20 қаңтарда президент қызметіне кіріскен Дональд Трамп содан бері өткен бір айдай уақыттың ішінде үш ғасырлық тарихы бар мемлекеттің қалыптасқан ішкі-сыртқы басқару жүйесіне айтарлықтай залал келтіріп үлгірді. АҚШ әрдайым көрші елдермен тату-тәтті тұрып, қарулы қақтығысқа бармаған, ал шекаралық аумағын кеңейтуді қарудың күшімен емес, көбіне келіссөздер арқылы және ақшаға сатып алу жолымен жүргізген. Сондай-ақ, Батыс елдерімен де әрдайым тату байланыста болып келді. Ал Трамп осы қалыптасқан жүйені бұзатын біраз әрекеттер жасап үлгірді.
Мыңдаған шақырым ортақ шекарасы бар Канада елінен келетін мұнай өнімдеріне салынатын салықты екі есеге көбейткен Трамп ол елден келетін өнімнің жолын кесті. АҚШ азаматтарының көп бөлігінің жанар-жағар майға деген сұранысын қамтамасыз етіп келген канадалық импорт салық көлемінің өсуіне байланысты тоқтап қалды. Бұның өзі бензин бағасының күрт қымбаттауына соқтыруда. Экономикалық байланысқа сызат түсіргені аздай, Трамп «Канада АҚШ-тың 51-ші штаты болуы керек» деп көрші елдің тәуелсіздігіне қол сұғатындай сыңай танытты. Бұның өзі Канаданың билігін іргелес елден қатер төнуі мүмкін-ау деген күмәнді ойға қалдырды.
Ғасырлар бойы тату-тәтті өмір кешіп келген Мексикамен ара қатынасқа да сызат түсті. Бірқатар автокөлік жасайтын американдық алпауыт компаниялар өз өнімдерін Мексика аумағында шығарып, содан кейін АҚШ-қа жеткізіп келген еді. Трамп Мексиканың шекарасынан өткені үшін төленетін баж салығын еселеп көбейтіп, соның нәтижесінде американдық компаниялардың өз өнімдерін елге әкелуі аса қымбатқа түсетін болды.
Экономика саласында осындай ел үшін залалды қадамдар жасаған Трамптың ұзақ жылдар бойы демократияның отаны аталып келген елдегі заңсыз мигранттарды түгел ел аумағынан шығаруға арналған шарасы ғасырлар бойы жинақталған ел абыройына сызат түсіретін түрі бар. Елден шығарылуға тиісті адамдар қатарында қазақстандықтар да бар.
Трамптың сыртқы саясаттағы әрекеттері тіпті, түсініксіз. Ол айтқан палестиналықтарды Газа секторына күштеп қоныстандыру жөніндегі ұсынысы жағдайды одан сайын ушықтырары анық. Ал қызметке кіріскен соң бір жетінің ішінде Украинадағы соғыс мәселесін шешемін деп сайлау алдында жалпақ дүниеге жар салған Трамптың бұл бағыттағы әрекеттері ақылға мүлдем қонбайды. Ол Путинмен телефон арқылы екі сағаттай сөйлесіп, бейбіт келісім мәселесін талқылаған. Кейін белгілі болғандай, әңгіме барысында Трамп Ресей тарапының біраз ұсыныстарына келісетінін байқатқан. Ал 18 ақпанда Эр-Рияд қаласында өткен Ресей мен АҚШ сыртқы істер министрлерінің кездесуі бейбіт келісімді Украинының қатысуынсыз сырттай алып державалар өздері шешетінін аңғартқандай болды. Бұны бірқатар сарапшылар өткен ғасырдағы салқын соғыс жылдарындағы саяси әрекеттерге қарай кейін шегіну деп бағалады.
Сауд Арабиясында өткен осы екіжақты кездесуге қатысты Украина президенті Зеленскии «Украинаның қытысуынсыз өткен мұндай келісімді біз ешқашан қабылдамамаймыз» деп мәлімдеді. Трамптың бұл әрекеті Батыс елдерінің басшыларын да біршама үрейлендіріп тастады. Бұның өзі Трамптың Ресейге бүйрегі бұратынын айғақтайтындай. Бәріне өз пайдасы тұрғысынан қарап үйренген кәсіпкер Трамп сол ұстанымын саясатқа да қолданатынын байқатып қалды. Байденнің кезінде Украинаға берілген милиардтаған көмекті қайтарып аламын деген Трамп Зеленскииге үш жыл ішінде берілген 300 млрд доллар көлеміндегі ақшаны Украина өзінің жер асты байлықтары арқылы қайтаруы тиіс деген пікірін білдірді. Трамп алғашында 300 млрд-қа бағалаған қарызды арада бірнеше күн өткенде 500 млрд-қа көбейтті және сол қарыз үшін Украина түсті метал кен орындарын түгел АҚШ-қа беруі қажет екенін мәлімдеді.
Қазір мына жай айқын болып отыр: Трамп ендігі уақытта соғыста Украинаны қаржыландырып, көмектесуді доғарады. Осы арқылы ол Еуроодақ елдеріне өз қауіпсіздіктеріңді өздерің қорғаңдар дегенді білдірді. Трамптың осындай мәлімдемелерінен кейін Франция президенті Макрон елде әскер санын көбейту үшін жедел мобилизация жариялады. Ұлыбритания басшылығы өз әскерін Украина аумағына кіргізіп, бітімшгершілік қызметін орындауға әзір екендігін мәлімдеді.
Сөйтіп, қызметке кіріскеніне бір айдай ғана уақыт өткен Трамп елдің ұзақ жылдар қалыптасқан ішкі-сыртқы саясатына үлкен залал келтіретін әрекеттер жасап үлгірді. Оның бұл әрекеттері ізсіз кеткен жоқ. АҚШ-тың көптеген штаттарында наразылық шерулері өтті. Елдің 50 штатында түгелдей Трампқа эмпичмент жариялау жөніндегі ынталы топ құрылып, қол жинауға кірісті. Ал Калифорния сияқты бақуатты бірқатар штаттар тіпті, тәуелсіздік алуға байланысты референдум өткізуге дайындық жасауда.
Билікке келгеніне бір ай болмай жатып осылайша Дональд Трамп көршілерінің де, Батыс Еуропа елдері мен өз халқының да көңілін қалдырарлық біраз істер істеп тастады. Бұның салдары ең алдымен АҚШ үшін ауыр болатыны қазір анық байқалуда. Бірқатар өнімдердің бағасы шарықтап өсіп кетті. Халықтың тұрмысын жақсартамын деп уәде берген жаңа президент керісінше салық көлемін өсіріп, халықты одан сайын тұралатуға итермелеуде. Бұның өзі американдықтардың ашық наразылығын туғызып, оның ақыры аласапыран жағдайларға ұрындыру қатері бар. АҚШ халқы әлемдегі қаруланған халықтың бірі екенін еске алсақ, салдары ауыр болатынын түсіну қиын емес.
Қалкөз Жүсіп.