Өмірімнің 33 жылын журналистика саласында қызмет етуге арнаған екенмін. Сол жылдарда өз мамандығының кәсіби шебері болған қарымды журналистерді де, аты бар да, заты жоқ, жұмысын тек күнкөрістің құралы санайтын дүмбілез жандарды да, басшыларға жағынып, мансапқа қол жеткізуді ғана армандайтын мансапқорларды да көрдім.
Журналист деген атқа дақ түсірмей, өле өлгенше қолдарынан қаламдарын тастамай кеткен екі азамат туралы айтсам деймін. Олардың өмір, еңбек жолдарында бір-біріне деген егіз қозыдай ұқсастық бар және екеуі де өз мамандығының хас шебері деңгейіне жеткен мықты журналистер болатын.
2004 жылдың қазан айының 28-де Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің сол кездегі редакторы Жомарт Әбдіхалық автокөлік апатынан қайтыс болды. Бұл күн менің есімде сақталған себебі, 27 қазанда мен газеттің кезекші редакторы болған едім. Жомарт Әбдіхалық редактор ретінде газетке қол қою үшін компьютер цехына келді.
Ол әдеттегідей қалжыңдап, өте көңілді отырды және таңертең жол жүретінін, алдағы уақытта газет еш қиындықсыз бюджеттен қаржыландырылатынын, сол мәселе ертең шешілетінін айтып, жаңалықпен бөлісті. Ал ертеңіне ол жол апатынан қаза тапты. Сол тұста оның жасы 60-та болатын.
Мен Астанада газеттің редакциясында бірнеше жыл қызмет істедім. Сол тұста «Арқа ажары» газетінің сапасы өте жоғары болды. Өзекті, өткір мәселелер жиі көтерілетін және газетте түрлі айдарлар, арнайы беттер, жанрлар көп болды. Әрбір сөзіне мән беретін, өте жоғары талап қоятын Жомарт Әбдіхалық газеттің сапасын көтеріп, неғұрлым көп оқылатын, қызықты ету үшін өзін де, өзгелерді де аямайтын.
«Редактор сағаты» дегенді өткізіп, барлық журналистермен жеке әңгімелесіп, газет туралы ой-пікірлерін сұрап отыратын. Газетте сапалы, жақсы дүние жарияланса соған қуанып, жазған адамды мақтап, риза болып отыратын. Содан болар, газетте бәсекелестік, жарыса жұмыс істеу, құлшыныс жоғары болды.
Таңертеңгі лездемелерде жарияланған материалдар туралы ашық пікірлер айтылып, кейбірі мадақталса, кейбірі сыналып жататын. Өзінің атына сын айтылғанда еш ренжімей, керісінше қуанып, мынау айтқаның жөн екен деп қалатын Жөкең ашықтықты, жариялылықты ұнататын.
Жомарт Әбдіхалық редактор болған жылдарда газет сапалық жағынан өте жоғары деңгейде болды және жергілікті құзырлы орган өкілдері арасындағы абырой-беделі де жоғары еді. Іссапарларға барғанымызда жергілікті басшылар құрақ ұша қарсы алатын.
Сол бір өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында біздер қаржы мәселесінде еш қиындық көргеніміз жоқ. Айына екі рет жалақы алып отырдық және әр мереке сайын беретін сыйақылары да болды. Бұның бәрі Жөкең – Жомарт Әбдіхалықтың іскерлік қабылетінің арқасы еді.
«Арқа ажарында» қызмет істеген, менің өмірімде үлкен із қалдырған тағы бір журналист – Жылқыбай Жағыпарұлы. Ол редактордың орынбасары болды. Басынан бақайына дейін журналист, өз ісінің кәсіби мықты маманы еді.
«Қыз-қырқынға тиышсызбын, бойымдағы бар мінім жалғыз сол-ақ» деп Балуан Шолақ атамыз айтқандай, Жылқыбай Жағыпарұлының жалғыз міні, кемшілігі – арақ ішетіндігі еді.
Кеңес заманында арақты журналистердің бәрі де шті және жәй ішкен жоқ, көсіліп ішті. Ол ешкімге құпия емес. Нарыққа көшкеннен кейін де кеңес заманын көрген көп журналистер сол бұрынғы ескі аурудан бірден арыла алмай, арақ-шарап ішулерін жалғастырып жүрді. Жылқыбай да көсіле сілтейтін, дегенмен, өз жұмысына қашанда мығым болды.
Жылқыбай жақсы журналист қана емес, талантты жазушы да еді. Оның «Зар нала» деген ашаршылық жылдарының ащы шындығына құрылған повесі нағыз классикалық үлгідегі дүние болатын.
Өкініштісі, провинцияда тұратын оған сол тұста ешкім жете көңіл бөлмеді және оқырмандары да жергілікті ауқыммен шектеліп қалды. Егер Алматыда тұрып, жазушылардың ортасында болғанда бәлкім мемлекеттік сыйлық алып, атағы аспандар ма еді, кім білсін…
Мен қазір ой таразысына салып қарасам, Жомарт Әбдіхалық пен Жылқыбай Жағыпарұлының еңбек, өмір жолында үлкен ұқсастық, сабақтастық, бір-бірімен етене байланыс бар сияқты сезіледі. Бұл кездейсоқтық па, әлде біз білмейтін тағдырдың тылсым сыры ма, кім білсін?
Жомарт Әбдіхалық оқу бітіргесін біраз жылдар республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болып істепті. Сосын «Арқа ажары» газетіне редактордың орынбасары болып ауысқан. Кейін газеттің редакторы болды. Ол жалаң журналист емес, пәлсапашы қаламгер еді. Пәлсапа тақырыбын қаузаған бірнеше кітаптары жарық көрді және оқырман тарапынан өте жақсы бағасын алды.
Енді осы арада мына жайға назар аударып қараңыз: ол 2004 жылдың қазанында (туған күні сәуірдің 1-і) автокөлік апатынан қаза тапты. Ол кезде Жөкеңнің жасы 60-та, нақтырақ айтқанда алпыс жастан жеті ай асқан еді. 1954 жылы қыркүйек айында дүние есігін ашқан Жылқыбай Жағыпарұлы 2024 жылдың қаңтар айында автокөлік апатынан қаза тапты. Сол тұста ол 70-те еді, нақтырақ айтқанда жетпіс жасқа жеті ай жетпейтін.
Жомарт Әбдіхалық алпыс жастан жеті ай асып қаза тапса, Жылқыбай Жағыпарұлы жетпіс жасқа жеті ай қалғанда дүниеден өтіпті. Екеуі де автокөлік апатынан қайтыс болды. Екеуі де журналист және қаламгер еді.
Тағы бір ұқсастыққа назар аударыңыз. Жылқыбай «Арқа ажарында» ұзақ жылдар бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып қызмет істеді. Сосын біраз жыл республикалық «Егемен Қазақстанның» тілшісі болды. Бірнеше жыл республикалық «Ел» газетінің редакторы болды.
Жомарт Әбдіхалық та республикалық газеттің тілшісі, облыстық газет редакторының орынбасары, сосын редакторы болса, Жылқыбай да республикалық басылымның тілшісі, облыстық газет редакторының орынбасары және «Ел» газетінің редакторы болды. Бұл ұқсастықтар кездейсоқтық па, әлде бізге жұмбақ тағдырдың тылсым сыры ма?!.
Кейінірек мен «Заң газетіне» қызметке ауысқанымда Жылқыбай «Арқа ажарында» жұмыс істеген адамға кез-келген газет-жорналдың есігі айқара ашылады, жұмысқа кедергісіз алады» деген еді. Оның осы сөзінің растығына талай мәрте іс жүзінде көз жеткіздім. «Арқа ажары» гезітінің мектебінен өткен адамға кез-келген басылымның есігі айқара ашылатыны даусыз шындық еді.
Сапалық жағынан аймақтық басылымдардың арасында бір бас жоғары тұратын «Арқа ажарының» абырой-беделі қай жерде де өте жоғары болды. Осындай жетістікке газетте басшылық қызметтер атқарған қарымды қаламгерлер Жомарт Әбдіхалық пен Жылқыбай Жағыпарұлының қосқан үлесі де елеулі екені анық.
Бүгінде маған қазақ журналистикасы сол Жөкеңдермен, Жықаңдармен бірге қыр асып, алыстап кеткендей көрінеді. Қазіргі «Арқа ажары» газетінің деңгейі Жомарт Әбдіхалық, Жылқыбай Жағыпарұлы басқарған кездегімен салыстырғанда көп төмен. Бұл газеттің таралымының аздығынан ғана емес, сапалық деңгейінен де анық байқалады.
Газет әкім-қараларды мадақтайтын, соларды насихаттайтын ақпарат алаңына ұқсайды. Бірінші беттен бастап, әкімдердің суреті мен соларды мадақтаған материалдар. Газетте сын, өзекті өткір мәселе атымен жоқ. Мадақтау, мақтау, бәрі жақсы, бәрі керемет деген жылтыр сөз. Ондай мақаланы кім оқиды?
Газет халықтың үні десек, сол қарапайым халықтың мүддесін, солардың арман-тілектерін назарға алып, сол туралы жазуы, билік пен халықтың арасын жалғастыратын алтын көпір болуы тиіс қой. Өкініштісі, газет бұл міндетті орындап отырған жоқ.
Жалпы, «Арқа ажарына» ғана емес, барлық басылымдарға тән олқылық бұл. Жастардың арасында аты дардай «Егемен Қазақстанды» оқымайтындар ғана емес, сондай газеттің бар екеніні білмейтіндер көп. Өйткені, олар газет-жорналды мүлдем оқымайды.
Қазір адамдар, оның ішінде жастар бар ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желілерден алады. Осыған орай, журналистер емес, жұртқа интернетпен жұмыс істейтін блогерлер жақын. Биліктің сойылын соғып, соларды мадақтаудан аспайтын журналистерден гөрі, халықтың мүддесін ашық айтып отыратын блогрлереді жұртшылық жақын тартады.
Жыл өткен сайын осылайша қарапайым халық пен журналистердің арасы алшақтап барады. Газет оқымайтын, теледидар қарамайтын адамдар қатары көбеюде. Бұның өзі ерте ме, кеш пе бюджеттен қаржыландырылатын газет-жорналдар мен теледидардың ақпарат алаңынан ығысып шығып, орнын интернетке беретінін анық аңғартады.
Ресейлік бір қоғамдық ұйым алдағы онжылдықта жоғалып кететін мамандықтардың тізімін жариялады. Солардың арасында журналистер де бар. Бүгінде билікпен біте қайнасып, солардың насихат құралына айналған журналистика ақырындап халықтан алшақтап, алыстап барады. Осылай жалғаса берсе, түптің түбінде ешкімге қажетсіз болып, ақпарат алаңынан мүлдем шығып қалары айдан анық.
Бір кезде халық пен биліктің арасын жалғастыратын алтын көпір болған, халықтың алдында үлкен абырой-беделі бар журналистиканың соңғы легі жоғарыда тілге тиек еткен Жомарт Әбдіхалық, Жылқыбай Жағыпарұлы сияқты қаламгерлер тәрізді болып көрінеді маған.
Шырылдаған шындықты ашық айтатын, қарапайым халықтың мақсат-мүддесі мен арман-тілегін жеке басы мүддесінен жоғары қоятын Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов сынды қаламгерлер келместің кемесіне мініп, тарих қойнауына кетті. Шынайы журналистика да сол толқынмен аяқталған секілді…
Қалкөз Жүсіп.






