Басты бетКөзқарасЗейнетақы қоры қажет пе?

Зейнетақы қоры қажет пе?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желіде  зейнетақы қорындағы ақшаларының өспеуіне орай адамдардың алаңдаушылық білдіріп жатқандығы жайында мақала жарияланды. Көтеріліп отырған мәселе өте өзекті, бірақ та өкінішке орай адамдардың көпшілігі оған оншалықты мән бермейді. Жастар жағы зейнеткерлікке шыққанша әлі көп уақыт бар деп бұл мәселеге көңіл аудармаса,  зейнет жасындағылар азын-аулақ зейнетақыларын алғанын қанағат тұтып, қордағы ақшаларының жай-күйіне мүлдем қарамайды. Осының салдарынан зейнетақы қорының жұмысы бақылаудан тыс қалып, онда не болып жатқаны көлеңкеде қалып қойғандай.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін мен өзгелер сияқты қордағы жиналған ақшамның бір реттік алымы түріндегі бөлігін алғаным жоқ. Бір мезгілде 2-3 жерде жұмыс істей жүріп ұзақ жылдар бойы жинаған бар ақшам 5,4 млн теңге болыпты. Содан кейінгі жылдарда қордағы жинақтаған ақшам ақырындап өсіп, 6,1 млн теңгеге жетті. Дегенмен осы деңгейге жеткен соң ары қарай өспей, тоқтап қалды. Кейде кішкене көбейген сияқты болады, кейде түсіп кетеді. Осылайша бір орнында тұр. Қаладағы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып, ақшамның неге өспейтінін сұраған едім. Олардың жауабы: қордың жалпы өсімі кейде жоғары болады, кейде төмендейді және сізге ай сайын қордан ақша төленіп тұрады, дегенге сайды.

Мені олардың бұл жауабы қанағаттандырмады. Бір жарым жыл бойы қордағы ақшамның мүлдем өспей бір орнында тұруы әртүрлі ойларға жетеледі. Менің жеке пайымымша, қордағы ақшаның өспеуіне жемқорлық себеп болған сияқты. Жасыратын не бар, қор деген жерде бізде міндетті түрде ақша ұрлау, жемқорлық қылмыстың қоса жүретіні белгілі. Сонау 1990-шы жылдары құрылған медициналық сақтандыру қорынан қомақты ақшаның ұрланып, ұрылардың шетел асып қашып кетуінен басталған қордың ақшасын ұрлау қылмыстары қазіргі кезге дейін жалғасып келеді. Зейнетақы қорында трилиондаған теңге ақша бар. Оған елімізде еңбек ететін милиондаған адам ай сайын міндетті жарналарын аударып отырады. Қордың міндеті сол ақшаны жәй сақтап, бақылап отыру емес, ең алдымен түрлі инвестициялық құралдардың көмегімен көбейту. Оның ішінде шетелдік кепілдендірілген облигациялар мен құнды қағаздар бар. Ал олардың өсімі өте жоғары. Осыған орай, қордағы қаржы еселеп өсуі тиіс болатын. Бірақ та, өсім жоқ. Сонда ақша қайда кетіп жатыр?

Ақшаның өспеуінің екінші бір себебі,  Ұлттық қордың ақшасын алып-алып тауысқан Үкіметтің бюджеттің жыртығын жамау үшін  зейнетақы қорына ауыз салуы болуы мүмкін. Бұл туралы оқта-текте ақпарат құралдары айтып, жазып қояды. Сонымен бірге, қор басшылығы күмәнді жобаларға ақша салып, соның салдарынан қомақты қаржыны жоғалтып алуы да қордағы ақшаның өспеуінің бір себебі болуы ықтимал. Қалай болғанда да, қазір мына жай анық болып отыр: зейнетақы жинақтау қорының қаржысының соңғы жылдарда өсуі мүлдем тоқталды. Бұл енді дабыл қағарлық өте өзекті мәселе.

Ал енді бұның болашақта өте ауыр зардабы болатыны анық. Қазіргі зейнеткерлер өз қаржыларының өсіп, не тоқтап тұрғанына назар аудармас, дегенмен де, болашақта тек зейнетақы қорына жинақталған ақшаның есебінен зейнетақы алатын жастар уақыты келгенде бұл мәселені аттандап көтерері анық. Неге десеңіз, олар үшін бұл өлім, не өмір деген сияқты өте маңызды мәселе болмақ. Ертең зейнеткерлікке шыққанда бар жиналған ақшалары 5-10 млн теңге болса, онымен қалай күн көрмек?

Іргелес Қытай еліндегі зейнетақы жүйесі туралы таяуда интернеттен бір деректі фильмді көрдім. Оларда әр адамға арнап жеке есеп-шот ашып, сонда ай сайын ақшасының бір бөлігі аударылып отырады екен. Ол ақшаның қалай өсіп жатқандығын салымшы үнемі көріп, қадағалап отырады, бірақ алуына болмайды. Ал жасы келіп, зейнеткерлікке шыққан соң енді оған сол есепшотқа кіруге рұқсат етіледі. Қорда жинақталған қаржыны ол қалауынша алып, пайдалана алады. Егер зейнеткер қайтыс болса, оның ақшасын туыстары мұра ретінде алып, пайдаланады. Осыдан көрінгендей, Қытайда біздегідей зейнетақы қоры деген басы артық «посредник» құрылым жоқ. Мемлекеттік органдар тікелей әр адаммен жұмыс жүргізіп, олардың ақшаларының зейнетақы жарнасы ретінде арнайы есеп-шотқа түсіп отыруына жауапты.

Біздегі зейнетақы қорындағы ақшаның өсіміне қайта оралайық. Осы арада мына жайға назар аударғым келеді: егер мен қордағы өзім жинақтаған 6,1 млн теңге ақшаны екінші деңгейлі банктердің біріне 15 проценттік жәй депозитке салып қояр болсам, айына 70 мың теңгедей өсім табады екенмін. Қазір маған зейнетақы қоры ай сайын жинақталған ақшамның есебінен 37 мың теңге аударып отырады.  Ал жарна бір тиын өспей сол орнында тұр. Яғни, қазіргі жағдайдағы оның жылдық өсім деңгейі 7-8 процент деп айтуға болады. Сонда оның деңгейі тіпті, қарапайым депозиттен екі есеге төмен болып тұр ғой. Сонда бұндай қордың қажеті бар ма?

Егер де мен қордағы ақшамды өзім басқаруға алып, қарапайым депозитке салсам, оның өсімі жоғарыда айтқандай 70 мың теңге болар еді. Соның 40 мыңын ай сайын зейнетақыма қосып алып отырсам, 30 мыңы қалады. Бір жылда соның есебінен қордағы ақшам 360 мың теңгеге өседі. Салымның жалпы сомасы өскен сайын өсім проценті де жоғарылай беретіні белгілі. Сөйтіп, бірер жылда 70 мыңның орнына  75 мың, одан әрі 80 мың теңге табатын боламын. Өсім көлемі артқан сайын  ай сайын алатын соманың көлемін де аздап арттыруыма болады. Осылайша, егер де мен қордағы ақшамды қарапайым банк депозитіне салар болсам, алатын зейнетақы мөлшері артып, қордағы салым көлемі де жыл санап көбейе түседі екен.

Ал қазір менің ақшамды басқаруға алған қор 6,1 млн теңге салымымнан айына 37 мың теңге өсім беріп, соны қанағат тұт дейді. Өсімі қарапайым депозиттің өсімінен екі есе төмен, инфляцияның деңгейін де жаба алмайтын ақша беретін бұндай қор маған қаншалықты қажет? Бұл жалғыз маған қатысты жай емес, барша зейнеткерлердің басындағы жағдай және олар үшін өте маңызды мәселе.

Зейнетақы қоры 1998 жылдан бастап жұмыс істеуде. Мен зейнеткерлікке шыққан 2021 жылға дейін 23 жылдың ішінде жалақымнан жинақталған бар жарна көлемі жоғарыда айтқанымдай  5,4 млн теңге болды. Бұл жылдардың ішінде үзіліссіз жұмыс істегенімді және бір мезгілде 2, тіпті 3 жерде жұмыс істегенімді айтып кеткенім артық болмас. Солай жегіліп жұмыс істегенде тапқаным 5,4 млн теңге ғана болды. Егер қор алдағы уақытта да дәл осылай жұмыс істейтін болса, тек өздері жинаған зейнетақы қорындағы ақшаны зейнетақы ретінде алатын қазіргі буын өкілдерінің ахуалы қандай болмақ?

Мәселен, қазір 40-тан асқан азамат енді 20 жылдан соң зейнеткерлікке шығады. Сол уақыттың ішінде қорда жинақталған бар ақшасының көлемі 15-20 млн теңге болды делік. Айына 250 мың теңге зейнетақы алып тұрғанда бұл ақша ары кетсе 5-7 жылға жетеді. Содан соң зейнетақы қоры әлгі азаматқа: кешіріңіз, сіздің қордағы ақшаңыз таусылды, енді сізге берер ақшамыз жоқ, дейді. Сонда әлгі зейнеткер не істемек, қалай күн көрмек? 70-ке келген оны енді еш жер жұмысқа алмайды және жұмыс істеуге жағдайы да жоқ.  Бұндай жай қазіргі жұмыс істеп, зейнетақы қоры жарылқайды деп жүрген азаматтардың бәрінің басына түсуі мүмкін.

Мен қазір мына жайды нық сеніммен айта аламын: егер де, жоғарыда айтылғандай 23 жылда зейнетақы қорына аударған ақшамды екінші деңгейлі банктердің бірінен депозит ашып, сонда аударып отырғанымда 5,4 млн теңге емес, кем дегенде 10 млн теңге, тіпті одан да көп  ақша жинақтар едім. Сонда, мынау залалынан басқа еш пайдасы жоқ басы артық «посредник» құрылымның адамдарға қаншалықты қажеті бар?

Егер де біз қазір Қытайдың тәжірибесіне көшіп, сондағыдай «посредниксіз» банктерден депозит ашып, адамдар сонда зейнетақы қорына аударуға тиісті жалақысының 10 пайызы мөлшеріндегі жарнасын  салып отырса, зейнетақы мәселесі біршама оңтайлы шешілер еді. Мәселен, қазір 40 жастан асқан адам жалақысының 10 пайызын қорға емес, банк депозитіне аударса, өсімімен ол кем дегенде 40-50 млн-ға жетеді. Американың қоғам қайраткері Вениамин Франклин айтқандай: «күрделі процент – ең құдыретті құрал». Депозиттегі ақша өскен сайын капиталданып, өсім деңгейі еселеп арта береді. Зейнет жасына жетіп, жинаған ақшасынан зейнетақы түрінде ай сайын алып тұрғанның өзінде депозит өсімі тоқталмайды. Соған орай, адамдар өле өлгенше зейнетақыларын тоқтаусыз алып тұрады. Ал қайтыс болған жағдайда, депозитте қалған ақшаларын туыстары алып пайдаланады.

«Қателігінен сабақ алмаған адам – ақымақ адам» дейді Қытайдың ойшылы Лао Цзы. Біздің Үкіметіміз қор аталған ұйымдардың жемқорлықтан басқа ештеңеге жарамсыз екендігін трәжірибе жүзінде талай рет көрсе де, одан неге сабақ алмайтыны белгісіз. Міндетті медициналық сақтандыру қорындағы жай да осыған ұқсас. Ай сайын адамдар қорға ақшаларын аударып жатыр, ал ауыра қалса бәрі ақылы. Әсіресе, күрделі ота жасайтын болса, оған екінің бірінің шамасы жетпейді. Әлеуметтік желілерде балама, туысыма ота жасауға ақша керек, көмектесіңіздер деп алақан жайып ақша сұрағандарды көп көресің. Яғни, медициналық қорға кеткен ақша да әлдекімдердің қалтасына құйылып жатқан тәрізді.

«Ауруын жасырған – өледі» деген нақыл бар. Қазір өте өзекті болып отырған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жағдай уақыт өте келе әлеуметтік үлкен қопарылысқа ұшыратуы әбден мүмкін. Ертең өмір бойы жұмыс істей жүріп жинаған ақшасы тамағын тойдыруға жетпейтін зейнетақы түрінде алдынан шыққанда адамдардың ашынғаннан айқайға басатыны айдан анық. Ондай жағдайға жеткізбес үшін Үкімет дәл қазір ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІН қайта қарап, әлемдегі озық үлгілердің біріне көшуі тиіс.

Қалкөз Жүсіп.  

 

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз