Басты бетСөз салмағыАға ұрпақтың асқынған ауруы – атаққұмарлық

Аға ұрпақтың асқынған ауруы – атаққұмарлық

Сондай-ақ, оқыңыз...

Жұртшылыққа аты танымал бір блогердің әлеуметтік желіде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтың Нобелдік сыйлықтың иегері қытайлық жазушыға хат жазғандығы туралы видеосы жарияланды. Жазушылар одағының төрағасы Нобел сыйлығының иегерінен қазақстандық жазушы Төлен Әбдіковке «Парасат майданы» деген кітабы үшін Нобельдік сыйлықты алып беруге көмектесуін сұрапты.

Нобелдік сыйлық беретін комиссияның мүшесі емес, сол сыйлықтың қатардағы бір иегерінен сыйлық алып беруге көмектес деп сұрау былай қарағанда ақылға онша симайтын шаруа. Төлен Әбдіковтың кітабы сондай сыйлыққа лайықты шығарма болса, неге оны ресми түрде соған ұсынбайды? Басқа елдерде болса солай жасар еді, бірақ та біздің еліміздің, оның ішінде қазақтың сорпаға шығарлары деп жүрген ақын-жазушыларымыздың, түсінік-ұстанымдары өкінішке орай басқаша. Бізде ежелден қанға сіңген сый-сыяпатты «бармақ басты, көз қысты» тәсілмен тамыр-таныстық арқылы беру дәстүрі берік жолға қойылған. Соған орай Жазушылар одағы төрағасының мынадай әрекеті ешкімді таңғалдырмайды.

Ақын Мұхтар Шаханов журналистке берген бір сұхбатында Шәмші Қалдаяқов екеуі бір ән конкурсына қатысқаны туралы айтады. Сөзін Шаханов, әнін Қалдаяқов жазған «Арыс жағасында» әнін конкурсқа ұсынады. Содан конкурс қортындысы шығарылып, бұлардың ұсынған әндері соңынан санағанда бірінші орын, яғни ынталандыру деген ең соңғы сыйлыққа ие болады. Қызығы сол, «Арыс жағасында» әні шыққан кезден бастап халық арасына кең таралып, әлі күнге дейін сахнадан түспей келеді. Ал сол конкурста жүлде алған әндердің аты да, заты да жоғалған. Халық қабылдамаған ондай әндердің конкурста қалай жүлде алып жүргені белгісіз.

Тағы бір мысал. 1990-шы жылдардың соңында Шәмші Қалдаяқовқа арнап шығарылған әндердің конкурсы өтті. Теледидардан оның қортындысын қарап, тыңдадым. Конкурс қортындысына сай ұсынылған әндердің арасынан жүзден жүйрік шыққандары жүлдегер атанып, қомақты сыйлықтар алды. Жас сазгер Қалдыбек Омарәлиевтің «Ән аға» деген әні соңынан санағанда бірінші орынға ие болып, ынталандыру сыйлығына ие болды. Қызығы сол, конкрус жеңімпазы болған әндер суға батқан тастай жоғалып кетті де, ал конкурста соңғы орын алған Қалдыбек Құрманәлиевтің әні халыққа кең таралып,  әлі күнге дейін сахнада айтылып келеді. Шынын айтқанда, бүгінгі күнге дейінгі қазақтың талантты компазиторы Шәмші Қалдаяқовқа арнап жазылған жалғыз және лайықты ән де сол «Ән аға» ғана.

Бұндай мысалдарды осылайша тізбелеп көптеп келтіре беруге болады. Осы жайларға қарап, бізде конкрус дегеннің қалай өтетінін айтпай-ақ бағамдауға болады. Конкурстарда шын таланттар тасада қалып, әділ қазы атанған конкурстық комиссия мүшелерінің тілін тапқан, абырой-беделін, тамыр-таныстарын араға салып беттерінің битін сығып сұрап алатындар  жүлде алып жатады. Бұрын солай болды, қазір де солай және болашақта да солай бола беретін сияқты.

Осыдан бірер жыл бұрын есімі елге танымал бір кексе жастағы ақын әйел жазушылардың алқалы жиынында оның төрағасы Мереке Құлкеновке өзінің бір конкурсқа қатысып, сыйлықтан құр қалғандығын наз қылып айтты. Сол-ақ екен төраға «апай, ендігі сыйлық кезегі өзіңіздікі» деді. Төрағаның сөзін естігенде «япырым-ау, конкурста жүзден жүйрік шыққандар сыйлық алмаушы ма еді, сонда сыйлықты кезекпен абырой-беделіне қарап беретін болғаны ма» деген ойға қалдық.

Иә, өкінішке орай бізде талантына, жазған шығармаларының сапасына қарап емес, авторының абырой-беделіне, комиссия өкілдерінің  тілін  таба білетін пысықтығына қарап сыйлық беретіні шындық. Таяуда әлеуметтік желілерде Тұрсын Жұртбаевқа мемлекеттік сыйлық берілмепті деп реніш білдірген жазбалар жарияланды. Шынын айтқанда, сол сый-сыяпат төңірегіндегі дау-дамайлар өте көп.

Жазушылар одағы төрағасының қытайлық жазушыға жазған үшбу хатына қайта оралайық. Блогер жігіттің айтқанындай, бұның астарында сол баяғы қанға сіңіп қалған барлық сый-сыяпатты тамыр-таныстықпен сұрап алу дәстүрі жатқандығы анық. Төрағаның бұндай хатты өз қалауымен, қазақ әдебиетіндегі айтулы шығарма екендігін көре, біле отырып жазғандығы  күмән туғызады. Бұл арада «сондай ағамыздың сондай керемет шығармасы бар, нобелдік сыйлыққа әбден лайықты, соны ұсыну қажет» деп құлағына құятын тамыр-таныстардың делдалдықта жүргенін аңғаруға болады. Өйткені, біздің ақын-жазушыларымыз сыйлықты «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп барын салып сұрап немесе күшке салып, әйтпесе  түрлі айла тәсілдермен алуға бейімделген. Қалыптасқан осындай теріс дәстүрден қазақтың талантты адамдары үнемі теперіш көріп жатады.

Кезінде «Көшпенділер» трилогиясы үшін лениндік сыйлықты алғалы тұрған Ілияс Есенберлиннің үстінен арызды қарша жаудырып, алдыртпай тастаған сол атаққұмар қазақтың ақын-жазушылары еді.  Олар басқа да қазақтың біртуар таланттарының аяқтарынан өмір бойы шалумен келеді.

Ұлы сазгер Моцарттың талантын өлердей қызғанған Сольери деген біреу оған у беріп өлтіріпті. Өйткені, атақты компазитордың елге танымал болып, атағының өрлегенін көре алмай қызаныш отына өртеніпті. Ал біздің дарынсыздар таланттыларды у беріп өлтірмейді, бірақ аяқтан шалып, атақтан, қызметтен қағып, титығына жетеді. Талантты ақын Жұматай Жақыпбаевтың «Бір күлермін, ғарыш жаққа кетерде, көп наданға неге сонша кектенем, маған сірә, оның қолы жетер ме, Мұқағали, Төлегенге жетпеген» деген өлең жолдары  сол аяқтан шалып, титықтатқан дарынсыздарға деген таланттардың ішкі ыза-күйініші болса керек.

85 жасқа толған жазушы Софы Сматаевтың «сыяпаттан құр қалдым, мені ешкім елеп-ескермейді» деген өкпе-ренішіне қатысты ақын Байбота Қошым Ноғайдың жазған жазбасы әлеуметтік желіде жарияланды. Ақын Байботаның айтуынша, Софы Сматаевтың атақтан шет қалған жері жоқ екен. Ол жазушының әр жылдарда алған орден-медальдарын тізбелеп шығады. Содан көрінгендей,  оның алған атақтары мен басқа сыйлықтары  аз емес екен. Тіпті, ең соңғы орденін алғанына жарты жыл да толмапты. Соған қарамай, жазушының атақтан құр қалдым дегені ақылға сыймайтын шаруа.

Жалпы, атаққұмарлық деген кеңес заманынан қалған ауру сияқты. Брежнев деген адам сол кездегі КСРО-ның барлық орден-медальдарын түгел алып шықты, оған қоса, шет елдердің орден-медальдарын да қаптатып алды. Төрт рет батыр атағын, бір рет социалистік еңбек ері атағын алған Брежневті КСРО-ның төрт қабырғасын ұстап тұрған ұстын ба деген ойға қаласың. Сол адамның алған орден-медальдары сондай он адамның төбесінен табанына дейін қадап шығуға жетерлік еді. Таяуда әлеуметтік желіде Брежнев туралы бір видоны көріп қалдым. Блогер «Брежнев деген кім, білесің бе» деп өткен-кеткендерден сұрап жатыр. Сұраққа тартылғандардың дені жастар. Ешқайссы оны білемін деп айтпайды. Соған қарап «япырым-ау, кеудесі орден мен медальға толған, барлық сыйлықтарды алған сондай атағы аспанға жеткен адамды ешкімнің танымауы қалай» деген ойға қаласың.

Орден-медаль, сый-сыяпат – бәрі де өткінші және адамның адамдығын танытатын игіліктер емес. Есімдері ғасырлар бойы жасап келе жатқан ақын-жазушылар Толстой, Пушкин, Тургенов, Бальзак, Дюма сияқты шет елдің классиктері мен өзіміздің ұлы Абайымыздың ешқайссы да ешқандай сыйлық, орден-медаль алмаған. Бірақ соңында елдің есінде сақталатын шығармаларын қалдырды. Ал біздің Жазушылар одағында мыңнан астам ақын-жазушы бар екен. Солардың ел есінде сақталар бір шығармасы бар ма?

Таяуда еліміздің өңірлерінде кітап күні аталып өтіп, ақын-жазушылардың біраз кітаптары сатылымға шығарылды. Сол шараға қатысқан Тұрсынбек Әлиұлы деген әріптесім өзінің «Улуру» деген кітабының бір күнде мың данасын сатыпты. Баспа оқырманға арнап шараға мың дана ғана әкелген ғой. Кітап бітіп қалып, бізге жетпеді деп біреулер айқай шығарған. Тұрсынбек Жазушылар одағының мүшесі емес және орден-мелдалі, еш сыйлығы да жоқ. Бірақ та, кітабын қарапайым халық іздеп жүріп алып оқиды. Жазушылар одағының мың мүшесінің арасында сол Тұрсынбек Әлиұлы сияқты бір күнде мың дана кітабын өткізе алатын бір адам бар ма?

Бүгінгі қаақтың ақын-жазушыларының бар ой-армандары сыйлық және  атақ алу. Әйтеуір ала берсек, кеудемізге орден-медальды топрылатып таға берсек деп ойлайды. Қазақтың қамын ойлайды деген ақын-жазушыларымыздың қазіргі деңгейі осындай болып тұр. Өте өкінішті….

Қалкөз Жүсіп.  

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз