Жетпістегі шалдан жеті жастағы бала артық деген сөзді жасқа қарап айтпаймыз. Бұл – ойға, сергектікке, заманның өзгерісін түсінуге қатысты айтылған ащы сөз.
Бірақ кейде жетпістегі адамның жасына емес, қылығына қарап қайран қаласың.
Идеологияның құлағында жүріп, елге ақыл айтып, «руханият», «ұлт», «ақпарат», «қоғам» деп мінберден сөйлеп жүрген кейбір қарттардың өз ісіне қарасаң, дым бітірмей, креслоның құлағынан ұстап отырғанын көресің.
Ең қызығы – өзі тізгін ұстап отырған бір мекемемен ғана шектелмейді.
Өңірдегі бір емес, бірнеше газетті өзінің қанатының астына салып алған. Қанатының астына деген сөз де жұмсақтау шығар.
Кейде сырт көзге қарасаң, әлгі газеттердің үстінен қанат емес, қақпақ жабылып тұрғандай.
Бір газет – бір үн.
Екінші газет – екінші үн.
Үшінші газет – тағы бір үн.
Бірақ бәрінің артынан бір ғана көлеңке көрінсе, онда бұл ақпарат кеңістігінің көп дауыстылығы емес, бір дауысты бірнеше микрофонға бөліп қойғаны.
Сонда сұрақ туады:
Газет көп пе, әлде газет атауы ғана көп пе?
Тақырыбы бөлек болғанымен, үні бір.
Сөйлемі басқа болғанымен, ойы бір.
Ал біреуі жазғанды екіншісі қайталап, үшіншісі соны тағы бір мәрте айналдырып әкелсе – мұны журналистика деп атаймыз ба, әлде көшірменің көшірмесі дейміз бе?
Ұят қой!
Бір өңірде бірнеше басылым бар сияқты.
Бірақ оқырманның алдында бірнеше газет емес, бір адамның ақпараттық көлеңкесі тұрғандай әсер қалдырады.
Ең сорақысы – мұның бәрі идеология деген ұлы сөздің тасасында жасалады.
Идеологияның аты бар.
Газеттің аты бар.
Редакциясы бар.
Бас редакторы бар.
Бірақ өз пікірі бар ма?
Сыни мақала бар ма?
Қоғамның қабырғасын қарып өтетін сұрақ бар ма?
Биліктің мазасын алатын мәселе бар ма?
Жоқ болса, онда газет не үшін шығады?
Қағаз толтыру үшін бе?
Кеңсеге есеп беру үшін бе?
Әлде оқырманға «міне, бізде бірнеше газет бар» деп көрсету үшін бе?
Журналистика – біреудің қанатының астында отыру емес.
Журналистика – кейде сол қанаттың өзін қағып жіберетін жел болу.
Ал бірнеше басылым бір адамның ықпалымен бір бағытқа қарап, бір әуенді қайталай берсе, онда ақпарат кеңістігі емес, ақпараттық монополияның шағын моделі пайда болады.
Бұған ең алдымен сол газеттердің өзіне обал.
Өйткені газет деген – атау емес.
Газет деген – мінез.
Газет деген – пікір.
Газет деген – оқырманның сенімі.
Ал сенім бір адамның кабинетіне байланбауы керек.
Кресло да мәңгілік емес.
Қанат та мәңгі жайылмайды.
Бір күні бәрібір жиналады.
Сонда газет қалуы керек.
Оқырман қалуы керек.
Ал ең бастысы – ар-ұят қалуы керек.
Сондықтан бүгінгі сұрақ өте қарапайым:
Бір адам өңірдегі бірнеше газеттің үстінен қанатын жайып қана қоймай, олардың үнін де тұншықтырып отырса – бұл идеология ма, әлде ақпаратқа жасалған қысым ба?
Жауабын оқырман өзі берсін.
Бірақ бір нәрсе анық:
Жеті жастағы бала ертеңін іздеп жүр.
Ал жетпістегі шал кешегісін ұстап отыр.
Ұят емес пе?!








