Басты бетКөзқарасАқпарат кеңістігімізді қорғамау – ел қауіпсіздігіне қатер

Ақпарат кеңістігімізді қорғамау – ел қауіпсіздігіне қатер

Сондай-ақ, оқыңыз...

«Ақпарат ғасыры» атанған 21-ші ғасырда ақпараттың атқаратын рөлі арта түсіп отырғанын көріп, куәсі болып жүрміз. «Ақпаратты билеген – әлемді билейді» дейді. Осы орайда, ақпарат кеңістігін қорғау мемлекеттік маңызы бар мәселе екендігі айтпаса да түсінікті. Өкініштісі сол, осындай еліміздің қауіпсіздігі үшін аса маңызды салаға мемлекеттік деңгейде жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеуі алаңдатады.

Жасыратыны жоқ, еліміздің ақпарат кеңістігінде Ресей ақпарат құралдарының алатын орны ауқымды. Рас, атқарушы билік тарапынан оқта-текте ресейлік ақпарат арналарының хабар таратуын шектеу туралы шаралар қолданылған болады. Бірақ та, жалпы алғанда ресейлік ақпарат еліміздің аумағында емін-еркін таралуда және оны тұтынатындар саны да молшылық. Ресейлік пропоганданы санасына сіңірген сепаратистік пиғылдағы пікірлерін ашық айтып, ақпарат таратып жатқан жекелеген азаматтардың сотталып жатқандары да бар. Дегенмен, соған қарамастан ондайлардың қатары азаяр емес. Өйткені ресейлік ақпарат кедергісіз еліміздің бар аумағына таралып жатыр.

Қазір әлем назары Ирандағы жағдайға ауған. Израил мен АҚШ қарулы операциясын бастағалы бері қазақ қауымы екіге жарылып, ақпарат алаңдарында қырықпышақ шайқас жүріп жатыр. Анда-санда әлеуметтік желілерге кіре қалсам, Иранға қатысты ой-пікірлерін баннерге салып айқайлатып беріп қойғандарды көзім шалады. Жауыз Израил мен АҚШ-ты  ирандықтар жер жастандырды, сыбағасын берді, ирандықтар отансүйгіштіктің керемет үлгісін көрсетуде, т.б. осындай сөздер жазылған баннерлердің астында жауыз қорқау АҚШ тарапынан шапқыншылыққа ұшыраған ирандық мұсылман қауымын қолдап, Израил мен АҚШ-ты балағаттап жазған пікірлер өріп жүреді. Сондай баннердің біріне шыдай алмай «Ирандықтар отанын қорғап жатыр ма, жоқ молдалар билеген билік режимін қорғап жатыр ма» деген мазмұнда пікір жаза қалып едім, Құдай салмасын әлгілер лап қойып, жан-жақтан жауша талады. Көпшілігі әдептен жұрдай «сен» деп келетін дөрекі пікірлер. Иран құласа бұлар ертең бізге келеді дейді біреу. Ертең еліңді Америка шауып, қыз-келініңді зорлап, қорлап жатса, сонда көресің олардың қандай екенін депті екіншісі.

Менің мамандығым тарихшы. Сондықтан, бұл саланы біршама жетік білемін деп айта аламын. Англияның бодандығынан босап, тәуелсіз ел болған төрт ғасырға жуық уақыт ішінде АҚШ бірде бір елдің аумағын қарудың күшімен басып алмапты. Әу баста сауда-саттыққа ден қойған капитал билеген бұл мемлекет жер аумағын үнемі өзге елдерден жер сатып алумен кеңейткен. 1824 жылы Ресейден аумағы үлкен бір мемлекетке тең келетін Альяска түбегін 100 млн долларға сатып алады. Калифорния штаты да Ресейдің жері болған екен. Ашкөз орыстар сол Калифорнияға дейін барып, қоныстанып құнарлы жерді иемденіп алған. АҚШ тағы да милиондаған доллар ақшасын жұмсап Калифорнияны да Ресейден сатып алады. Мексикадан, Канададан көп жерлер сатып алынады.

Тағы бір тарихи факт: АҚШ біраз елдермен соғысқан, дегенмен де сол елдердің бірде бірінің жерін тартып алып, отарламаған. Ветнаммен қанша жыл соғысты, одан кейін Ауғанстандағы соғыс, Ирак, Сириядағы, Югославиядағы қарулы қақтығыстар – бәріне АҚШ жауынгерлері қатысып, қырауар қаржысын шығындады, адамдарынан айралды. Бірақ сол елдердің бірде біріне АҚШ өз әскери базасын орнықтырып, сол аумақты отарлап бақылауына алған жоқ. Әскерлерін соғыс біткен соң сол елдің аумағынан шығарып алып кетті.

Ал енді интернетте АҚШ-ты жауыз, қорқау, өзгелерге шапқыншылық жасап, басып алатын, қыз-келіншектерін зорлап, еркектерін қойша бауыздайтын қанышер мемлекет деп балағаттайтындар ондай ақпаратты қайдан алуда? Таяуда әлеуметтік желіде жоғары білімді, біраз жыл республикалық белді басылымда қызмет істеген көкірек көзі ашық азаматпен аздап пікірталастырып қалдық. Ол ресейшіл бағытты ұстанады екен, мен оған қарсы пікір жазғанмын. Содан мені жерден алып, жерге салып, ертең Америка қазақ еліне басып кірсе, қыздарыңды қорласа, сонда көресің көрешекті дейді. Ау, Америка қайда, біреу қайда? Олар Қазақстанды басып аламыз, жерін тартып аламыз деп жатқан жоқ. Рас, ақшаларын салып, жер асты байлығымызды пайдаланып жатыр. Жалғыз АҚШ емес, Қытай, Ресей, Түркия да еліміздің байлығын пайдаланып жатқан жоқ па. Әлгі азамат өз бауырлары украйндардың жерін шырылдатып тартып алып, жазықсыз жандарын қырып жатқан, Грузияның біраз жерін тартып алған, Молдованың орыс қоныстанған Днестр жағалауын бақылауына алған Ресей туралы ләм деп ауыз ашпайды. Ресейлік бірқатар саясаткерлердің еліміздің солтүстік аймақтарын ресейдің атақонысы, оны қайтарып аламыз деп ашықтан ашық қоқан-лоққы жасауларына да мән бермейді. Жерімізде шаруасы жоқ, сауда байланысын ғана жасап жатқан АҚШ-қа сонша шүйлігіп, кіжінеді келіп.

Әлгі азаматтың пікірлерін оқып отырып, шынайы өмір шындығынан қаншалықты аулақ кеткендігін, санасын түгел ресейлік пропогандамен улап алғандығын көріп, жаным шошыды. Бұндайлар ертең егер Ресей тарапынан елімізге қарулы басқыншылық жасала қалса, ашықтан ашық соларды жақтап шықпасына кім кепіл. Анау Азамат Байділдаев деген Ақжол партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты 2022 жылы «сатқын Зеленскии жеңіліп, сотталады» деген еді. Өз елін, жерін басқыншылардан қорғап жатқан Украинаның президентінің неге сатқын болатынын Байділдпаевтан басқа жұрт түсінбеді. Ресей пропогандасымен санасы уланғандардың түсінігі ақыл-есі дұрыс жандардың түсінігіне мүлдем қайшы келіп жатады.

Тағы да Ирандағы жағдайға қайта оралайық. Иранды жазықсыз жәбір көруші ел деп, қарулы операция бастағаны үшін АҚШ пен Израйлді басқыншы, жауыз деп лағынеттіп жатқандар мұсылман араб елдерінің АҚШ-ты жақтап отырғанына, еліміздің президенті, кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ пен Израйлді қолдайтынын ашық білдіргеніне еш мән бермейді. Ауыздары көпіріп, түкіріктері шашырап, күндіз-түні зарлайтын Соловьев, Скабеева, Симонян сияқты ресейлік журналистердің таратқан ақпараттарын көздерін жұмып ұйып тыңдайтындар еліміздің ұстанып отырған сыртқы саясатына да, әділдіктің қай жақта екендігіне де назар аудармайды. Саналарын ресейлік пропогандамен улап, мәңгүрттендер сол ұстанымдарын басқаларға тықпалап әуре.

Иранда тұратын орыстілді бір азаматтың шыдай алмай елдегі жағдайды түсінбей, сыртта отырып алып, халқын кенеше сорған дінбасылардың режимін жақтайтындарды ашына айыптаған видеосы таралды. АҚШ операциясын бастағанда бір топ ирандықтардың Ақ үйдің алдында қолдарына плакат ұстап, Американың саясатын қолдайтындықтарын айтқан видеолары интернетте жүр. Биылғы жылдың қаңтарында ғана Иранда милиондаған халық билікке наразылық шеруіне шығып, отыздан астам мешітті өртеп жібергені, билік қарулы күшпен халық қозғалысын аяусыз басқаны ғаламтор арқылы әлемге таралды. Бірақ та, санасын ресей пропогандасымен улағандар ондай ұсақ-түйекке тіпті, мән бермейді екен. Олар үшін ең маңыздысы қорқау, жауыз, қанышер, басқыншы АҚШ пен Батыс елдері тарапынан жасалып жатқан зорлық-зомбылық пен қиянаттар көрінеді. Қандай елдерге, қандай қиянат жасалды, ол жайын ойлап тағы да бастарын ауыртпайды.

Осы жайлардан не түюге болады? Егер ақпарат алаңымызды өзге елдердің ақпаратынан қорғай алмасақ, онда еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіреміз. Санасы уланып, мәңгүрттенген адамдар сөзге түсінбейді, олар тіпті, ертең қолдарына қару алып, өз еліне қарсы күресуі мүмкін. Бұл жағдайды Украйна тәжірибесінен анық көріп отырмыз. Реседің ақпаратымен санасын улаған Луганск, Донецк аймақтарының азаматтары бұрыңғы өз отандарына қарсы қару алып шайқасып жатыр. Қазақстанда туып өскен, еліміздің азаматтарының арасында егер Ресей басқыншылық жасай қалса, соларды жақтайтынын, тіпті қолдарына қару алып Қазақстанға қарсы күресетінін ашық мәлімдеген сепаратистік пиғылдағы адамдардың болуы ақпарат майданының қаншалықты қуаттылығын айғақтайды.

ТМД елдерінің көбі бүгінде Ресейлік ақпаратқа өз елдерінің аумағында толықтай тосқауыл қойды. Бізде де сондай пәрменді шаралар қолға алынуы керек. Адамдардың санасын улап, қоғамымызды түрлі жікке бөліп жатқан қатерлі ақпарат ағынын қазір тоқтатпасақ, ертең үлкен залалы тиетіні даусыз.

 

Қалкөз Жүсіп.

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз