-17.8 C
Kokshetau
Понедельник, 9 декабря, 2024

Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал

spot_img

Екі ғасыр бұрын өмір кешкен Напалеон Бонапарттың «Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал» деген қанатты сөзі әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Соның дәлелі – Ресейдің бауырлас халық болып саналатын Украинаға басып кіруі десек болады.  1994 жылы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне Ресей мен АҚШ кепілдік берген болатын. Аталмыш мемлекеттердің президенттері қол қойып бекіткен бұл құжатты ресейдің бүгінгі президенті Путин қоқыс жәшігіне лақтырып тастап,  тәуелсіз елге басып кірді. Бұның өзі қазақ айтатын «жау жоқ деме – жар астында» деген нақылды еске салады.

Өткен аптада Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи «2030 жылға қарай қазақ елі аумақтық қақтығыс соғыстарына тартылады» деген мәлімдеме жасады. Журналистерге берген сұхбатында ол бұл сөзді халықаралық және өзіміздің елдегі қорғаныс саласындағы сарапшы мамандардың болжамына сүйеніп айтқанын мәлімдеді. Сарапшы мамандардың геополитикалық жағдайларға талдау жасау арқылы жасайтын бұндай болжамдары  өздерін көріпкелміз деп жариялаған алаяқтардың айтқандарынан мүлдем басқа. Яғни, олар саяси, экономикалық жағдайларға талдау жасай отырып, осындай болжамдар жасайды. Ондай болжамдар әдетте 100 пайыз болмаса да, 70-80 пайыз дәл келіп жатады. Сондықтан, 2030 жылға қарай еліміз аумақтық қарулы текетірестерге тартылып жатса, оған таң қалуға болмайды.

Мәжіліс отырысында осындай мәлімдеме жасаған депутат қорғаныс  саласына бөлінетін қаржының мардымсыз екендігін айтып дабыл қақты. Бұл салаға қазіргі күні бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің небары 0,4 пайызындай ғана екен. Мұндай ауыз жарығысыз ақшаға қорғаныс саласын қалай нығайтуға болады?  Ресми мәліметтерге назар аударатын болсақ, соңғы екі жылдың ішінде Батыс елдері қорғаныс саласына бөлетін қаржыларын екі еседен артық көтерген. Қару-жарақ өндірісіне деген тапсырыс соңғы жылдарда екі-үш есеге дейін көбейген. Қазір Батыс елдері жанталасып қаруланып жатыр. Неге? «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, Батыс елдерінің бұлайша қарулануға қатты көңіл бөлуіне Ресей тарапынан жасалған басқыншылық соғыс пен ресейлік саясаткерлердің аузынан айтылып қалатын қоқан-лоққылар себеп болғаны анық. Алғаш Украйнаға басып кірген 2022 жылы ресейлік ақпарат құралдары мен зетпатриот аталған соғысты жақтаушы белсенділер Украйнадан кейінгі кезек Польшаға келеді, одан әрі Германия, Францияны аламыз деп лепірген болатын. Бұның  өзі сол тұста Батыс елдерін біраз әбіржітті. Өмір бойы бейтараптықты ұстанып келген Финляндия мен Швеция НАТО-ға кірді. Бейбіт өмірге әбден еттері үйреніп алған Германия, Польша, Франция сияқты елдер қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны еселеп көбейтіп, жанталаса қарулануға көшті.

Ресей тарапынан Қазақстанға да әлсін-әлсін қоқан-лоққы сөздер айтылып қалады. Бірер ай бұрын ғана Дума төрағасының орынбасары деген биік лауазымы бар Петр Толстой  «ендігі кезек Қазақстандыкі» деген мазмұнда қоан-лоққы көрсетті. Бұның бәрі ресми емес мәлімдемелер десек те, сондай биік лауазым иесінің аузынан ондай әңгіменің тектен текке шықпайтыны белгілі. Яғни, ресей тарапынан қазақ еліне деген теріс көзқарас бар деген сөз. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің алаңдауының орны бар. Мүйіздері қарағайдай Германия, Франция сияқты еуропалық мемлекеттердің өзі ресей тарапынан болатын басқыншылықтан қорқып, қорғаныс саласын нығайтып жатқанда,  Ресеймен 7 мың шақырым ортақ шекарасы бар біздің еліміздің жайбарақат отыруы алаңдатарлық жай.

Қазіргі еліміздің қорғаныс саласы көңіл көншітерлік деңгейде емес екенін тәуелсіз сарапшылар үнемі айтып жүр. Ал сол салаының шенеуніктерінің айтқанына сенсек, Қазақстан армиясы Орта Азияда көшбасшы және әлемдегі ең қуатты әскердің бірі, ол кез-келген жауға тойтарыс бере алады. Күні кеше тағы бір Мәжіліс депутаты біздің шенеуніктердің мақтаншақтығына қатты күйініш білдіріп, мәлімдеме жасады. Қазақ елі цифрландырудан әлемде көшбасшы екен, жемқорлықпен күрес, интернетпен қамту, жаңа инновацияларды өндіріске енгізу дейсің бе, барлық жағынан әлемде теңдесі жоқ елге айналыппыз. Бірақ сондай жылтыр мақтаншақтық мәлімдемелерге қарама-қайшы нақты іс жүзіндегі жағдай мүлдем басқаша. Сол сияқты қорғаныс саласы да ақсап жатқаны ешкімге құпия емес. Соңғы екі жылдың ішінде ғана әскерде қызмет етіп жүрген 270 сарбаз айдың күннің аманында мерт болыпты. Әскердегі былық-шылықтар, жемқорлықтың асқынып кеткендігі қазір барша жұртқа белгілі. Сондықтан да, Мәжіліс депутатының алаңдаушылық танытуы өте орынды. Бұл салаға бөлетін қаржыны еселеп арттыру қажет және ресейлік ескі-құсқы қару-жарақтан бас тартып, Батыс елдерінен қазіргі заманғы мықты қарулар сатып алатын уақыт жетті.

2030 жылы соғыс бола ма, болмай ма – оны ешкім нақты болжап айта алмайтыны анық. Десе де, «сақтансаң сақтайды» деген даналықты естен шығармай, қорғаныс саласын мықтауымыз қажет. Бір жағымызда алып Ресей, екінші жағымызда аждаха Қытай отырғанда өзімізді қауіпсізбіз деп санау әбестік болады. Сондықтан Напалеон айтқандай «Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал».

Қалкөз Жүсіп.  

spot_img
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.
Сондай-ақ, оқыңыз...
- Advertisement -spot_img
Өзге де мақалалар
spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here