Биылғы жылдың басында басталған Ирандағы халық көтерілісі , өкінішке орай әлемдегі мұнай қоры жағынан ең бай елдердің бірі болып саналатын, бірақ халықтың тұрмыс деңгейі жағынан ең төмен мемлекеттердің санатындағы Иранның билігін шайқалта алмады. Әскер мен полицияға сүйенген аятолла Хомейни билігі халықтың толқуларын күшпен басып, қазір елдегі жағдай сабасына түскендей.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Белорусь еліндегі халық наразылығы да күшпен басылып, Лукашенко өз билігін сақтап қалған болатын. Сол тұста Белорусь елінің барша тұрғындары наразылық шеруіне шығып, өз пікірлерін білдірген еді. Десе де, бұл жаппай толқу билікті ауыстыруға қауқарсыз болды. Оппазиция өкілдерін қуғынға ұшыратқан бұл елде қазір билікті ауыстыру туралы ойлаудың өзі жөнсіз болып қалды. Ирандағы ахуал да сол Белорусьтің жағдайына ұқсайды. Жыл басындағы халықтың жаппай толқулары кезінде дінбасылардың билігі әне-міне құлайды деп сәуегейсігендер көп болды. Бірақ та, жағдай олай болмай шықты.
Бүгінде АҚШ-та тұрып жатқан Иранның бұрыңғы шахының мұрагер ұлы Пехлеви халықты күреск е шақырып ұрандатқанымен, қазір күшпен басылған наразылықты қайта жалғастыруға қарапайым халықтың қауқары жоқ сияқты. Соңғы күндерде үйлерінен шықпай, балкондарында ұрандатқан наразылық танытушылардың әрекеті билікті құлату жуыр маңда жүзеге аспайтынын анық аңғартқандай.
Иранда халықтың жаппай толқулары басталып, мешіттер өртеліп жатқан тұста АҚШ президенті Трамп егер Иран билігі халыққа қарсы күш қолданатын болса, әскер кіргізетінін айтып қорқытқан болатын. Әрдайым өзін әлемдік демократияның қорғаушысы сияқты ұстанатын АҚШ демократия желеуімен көптеген шет елдердің ішкі істеріне араласып, әскер арқылы текетіресті шешуге араласқандығы тарихтан белгілі. Ауғанстанға әскер кіргізуі, Саддам Хусейннің диктатурасын жоямыз деп Иракқа басып кіруі, Сирия, Югославия, Ливиядағы қақтығыстарға араласуы – бәрі де әлемдік демократияның тірегіміз деп санайтын АҚШ-тың әлемдегі орнын айқындап бергендей болған-ды. Күні кеше Венесуелаға басып кіріп, диктатор Модураны тұтқынға алуы сол халықаралық саясаттың жалғасы екендігі анық.
Шах билігі кезінде әлемдегі аса бақуатты өркениетті елдердің бірі болған Иран ислам билігі келгеннен кейін айналасына қауіп төндіретін саяси күшке айналды. Оның Иракпен соғысуы, Израйлмен арадағы қақтығыстар, Сириядағы соғысқа араласуы – бәрі де бұл мемлекеттің әлемдік бейбітшілікке қатер төндіретінін анық көрсеткендей болған. Ал уранды байытып, ядролық қару жасауға кірісуі – әлемдік бейбіт өмірге қатер төндіретін қадам ретінде қабылданып, көп елдер тарапынан санкцияға ұшырады.
Халқын қайыршылыққа ұшыратып, айналасындағы елдерге қатер төндіріп отырған Иран ислам мемлекетінің бүгінгі дінбасылар билігінің кетуіне бейбітшіліксүйгіш барша әлем мүдделі десе, асыра айтқандық емес. Осы орайда, халық наразылығын қару күшімен баспақ болған дінбасылар билігінің қадамына АҚШ басшылығы қатаң шара қолдану арқылы тосқауыл қойылады деп күткен жұртшылықтың үміті, бірақ та ақталмады. Бір кезде Ветнам, Ауғанстан, Ливия сияқты шағын елдердің ішкі істеріне араласып, әскер кіргізген АҚШ алып мемлекет Иранға қоқан-лоққы көрсетуден артық әрекет жасай алмады. Елдегі интернет байланысын үзіп тастаған Иран билігі наразылыққа шыққан мыңдаған адамдарды атып, біразын өлім жазасына кесіп, қорқытып-үркіту арқылы халық толқуын аяусыз басып-жаншып тастады. Ал демократия мен әділдіктің қорғанымыз деп кеуде қағатын АҚШ бұл жайға көзжұмбайлықпен қарап, тілін тістеп үнсіз қалды.
Ирандағы жағдай қазір әлемдегі ешбір елдің өз қауіпсізгіне кепілдік ала алмайтынын анық дәледеп берді. 1994 жылы Будапеште Украина мен Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқаны үшін тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік береміз деп Будапешт меморандумы аталған құжатқа қол қойған АҚШ, Ресей, Ұлыбритания елдері сол уәделерінде тұрмады. Ядролық қарудан бас тартқан Украинанаға басып кірген Ресей әскеріне қарсы күреске АҚШ пен Ұлыбритания қаржылай көмек көрсеткенімен, Будапешт меморандумында мойындарына алған уәделерін орындамады.
Осы жайлардан не түйіндеуге болады? Халықаралық шарттар мен келісімдер шын мәнінде қағаз жүзінде қалған орындалмайтын құжаттар болып қалды. Оны барша әлем көріп, сезініп отыр. Осындай жағдайда халықаралық келісімдер мен шарттарға сенуге, үміт артуға болмайтыны белгілі болып отыр. Қазіргі Ресейдің әрекеті соңғы жарты ғасырда қалыптасқан әлемдегі бейбітшілік сақтау саясатын тас-талқан етіп бұзды. АҚШ-тың Венесуеланы басқаруға алуы, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы әлемді қайта бөлу үдерісінің басталғанын аңғартатындай. Трамп әзіл-шынын араластыра Канада 51-ші, Гренландия 52-ші штатымыз болады деді. Қытай Тайванды қаратып алуға білек сыбанып дайындалып жатыр. Бейбітшіліксүйгіш жапондар Курил аралдарын бейбіт жолмен алудан үміт үзіп, қарулы соғысқа әзір болуымыз керек деп мәлімдеме жасады. Ұзақ жылдар соғыс өртін есінен шығарған Батыс елдері қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемін екі-үш есе арттырып, жанталаса қарулануда.
Халықаралық жағдайдың осылайша шиеленісуі тәуелсіздігін енді алып, өз бетінше даму жолына түскен Қазақстан үшін қорғаныс саласын барынша күшейтудің маңыздылығын көрсетеді. Қытай басшысы Сидің Қазақстанның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне кепіл боламыз дегені, Түркия президенті Ердоғанның қазақтың жауы біздің жауымыз дегені – бұл елдердің Қазақстанның басына қетер төнсе қорған болатынын көрсетпейді. Азуы алты қарыс АҚШ-тың өзі Ирандағы жағдайды көре тұра араласпай үнсіз бұғып қалуы әр елдің жеме-жемге келгенде өз мүддесін басқадан жоғары қоятынын дәлелдейді.
Өзін көріпкел экстрасенспін деп, болашақ туралы түрлі болжаулар айтып жүретін Қажетта деген әйел болашақта Қазақстанның жартсын Қытай, жартсын Ресей жаулап алады деп соқты. Құдай оның бетін аулақ қылсын дейміз. Бірақ та, «сақтансаң сақтайды» дегенді естен шығармай, Қазақстан қазіргі әлемдегі аса қиын шиеленісті жағдайда өз тәуелсіздігін сақтап қалуы үшін әскери қорғанысына мықтап көңіл бөлуі тиіс. Ол үшін депутат Ермұрат Бәпи айтқандай, қорғаныс саласына қазіргідей жалпы ішкі өнімнің 0.9 пайызын емес, кем дегенде 2-3 пайызының мөлшерінде қаржы бөлініп, әскер санын 70 мыңнан кем дегенде 200 мыңға жеткізу керек. Қазіргі біздің қарулы күшіміз аты бар да, заты жоқ, ел қорғауға мүлдем қауқарсыз. Оны басқа емес, осы саланың білгір сарапшыларының өзі айтып, жазып жүр.
Әскеріміздің әлсіздігінің салдарынан қазір біздің билік жалтақтығын ара-тұра көрсетіп қояды. Ол соңғы кезде талқыланып жүрген жаңа Конституция жобасындағы тілге қатысты баптан анық байқалды. Анау алақандай Әзірбайжанды алып қараңыз. Презинті де, басқалары да азуы алты қарыс Ресейге қарсы тайсалмай сөйлейді. Неге? Өткені бұл елдің қарулы күші өте мығым. Илхам Әлиев соңғы үлгімен қаруланған мықты армия жасақтап алды. Ол Қарабахтағы соғыста қауқарын анық көрсетті. Және бұл ел жыл санап Түркиямен әскери байланысын барынша күшейтіп келеді. Мықты армиясы бар Әзіңрбайжан Ресейге азу тісін көрсетеді, ал әскері қауқарсыз Қазақстан билігі Конституциядағы тілге арналған бапты өзгертуге шамалары жетпей, тең деген сөзді қатар дегенмен ауыстырдық деп халықты алдаусыратқан болады.
Еуропаны жаулап алған Напалеон Бонапарт «егер өз әскеріңді қаруландырудан қашсаң, онда өзге елдің әскерін қаруландыруға тура келеді» деген екен. Өз әскерімізді қаруландырудан ақша аясақ, ертең жат елдің әскеріне қаржымызды шашуға тура келуі мүмкін. Осы ақиқатты естен шығармағанымыз абзал.
Қалкөз Жүсіп.








