы беруге уағдаласады. Осылайша, біздер мереке сайын сыйақы алып жүрдік.

Ол кезде қазіргідей тендер деген жоқ, газетті қаржыландыру түгелдей әкімшілік пен редактордың өзара келісімі арқылы жүзеге  асады. Редактордың беделі зор болса, әкімшілікпен жақсы тіл табыса білсе, қаржыландыру да ойдағыдай болады. Әйтпесе, ақша жоқ. Жалақыларын айлап, жылдап ала алмай қиналып жүрген талай редакцияларды көзіміз көрді. Жөкеңнің арқасында біз осылайша сол бір аса ауыр кезеңде еш қиындық көрмей, еркін өмір сүрдік. Бұл Жомарт Сафиұлының басшылық қабылеті мен іскерлік қарымының молдығын анық көрсетсе керек.

Жасыратын не бар, бірқатар журналистердің іссапарларда ептеп арақ-шарап ішіп, көзге түсіңкіреп қалатын кездері болды. Сәбең (Советбек Мағзұмов) айтады: мен Жөкеңмен көп іссапарларда бірге болдым, сондайда ешқашан өз қызметкерлері туралы бір жаман сөз айтқанын  естімедім.  Кейде аудандардан телефон шалып «сіздің қызметкеріңіз осындай теріс әрекеттер жасады» деп арызданатын жайлар да кездесетін, сондайда Жөкең «журналистің анда-санда аудандарыңа  барып, аздап еркелегенін көтере алмайсыңдар ма» деп өздерін кіналап, қызметкерін ақтап алатын. Ол кісінің бір де бір қызметкерін қуғындап, жұмыстан кетірген көрмедім, рас кейде ашуланғанда ұрсып алады, дегенмен де қайтымы тез болды. Сәлден соң шақырып алып, «әй, ренжіп қалған жоқсың ба, менің жасым үлкен, сосын ашуланып айтамын ғой, оны көңіліңе алма» деп жуып-шаятын.

Облыстық газеттің бас редакторы облыстық басқарма бастығымен дәрежесі тең адам болып саналады.  Облыстық басқарманың басшылары галстуктерін қылғындыра тағып, сықырлап жүрсе, Жөкең әкіммен іссапарларда қолынан блакноты мен қаламсабын тастамай , кейде әлдекімдерді сөзге тартып, бірдеңелерді жазып алып жататын. Жиналыстарда үнемі алдыңғы қатарға отырып, слайдтан  мәліметтерді блакнотына түртіп отырады. Жөкең шенеунік емес, нағыз журналист болды және түрлі тақырыптарға үнемі қалам тартып, жолсапарларды ерінбей жазып жүрді.

Шығармашылықпен айналысатын адамға еркіндік, жағдай керек. Өзі қаламын қолынан тастамайтын Жөкең  қызметкерлеріне  шығармашылық еркіндік және жағдай жасады. Газетте «Бір ауыз сөз», «Ойтамызық», «Ашық пікір», «Ойкөкпар» сияқты біраз айдарлар болды. Журналистер қоғам, тіршілік туралы өз ой-толғамдарын еркін жазатын. Проблемалық материалдар, сын материалдарға да әрдайым жол ашық болатын. Соған орай, журналистер бір-бірімен жарыса ынтамен жұмыс істеді. Лездемелерде сәтті жазылған дүниелерді Жөкеңнің өзі ерекше айтып, мақтап отыратын. Бұның өзі журналистерді ынталандырып, жақсы дүниелер жазуға құлшындыратын.

Ол кісінің «редакция сағаты» дейтін шарасы болды. Жекелеген  қызметкерді шақырып алып, газеттің жұмысын қалай дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруге болатыны туралы ой-пікірі мен ұсыныстарын тыңдайтын. Мен де сондай талай «редакция сағаттарына» қатыстым. Кейбір ұсыныстарыма «е, жөн екен, тамаша» деп құптап отыратын. Жалпы, Жөкең өте демократ адам болды. Өзгелердің пікірімен қатты санасатын.

Жомарт Сафиұлы бас редактор болып тағайындалғаннан кейін өзінің орынбасарын өзгелер сияқты өз қалауымен емес, ұжымның еркіне салып, солардың таңдауы бойынша тағайындапты.  Ұжымды жинап алып «ал орынбласарлыққа кімді ұсынасыңдар, өз араларыңнан ұсыныңдар, мен бекітемін» -дейді.  Ұжым екі адамды ұсынады: Марат Дәдікбаев пен Жылқыбай Жағыпарұлы. Жасырын дауыспен Жылқыбайдың жақтастары көбірек болып, ол орынбасар болып тағайындалады. Ұжыммен санасу, олардың пікіріне көңіл бөлу деген осы емес пе.

Жөкең  кадр мәселесіне аса қатты  қарайтын, өте талғампаз еді. Оның көңілінен шығу екінің бірінің қолынан келмейді.  Содан болар, редакцияға талантты, қабылетті  деген адамдарды жинады. Араға туыстарын, тамыр-таныстарын салып, мына адамды алыңызшы дегенге құлақ аспайтын. Мүйізі қарағайдай мықтымыз деген біраз журналистер келіп, жұмысқа кіре алмай сақтары сынып кеткенін көрдім. Ол адамның ең алдымен, іскерлігі мен қабылетіне қатты көңіл бөлетін. Қабылеті бар адамды жақсы көріп, оның мінезіндегі әртүрлі кемшіліктеріне назар аудармай, тіпті кейбір теріс әрекеттеріне де  кешіріммен қарайтын.

Жөкең шын мәнінде ұжымның ағасы болды. Өзі редакцияны басқарған еліміз үшін өтпелі кезең аталған аса ауыр жылдарда қызметкерлерін жүдетпей, тарықтырмай, тұрмыс тауқыметін тарттырмай жоғары басшылардың да, ұжымның да көңілін тауып, тіл табысып, өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін жан-жақты көрсетті. Төсек тартып ұзақ уақыт  жатпай, автокөлік апатынан кенеттен қайтыс болғандықтан ба, Жөкең маған кейде ақ «Волгасымен» жолсапарда жүргендей сезіледі. Бүгінде басшылардың бойынан көп табыла бермейтін  әділдік, шыншылдық, кішіпейілдік, еңбекқорлық, өз мамандығына деген адалдық сияқты жақсы қасиеттерді бойына молынан жинаған Жөкеңнің — Жомарт Сафиұлы Әбдіхалықтың   бейнесі уақыт өткен сайын зорайып, даралана түсетіндей. Иә, таулар алыстаған сайын  асқақтай береді.

Қалкөз ЖҮСІП.

Барлық материалдар ESILNEWS.KZ желілік басылымының және «ESIL-MEDIA» ЖК, сондай - ақ, оның лицензиарларының меншігі. Сайт материалдарын коммерциялық мақсатта толық немесе ішінара көшіруге тек сайт иесінің жазбаша рұқсатымен ғана рұқсат етіледі.
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Соңғы мақала

Өзге де жаңалықтар