Басты бетАрнайы жобаЕңбек пен келісім: Бірлік ауылындағы берекелі өмір

Еңбек пен келісім: Бірлік ауылындағы берекелі өмір

Сондай-ақ, оқыңыз...

Көкшенің көгілдір белестерімен астасып жатқан Сандықтау ауданындағы Бірлік селолық округіне жолыңыз түссе, ең әуелі көзге түсетіні – тыныштық пен тіршіліктің табиғи үйлесімі. Бұл өңірге қарасты Красная поляна, Петриковка, Арбузинка ауылдары сырттай қарағанда қатардағы елді мекендер сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, олардың ішкі болмысы – татулықтың тұнығы, еңбектің үлгісі, адамгершіліктің айнасы.

Бұл ауылдардың тыныс-тіршілігі «СХП 1-мая» ЖШС директоры Магомед Абуевтің есімімен тығыз байланысты. Оның басшылығымен шаруашылық тек егін егіп, мал өсірумен ғана шектелмей, ауылдың әлеуметтік дамуына да серпін беріп отыр. Ел іргесінің бекемдігі – тек экономикада емес, адамдар арасындағы сенім мен сыйластықта екенін терең түсінген азамат ауылға спорт залын, бөбекжай салып беріп, келешек ұрпақтың қамын бүгіннен ойлаған.

Мектеп – ауылдың жүрегі. Өткен жылдары білім ордасына облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал сол игілікті істің бастауында тұрған жобалық-сметалық құжаттарға қажетті қаржыны шаруашылық өз мойнына алғаны – елге деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Бұл – нағыз азаматтық жауапкершілік.

Үш ауылды жалғап тұрған көпір – тек инженерлік нысан ғана емес, адамдарды жақындастыратын символ іспетті. Оны ауыл тұрғындары асарлатып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тұрғызды. Ал Магомед Абуев бұл іске демеушілік жасап, игілікті бастаманың ұйытқысына айналды. Мұндайда «көптің күші – бірлікте» деген сөздің шынайы мәні ашылады.

Бірлік ауылында 1150-ге жуық адам тұрады. Оның басым бөлігі – шешен этносының өкілдері. Сонымен қатар, орыс пен неміс ұлттарының өкілдері де осы топырақта тамыр жайған. Түрі бөлек болғанымен, тілегі ортақ, жүрегі бір бұл жандардың өмір салты – татулықтың үлгісі. Мұнда ұлтқа қарап бөліну жоқ, керісінше, бір-біріне сүйеніш болу бар.

Ауылда ақсақалдар кеңесінің орны ерекше. Сол ақылман ортаның бел ортасында ұзақ жылдар бойы осы селолық округтің әкімі болған, бүгінде мектепте ұстаздық етіп жүрген Аңсар Ибаев сынды азаматтардың орны айрықша. Ол – бір ауылдың идеологиясын бір облыстың идеологиясындай ұстай білген тұлға. Басшылық қызметте жүріп те, бүгінгі ұстаздық жолында да ол жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен патриотизмнің дәнін сеуіп келеді.

Өз сөзінде Аңсар Ибаев: «Ауылдың болашағы – оның бірлігінде. Біз балаларға тек білім беріп қана қоймай, олардың жүрегіне туған жерге деген сүйіспеншілікті, елге деген жауапкершілікті сіңіруіміз керек. Бірлігі бар елдің тірлігі де берекелі болады», – дейді. Бұл сөздер ауыл өмірінің басты ұстанымына айналғандай.

Аңсар Ибаевтың еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ қоғамның іргесін бекітетін рухани тірек. Ол үшін ауыл – жай ғана мекен емес, тәрбие алаңы, ұлттың болашағы қалыптасатын қасиетті орта. Сондықтан да бұл ауылдағы татулық пен тәртіп, өзара құрмет пен жауапкершілік – осындай азаматтардың табанды еңбегінің жемісі.

Ең таңғаларлығы – мектеп оқушыларының барлығы дерлік қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бұл – тіл арқылы жүрекке жол табудың жарқын мысалы. Әртүрлі этнос өкілдерінің ортақ тілде сөйлесуі – бірліктің ең биік көрінісі. Бұл жерде қазақ тілі тек қатынас құралы емес, достықтың дәнекері, рухани тұтастықтың өзегі.

Тағы бір ерекше көрініс – мектептегі үзіліс сәттері. Қоңырау соғылып, балалар дәлізге шыққанда, мектеп ішін Құрманғазы Сағырбайұлы күйлері әуелете толтырады. Домбыраның күмбірі қабырғалардан жаңғырып, жас жүректерге ұлттық рухты үнсіз сіңіріп жатқандай. Бұл – тәрбие сөзбен ғана емес, әуенмен, сезіммен берілетінінің жарқын дәлелі.

Бұл ауылдың тағы бір айрықша қыры – мұнда жұмыссыздық деген ұғым атымен жоқ. Таңнан кешке дейін тіршілік қайнап жатады: бірі егін алқабында, бірі мал басында, енді бірі шаруашылықтың өзге де саласында еңбек етіп жүр. Көшеде бейсауат сенделіп жүрген жанды көрмейсіз. Әркім өз орнын тапқан, әркім өз ісіне жауапты. Еңбек – бұл жерде тек күнкөрістің қамы емес, өмір сүрудің мәніне айналған.

Красная поляна облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып арақ пен темекіні сатуға және тұтынуға жергілікті деңгейде қоғамдық тыйым енгізген елді мекендердің қатарына жатады.

Ауылға аяқ басқан сәттен-ақ ерекше бір жылылықты сезінесіз. Мектеп табалдырығын аттай қалсаңыз, үлкені де, кішісі де «Сәлеметсіз бе?» деп ізетпен қарсы алады. Бұл – жай ғана әдет емес, санасына сіңген мәдениет, тәрбиенің терең тамыры. Осындай кішіпейілділік пен адамға деген құрметті кейде қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының өзінен де сирек кездестіретініңіз жасырын емес.

Бірлік – бұл ауылдың бүгінгі ғана емес, ертеңгі де айдары болғалы тұр. Жақында ғана Красная поляна ауылының тұрғындары бір ауыздан елді мекеннің атауын «Бірлік» деп өзгерту жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл – жай ғана атау алмастыру емес, уақыт сүзгісінен өткен өмір салтын, қалыптасқан қоғамдық келісім мен рухани тұтастықты айшықтайтын тарихи шешім.

Өйткені бұл ауылда бірлік – қағаздағы ұғым емес, күнделікті тіршіліктің өзегіне айналған шынайы құндылық. Мұнда атау алдымен санадан емес, жүректен туды. Соның айқын белгісіндей, Магомед Абуевтің бастамасымен ауылдың ең көрнекі тұсына «Мен сені сүйемін, Бірлік» деген жазу орнатылды. Тайға таңба басқандай көрінетін бұл сөздер – жай сәндік белгі емес, тұтас ауылдың жүрекжарды сезімінің көрінісі.

Бұл жазу – әр тұрғынның туған жерге деген ықыласының, өзара сыйластығының, ортақ шаңырақ астындағы татулығының белгісі. Сондықтан да ауыл атауын «Бірлік» деп өзгерту туралы ұсыныстың көптің көңілінен шығуы заңды. Бұл – сырттан таңылған атау емес, халықтың өз жүрегінен шыққан шынайы сөз.

Еш күмән жоқ, бұл бастама жақын күндері нақты шешімін табады. Өйткені Бірлік – бұл тек атау емес. Бұл – ортақ тағдыр, ортақ еңбек, ортақ сенім. Бірлік – бұл ауылдың кешегісі мен бүгіні ғана емес, болашаққа бастар айқын бағыты.

Автор Аслан Оспанов

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз