-1.9 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарҚағаз газеттің келешегі бар ма?

Қағаз газеттің келешегі бар ма?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желіде Дихан Қамзабекұлы дегеннің  «Газет бағасы және елдік жауапкершілік» деген мақаласы жарияланды. Автор қазақ тіліндегі қағаз газеттердің соңғы жылдарда қатты қымбаттап бара жатқанын, бұған себеп пошта қызметі мен баспа қызметі бағасының өсуі екендігін айтады.  Биылғы жылы газетке жазылу бағасы 50 пайызға қымбаттап, оның өзіндік құны 170 пайызға өсіпті. Осы цифрларға қарап, газеттің қазіргі жайы мен болашағының өте ауыр жағдайда тұрғанын аңғаруға болады.

Заманды өзгерту қолыңнан келмесе, соған бейімдел

Өткен ғасырда бір ғұламаның айтқан осы сөзінің астарында үлкен ақиқат бар. Өткенге ақыл таразысына сала қарайтын болсақ, ешнәрсенің мәңгілік еместігін, бәрі уақытша екендігін аңғарасың. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын ең негізгі көлік болған салт ат пен арба қазір келмеске кетті. Өткен ғасырда кең таралған кинотеатрлар саны қазір азайып, жойылудың аз ғана алдында тұр. Әрнәрсенің өз уақыты болады, сол кезде дамиды, кең таралады, сосын ақырындап азайып, ақырсында ешкімге қажетсіз болып қолданудан қалады. Бұл өзіміз өмір кешіп жатқан фәни әлемнің  айнымас табиғи заңдылығы.

Өмір талабы мынадай: заманды өзгерту қолыңнан келмейді екен, онда соның ыңғайына қарай бейімдел. Өмірдің осы айнымас талабы бүгін жаппай қолданыста болған нәрсенің ертең мәнін жоғалтып, ешкімге қажетсіз болып қалуына ұшыратып жатады. Қағаз газеттің жайы да осындай. Қазіргі аға ұрпақ өмір кешкен кеңес заманында қағаз газеттер дәуірлеп, өз дамуының  ең шарықтау шыңына жетті. Студент кезімізде Алматыда «Вечерняя Алма-ата» деген газетті дүңгіршектен кезекке тұрып сатып алатынбыз. Автобуста, трамвайда, көпшілік орындарда отырып газет оқитындар көп болатын. Қадам басқан сайын газет-жорнал сататын дүңгіршектер тұратын. Қазір соның бірі де жоқ.

170 мыңдай тұрғыны бар Көкшетау қаласында небары 3-4 газет сататын дүңгіршек жұмыс істейді. Жастар газет-жорналды мүлдем оқымайтын болды. Бұрын ақпарат таратудың негізгі көзі саналатын газеттің орнын қазір интернет басты. Мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерге дейін ұялы телефон ұстайды және бар ақпаратты содан алады. Тіпті, теледидар қарамайтындар саны көбейіп барады. Міне, қазіргі шындық осындай.

Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек

Заманның ағымы негізгі ақпарат таратушы ретінде интернетті қазір бірінші орынға шығарды. Осыған орай, газет-жорналға деген сұраныс уақыт өткен сайын азайып, оны тек аға ұрпақ өкілдері ғана оқитын болып қалды. Кеңес заманын көрген, газет оқып үйренген адамдардың бәрі егде жастағы жандар және олардың қатары уақыт өткен сайын селдіреп азайып барады. Егер қисынға салып қарайтын болсаңыз: аға ұрпақпен бірге газет-жорналға деген сұраныс та мүлдем жоғалады деуге болады.

Зерделі адам осыған қарап: заманды өзгерту қолымыздан келмейтін болды, сондықтан  соған бейімделейік, яғни, ақпарат таратушы ретінде өмір ұсынып отырған интернет ресурстарын қабылдап, уақыт талабына жауап бере алмай қалған қағаз газеттен бас тартайық дер еді. Бірақ та, өкінішке орай, заман талабын түсінбейтін, өшіп жоғалып бара жатқан өткенді қайта тірілтеміз деп арамтер болатындар аз емес. Жоғарыда тілге тиек еткен Дихан Қамзабекұлының мақаласынан осы жайды анық аңғарасың.

Ойлап қараңызшы: жастар мүлдем газет оқымайды, аға ұрпақ өкілдері арасында да газет-жорналды оқитындар қатары көп емес және қағаз газетті шығару уақыт өткен сайын қиындап, бағасы қымбаттап барады. Оны таратуда да қиындықтар көп. Газетке жазылушы ауылда тұратындардың айтуынша, газетті пошта айлап, апталап жинап бір-ақ әкеп береді. Ал жаңалық бір күн кешіксе, жаңалық болудан қалады. Интернет арқылы жаңалықты сол сәтінде алып, оқып отыратындар үшін айлап, апталап кешігіп келетін газеттің қаншалықты құны болмақ?

Бірақ та, көзге көрініп тұрған осы жайларды ескермей, қалай да қағаз газетті сақтап қалуға,  өшіп жоғалып бара жатқан оның өмірін бірер сәт болса да ұзартуға жанын салатын Дихан Қамзабекұлы сияқтылар қағаз газет әлі керек және оған деген сұраныс ешқашан жоғалмайды дейді. Бұның өзі ұлы Абай айтқан: заманға жаман күйлемек, замана оны илемек, деген данышпандық сөзін еске салады. Заманның ағымын дұрыс түсініп, соған бейімделе алмасақ, біз осындай кертартпалығымызбен өзімізге де, айналамызға да үлкен залал тигіземіз.

Қағаз газет шығару – ақшаны канализацияға ағызу

1988-90 жылдарда мен аудандық газетте қызмет істедім.  Қазақ және орыс тілдеріндегі аудандық газет аптасына үш рет шығатын және онда жиырмадан астам адам еңбек етті. Таралымы да біршама жоғары болатын. Газетке сын мақала шықса болды, аудандық партия комитетінде қаралып, жауапты адамдардан қатаң сұралатын. Содан болар, адамдар газетте сынға ұшырап қаламыз ба деп зәрелері кетіп қорқатын, газеттің беделі өте жоғары болатын.

Қазіргі кезде аудандық газеттер төрт бет болып аптасына бір рет қана шығады, таралымы өте төмен. Газетте ары кетсе 3-4 адам ғана еңбек етеді. Осындай күшпен шығарған газетте не сапа болсын. Онда оқылатын  материал жоқтың қасы. Бұрын елуден астам адам еңбек ететін, аптасына 5 рет шығатын облыстық газеттер қазір аптасына екі рет қана шығады және таралым саны бұрыңғы аудандық газеттердің деңгейінде. Бұндай газеттерді халықты ақпаратпен қамтамасыз ететін толыққанды ақпарат құралы деуге бола ма?

Күніне 2 млн-нан астам адам кіретін Тенгри.нюс, Закон.кз сияқты порталдарды былай қойып, Ақмола өңіріне таралатын Есіл.нюс вебсайтын алып қарайық. Сайтта жарияланған мақалалардың қаралым саны ондаған мың. Ал әлеуметтік желілер арқылы таратылған кейбір өзекті мәселелерге арналған мақалалардың оқылым саны жүздеген мың, кейбір мақалалардың қаралымы милионнан асып жығылады.  Мемлекеттен бір тиын алмай жеке азаматтың шығарып отырған вебсайтының деңгейі осындай. Ал бюджеттен миллиондаған теңге қаржы алатын таралымы мыңға жетпейтін аудандық, 2-3 мыңнан аспайтын облыстық газеттердің ақпарат тарату әлеуеті  жалғыз адам шығарып отырған вебсайттан әлдеқайда төмен. Сонда осындай газеттерді ұстауға қыруар қаржы бөлудің қанша қажеті бар? Бұның өзі бюджет қаржысын канализацияға ағызғанмен бірдей емес пе?

Не істеу керек?

Бұл пәлсапалық сауалдың жауабын өмірдің өзі алдымызға тартып отыр. “Ақпарат ғасыры” аталған 21-ші ғасырдағы ақпарат таратудың ең негізгі көзі саналатын интернет ресурстарының әлеуеті барған сайын арта түсуде. Вебсайттарды алып қараңыз, онда кез келген көлемде суреттерімен мақалалар жариялауға, видео немесе аудио материалдарын салуға болады. Жазған мақалаң сол секундында жарияланып, интернет арқылы барша әлемге таралады. Ал газетке жазылған мақала теріліп, беттеледі, сосын пленкаға жазылып, баспаханаға жіберіледі. Баспаханада басылып шыққанға дейін көп уақыт кетеді және оны тарату да жедел жүзеге аса қоймайды.

Өз басым еліміздегі, әлемдегі болып жатқан жаңалықтарды түгел интернет ресурстардан аламын. Болған оқиғаны онда сол сәтінде бірден жедел жариялап жатады. Интернеттің осындай мүмкіндіктері оны ақпарат таратуда газеттен де, теледидардан да жоғары деңгейге жеткізіп, халық тұтынатын ең негізгі ақпарат көзіне айналдырды.

Қағаз газеттер бір рет оқылған соң ешкімге қажетсіз болып лақтырылып тасталса, сайттарда жарияланған материалдар хостингтің архив папкаларында сақталады. Оны он, жиырма жылдан кейін де алып шығып, қарап оқуға болады. Сондай-ақ, интернет порталдар мен вебсайттарды ұстау газет шығаруға қарағанда әлдеқайда арзан. Хостинг пен доменге ақша төлесеңіз болғаны. Тіпті, қызметкерлер отыратын арнайы офистің де қажеті жоқ. Әр адам өз үйінде отырып-ақ қашықтан жұмыс істеуіне болады. Осылайша, вебсайттардың бар шығыны хостинг пен доменге бір жылға төленетін ақша мен жалақы ғана.

Осы жайлардан не түюге болады? Нарық талабына орай ақыл таразысына салып қарайтын болсақ: қағаз газеттерге милиардтаған ақша жұмсағанша, әлеуеті мен жеделдігі және ақпарат тарату мүмкіншілігі әлдеқайда жоғары интернет ресурстарға көшу қажеттігі анық көрініп тұр. Қазіргі заман талабы осыны алдымызға тартып отыр. Аққа қара жаққандай көзге ұрып көрініп тұрған осы ақиқатқа неге біздің қазіргі билік назар аудармайды, неге ақпарат тарату мүмкіндігі өте шектеулі және аса қымбатқа түсетін газет-жорналдан айрылмай отыр?

Бұл сауалдың жауабын жоғарыда тілге тиек еткен Дихан Қамзабекұлының мақаласынан табамыз. Газет шығарудың күннен күнге қиындап кеткеніне, оны шығару құнының шарықтап өскеніне қарамастан, автор  шығыны көп бұл ақпарат көзінен бас тарту, интернет ресурстарға көшудің тиімді болатыны жайында ләм демейді. Керісінше, газет-жорнал таратуға құзырлы органдар көмектесіп, қолдау көрсетуі, қаржы бөлуі қажет деген емеурінін аңғартады.

Бір кезде газет-жорнал оқып үйренген аға ұрпақ өкілдерінің өз көзқарастарын өзгертуі қиын болатыны түсінікті. Жоғарыда аталған мақаланың астына бір кісі “газет иісін сағынамын” деген пікір жазыпты. Жаңа газеттен шығып тұратын баспа иісі кеңес заманын көзімен көрген аға ұрпақ өкілдері үшін таныс нәрсе. Шығыны көп, ақпарат тарату әлеуеті шектеулі және уақыт өткен сайын таралымы азайып бара жатқан газет-жорналды шығару қажет деген пікірлерінен айнымай және соны өзгелерге де таңып, абырой-беделдерін пайдаланып сол ойларын жүзеге асырып жүрген аға ұрпақ өкілдері тарапынан жасалып жатқан кедергі болмаса, құзырлы органдар әлдеқашан интернет ресурстарға көшуіне болар еді.

Ақпарат министрі Аида Балаева бір басылымға берген сұхбатында өзі басқаратын министрлікте зейнет жасынан асқан 3,5 мыңдай зейнеткердің жұмыс істеп жатқанын айтады. Ол 3,5 мың зейнеткер жәй адамдар емес, ақпарат саласының белгілі бір тұтқаларын ұстап отырған және артында “нән көкелері” бар азаматтар. Еліміз цифрландыру көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірінен көрініп отырған осындай шақта ең негізгі ақпарат саласын кері тартатын қағаз басылымдарды шығарудан бас тарта алмай отыруымыздың басты себебі де сол  осы саланың тұтқалы орындарын ұстап отырған зейнеткерлердің ықпалынан десек, артық айтқандық болмас. Олар өздерінің абырой-беделдерін салып, сөз жетер жердің бәрінде қағаз газеттерді жоюға болмайтынын айтудай-ақ айтып жүр. Таралымы шектеулі, ақпарат тарату ауқымы тар, шығару құны жоғары қағаз газеттен ұстай Қатып, тістей жабысып айрылмауымыздың себебі де сол ақпарат саласында істеген және қазір де жұмыс атқарып жатқан қоғамда салмағы, орны бар аға ұрпақ өкілдерінің тигізіп отырған ықпалы екендігі айдан анық.

Қағаз газеттің болашағы жоқ

Осылай деп нық тұжырымдап айтуымызға себеп болатын жайларға кеңірек тоқталайық. Ең басты себеп: газет таралымының төмендеп кетуі. Кеңес заманындағыдай қазір бюджет мекемесі қызметкерлерін күштеп газетке жаздыра алмайсыз. Рас, кейбір шеткергі аймақтарда бұндай жай әлі де кездеседі, дегенмен де еліміз бойынша газетке мәжбүрлеп жаздыру жойылды деп айтуға болады. Осының салдарынан газет таралымы күрт төмендеп кетті.

Газет жұмысына қиындық келтіріп отырған тағы бір жай: жарнамалардың азаюы. Көкшетауда 1990-шы жылдардың соңында ашылған “Риск бизнес” деген жарнамалық газет болды. Басынан аяғына дейін жарнамадан тұратын бұл газеттің таралымы да жоғары және қалың болатын. Сол газет соңғы жылдарда жұқара-жұқара биттің қабығындай дейтін басылымға айналды. Таралым саны да, қызметкерлері де қысқарып барынша азайды. Неге бұлай болды? -деген сауалға жауапты OLX.kz, Крыша, Колесо  сияқты жарнамалық интернет ресурстардың  пайда болуынан табамыз. Бұрын газетте жарияланатын жарнамалардың бәрі қазір аталмыш жарнамалық порталдарда жүр. Ол порталдарға тіркелсеңіз болды, ақша төлеп сатып алудың еш қажеті жоқ.

Жарнамалық сайттар барлық қағаз газеттердің жарнамаларын түгел өзіне тартып алды. Мәселен, Ақмола облыстық “Арқа ажары” газеті бұрын жарнамадан жылына 30-40 млн-ға дейін ақша тапса, қазіргі кірісі  3-4 млн теңгеден аспайды.

Рас, газеттер нарық талабына сай жұмыс тәсілін аздап өзгертіп жатыр. Таралым деңгейін  сақтау үшін демеушілер тауып, солардың ақшаларына зейнеткерлерді жаздыру, пошта қызметінен бас тартып, газетті өздері тарату сияқты тәсілдер қолданылады. Дегенмен сондай тәсілдердің ешқайссы газет оқушылар санын арттырып, газеттің қажеттілігін көтеріп жатқан жоқ.

Мен танитын бір ардагер ағамыз айтады: мені сыртымнан бір газетке жаздырыпты. Бір дана болса жәрайды, бақандай 300 дана газетке жаздырған. Сол газетті бандерол сияқтандырып, апта сайын жұмыс кабинетіме әкеліп тастайды.  Газетке күштеп жаздыруға болмайды десе де, ведомстволық сол газетке басшымыз беделін салып адамдарды еріксіз жаздыратын. Міне, сол жұрттың ақша төлеп жазылған газеттерін баспаханадан тікелей маған бандерол сияқтандырып салады. Білгенім: осылай жасау арқылы олар пошта қызметінен бас тартады екен. Кабинетімде газет тау болып үйіліп жатады. Жұрттарға “газеттеріңді алыңдар” десем, оны ешкім құлаққа қыстырмайды. Содан бір күні жер үйде тұратын бір танысыма әлгі тау болып үйілген газетті апарып бердім. Ол отқа тамызыққа жақсы болды деп қуанып қалды, -дейді.

Осындай тәсілді қолданып, әкімдікке, басқа да мекемелерге газеттерді пәшкесімен апарып тастайтын жайлар көп. Ол газеттерді ешкім алып оқймайды, содан біреулер отқа тамызық қылу үшін қапқа салып әкетіп жатады. Өмір шындығы осындай.

Газеттің болашағының жоқтығының тағы бір дәлелі: кеңес заманында түрлі жанрлармен көркем және мазмұнды болып шығатын газет қазір сүреңсізденіп кетті. Әскерде шығарылатын “боевои листок” деген парақшаға көбірек ұқсайтын аудандық газеттерді былай қойып, облыстық басылымдарда очерк, суреттеме, фельетон сияқты кеңес заманында көп жазылатын жанрлар мүлдем жоқ. Әңгіме, өлең сияқты көркем туындылар да берілмейді. Сын мақалалар, өзекті мәселелерге құрылған көлемді талдау дүниелер де жазылмайды. Бір сөзбен айтқанда, мазмұны мүлдем сүреңсізденіп,  сұрқайланып кеткен. Бұндай газетті кім оқиды?

Осы жайлардан түйеріміз: газеттердің жағдайы уақыт өткен сайын қиындап барады және оны құтқарып, газеттің жайын жақсартатын ешқандай  амал-тәсіл  жоқ. Өйткені, газеттің дәурені өтті, қазір интернет ресурстар арқылы таралатын ақпарат заманы келді. Өмір шындығы осындай.

Түйін

“Ақпаратты билеген, әлемді билейді” деген сөз бар. Жасыратыны жоқ, қазір іргелес Ресейдің ақпараты бізді билеп тұр. Күні кеше Көкшетауда өзі қазақ, Қазақстан азаматы бола тұра жан-тәнімен Ресейді жақтайтын, орысшыл, қазақты иттің етінен жеккөретін және сонысын еш жасырмай ашық айтып жүретін Аслан Төлегенов дегенге қатысты сот отырысы өтіп, ол 3 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айрылды. Өкініштісі, қазақ елінде жүріп, қазаққа қарсы ғайбат сөздер айтатын, тәуелсіздігімізді мойындамайтын сепаратистік пиғылдағы адамдар өте көп. Олардың біразы сотталды, әлі де сотталар. Бірақ соған қарамастан, ондайлардың санының азаймауы, ақпарат саласындағы олқылықтарымыздан екені айдан анық. Ресейдің мүйіздері қарағайдай Соловьев, Скабеева, Симонян сияқты журналистері тек теледидар арқылы ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да ақпараттарын әлемге таратып жатыр. “Соловьев лайф” деген телеграм каналдың милиондаған оқырманы бар. Олардың арасында қазақстандық азаматтар да аз емес.

Ал сол теледидар мен интернет ресурстарын толыққанды пайдаланатын ресейлік ақпараттық шабуылға қарсы біз оқырманы санаулы және зейнет жасындағы адамдардан құралған қағаз газеттерді  қойып отырмыз. Бұның өзі қазіргі заманғы қару-жарақпен жарақтанған әскерге қарсы найзамен, қылышпен соғысу сияқты ақылға сиымсыз іс емес пе. Украинаны алып қараңыз. Олардың қағаз басылымдарының қаншалықты дәрежеде екенін білмеймін, бірақ та интернет ресурстарын өте тиімді пайдаланып, ресейлік ақпаратқа жойқын соққы беруде. Сол украиндық блогерлердің ықпалымен қазір әлем елдерінің Ресейге қатысты көзқарастары күрт өзгерді. Міне, ақпараттың күші.

Қазақстан қазір цифрлық технологияоларды қолдану бойынша әлемде алдыңғы орындарға шықты. Міне, осындай жетістігімізге ақпарат саласындағы өткен ғасырлардан қалған ескі ақпарат тарату құралы саналатын — қағаз газеттерді әлі күнге дейін қолданып, соған мемлекеттің қыруар қапржысын жұмсап отыруымыз үлкен көлеңкесін түсіруде. Ақпарат министрі Балаеваның құлағына алтын сырға, бұл сала қазіргі Жаңа Қазақстан идеясына қарсы қызмет етіп жатыр. Нарық талабы бойынша пайдасы жоқ, залалы көп әрекеттен бас тарту қажет. Ендеше неге шығыны жыл санап көбейіп  және ақпарат тарату ауқымы жылдан жылға тарылып, азайып бара жатқан қағаз газеттерді шығаруға милиардтаған қаржы бөлінеді? Бұның өзі ақылға сиымсыз іс емес пе?

Қазақ “Таңның атпасына күн қоймайды” дейді. Қағаз газеттерді ұстамаса болмайды деп санайтындар қанша тыраштанғанымен, уақыт талабы бәрібір түптің түбінде өз дегенін жасайды, яғни қағаз басылымдар жойылып, орнын интернет ресурстар басады. Бұл болмай қоймайтын өмір шындығы. Тек осыны дер кезінде ұқпай, мемлекеттің қыруар қаржысын желге шашуымыз, өте өкінішті.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз