Мадинаның өлімі – бір отбасының ғана қасіреті емес. Бұл – үй ішіндегі үнсіздік, зорлықты «отбасылық жанжалға» айналдыратын немқұрайдылық және қоғамның отбасы туралы түсінігіне қайта қарауға мәжбүрлейтін ауыр оқиға.
Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина қаза тапты.
Он тоғыз жас…
Бұл – өмірдің аяқталатын емес, енді басталатын шағы.
Бұл – әлі талай арманның алда тұрған кезі.
Бұл – бір әулеттің қызы, бір шаңырақтың келіні, сегіз айлық сәбидің анасы болатын жас.
Енді сол сәби анасының құшағынсыз өседі.
Ал әлеуметтік желіде бұл қасірет «бір Барни үшін болған жанжал» деген тақырыппен тарады.
Осы жерде бір сәт тоқтап, өзімізге қарапайым ғана сұрақ қояйықшы:
Шын мәнінде адам бір тәтті үшін өле ме?
Жоқ.
Мәселе Барниде емес.
Мәселе – сол кішкентай ғана тәттінің ар жағында не тұрғанында.
Барни – себеп емес, көрініп тұрған соңғы нүкте
Мадинаның құрбысына жазған хаттары, оның бұған дейінгі отбасылық жанжалдар туралы айтқаны, күйеуінен күш көргені жөніндегі мәліметтер қоғамды әлдеқайда ауыр сұрақтардың алдына әкеледі.
Қайғылы жағдайға дейін оның ажырасқысы келгені, үйден кетуге дайындалғаны туралы да айтылды.
Бұл деректердің барлығы әзірге тергеу барысында тексерілуі тиіс нұсқалар.
Полиция Мадинаның өліміне қатысты өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Сондықтан соттың орнына үкім шығару – журналистиканың міндеті емес.
Бірақ сұрақ қою – журналистиканың міндеті.
Ал сұрақ көп.
«Отбасылық жанжал» деген сөздің ар жағында не бар?
Біз «отбасылық жанжал» деген сөзді тым жеңіл айтып үйреніп кеткен жоқпыз ба?
«Ерлі-зайыптылардың арасында болады».
«Өздері шешеді».
«Бір отбасының ішкі мәселесі ғой».
«Шаңырақ шайқалмасын».
Осындай сөздердің арасында қанша адамның қорқынышы қалып қойды?
Бәлкім, Мадина да бір кезде көмек сұрағысы келген шығар.
Бәлкім, құрбысына жазған хаттарының әрқайсысы – ешкім естімеген үнсіз дауысы болған шығар.
Бәлкім, «ажырасамын» деген сөзі жай ғана көңіл күй емес, өз өмірін сақтап қалуға жасаған талпынысы шығар.
Біз мұны қазір нақты айта алмаймыз.
Оны тергеу анықтауы керек.
Бірақ бір нәрсені анық айтуға болады:
Отбасындағы зорлықты «жанжал» деп жұмсартып көрсетуге болмайды.
Жанжал – екі адамның пікір қайшылығы.
Ал ұру, қорқыту, қорлау, күш көрсету – зорлық.
Олардың арасына теңдік белгісін қоюға болмайды.
Зорлық бір күнде басталмайды
Зорлық көбіне бір күнде пайда болмайды.
Ол кейде бір ауыз ауыр сөзден басталады.
Бір итеруден.
Бір шапалақтан.
Содан кейін кешірім сұралады.
«Енді қайталамаймын» дейді.
Өмір қайта жалғасады.
Бірақ қорқыныш қалады.
Кейін тағы қайталанады.
Ал сырттағы біреу:
«Ерлі-зайыпты ғой, өздері шешеді», – дейді.
Осылайша зорлық біртіндеп қалыпты құбылысқа айналады.
Ең қауіптісі де – осы.
Қоғам зорлықтың өзін ғана емес, оған дейінгі белгілерді де байқауды үйренуі керек.
Әйелдің «қорқамын» деген сөзіне.
«Үйден кеткім келеді» деген сөзіне.
«Маған қол көтерді» деген шағымына.
«Балалар үшін шыдап жүрмін» деген сөзіне.
Бұлардың ешқайсысын жай ғана отбасылық келіспеушілік деп қабылдауға болмайды.
Сандардың өзі де ойландырады
2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркеліп, 45,7 мың ажырасу болған.
Ажырасу деректерінің 35 пайызы – бірге тұрғанына 1–4 жыл болған отбасыларға тиесілі. Ал 8 пайызы некеге тұрғанына бір жыл толмай жатып ажыраған.
Бұл жай ғана статистика емес. Әр санның артында бір шаңырақ, бір тағдыр, кейде баланың тағдыры тұр.
Ал отбасылық зорлыққа қатысты да деректі бұрмалауға болмайды.
2025 жылы тіркелген 494 адам өлтіру мен 123 адам өлтіруге оқталудың 102-сі ғана отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған. Бұл – шамамен әрбір алтыншы жағдай.
Бірақ статистикаға енбеген зорлықтың бар екенін де ұмытпауымыз керек.
Әсіресе психологиялық және экономикалық қысымның көп бөлігі үнсіз қалады.
Сондықтан сандарды асырып көрсетпейік. Бірақ сандардың ар жағындағы адам тағдырын да ұмытпайық.
Отбасыны сақтау – зорлыққа шыдау емес
Мадинаның тағдыры туралы айтқанда қазіргі қоғамдағы тағы бір құбылысты айналып өте алмаймыз.
Бүгін телеарналар мен әлеуметтік желілерде ажырасқан әйелдің жаңа өмірі, жаңа жетістігі, жаңа таңдауы туралы контент көп.
Мұның өзін біржақты айыптауға болмайды.
Зорлық көрген әйелдің қауіпті қарым-қатынастан кетуі – жеңіліс емес.
Өз өмірін қайта құру – ұят емес.
Ажырасқан адамды кемсіту – дұрыс емес.
Бірақ мәселе басқа жерде.
Біз кейде ажырасқаннан кейінгі жаңа өмірді жетістік ретінде тым көп көрсетіп, отбасының өзін сақтап қалуды жетістік ретінде көрсетуді ұмытып кеткен жоқпыз ба?
Кедей күйеуін тастап, байға тұрмысқа шыққан әйелдің «жаңа өмірін» қызықтағанша, жоқшылықты бірге көтеріп, жылдар өте өз шаңырағын түзей алған ерлі-зайыптының тәжірибесін неге насихаттамасқа?
Байдың мазардай зәулім сарайына тамсанғанша, қарлығаштың ұясындай ғана шағын үйде бақытты өмір сүріп жатқан отбасының берекесін неге үлгі етпеске?
Өйткені үйдің көлемі – бақыттың өлшемі емес.
Байлық – берекенің кепілі емес.
Ал баланың әкесі мен анасының бір дастарқан басында отырып, бір-біріне құрметпен қарауы – кейде миллиондаған теңгеге сатып ала алмайтын байлық.
Бізге отбасының бұзылуын емес, отбасының сақталуын мәдени жетістікке айналдыратын қоғам керек.
Бірақ бұл «қалай болса да шыда» деген сөз емес.
Зорлыққа шыдау – отбасы құндылығы емес.
Әйелді қорқытып ұстап қалу – отбасыны сақтау емес.
Баланы айқай мен жанжалдың ішінде өсіру – толық отбасы деген сөз емес.
Отбасын сақтау – бір-бірін сыйлау.
Қиындықты бірге көтеру.
Бала алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Кешіре білу.
Қателікті мойындау.
Қажет кезде көмек сұрау.
Міне, біз насихаттайтын отбасы осы болуы керек.
Жақсы жігіт қалайша қорқынышты күйеуге айналады?
Қазақта: «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» деген сөз бар.
Бұл – әйелдің мінезін сынайтын ескі түсінік.
Бірақ осы сұрақты ер адамға да қойып көрейік:
«Жігіт кезінде бәрі жақсы, «монстр» күйеу қайдан шықты?
Бір кезде ол да біреудің ерке ұлы еді.
Біреудің анасы мәпелеп өсірді.
Біреудің әкесі «азамат бол» деп тәрбиеледі.
Бір кезде ол сүйген қызының алдында жақсы жігіт болды.
Гүл сыйлады.
Жылы сөз айтты.
Болашақ туралы армандады.
Сол жігіт қалайша бір күні әйелі қорқатын адамға айналды?
Әрине, бұған бір ғана жауап жоқ.
Адамның мінезін тәрбие, орта, достары, өмірлік тәжірибесі қалыптастырады.
Бірақ отбасы да адамды қалыптастыратын үлкен мектеп.
Ерлі-зайыпты бір-біріне әсер етеді.
Бір-бірінің мінезін шыңдайды.
Бір-бірінің жақсы қасиетін де, жаман әдетін де күшейтуі мүмкін.
Сондықтан бір кезде сүйіп қосылған екі адам бір-бірінің қасіретіне айналмауы керек.
Бірақ бұл жерде бір нәрсені анық айту қажет:
Әйел ер адамның зорлық жасауына себепкер емес.
Қандай жағдай болса да, ұруға, қорлауға, қорқытуға ешкімнің қақысы жоқ.
Ертеңгі абырой бүгіннен қалыптасады
Орыстың «Хочешь быть женой генерала – выходи замуж за лейтенанта» деген сөзі бар.
Мағынасы қарапайым: үлкен адам бір күнде үлкен болмайды.
Оның артында жылдар бар.
Еңбегі бар.
Сабыры бар.
Жарының қолдауы бар.
Отбасының берекесі бар.
Бәлкім, осы сөздің қазақша мағынасын былай жеткізуге болатын шығар:
«Еріңнің ертеңгі абыройын бүгіннен бастап бірге қалыптастыр».
Бір кезде сүйіп тұрмысқа шыққан қыздар да осыны ұмытпағаны жөн.
Ер адамды тек табысымен өлшеме.
Көлігімен өлшеме.
Қызметімен өлшеме.
Басқамен салыстырма.
Жұрттың көзінше абыройын төкпе.
Ал ер азаматқа да дәл сондай талап қойылуы керек.
Әйелін қорлама.
Еңбегін бағала.
Оның әлсіз тұсын қару етпе.
Баласының көзінше анасын төмендетпе.
Өйткені отбасы – бір-бірін жеңетін жер емес, бір-бірін өсіретін жер.
Кеше ғана бір-біріне ғашық болған екі жас ертең бір-біріне бөтен болып кетпеуі керек.
Кеше гүл сыйлаған жігіт ертең жұбайын қорқытып жүрмеуі керек.
Кеше «сенсіз өмір сүре алмаймын» деген қыз ертең күйеуінің жанында өзін жалғыз сезінбеуі керек.
Ер адамды да, әйелді де отбасы жалғыз қалыптастырмайды.
Бірақ екеуі бірге таңдаған өмірдің қандай болатынына екеуінің де жауапкершілігі бар.
Сондықтан бізге: «Әйел күйеуін қадірлесін» деген біржақты сөзден гөрі:
«Ерлі-зайыпты бір-бірінің қадірін кетірмесін» деген үлкенірек ұстаным керек.
Экрандағы жанжал да тәрбиелейді
Ал енді телеэкранға қарайық.
Бір кездері «Қалаулым» сияқты бағдарламалар қоғамда көп талқыланды.
Экран алдында бір-біріне дауыс көтерген, тілдескен, ар-намысына тиген, тіпті төбелеске дейін барған жас жігіттер мен қыздарды көрдік.
Өмірді енді танып келе жатқан жастардың миллиондаған адамның алдында бір-бірін қорлауы, шаш жұлуы, айқайлауы қандай тәрбие береді?
Бала экранға қарап отырып нені үйренеді?
Сыйластықты ма?
Сабырды ма?
Әлде кім қатты айқайласа, сол жеңетінін бе?
Бір кездері мұндай жобалардың ақталуы «қаралым бар, рейтинг бар» дегенге келіп тірелетін.
Иә, қаралым болуы мүмкін.
Бірақ телеарнаның міндеті тек қаралым жинау ма?
Егер миллион адам біреудің біреуді қорлағанын көру үшін экранға телмірсе, біз тек сол миллионның санын өлшеуіміз керек пе?
Әлде сол миллион адамның алдында қандай жауапкершілік бар екенін де ойлауымыз керек пе?
Рейтинг – сапаның өлшемі емес.
Кейде ең көп қаралған дүние ең пайдалы дүние болмайды.
Кейде арзан эмоция, жанжал, адамның жеке басын жария талқылау сапалы контенттен де көп қаралым жинайды.
Бірақ теледидардың ерекшелігі – ол үйге кіріп келеді.
Анасы ас дайындап жүргенде бала көреді.
Әкесі жұмыста жүргенде жасөспірім қарайды.
Жас қыз жалғыз отырып көреді.
Жас жігіт достарымен бірге көреді.
Сөйтіп, экрандағы мінез-құлық біртіндеп қалыпты нәрсеге айналады.
Экран тәрбиелейді.
Оны жоққа шығару – өзімізді алдау.
Сондықтан біз нені насихаттайтынымызды қайта ойлауымыз керек.
Ажырасқан адамның жетістігін ғана емес, ажыраспай, қиындықты бірге жеңген отбасының жетістігін көрсетуіміз керек.
Кедей күйеуін тастап, байға тұрмысқа шыққан әйелдің «жаңа өмірін» емес, жоқшылықта да шаңырағын шайқалтпай, күйеуімен бірге еңбек етіп, балаларын өсірген әйелдің тәжірибесін көрсетуіміз керек.
Зәулім үйді емес, ішінде бала күлкісі естілетін шағын үйді мақтан тұтуымыз керек.
Жарқыраған интерьерді емес, бір-біріне деген құрметті көрсетуіміз керек.
Тек жеке адамның табысын емес, отбасының ортақ жеңісін де жетістік деп тануымыз керек.
Отбасы саясаты ұранмен шектелмеуі керек
Тіпті мемлекеттік саясаттың өзінде отбасыны қолдайтын тетіктер күшейтілуі тиіс.
Грант болсын, баспана болсын, әлеуметтік жоба болсын – отбасының тұрақтылығын арттыратын нақты қолдау шаралары қарастырылуы керек.
Бірақ мұнда бір нәрсені ешқашан ұмытпауымыз қажет:
Бала ата-анасының таңдауы үшін жауап бермейді.
Әкесі мен анасы ажырасты екен деп баланы гранттан, баспанадан, білім мүмкіндігінен айыруға болмайды.
Бұл әділетсіздік болар еді.
Бірақ ата-ана баласының келешегі үшін жауапты.
Сондықтан мемлекеттің міндеті – ажырасқан отбасын жазалау емес, баланың құқығын қорғау және отбасының берік болуына жағдай жасау.
Жас отбасыларға баспана.
Ата-аналарға психологиялық және құқықтық көмек.
Жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүруге мүмкіндік.
Әкенің бала тәрбиесіне араласуын ынталандыру.
Отбасындағы дағдарысты ажырасуға жеткізбей шешуге көмектесетін қолжетімді қызмет.
Міне, отбасы институтын күшейтетін саясат осындай болуы керек.
Өйткені отбасыны қағаздағы мәртебе емес, жауапкершілік сақтайды.
Бір шаңырақтың астында тұрып, бір-біріне бөтен адамдардың бірге жүргені де жетістік емес.
Нағыз жетістік – баланың үйіне асығып қайтатын әкесі.
Анасының жанында өзін қауіпсіз сезінетін бала.
Бір-бірінің еңбегін бағалайтын ерлі-зайыпты.
Қиындық келгенде екі жаққа қашпай, бір-бірінің қолынан ұстайтын отбасы.
Мадинаның ісінде басты сұрақ – шындық
Мадинаның өліміне қатысты тергеу соңына дейін баруы керек.
Оқиғаның алдындағы күндер зерттелуі тиіс.
Оның хаттары, бейнежазбалары, телефондағы деректері, медициналық сараптамалар, куәгерлердің сөздері – бәрі жан-жақты тексерілуі қажет.
Бұл біреуді алдын ала кінәлау үшін емес.
Шындықты анықтау үшін керек.
Егер оған қысым көрсетілген болса – ол анықталуы керек.
Егер зорлық белгілері болған болса – әрбір эпизод назардан тыс қалмауы тиіс.
Егер қайғылы жағдайға басқа себептер жеткізсе – оның бәрі де ашық айтылуы керек.
Өйткені кейде бір адамның өлімі – оған дейін жасалған ондаған үнсіз қателіктің соңғы нүктесі.
Оның артында сегіз айлық сәби қалды
Мадина енді сөйлей алмайды.
Бірақ оның жазған сөздері сөйлейді.
Оның жиналған заттары сөйлейді.
Оның артында қалған сегіз айлық сәбиі сөйлейді.
Ал біз тыңдай аламыз ба?
Мәселе осында.
Мадинаның өлімін әлеуметтік желідегі бірнеше күндік дауға айналдырып жіберу оңай.
Бір аптадан кейін басқа жаңалық шығады.
Басқа видео тарайды.
Басқа адамның тағдыры талқыланады.
Ал Мадинаның баласы өсіп келе жатады.
Ол ертең: «Менің анам қайда?» деп сұрайды.
Оған біреу жауап береді.
Сол жауаптың ішінде біздің бүгінгі қоғамның адамгершілігі де тұрады.
Бізге қандай сұрақ қалды?
Мадинаның тағдырына қарап отырып, өзімізге бірнеше сұрақ қоюымыз керек.
Неге жас әйел үйінен кеткісі келді?
Неге ол көмек іздеді?
Неге оның қорқынышы дер кезінде байқалмады?
Неге әйелдің «мен қорқамын» деген сөзі кейде «отбасылық мәселе» ретінде қабылданады?
Неге біз отбасы туралы айтқанда не «шыда» дейміз, не «кет те қал» дейміз?
Неге осы екі сөздің ортасында тұратын сабыр, жауапкершілік, құрмет және кәсіби көмек туралы аз айтамыз?
Және ең бастысы:
Мадинаны сақтап қалуға болатын еді ме?
Бұл сұраққа жауап табу – оның артында қалған сәби үшін де, ертең осындай жағдайға тап болуы мүмкін басқа әйелдер үшін де маңызды.
Бір «Барнидің» ар жағында не бар?
Бір «Барни» үшін адам өлмейді.
Бір тәтті – адамның өмірін қиюға себеп емес.
Бірақ сол кішкентай тәттінің ар жағында біз көрмеген үлкен жара, айтылмаған сөз, жиналған өкпе, жасырын қорқыныш жатқан болуы мүмкін.
Сондықтан Мадинаның өлімін «бір Барнидің дауы» деп есте қалдыру – оның тағдырын тым арзанға түсіру.
Бұл – бір тәтті туралы әңгіме емес.
Бұл – адамның қадірі туралы әңгіме.
Бұл – отбасыдағы жауапкершілік туралы әңгіме.
Бұл – баланың тағдыры туралы әңгіме.
Бұл – біз экраннан балаға нені көрсетіп отырғанымыз туралы әңгіме.
Мадинаға енді өмірді қайтара алмаймыз.
Бірақ оның тағдырынан сабақ алуға болады.
Біреудің қызын.
Біреудің қарындасын.
Біреудің келінін.
Біреудің анасын.
Біреудің баласының анасын.
Сақтап қалуға болады.
Ол үшін бізге жаңа бір нәрсе керек емес шығар.
Бәлкім, бұрыннан бар ең қарапайым құндылықтарды қайта бағалау керек шығар.
Сабырды.
Сыйластықты.
Жауапкершілікті.
Отбасының қадірін.
Өйткені кейде қоғамға үлкен үй емес, үлкен жүрек керек.
Кейде балаға қымбат ойыншық емес, әкесінің мейірімі мен анасының құшағы керек.
Кейде елге жаңа бір «тренд» емес, шаңырақты шайқалтпай ұстап тұрған қарапайым адамдардың үнсіз ерлігі керек.
Ал біз сол үнсіз ерлікті де жетістік деп тани білсек екен.
Барнидің емес.
Адам тағдырының түбіне дейін барсақ екен.
Аслан Оспанов, журналист








