15.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАдамдар неге азғындап барады?..

Адамдар неге азғындап барады?..

Сондай-ақ, оқыңыз...

Азғындық деген барлық ұлтта, халықта бар және ерте заманнан адамзатпен бірге жасап келе жатқан құбылыс. Дегенмен де, сондай азғындық кейбір халықтарда көп, енді бірінде аз, тіпті жоқтың қасы деп айтуға болатын деңгейде. Үлкенді сыйлап, ата-анасына Құдайдай құрмет көрсететін, әйел баласын қастерлейтін қазақ соңғы кезде көз көріп, құлақ естімеген небір сұмдық азғындықтарды жасайтын болды.

Әкесін сабап, анасын зорлаған

Өткен аптада әлеуметтік желілерде Түркістан облысының бір тұрғынының әкесін сабағаны туралы видео жұртшылықтың үлкен пікірін туғызды. Өз аяғымен жүре алмайтын кәрі кемтар әкесін көгала қойдай етіп қорлап сабағаны аздай, әлгі  жігіт оны шешесінен сықпыртып боқтап жатыр. Әкесінің шешесі өзіне әже болатынын туған әкесіне қол көтерген санасыз пенде мүлде сезбейтін болса керек.

Туған әкесін сабаған әлгі жігіттің оқиғасы жұртшылық тарапынан қатты ашу-ыза туғызып, оны жедел жауапқа тарту қажет деген пікірлер көп айтылды. Жұртшылықтың осындай пікірі себеп болды ма, көп ұзамай әкесін сабаған жігіттің қамауға алынғаны, үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат таралды.

«Тәшкенде бір жездем бар, меннен де өткен сорақы» дегендей, әкесін сабаған жігіт туралы ақпаратқа ашуланып жүрген жұртты туған анасын зорлаған жігіт жайындағы ақпарат есеңгіретіп тастағандай болды. Арақтан аузы құрғамайтын маскүнем немесе есірткіге елігіп есеңгіреген нашақор болар дегеніміз бекер екен, осындай естір құлаққа ерсі қылмысты жасаған арсыз ақыл-есі бүтін жап-жас жігіт болып шықты. Ақ сүтін беріп өсірген туған баласынан  зорлық көрген әйел құқық органдарына шағымданып, содан әлгі жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Шынын айтқанда, қазақтардың арасында жасалып жатқан көз көріп, құлақ естімеген неше түрлі қылмыстар жайында тыңдай-тыңдай құлағымыз  үйреніп алғандай. Адамдардың көбі ондайға бүгінде онша қатты таңырқамайтын болды. Туған әкесінің қызын зорлап, жүкті қылып қойғаны, анасының өзегін жарып шыққан сәбиін көкала қойдай етіп сабап, өлтіре жаздағаны, бес-алты жастағы сәбиді, қартайған өлмелі кемпірді  зорлау сияқты оқиғалар үнемі болып тұрады. Тіпті, сегізінші сыныпта оқитын ер баласын бір жылдан бері зорлап келген мектеп директоры болып істейтін пенденің сотталғаны туралы да естідік.

Осылайша қазақ азғындықтан әлемде ең алдыңғы орындардың бірінен көрініп, жаман атын жалпақ әлемге жайды. Өз қандастарымыздың қолымен жасалған сондай азғын жаман әрекеттерге бүгінде әбден етіміз өліп кеткендей. Рас, әлеуметтік желілерде сондай азғындықты жасаған арсыздарды аяусыз жазалау керек деп айтып, жазып жатамыз, бірақ та қазақтың жылдан жылға неге сонша азып бара жатқаны, оның себебі мен жоюдың амалдары жайында   жанын ауыртып жүрген адам жоқ. Ақпарат құралдарында, одан қалды әлеуметтік желілерде айтылып жүрген жеке адамдардың пікірлері осылай деуге негіз береді және де сондай азғындықтардың жыл санап көебйіп бара жатқаны алаңдатады.

Дүниеге келтірген, асырап өсіріп ержеткізген әкесін сабап қорлау, ақ сүтін беріп мәпелеп өсірген анасын зорлау – бұл енді АЗҒЫНДЫҚТЫҢ ЕҢ БИІК ШЕГІ десе болар. Одан әрі жылжитын жер де жоқ. Хайуандардың арасында есек сияқты топас мақұлықтары ғана анасына артылады. Жылқы, сиыр сияқты түліктер  анасына аяқ артпайды. Сонда біздің қазіргі деңгейіміз есектің дәрежесіне жетіп қалғандай болып тұр ғой.

“Абай жолы” романында  аға сұлтан Құнанбай қажы өз келінімен зина жасады деп Қодар мен келінін түйеге асып өлтіртетіні бар. Атасының келінімен зина жасауы сияқты азғындық қазақта өткен ғасырда да болған,  дегенмен, бұндай оқиға өте сирек кездесетін және барша қоғам айыптайтын жай болған еді. Келінімен жақындасты деп айыпталған Қодарды өлім жазасына кесу де осыны аңғартса керек. Қыздың оң жақта отырып, аяғының ауыр болып қалатын жағдайлары да сирек кездесетін құбылыс болатын. Осыған қарап, ертедегі қазақ қоғамында азғындық болды десек те, ол өте сирек кездесетін және барша жұртшылық айыптайтын жағдай болды деу керек.

Кеңес заманында да сондай азғындықтар болды, бірақ қазіргідей белең алған жағдайда емес еді. Соңғы жылдарда елімізде көз көріп, құлақ естімеген неше түрлі азғындықтар көбейіп кетті. Тіпті, сондайларды ести-ести құлағымыз да үйреніп алды.

Қазақтың жауы — той

Белең алып бара жатқан  арсыздықтардың түпкі себебі неде, дегенге келсек, ең алдымен ауызға той ілігеді. “Той дегенде қу бас домалайды” деп тойға ертеден құмар болған қазақ соңғы кезде қит етсе той жасайтын өте тойшыл халық болып алды. Үйлену, қыз ұзату тойын былай қойып, мерейтойлар, мектеп бітірудің мерейлі жылдарын атап өту, баласы немесе немересінің тұсауын кесуінен бастап, мектепке бару, мектепті бітіру тойлары, отбасылық өмірдің мерейлі даталарын атап өту, т.б. толып жатқан тойлар бар. Өлген адамның асы да қазір тойдан кем өтпейтін болды. Осылайша қазақ қоғамы тойшыл қоғамға айналды.

“Адамдарды  топастандырып, құлдыққа салғың келсе жеңіл музыканы күндіз-түні тыңдатып, селкілдетіп билетіп қой” деп Гитлер айтқан екен деген сөз бар. Тойшылдық қазақтарды топастандырып, ақыл-естен, ар-ұяттан айыруда. Құлқындарын ақша тескен асабалар адамдарды небір азғындықтарға итермелейтін тәсілдерді ойлап табады. Тойда түрсігімен билеген жігіттерді көрдік, әйелдің бұтына қыстырған баклашканы бұтының арасына қысып суырып алмақ болған еркектің әйелге жанасып изеңдегенін де көрдік, жас қазақ қыздардың  жата қалып, жыныс мүшесін еденге үйкелеп ыңырсығандарын да естідік, шалдардың сақалдары желпілдеп, кемпірлердің жаулықтарын жалпылдатып секектеп билегендерін де көрдік. Тойларда осылайша адамдар ақыл-естен айрылып, небір ерсі әрекеттер жасауды әдетке айналдырды.

Қазіргідей нарық билеген қиын заманда қарызданып кредит алып той жасайтын қазақ қарызға белшеден батып қаржылық жағдайын қиындатуы аздай, сол тойлар арқылы қоғамды аздырып жатқандарын сезбейді. Тойларда жасалатын жоғарыда айтылғандай арсыздықтар адамдарды аздыруда. Осы жайларға қарап, қазақтың қазіргі ең қатерлі жауы — той деп айтуға әбден негіз бар. Іргелес қырғыз, өзбек елдері асып-тасқан тойларды жасауға тиым салатын арнайы заң қабылдады. Бізге де сондай заң аса қажет. Өйткені, қазір қалыптасқан ақыл-естен айрылған халықты тойдан тыюдың жалғыз жолы —  тойды шектеуге мәжбүрлейтін заң болып тұр.

Тілі жоқ халық — балық

Ертеде Парламенттің бірі отырысында тілді талқылап жатқанда Шерхан Мұртаза ағамыз “Тілі жоқ халық — балық” деген еді. Қазір қазақтың арасында ана тілін білмейтін “балықтар” көбейді. Көп қазақтар балаларын орыс мектептеріне беруде. Өздері де, балалары да қазақ тілінен, ұлттық дәстүрінен аулақ өскен сондай адамдардың қатары көбейіп барады. Жоғарыда айтылған азғындықтың бір себебі де сол ана тілі мен атадәстүрден алыстауда жатқаны анық.

Қазақ тілінде білім алған балалар мен орыс мектептерін бітірген балалардың арасында ат пен түйедей үлкен айырма бар. Қазақ тілінде оқыған бала біршама сыпайы, үлкенді сыйлайтын  кішіпейіл болып келеді. Қыздар ар-ұяттарын сақтайтын ибалы болып өседі. Дегенмен де, ауылдан қазақ мектебін бітіріп, бойына қазақтың ұлттық дәстүрінің жақсы қасиеттерін жинаған ұл-қыздарымыз қалаға келіп, орыстілді ортаға түскен соң-ақ әп-сәтте іркіттей бұзылып сала береді.

Жоғарыда айтылған азғындықтардың бәрі де ауылда емес, үлкен қалаларда жасалып жатқанына назар аударсақ, оның негізгі себебінің ертеден санаға сіңген ана тіліміз бен атадәстүріміз арқылы берілетін ибалы жақсы қасиеттердің жоғалуынан десек, қателеспейміз. Бізде қазір ұлттық дәстүрді ұлықтайтын мемлекеттік идеология жоқ. Ұлттық құндылықтарымыздан аулақтап, өзгелерге еліктейміз деп жастарымыздың азып-тозып бара жатуының бір себебі осында екені даусыз.

Дін имандылыққа ұйытатын құрал болудан қалды

Қазақстан діни басқармасының мәліметіне сенсек, қазір елімізде үш мыңға жуық мешіт және 3 млн-дай намазхан бар. Жұма намаздарына келген адамдар мешітке симай далада тұрып намаз оқиды. Мешітке баратындардың арасында жастардың үлесі өте жоғары. Осыған қарап, жастар дінге бой ұрып жатыр, ал дін адамдарды имандылыққа ұйытады деп қуануға болар еді. Бірақ та, жағдай басқаша болып тұр.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Ринат Зайытов еліміздегі алаяқтық қылмыстарды жасайтындардың 80 пайызы намазхандар дегенді айтты. Бұл айыптау ойдан шығарылған жала емес, шындық солай. Намазын оқып, оразасын ұстай жүріп ар ұялар жаман әрекеттер жасайтын, тіпті қылмысқа баратын жандар қай өңірде де кездеседі.

Қазір мынадай жайды нық сеніммен айтуға болады: еліміздегі ислам дінін ұстайтындардың 70-80 пайызы уаххабии, сәлафи сияқты теріс діни ағымды ұстанатындар. Паранжы, хиджаб киген қыз-келіншектер мен сақал қойған қазақ жігіттері көп. Күні кеше әкесін сабаған жігіттің мешіттен шықпайтын намазхан екенін айтады білетіндер. Намаз оқып, өзін мұсылманмын деп жүрген оның туған әкесін көгала қойдай етіп сабағаны, шешесінен дымын қалдырмай сықпыртып боқтағаны қандай имандылыққа жатады?

Тобықтай түйін:

Осы арада қазақтар неге сонша азғындап барады? -деген сауалға нақты жауап беретін кез келгендей. Ұлтты ұйытып біріктіретін, имани жақсы қасиеттерін дамытатын күш — ана тілі мен дәстүрі, діні екені дау туғызбас шындық. Қазақтардың азып бара жатқаны ана тілі мен атадәстүрінен, шынайы діннен безінуден десек, артық айтқандық болмайды. Атадәстүрін берік ұстанған және уахаби, сәлафи сияқты теріс ағымдар келмей тұрған өткен ғасырларда қазақтар арасында қазіргідей арсыздықтар болмаған, болса да өте сирек кездесетін құбылыс болған. Ал қазір ондай арсыздықтар жылдан жылға көбейіп, белең алып барады. Қазақтардың арасында жыл санап қатары өсіп бара жатқан қатерлі құбылыстың еліміздің ертеңіне тигізер қаупі зор екені анық. Сондықтан, оның жолын кесу, тамырына балта шабу мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселе десе болады. Бұл іске ұлт тағдырына бейжай қарамайтын қарапайым адамдар ғана емес, ең алдымен билік үлкен мән беріп, теріс құбылыстың жолын кесуге қажетті барлық шараларды жасауы тиіс. Ол үшін тілімізді дамытатын арнайы заң, ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын ұлттық идеология және дінімізді теріс ағымдардан тазартатын қайта құрулар қажет.

Қалкөз Жүсіп.

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз