Басты бетӘлеуметҚаржылық сауаттылық - өмірлік қажеттілік

Қаржылық сауаттылық — өмірлік қажеттілік

Сондай-ақ, оқыңыз...

Егер ресми органдардың деректеріне сенсек, Қазақстандағы қаржы-экономикалық жағдай анау айтқандай жаман емес. Жылына 5 проценттің үстінде экономикалық өсім бар. Бір жылдағы инфляция деңгейі 11,7 пайыз. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы өткен жылғы деңгейден біршама түсіп, қазір 470 теңге болып тұр. Ирандағы соғыс әлемдік нарықтағы мұнай бағасының көтерілуіне ықпалын тигізуде. Міне, осы жайлардың бәрі еліміздегі қаржы-экономикалық ахуалдың тұрақтануына белгілі дәрежеде әсер етті деп айтуға болады. Бірақ та, соның бәріне қарамастан, халықтың тұрмыс жағдайы оңалмай отыр.

Қарапайым халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі сатып алу қабылетінің күрт түсуінен анық байқалуда. Мамандардың пікіріне назар аударсақ, соңғы кезде автокөлік рыногы тұралап қалған. Қосып сатып пайда табамыз деген үмітпен шетелдік автокөліктер әкелген алыпсатарлар үстіне баға қосып сатпақ түгілі, өз бағасына өткізе алмай қиналуда. Көлік бағасы күрт құлдырап кеткен. Риелторлар бұрын қайнап жататын жылжымайтын мүлік нарығы мүлдем дерлік тоқтап қалды деп мұң шағуда. «Наурыз» сияқты бірқатар бағдарламалардың іске қосылуы жаңа үйлер нарығындағы сату-сатып алу мәмілелерінің тоқтамауына ықпалын тигізсе, қайталама нарықтағы жағдай, тіпті нашар. Сатып алу-сату мәмілелері өте сирек жасалады.

Үй, автокөлікті былай қойғанда, соңғы кезде қарапайым жұртшылық күнделікті қажетті тауарларды сатып алуды да азайтқаны байқалады. Осының салдарынан халық тұтынатын тауар саудасымен айналысатын шағын және орта кәсіпкерлердің жұмыстары тоқыраған. Өткен бір жылдың ішінде елімізде 208 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жабылған. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

Қаладағы мен тұратын аумақтағы біршама азық-түлік сататын дүкендер жабылып қалды. Азық-түлік деген енді адамдар үшін күнделікті қажетті тауар ғой. Адамдар азық-түлік алуды да азайтса, онда халықтың қаржылық ахуалының төмендеуінің ең негізгі көрсеткіші емес пе бұл.

Жасыратыны жоқ, қазақстандықтардың сыртқы жұртқа жылтыратып көрсететін тұрмыс жағдайларының жоғарылығын дәлелдейтін игіліктердің бәрі де кредиттің арқасында жасалғандығы белгілі. Кредитке жер алып, үлкен котедж салған азамат, өзгелерден қалмайын деп қымбат автокөлікті де кредитке алады. Киім-кешек, тұрмыстық заттардың көбін қазақстандықтар кредитке алып, пайдаланады. Сырт қарағанда бақуатты көрінетін ондай жандардың бар байлығы кредитке байланған. Әр қазақта екі-үштен кредит бар.

Тойды кредит алып жасап, өлген адамның асын кредитпен өткізетін және қайтыс болған туыстарының зираттарын да кредитке көтеретіндер көп. Жыл басынан бері 11 адам кредиттерін төлей алмағандықтан өз еріктерімен өмірмен қоштасыпты. Өкінішке орай, кредиттің кесірінен жүйкесі жұқарып ауру болып жатқандар, өздеріне қол салатындар қатары көбеймесе, азаяр емес.

Халықтың тұрмыс дәрежесінің төмендеуінің тағы бір дәлелі – соңғы жылдардағы тұрғынүй құрылысы қарқынының бұрыңғы кезбен салыстырғанда баяулауы. Көкшетауда өзім тұратын аумақта осыдан екі жыл бұрын ескі үйлерді бұзып, орнына салған көп қабатты үйлердің жанынан ары қарай жалғастырып құрылыс салынады деген жоспар болған. Дегенмен де, ескі үйлерді бұзып, сыртын қоршағаны болмаса, екі жылдан бері құрылыс басталған жоқ. Қаланың басқа аумақтарында да бұрын жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жыпырлап салынып жататын көп қабатты үйлердің құрылысы тоқтап қалды. Бұндай жай тек Көкшетауға ғана қатысты емес, Астанада, басқа ірі қалалардағы жағдай да осыған ұқсас. Жаңа жылдан бастап сатылатын жаңа үйлердің пәтерлеріне 17 пайыздық қосымша құн салығының енгізілуі үй бағасын шарықтатып жіберді. Ондай қымбат үйді сатып алуға екінің бірінің шамасы жетпейді. Оған қоса, ипотеканың базалық ставкасының өсуі кредит алуды қиындатты. Ал биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ипотека беру рәсімдері қатаңдатылады деп күтілуде. Бұл жайлардың бәрі адамдардың баспана сатып алу қабілетін күрт нашарлатуда. Құрылыс қарқынының саябырлауының басты себебі де осында.

Адамдардың сатып алу қабілетінің күрт төмендеуіне тек жалақы деңгейін көтермеген, инфляцияны ауыздықтай алмаған билік кінәлі деп біржақты баға беруге болмайды. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, бұл мәселенің де екі жағы бар. Нарықты бақылай алмай, бетімен жіберген, инфляцияны ауыздықтай алмаған биліктің кінәсін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен де, адамдардың сатып алу қабылетінің төмендеуіне, ең алдымен сол адамдардың өздері кінәлі десек, артық айтқандық емес.

Нарықтық қоғамда ғасырлар бойы өмір кешіп келе жатқан Батыс елдерінің тұрғындары мемлекеттен қайрым күтпей, өз күндерін көруге жауапкершілікті өздері мойындарына алған. Олар әрбір тиынын есептеп, үнемдейді. Әрбір ақыл-есі түзу Батыс тұрғынының ертең қиындыққа тап болғанда қажет деп жинаған депозиттері немесе құнды қағаздары бар. Олар қазақстандықтар сияқты пәлен пайыз өсіммен кредит алып, той жасамайды. Тіпті, қыз бен жігіт мейрамханаға барса, әрқайссы өз тамағына ақшаны өзі төлейді. Америкада 16 жасында кәмелетке толды деп саналатындықтан, кәмелетке толысымен жас бозбала ата-анасының үйінен шығап, өз күнін өзі көруге көшеді.

Англияға ақша табуға барған бір қазақ жігіті айтады, бізде қазақтар жүз жыл тұратындай патша сарайындай етіп кең үй салады, оған қыруар қаржы және уақыт кетіреді. Ал мұнда бірнеше ғасыр бұрын салынған ата-анасынан мұраға қалған  ескі үйлерде тұра береді. Малынып киініп, қымбат көлік алмайды. Әркім қалтасына қарап көсіледі. Көшеде жүргенде кімнің бай, кімнің кедей екендігін білмейсің, бәрі бірдей киініп, қарапайым тірлік кешеді.

Қазақта «тарта жесең, тай қалады, тоя жесең, түйе де қалмайды» деген нақыл бар. Қазақ қазіргі нарық жағдайында үнемшілдікті үйренсе, бүгінгідей тапшылықтан құтылар еді. Қит етсе жарысып той жасап, өлген адамды шығарып салуды аста-төк дастархан жасап шығындалып өткізу – бұның бәрі қалтаға үлкен салмақ түсіретін артық шығындар. Көрші қырғыз, өзбек бауырлар аста-төк тойларды өткізуге тиым салатын арнайы заң қабылдады. Бізге де сондай заңның қажеттігі қазір анық көрінуде.

Бүгінде мектепте балаға мүлдем қажетсіз басы артық пәндер көп оқытылады. Әлеуметтік желіде таяуда біреу «Зейнеткермін, қырық жылдан астам уақыт жұмыс істедім, бірақ сол уақытта меннен ешкім «синус, косинус» туралы ештеңе сұрамапты. Сол пәндерді не үшін оқығанымды өзім де білмеймін» деп жазыпты. Сондай өмірде мүлдем қажеті жоқ басы артық пәндерді оқытып, баланың миын ашытқанша, қаржылық сауаттылықты оқытса, дәл қазіргідей ақшаны орынсыз жұмсап, кедейшілік құрсауына түсетін адамдар қатары азаяр еді.

Қазақстандықтарға есімі жақсы танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембай: бақуаттылыққа жетудің жалғыз тәсілі – инвестиция, табыс көлеміне қарамай адам ай сайын табысының кем дегенде он пайызын инвестициялап отырса, біраз жылдан соң міндетті түрде бақуаттылыққа қол жеткізеді» дейді. Қазір адамдарға қаржылық сауаттылық ауадай қажет. Өйткені, қаржылық жағынан білімді адам ғана нарық жағдайында болмай қоймайтын экономикалық дағдарыс пен инфляцияның тегеурініне төтеп беріп, қандай жағдайда да бақуатты тұрмыс  кеше алады.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз