-0.8 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарҚымбаттаған тариф, құлдыраған сапа: халық сабырының шегін кім ойлайды?

Қымбаттаған тариф, құлдыраған сапа: халық сабырының шегін кім ойлайды?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қазақ үшін техника – тек темірдің жиынтығы емес, тіршілікті жеңілдететін, уақытты жылдамдататын құрал. Уақыт зулаған заманда халықты кідірте беретін бір нәрсе бар: интернеттің сүрінуі, байланыс сапасының төмендігі.

Beeline операторы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалар үшін үй интернетінің қызмет ақысын 11 299 (арзандатылған акциямен қосылған тариф, өзгелері бұдан да қымбаттау) теңгеден 16 789 теңгеге көтеретінін ескертті. Бағаның 49 пайызға өсуі – халықтың ай сайынғы тұрмысына ауыр салмақ. Мұндайда «қара халықтың қалтасынан алынған қаржыға желінің кемшілігін жамай ма, әлде басшылары қалтасына баса ма?» деген ой келеді.

Сапасыз интернет – халықтың мазасын алған ескі жыр

Алысқа бармай-ақ, астаналық облыс орталығы – Көкшетаудың орталығындағы кейбір сауда үйлерінде интернет жұмысы көңіл көншітпейді. Жуырда ашылған Kokshetau mall сияқты ірі сауда орталығында халық банк кәртішкесі немесе қолма-қол ақшамен төлем жасайды. Ал, кейбір дүкендерде QR код арқылы сыртқа шығып, ақша төлеуге мәжбүр.

Ал Есіл және Жарқайың сияқты ат ізін сирек салатын аудандардағы шалғай ауылдарда халық әлі күнге дейін төмпешіктер мен қораның төбесіне шығып байланыс жасайды.

Қарапайым халыққа ғана емес, арнайы қызметтерге де бұл қиындық тудырады: интернет байланысының нашарлығынан жоғалған адамды табу үшін ек-үш күн, кейде бір аптадан да артық уақыт кетеді. Қаланың сыртына шықсаң байланыста, радио да өшеді. Радио тегін, ал байланыс қызметі үшін қомақты ақша төлейсін.

«Сабаққа кіре алмай қалдым», «жұмыс тоқтап тұр», «төлем жасалмай жатыр» деген сөздерді халықтан жиі естіп жүрміз. Өзімізде 3131 нөмірі арқылы Beeline операторына жиі қоңырау шалып тұрамыз. Сондағы айтатын «дежурный» жауабы – бұрынғыдай: «Желіге жүктеме жоғары», «техникалық жұмыстар жүріп жатыр». Тіпті, кейде жауап беру машинасы (автоотвечик) неше түрлі сұрақтарды қойып, байланыстан ажырамаңыз, деп 30-40 минутқа дейін күткізіп қояды.

Халық алдына шыққанда басшылары интернеттің сапасын арттырып жатырмыз дейді. Бұл сөз – жылдар бойы қайталанып келе жатқан сылтау. Жүз рет айтылған уәденің ешқайсысы сапаны шындап көтермеген соң, халықтың сенімі жоғалады. Қазақтың бір тәмсілі бар: «Болмасаң да ұқсап бақ». Бірақ байланыс саласы әлі күнге дейін желдің бағытын ғана таңдағандай.

Инфрақұрылым жаңарып жатыр дейді… бірақ қайда?

Компания тариф өсімін инфрақұрылымдық шығынмен түсіндіруі мүмкін. Бірақ халықтың көкейіндегі сұрақ – қарапайым әрі әділ: Қай өңірде нақты қандай желі жаңғырды? Жылдамдық қанша артты? Жасалған жұмысқа қанша қаржы жұмсалды? Ай сайынғы сапа статистикасы бар ма? Қамтылу деңгейі барлық облысқа бірдей бе?

Бұл сұрақтарға нақты жауап болмаған соң, баға өсуі – бұлдыр тұмандай көрінеді.

Коммуналдық қызметтермен салыстырғанда интернет ақысы шок тудырады

Көкшетауда тек интернет қана емес, коммуналдық қызметтердің бағасы да өсіп жатыр. Айталық: шамамен 90 шаршы метр пәтерге жылу үшін айына шамамен 4 900 теңге, су – 4 000 теңге, ал электр жарығы үшін қызмет ақысы 15 000 теңге.

Осы арада ойға келетін сұрақ: үйдегі интернет ақысы 16 789 теңге деген не сұмдық?! Шын мәнінде, бұл көрсеткіш коммуналдық қызметтерден асып түсіп отыр. Жарайды, көмірді пойызбен вагондарға тиеп әкеледі, суды құбырмен, электр қуатын жоғары кернеулі электр желілерімен тасымалдайды. Ал интернетті ше? Осы кезде «Бұлар интернетті шетелден импорттап отыр ма?» деген сауал келеді.

Шындық қарапайым: интернет те, байланыс қызметтері де – елдің ішкі инфрақұрылымында жүзеге асырылатын стратегиялық қызмет. Баға осындай деңгейге жетсе, оның халықтың қалтасына тікелей салмақ салатыны сөзсіз.

Бағасы – Еуропаға ұқсайды, сапасы – қырдағы ескі антеннадай

Халықаралық рейтингке үңілсек, Қазақстан интернет сапасы бойынша алдыңғы қатарда емес. Жылдамдық – орташа. Үзілу – жиі. Қамтылу деңгейі – бірқатар өңірде әлсіз. Нақтылап кетсек, британдық Сable мәліметінше, Қазақстан интернет байланысының сапасы бойынша 95-ші орында.

Басылымның хабарлауынша, республикада орташа жылдамдық 4,45 Мбит / с, ал орташа 5 Гбайт HD фильмді жүктеу уақыты 2 сағат 33 минут 29 секунд. Бұл рейтингте Ресей-47, Белорусия-66 орында тұр. Тізімді Сингапур, Швеция және Дания елдері бастап тұр.

Ал тарифке келетін болсақ, шетелдік мегаполистердің бағасына шейін көтеріліп барады. Бір кездегі министрдің «Қазақстан интернеті Токиодан озып кетті» деген сөзі халықтың жадында қалды. Бірақ шындық басқаша: жылдамдық емес, баға ғана алға озып барады.

Бұл – мысқыл емес, бүгінгі ахуалдың ащы шындығы.

«Тегін смартфон» – мәселенің магиясы емес, маркетингтің иллюзиясы

Beeline тариф өсімін смартфон беру арқылы ақтағысы келгендей. Бірақ халық аңғал емес. Тегін телефон желінің сапасын арттырмайды.
Жаңа құрылғы ескі желіні жеделдетпейді. Қазақтың бір дана сөзі бар: «Сырты бүтін – іші түтін». Міне, дәл осы жағдайға келеді.

Халыққа смартфон емес: тұрақты интернет, жоғары жылдамдық, сенімді байланыс, әділ тариф, барлық өңірде тең қамтылу деңгейі қажет.

Талдау емес, тағдыр мәселесі

Бүгінгі интернет – жай қызмет емес. Ол білімнің, еңбекпен нан тауып отырған талай адамның, қашықтан оқитын баланың, мемлекет қызметін пайдаланатын азаматтың тағдырына тікелей әсер етеді.

Сондықтан мұнда баға емес, ар-ұждан бірінші тұруы керек.
Қызмет көрсетуші компания халықтың сенімін жоғалтса, қанша желі тартса да, сол сенімді қалпына келтіру қиын болады.

Сөз соңында: халықтың да шыдамының шегі бар

Esilnews.kz халықтың үнін жеткізеді. Бағаның өсуі уақытша, бірақ сапасыз қызмет – қоғам дамуына кедергі. Егер операторлар инфрақұрылымды жаңартпай, тарифті өсіре берсе, бұл тек өз болашағына қауіп.

Халықтың қалтасы – тәжірибе алаңы емес, төзімі шексіз емес, сенімі – ойыншық емес. Жылдам, сенімді және әділ интернет – әр отбасының құқығы.

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз