-17.8 C
Kokshetau
Понедельник, 9 декабря, 2024

Қазақстанға АЭС салу керек пе?

spot_img

Электр қуатына деген сұраныстың өсуіне байланысты АЭС (атом электр стансасы)  салу мәселесі Назарбаев ел басқарып тұрған кезде әлденеше рет көтерілген болатын.  Тіпті, АЭС салынатын орын да белгілі болып қалған еді, ол Балхаш көлінің аумағынан салынады деп жобаланған. Дегенмен де, қарапайым жұртшылық тарапынан үлкен қарсылыққа ұшыраған бұл жоба әлденеше рет кейінге қалдырылып келді. Биылғы жылдың  маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр энергиясын өндіру мәселесіне арнайы тоқталып, Үкіметке тапсырма берді. Осыған орай, биыл күзде атом электр стансасын салуға байланысты референдум өткізу жоспарланып отыр. Егер халық басым дауыспен қолдайтын болса, АЭС салу жобасы кешіктірілмей қолға алынатын болады.

Қазір әлеуметтік желілерде АЭС салуға қатысты пікірталас қатты өршіп тұр. Құзырлы органдар еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін сақтау, электр қуатына деген тапшылықты жою үшін де АЭС салу керек деп халықты сендіргісі келгенімен, экологиялық апат қаупі бар АЭС салуға қарсыластар қатары азаймай отыр. АЭС салуға қарапайым жұртшылықты былай қойғанда, осы саланың білікті маманы саналатын Мұхтар Жәкішев,  ертеректе  KEGOC компаниясын басқарған Әсет Наурызбаев, экономист Айдар Әлібаев сияқты азаматтар қарсы пікірлерін білдірді.

Жер аумағы үлкен, өзен-көлдері де, газы мен көмірі де мол Қазақстан үшін АЭС салудың қаншалықты қажеттілігі бар?  АЭС қазір қауіпсіз және электр қуатын мол мөлшерде өндіретін тәсіл деп осы саланың мамандары қанша жақтары талғанша айтқандарымен, оның қатері барлығын, егер апат орын алса оның ауқымының үлкен болатынын ұғынатын көкірек көзі ашық халық  бұндай жобаға барынша қарсылық танытуда.  Чернобыль апатының зардабын тартқандар біздің елімізде де аз емес. Украинаның үлкен бір аумағы әлі күнге дейін адам өмір сүруге жарамсыз болып, қаңырап қалды. Осыны көріп, сезіп отырған халықтың атам энергетикасын өндіруге қарсы болуы түсінікті жай.

Қазір дамыған Батыс елдері атаом қуатынан гөрі, жел, күн сияқты баламалы қуаттарға көбірек ден қоюда. Голландия, Германия сияқты дамыған елдерде электр қуатының қомақты бөлігі жел және күн электр стансаларының үлесіне тиеді. Қазақстан 2017 жылы ЭКСПО өткізіп, оның тақырыбы баламалы қуат көздерін пайдалану болғаны есімізде. Миллиардтаған ақша жұмсап өткізген сол халықаралық көрмеден кейін елімізде баламалы қуат өндіру көлемі артты деп айта алмаймыз. Рас, бірлі-жарым жел электр стансалары салынды, дегенмен, ол кең таралып кеткен жоқ. Бұл саланы неге дамытпасқа? Елімізде күн, жел қуатын пайдалануға мүмкіндік қай өңірде де бар. Бұның өзі электр  қуатын пайдаланудағы тапшылықты жояр еді.

Мамандардың айтуынша, кеңес заманынан қалған су және жылу электр стансаларының біразы қазір жұмыс істемейді, істегендері толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. АЭС салуға қыруар қаржы бөлгенше, сол істеп тұрған су және жылу электр стансаларын қайта жаңғыртса,  мәселені шешудің бұл бір тиімді жолы болар еді дейді сарапшылар.

Еліміздің атом өндірісі саласын көп жылдар басқарған, осы саланың қыр-сырын өте жақсы білетін Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, АЭС салу еліміз үшін тиімсіз. Өйткені оның құрылысы ұзақ жылдарға созылады, сондықтан бұл электр қуаты тапшылығын жуық арада шешуге ықпалын тигізбейді. Оның пікірінше, газды пайдалану арқылы электр өндіру әлдеқайда тиімді және жедел іске асатын  жоба.

Қалай болғанда да, бұл мәселені халық өзі шешетін болады. Биылғы жылдың күзінде осы мәселеге арналған референдум өткізілмек. Тек қарапайым халық осы мүмкіндікті пайдаланып, өз көзқарастарын анық білдіруі керек. Ол үшін референдумға белсене қатысып, бұл айтулы шарадан сырт қалмауымыз қажет.

Қалкөз Жүсіп.

spot_img
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.
Сондай-ақ, оқыңыз...
- Advertisement -spot_img
Өзге де мақалалар
spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here