-3.8 C
Kokshetau

Ұжым ағасы

Сондай-ақ, оқыңыз...

Бұрын Целиноград атанған астаналық облыстың  облыстық газетін 16 жылдай басқарған Октябрь Қайырұлы Әлібековтың туғанына 90 жыл толып отыр. Рас, ол ағамыз бүгінде арамызда жоқ, дегенмен де саналы өмірін түгелге жуық журналистика саласына арнаған ол соңында есімін ел есінде сақтарлық жақсы істері мен көптеген ізбасарларын, шәкірттерін қалдырды. «Жақсының аты өлмейді» дейді қазақ.

Кеңес заманында «Коммунизм нұры, кейінірек «Арқа ажары» атанған газет Арқа өңіріндегі қазақ  басылымдарының қара шаңырағы болған еді. Қазақ өз жерінде азшылық болып, қазақ мектептері жаппай жабылып, аз қазақтың көбі ана тілдерін ұмытып орыстанып кеткен сол заманда ұлттық тіліміздің туын жықпай,  отын өшірмей жас буынға жеткізуде бұл газеттің сіңірген еңбегі орасан зор болғаны даусыз. Сондай алмағайып кезеңде газет ұжымын басқарып, жақсы істерге мұрындық болған ұлтжанды, елжанды азамат Октябрь Әлібеков болғандығын атап өтуге тиіспіз. Орыстанып кеткен көше, елді мекен, тіпті облыс орталығы Целиноград атауын бұрыңғы Ақмолаға қайтарудың қаншалықты күреспен, айтыс-тартыспен келгендігін бүгінгі аға буын өкілдері өте жақсы біледі. Сол айтыс-тартыстардың белортасында  Әлібеков басқарған облыстық газеттің журналистері жүрді.

Менің Октябрь ағамызбен таныстығым 1988 жылдан басталады. 1988 жылдың  жазында Қима аудандық «Дала таңы» газетіне қызметке кірген соң облыстық газетке хабарлар, мақалалар жазып тұрдым. Мектепте мұғалім болып жүрген мені талабың бар екен деп жетектеп әкеліп аудандық газетке кіргізген жанашыр ұстаз ағам Жұматай Сабыржанұлы Целиноградқа бір барғанымда  бас редакторға алып кіріп, таныстырды. Маңдайы жарқыраған иман жүзді, түрінен зиялылықтың лебі есіп тұрған жан екен. Бірден іштартып, жылы қабақ танытып «Бізде үш Жүсіпов бар, үшеуі де жақсы жазады» деп қопаштап қойды. Журналистік қызметімді жаңа бастап жатқан менің көңілімді  үлкен ағаның осындай жылы лебізі көкке көтеріп тастағандай болған еді.

Аудандық газетте қызмет істеп жүрген кезімде облыстық «Коммунизм нұры» газетінің тігіндісі  жұмыс үстелімнен түспейтін. Өйткені, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығына қатысты түрлі орысша сөздердің аудармасын, жазылу ерекшеліктерін түгел облыстық газеттен қарап, үйрендім. Орысы қалың  аймақтың қазақ тілді газетінде қызығы сол, тіпті республикалық басылымдарда жазылмайтын экономикалық тақырыптардағы жатық қазақ тіліндегі материалдар көп жарияланатын. Газет тілшілері әдеби жатық қазақ тілімен небір сөздерді ойнатып, қазақыландырып беретін. Қар атжалдары, сүдігер, ылғал жабу сияқты мән-мағынасы бұрмаланбай дәл берілген сөздерді сүйсіне оқып, өз мақалаларымда пайдаланып жүрдім.

1988-90 жылдарда “Коммунизм нұры” газетіне мақалаларым жиі жарияланып тұрды. Хабар, мақаланы қойып, суреттеме, очерктерім, тіпті әңгімем жарияланды. Облыс орталығы Целиноград қаласына барғанда үнемі редакцияға соғып кетемін. Газеттің біраз қызметкерлерімен таныстым, бұрын мақалаларын оқып сырттай аты-жөнін ғана біліп жүретін үлкен журналистерді көзбен көріп, әңгімелесуге мүмкіндік туды. Сонда байқағаным, облыстық газетте сайдың тасындай өңкей мықты журналистер қызмет етеді екен. Мәди Хасенов, Алдан Смайылов, Жомарт Әбдіхалық, Амангелді Жұмабеков, Жылқыбай Жағыпарұлы, Мағжан Садыханов, Бәдуан Имашев, Баймұрат Есмаханов, Жұматай Сабыржанұлы, Үкімет Сүйінжанов, Амантай Есілбаев, Мұратбек Тоқтағазин, Марат Дәдікбаев, Төлеген Ілдебаев, Қайыркен Асауов, Ілияс Қарағозин — бәрі бірінен бірі өтетін мықты қаламгерлер. Жазғандарын қалт жібермей үнемі оқып жүремін. Аудандық газетте еңбек жолымды енді бастаған мен үшін ол кісілердің бәрі журналистік саланың қыр-сырын түгел меңгерген үлкен мамандар сияқты. Олардан мен өте көп нәрсені үйрендім.

Міне, осындай ұжымды қалыптастырып, өңкей мықты журналистерге басшылық жасап жүрген Октябрь ағамыз осал емес екен-ау деген ой келеді. Түрлі мекемелерде қызмет істеген ұзақ жылғы өмір тәжірибемде мен екі түрлі басшыларды көрдім. Бірінші топтағы басшылар айналасына жерлестері мен руластарын, жағымпаздарды жинайды. Ол адамдар бастық не айтса бастарын шұлғып мақұлдаудан басқаны білмейді, оған бір ауыз сөз айтып қарсы шықпайды. Әдетте бұндай басшылардың бар ой-армандары креслосын сақтап, мансаптан айрылмау. Жұмыс жүріп жатыр ма, жоқ па оған басын ауыртпайды. Айналасына әлжуаз мамандарды жинағандықтан ондай басшылардың өзі де қарамағындағылардың деңгейіне түсіп құлдырайды, өспейді, дамымайды.

Ал екінші топтағы басшылар айналасына тек мықты қабылетті, білімді, білікті мамандарды жинайды. Әрине, талантты, білікті адамдарда мінез, өз ой-пікірі, ұстанымы болады. Ондайлармен тіл табысып жұмыс істеу де оңай емес. Бұндай ұжымды басқарған басшы әрдайым қылпылдаған қылыштың үстінде жүргендей күйде болады, өзгелерді мойындату үшін олардан бір бас жоғары тұруы тиіс. Соған орай үнемі оқу, іздену, өзін өзі жетілдіру қажет болады. Өйткені, мықтылар өздері сияқты мықтыны ғана мойындайды. Әдетте, мұндай ұжымда жұмыс өте жақсы жүреді, ұйым әрдайым табыс биіктерінен көрініп, озық тәжірибелерімен, жаңалықтарымен көзге түседі.

Октябрь Қайырұлы екінші топтағы басшылар санатынан еді. Ол жанына өңкей мықты журналистерді жинады. Әлібеков басқарған жылдарда газет сапалық жағынан да, сан көрсеткіші жағынан да көп өсті.  Ең бастысы, газетте облысқа қатысы бар келелі мәселелер көтеріліп, байыпты, өткір материалдар жиі жарияланатын. Саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелермен бірге сол тұста күрделі болып тұрған тіл мәселесін газет өте батыл көтеріп жүрді. Орыстанып кеткен Ақмола өңірінде жер-су, елді мекен атауларын қазақыландыруға байланысты да газет көп басталамалар көтеріп, батыл материалдар жариялайтын.

1990 жылдың жазында  Жұматай ағамның айтуымен мені «Коммунизм нұрының» Атбасар ауданындағы меншікті тілшісі қызметіне алмақ болды. Жека картшкемді толтырып, суретімді жапсырып, кадр бөліміне қалдырып та кеттім. Бірақ та тағдырдың жазуы солай болды ма, облыстық газетке кіре алмадым. Жазда еңбек демалымсымды алып, Алматыда болдым. Жолдас жігіттер осында кел деп қолқалап, тіпті жұмыс та тауып берді. «Жалын» журналының проза бөліміне кіретін болдым. Сол-ақ екен облыстық газетке барамын деген ойымнан айнып, аудандық газеттегі қызметімнен кеттім.

«Жалын» журналындағы менің қызмет жолым дегенмен көпке барған жоқ, «Қазақстан мектебі» журналына ауыстым. Оған жалақысының көптігі  және бұрын мұғалім болып істеген маған ыңғайлылығы себеп болды. 1992 жылы күзде жұмыс сапарымен бұрын өзім еңбек еткен Қима ауданында болып, содан кейін Целиноградқа соқтым. Редакцияға кіріп, Октябрь ағаға сәлем бердім. Ол кісі хал-жағдайымды сұрап қуанып қалды. Кетерде “Қалкөз, телефоныңды қалдырып кет, хабарласып тұрайық” деді. Мен телефонымды қалдырдым.

1993 жылдың ақпан айында маған Атбасардан аудан әкімінің орынбасары Алмас Жұмабеков телефон соқты. Оның әкесі Ғазым Жұмабековпен Қимада бірге қызмет істеген едім. Сырттай естігенім болмаса, Алмасты танымайтынмын. Өзін таныстырған ол бірден сөзбұйдаға салмай ауданда қазақ тілінде газет ашылып жатқанын, соған редакторлыққа шақыратынын айтты. Пәтер береміз, барлық жағдайды жасаймыз деді. Мен ойланайын дедім.

Содан Ақмола облысына іссапар алып, Атбасарға соқтым. Ойым жағдайды көзбен көріп қайту еді. Алмас Жұмабеков мені қуана қарсы алды. Бірден қала әкімі Жылқыбай Сабырлиневке алып барды. Екеуі екі жақтан барлық жадғайды жасаймыз, газетке жан-жақты қолдау көрсетеміз деп уәдені үйіп-төкті. Алдында екіойлы болып келген мен мынаны естігенде бірден келісім бердім. Сөйтіп, 1993 жылдың наурыз айында Атбасар аудандық “Атбасар” газетіне редактор болып келдім.

Алмас Жұмабеков менің телефонымды қайдан алды, редакторлыққа шақыруға кім кеңес берді, оны мен кейін естіп білдім. Аудан әкімінің орынбасары өзі де журналист болып біраз жылдар газетте істеген Алмас Ғазымұлы облыстық газеттің редакторы Октябрь Әлібековке барып, жағдайды айтады және редакторлыққа лайықты адамды қайдан табамыз деп сұрайды. Октябрь Қайырұлы сол арада редактор болып істей алатын жігіт деп менің телефонымды  береді. Осылайша, Октябрь ағаның ұсынысымен мен ойламаған жерден Арқа өңіріне қайта келдім.

Аудандық газетте қызмет істеп жүрген кезімде облыс орталығына барғанда әрдайым редакцияға соғып, Октярь Қайырұлына сәлем беріп шығатынмын. Бірде ол маған “Атбасар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған іргелі аудан, біз аудан туралы көп жаза алмаймыз, меншікті тілші ұстауға қаржы жағдайы мүмкіндік бермейді. Аудан әкімімен сөйлесейін, мүмкін демеуші тауып, жалақы мәселесіне көмектесер, ал сен бізге меншікті тілші болып, аудан хабарларын жазып тұрсайшы” деп ұсыныс жасады. Мен бірден келістім. Сөйтіп,  енді облыстық газетке штаттағы тілші ретінде жаза бастадым. Дегенмен де, Октярь аға 1995 жылы зейнет демалысына шықты да, содан кейін менің тілшілігім тоқтады. Аудан әкімі сөзінде тұрмай, жалақы мәселесін шеше алмады. Бірақ та, соған қарамастан мүмкіндігімше облыстық газетке аудан хабарларын жазып тұрдым.

Октябрь Қайырұлы қабылеті бар жастарға әрдайым қамқорлық жасайтын қамқоршы аға болған еді. Ол ұжымға біраз қабылетті жастарды тартты және бәріне қаморлық жасап, шын мәнінде ұжымның ағасы болды. 1993 жылдың жазында болуы керек, бір жолы Октябрь ағаның кабинетінде отырғанымда ол Марат Дәдікбаевты шақырып алды. “Марат, мынау Қалкөз деген бауырың, Қызылорданыкі, сенің жерлесің. Екеуің бір-біріңе бауыр болып, араласып жүріңдер” деді. Қызылжар өңірінен келіп, бөтен  ортада ұзақ жылдар еңбек еткен ол туған жерінен алыста жүрген біздерді таныстырып, бір-біріне қорған болсын деген ағалық пейілмен осылай жасаған сияқты.

Целиноград кеңес заманында ауылшаруашылығымен бірге өнеркәсіп саласы да қарқынды дамыған іргелі аймақ болатын. Сондай үлкен облыстың облыстық газетін 16 жыл бойы басқару оңай еместігі бұл салада істеген әрбір жанға белгілі жай. Шығармашылық ұжымда бәсекелестік, билікке талас деген өте көп болатын. Оның шет жағасын көзбен көрдік те. Егер басшы әлжуаз, әлсіз болса оның орнынан дәмелілер арыз жазып, ұжымда айтыс-тартыс көбейеді.  Ал басшы мықты болса, оған шамасы жетпейтінін түсінетін билікке құмар жазғыштар амалсыз тыныш жүреді. Октябрь ағаның 16 жыл бойы газетті басқаруы ұжымдағы беделінің жоғарылығын, іскерлік, ұйымдастырушылық қабылет-қарымының молдығын айқын көрсетсе керек.

Іргесін Сәкен Сейфуллин қалаған “Тіршілік” деген атаумен шығып, кейін аймақтық басылым болған, бүгінде “Арқа ажары” аталатын газет ғасырдан астам уақыт жарық көріп келеді. Астаналық облыстың бас газетінің өсіп қалыптасуына, оқырман көңілінен шығар жақсы басылым болуына үлес қосқан басылым басшыларының арасында Октябрь Әлібеков те бар. “Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған” деп ұлы Абай айтқандай, соңында өлмейтін сөзі мен ел есінде сақталар жақсы істері қалған Октябрь Әлібеков тәуелсіз еліміздің тарихынан өзінің лайықты орнын алған жан. Оның ұзақ жылғы еңбегі мен бейнетінің өтеуі де осы болса керек.

Қалкөз Жүсіп. 

spot_img
spot_img
Мәселе
spot_img
Барлық мақалалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз