10.2 C
Kokshetau
Четверг, 3 октября, 2024
10.2 C
Kokshetau
МаңыздыХалық пен билік арасындағы соңғы дәнекер

Халық пен билік арасындағы соңғы дәнекер

Бөлісу

Сондай-ақ, оқыңыз...

6 қазанда, яғни келесі жексембіде бүкілхалықтық референдум өтеді. Референдумда жалғыз мәселе – Қазақстанда  атом электр стансасын салу немесе салмау  жайы шешімін таппақ. Бұл мәселе көп жылдардан бері көтеріліп, нақты шешілмей келе жатқаны белгілі. АЭС салуды негізінен билік өкілдері мен соның айналасындағылар жақтаса, қарапайым халық оған қарсы. Бұл ақпарат беттерінде айтылып, жазылған пікірлерден анық байқалып жүр.

Қазақстанда  халықтық таңдау – референдум бірінші рет өткелі отырған жоқ. Бұдан бұрын негізінен билік ұсынған экс президент Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту және Ата Заңға өзгертулер енгізуге қатысты мәселелер халық талқысына салынған болатын. Ол референдумдардың бәрі де билік ұсынған ұстаным негізінде шешім қабылдаумен аяқталғаны мәлім. Референдум деген аты болмаса, халық өз ұстанымдарын сол арқылы өткізіп, билік ұсынысына қарсы шығып, жеңіске жеткен кезі болмапты. Бұл жолы қалай болмақ?

Әлеуметтік желілерде қарапайым азаматтарды былай қойып, атом энергетикасы саласының білікті маманы, сол сала қызметін ұзақ жылдар басқарған Мұхтар Жәкішев сияқты азаматтардың өзі АЭС салудың тиімсіз екендігін жасырмай ашық айтты. Керісінше, билік өкілдері жанын сала ол ұсынысты қолдап, АЭС салмаса елімізде электр қуатына деген үлкен тапшылық орын алады деп сендіруде. Саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін былай қойып, әнші Қайрат Нұртас сияқтылар да АЭС-тің пайдалылығы туралы ауыздарының суы құри әңгімелеп жатыр. Ал күні кеше президентке жасаған үндеуінде бір ақсақал өзіне сөз бермей, сөйлей бастағанда микрофонын алып қойып, АЭС салуға қарсы болғандарды тіпті, полиция қызметкерлерінің ұстап қамаққа алғандығын ашына айтты. Осыған қарап билік өкілдері бұл жобаны қайткен күнде де өткізуге жанталасып жатқан жоқ па деген күмәнді ойға қаласың.

Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан, Жаңа Қазақстан бағдарларына алғашында сеніп, содан кейін орын алып жатқан түрлі жайларға, ескі жемқор кадрлардың әлі күнге билікте отырғандарына қарап, күмәндана бастаған жұртшылықтың билікке деген сеніміне өткелі тұрған референдум үлкен селукеу түсіре ме деген күдік бар. Егер референдумда халық өз ұстанымдарын өткізіп, АЭС салуды тоқтататын болса, онда билік пен халық арасындағы дәнекер үзілмейтін болады. Ал олай болмаған жағдайда, онсыз да билікке деген өкпе-реніштері көп қарапайым жұртшылық үшін бұл референдум биліктің әдеттегі спектакльдерінің бірі болып қалары анық.

АЭС салу кімге керек және ол кімге тиімді? Бұл арада еліміздің электр қуатына деген сұранысын қанағаттандырып, тапшылықты жояды деген сияқты жаттанды жауыр болған пікір есепке алынбайды. Неге десеңіз, АЭС құрылысы мамандардың айтуынша, кем дегенде 15 жылға созылмақ. Сонда ол салынып біткенше еліміздің электр қуатына деген тапшылығы қалай шешілмек? АЭС салғанша Мұхтар Жәкішев айтқандай, 4-5 жылда салынып, жұмыс істеуге кірісетін және құны біршама арзан газ электр стансасын салған тиімді емес пе. Және де 2017 жылы милиардтаған ақшаны шашып не үшін баламалы қуат алу тақырыбына арналған Экспо өткіздік? Содан бері өткен біраз жылда елімізде баламалы қуат көздері саласы қаншалықты дамыды?  Өкінішке орай бұл салада еш нәтиже жоқ. Бұндай Экспо өткізбей-ақ, баламалы электр қуатын нақты іс жүзінде өндіріп жатқан Нидерланды, Бельгия, Швейцария сияқты елдердің тәжірибесіне қараңыз. Мәселен, Нидерландыда электр қуатының 70 пайызы жел электр стансалары арқылы өндіріледі екен.. Бізде де осы саланы дамытуға мүмкіндік бар емес пе.

Балаламалы электр қуатын өндірудің орнына экологиялық жағынан да, еліміздің қауіпсіздігі тұрғысынан алғанда да қатерлі АЭС салуға неге билік сонша құлшынады? Бұның астарында әлдекімдердің қалтасын қампайтатын жемқорлық жатқан жоқ па деген ой келеді. Бізде қандай да бір ірі жобалар қолға алынса-ақ, соның тасасында үлкен жемқорлықтың жататыны әдеттегі құбылысқа айналғанын халық жақсы біледі. Мәселен, Экспо жобасының айналасында болған шенеуніктер милиардтап ұрлап біразы сотталды. Ал ЛРТ жобасына бөлінген ақшаны ұрлағандардың біразы шетел асып қашып кетсе, бір-екеуі сотталды. Осыларға қарап, құрылысы 15 жылға созылатын және милиардтаған үлкен сомадағы қаржы бөлінетін АЭС салу жобасы деген әлдекімдер үшін майшелпек болмай ма деп ойлайсың.  «Бұл уақыттың ішінде не есек өледі, не патша өледі, не мен өлемін» деп Қожанасыр айтқандай, 15 жылдың ішінде не боларын ешкім білмейді.

Сондай-ақ, бұл жобаны басқа емес, ресейдің «Росатомы» салатыны да көңілге күдік ұялатады. Жасыратыны жоқ, Ресейдің ядролық шоқпарын алға тартып, әлем елдеріне ашық «шантаж» жасап жатқанын ресейлік ақпарат құралдарынан көріп, естіп жүрміз. Құдай бетін аулақ қылсын, ертең  АЭС арқылы ресей біздің елімізге де қоқан-лоққы жасамасына кім кепіл? Сонымен бірге, АЭС өте көп мөлшерде су қажет етеді дейді мамандар. Бұның өзі онсыз да суы тартылып бара жатқан Балхаш көліне қатер төнідрмей ме? Осындай күмәнді ойлар көп, соған орай бұл мәселе барша қазақстандықтарды толғандырады десек, артық айтқандық болмайды.

Өз құқымызды пайдаланып, 6 қазанда таңдауымызды жасармыз. Бірақ та, ең бастысы, халық қалауы бұрмаланбай, дауыс беру қортындысы ашық жарияланса дейміз. Шын мәнінде бұл референдум халық пен билік арасындағы соңғы дәнекер болып отыр десек, асыра айтқандық болмас. Сондықтан, дауыс берудің  ашық, әділ өткені дұрыс. Халық қалауы – осы.

Қалкөз Жүсіп.

Барлық материалдар ESILNEWS.KZ желілік басылымының және «ESIL-MEDIA» ЖК, сондай - ақ, оның лицензиарларының меншігі. Сайт материалдарын коммерциялық мақсатта толық немесе ішінара көшіруге тек сайт иесінің жазбаша рұқсатымен ғана рұқсат етіледі.
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Соңғы мақала

Өзге де жаңалықтар