-17.8 C
Kokshetau
Понедельник, 9 декабря, 2024

Алаяқтарға алданғандар азар емес

spot_img

Өткен жылы алаяқтыққа қатысты елімізде 11 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның жартсынан астамы  онлайн кредитке қатысты қылмыстар екен. Осындай жолмен  алаяқтар тарапынан келтірілген залал мөлшері жүздеген млрд теңгені құрайды.  Адамдарға алмаған ақшасы үшін банк ақшаңды қайтар деп қоқан-лоққы жасап, тіпті үйлерін тартып аламыз деп бопсалауға дейін барған. Алаяқтардан алданғандарға сот та, құқық органдары да еш жәрдем бере алмай отыр.

Шығыс Қазақстан облысында тұратын бір азамат сыртынан әлдекімнің онлайн кредит құжаттап алғанын банк қызметкері хабарласқанда ғана білген. Алмаған ақшасын қайтарудан бас тартқан ол бір жылдан астам уақыт бойы құқық органдарын жағалап еш нәтиже шығара алмай жүр. Бірқатар алданған азаматтар банкті сотқа беріп, бірақ сотта жеңілген. Соттың келтіретін уәжі – онлайн кредитті  құжаттауға қажетті кодты өздерің бергенсіңдер. Бірнеше азамат  бірінші сатыдағы сот шешіміне келіспей, жоғарғы сатыға арызданып, таяуда Жоғарғы сотта осы мәселе талқыланды. Бірақ Жоғарғы сот та шағымданған азаматтардың арызын қанағаттандырмады. Соттан да, құқық органдарынан да еш жәрдем таба алмаған алаяқтардан алданғандар  өздерінің алмаған кредиттерін заң шеңберінде жою үшін петиция жинауға кіріскен. Одан қандай нәтиже шығары белгісіз.

Соңғы жылдарда мүлдем асқынып кеткен  интернет алаяқтардан зардап шегіп жатқандар қатары жыл санап көбеюде. Алаяқтардың арбауына түсіп, одан қалды  колекторлардың қоқан-лоққысын көріп әбден ашынған жандар  ертең неше түрлі әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл мәселенің алдын алып, шешімін таппаса жағдай ушыға келе әлеуметтік жарылысқа әкелетіні айдан анық.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, алаяқтықтың асқынып кетуіне және алданған азамттардың көбеюіне тек банк пен құқық органдарын ғана айыптауға болмайды. Бұл арада азаматтардың өздерінің  де кінәсі аз емес.  Онлайн кредит алғанда алаяқтың адамдардың жеке басы туралы мәліметтерін  білуі жеткіліксіз. Оған қоса, кредит алуды бекіту үшін міндетті түрде банк жіберген кодты енгізу қажет. Ал ол код кредит алушының телефонына келеді. Сол кодты адамдарға алдап айтқызу үшін алаяқтар неше түрлі айлаларға барады. Банк қызметкері, ұялы телефон сервисінің операторы, тіпті түрлі заттарды жеткізетін курьерлік қызмет өкілі болып қоңырау шалады және қазір смс код келетінін ескертіп, соны жедел хабарлауын сұрайды. Осындай алдауға түскен азаматтар банктен келген кодты алаяққа өздері айтып  береді. Бұл адамдарды алдап, сыртынан онлайн кредит құжаттаудың бір тәсілі. Ал оған қоса, вадсаппен, басқа да мессенджерлер арқылы  жұртшылықты қызықтыратын түрлі қызметтер ұсынамыз деген мазмұндағы хаттар келеді, ал сілтеме арқылы өткен кезде алаяқтардың сайтына кіреді. Осы арада адамдарға өздеріне қатысты мәліметтерді толтыру сұралады. Тегін берілетін қызметтерді пайдалану үшін адамдар сайт ұсынған анкетаны толтырып, өзіне қатысты жеке мәліметтерді енгізеді. Алаяқтар соны пайдаланып, онлайн заим немесе кредит құжаттайды.

Алаяқтардың қолданатын ең қауіпті тәсілі – қызықтыратын ақпараттар бере отырып, өздері ұсынған қосымшаны телефонға орнатуды сұрау арқылы жүзеге асырылады. Сондай қосымшаны орнатқан сәтте алаяқ сіздің телефоныңызды қашықтан бақылап, басқара алатын болады. Содан кейін-ақ, қосымшаларыңызға емін-еркін кіріп, ақшаңызды түгел үптеп алады, ол аз десеңіз, сыртыңыздан кредит құжаттап, оған қоса карталарыңыздағы ақшаларыңызды алып отырады. Мәселен, зейнетақы немесе жалақы алатын бослаңыз, енді ол ақша түгел алаяқтың қалтасына кетіп отырады.

Аляқтардың осындай амал-тәсілдері туралы әлеуметтік желілерде құқық органдары, банк қызметінің өкілдері үнемі жазып, айтып жатады. Дегенмен де, соған қарамастан, алаяқтардың арбауына түсетіндер саны азаймай отыр. Өкініштісі сол, олар бәріне банкті  және алаяқтарды ұстауға қауқарсыз болып отырған құқық қызметкерлерін айыптап, өздерінің жауапкершілігін есінен шығаратын сияқты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында тұратын бір азаматша бір күнде өзінен үш банк арқылы аляқтардың 16 млн теңге  кредит құжаттағанынын айтады. Ол аз десеңіз, әлгі азаматшаның картадағы ақшаларын да түгел үптеп кеткен. Ол банкке барып, ақша алмағанын айтып арыз жазады, одан қалды құқық органдарына арызданады. Бірақ еш нәтиже жоқ дейді ол. Енді  қазір банктің арызы бойынша коллектор күн сайын телефон соғып, ақшаны қайтаруды талап етіп жатқан көрінеді. Бұл арада  банк пен құқық органдарын ақтауға болмайды, олардың да кінәсі бар. Дегенмен де, телефондағы барлық мәлеметтерінің алаяқтың қолына түсуіне ең алдымен сол азаматшаның өзі айыпты емес пе. Қандай жағдайда болғанын кім білсін, ол алаяқтардың арбауымен сол қажетті мәліметтерді берген немесе өз телефонына қашықтан бақылау орнатуға көмектескен. Әйтпеген жағдайда, тіпті банк қызметкері оның барлық жеке басы мәліметтерін бергенімен, алаяқ оның қатысынсыз кредит құжаттай алмайды және картадағы ақшасын алуға  да мүмкіндігі жоқ.

Нарық заңы бойынша, сұраныс болған жерде ұсыныс та болады. Құқықтық, қаржылық сауаттылығы төмен және аңқау адамдар көп екен, онда осыны пайдаланып  оңай жолмен ақша тапқысы келетін алаяқтар да көбейе түспек. Қазақта «өзіңе сақ бол, көршіңді ұры тұтпа» деген нақыл бар. Алаяқтардың көбейіп кеткендігін ести, біле жүре сақтық шараларын жасамайтын жандар  сол аңғалдықтары мен салдыр-салақтықтарының зардабын тартады. Жоғарыда аталған алаяқтардың алдауына түскендердің бәрі еш жазықсыз, тек басқалардың кінәсінің салдарынан құрбан болды деуге негіз жоқ. Яғни, «шығасыға иесі басшы» демекші, сондай жағдайдың орын алуына белгілі дәрежеде олардың өздері де себепркер болған.

Дейтұрғанмен де, алақтық қылмыстың жыл санап өршіп кетуіне құзырлы мемлекеттік органдар және банктердің  кінәлі екендігін жасыра алмаймыз.  «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді қазақ. Алаяқтарға қатысты жазалау заңдарымыздың жұмсақтығы сонша, ондай жазаны алаяқтар жаза деп те санамайды.  Ондаған, тіпті жүздеген жанды тақырға отырғызып, адал еңбек, маңдай терімен тапқан ақшаларын алдап алғандарға берілетін жаза – 5-6 жыл ғана. Түрмеде бір-екі жыл отырып, үлгілі тәртібі үшін мезгілінен бұрын бостандыққа шығатын алаяқ шыға сала баяғы әдетіне қайта кіріседі. Өйткені, алаяқтық деген жазылмайтын психикалық ауру. Кәдімгі құмар ойындарына  құмартатын ойыншы сияқты. Алаяқтықты тыямыз десек, оларды жазалайтын заңды барынша қатаңдату қажет. Яғни, алаяқтық қылмыс кісі өлтірумен тең аса ауыр қылмыс санатына жатқызылсын.

Банктердің өз клиенттерінің мүддесін қорғау, қауіпсіздікті  қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырмай отырып, онлайн кредит алу сияқты шараны енгізуі жалпақ тілмен айтқанда АҚЫМАҚТЫҚ.  Қазір әлеуметтік желілерде алаяқтардан алданғандар Хоумкредит, Халықбанк, Каспибанк сияқты банктердің ғимаратының алдына барып, бұл банктерден ақша алмаңыздар, бұнда алаяқтар отыр деген мазмұнда видеолар түсіріп, жариялауда. Бұл сол банктердің атына қаншалықты залал келтіріп жатқаны айтпаса да түсінікті. «Ашынған адам Құдайын қарғайды» дейді қазақ. Алаяқтардан алданғандар бар ашуын банктерден алып, соларды айыптауда. Бұның өзі сол банктер үшін көптеген клиенттерінен айыратын теріс жарнама болары анық. Сондықтан ол банктер клиенттерінің қауіпсіздігін толық деңгейде қамтамасыз етпей тұрып, онлайн кредит беру сияқты қатерлі шаруаны қолға алғандары дұрыс емес. Қазір онлайн кредит беруге тиым салынсын деп петиция жинап жатқандар бар.

Жалпы, мемлекеттік органдар, банктер және жеке азаматтар болып, бірлесе әрекет жасамаса, әбден бетімен кеткен алаяқтық қылмыс ертең асқынып, қоғамымыз үшін зор қатер төндіруі әбден мүмкін. Мүдделі  құзырлы органдар алақтықты тыятын барлық шараны жасаулары тиіс. Өйткені, қылмыстың бұл түрі қазір шек-шекара атаулыдан шығып кетті. Өз басым күн сайын алаяқтардан ондаған қоңырау шалулар аламын.  Яғни алаяқтар білек сыбанып асқан белсенділікпен жұмыс жасап жатыр деп айтуға болады және олардың қатары жаңа қылмыскерлермен толығуда. Бұл өте қауіпті құбылыс.

Қалкөз Жүсіп.   

spot_img
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.
Сондай-ақ, оқыңыз...
- Advertisement -spot_img
Өзге де мақалалар
spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here