-16.4 C
Kokshetau
Басты бетШежіреҰлағатты ұстаз

Ұлағатты ұстаз

Сондай-ақ, оқыңыз...

..Жиырмасыншы ғасырдың басында  Атбасар, Есіл  аймағында халықты ағартушылық салада айтарлықтай із қалдырған, бала оқытуда ұлағатты ұстаз атанған ірі тұлғалардың бірі Жабағы Қаржасбаев болатын. Жабағы Қаржасбайұлы (Руы Арғын Қозған) Атбасар уезінің 15-ші ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Әкесі Қаржасбай Бегімбайұлы (1872-1932) азын-аулақ малы бар және жер жыртып егін еккен шаруақор адам болыпты. Он саусағы майысқан шеберлігімен ауыл аймағына танымал екен. Етікшілікпен де айналысыпты. Тұрмысқа пайдаланатын арбаларды құрастырып жөндеп ісмерлік  танытыпты.

Қаржасбай 7 жасқа, қарындасы 5 жасқа келгенде әкесі Бегімбай ауырып қайтыс болады. Анасы Қалифа екі баласымен жиырма бес жасында жесір қалады. Қаржасбай он тоғыз жасында руы қарауыл Бөкенас деген кісінің қызы Фатимаға (1873—1919) үйленеді. «Осы қара келінім келген соң өміріміз гүлденді» дейтін әжеміз Қалифа» деп жазады  Ж. Қаржасбаев.

1898 жылы әкесі Жабағыны алты жасқа келгенде Бейсенбай деген кісіге хат танысын деп оқуға береді. «Мен «әліп, әліп» деп қайталап айтуды қызық көрсем, кейін жалығып кеттім. 29 әріптің атын атауды үйреніп алдым» дейді Ж. Қаржасбаев естелігінде. Жабағының Нәкен, Мәкен, Несібелді  есімді апалары және соңынан ерген  Жабық  деген інісі  болады. Нәкен мен Мәкен жастай қайтыс болса Несібелді тұрмысқа шыққан соң өмірден өтеді. Кейін Жабағы есейе келе  Хасен Үсенов деген  мұғалімнен «Төте оқу» әдісі бойынша  дәріс алады.  Хасен ауылға ақ  шатыр тігіп жиырма бес баланың бойына білім нәрін сіңдіреді.  Ұстазы бір жаққа кеткенде іштеріндегі ересегі болған соң балаларды өзі оқытыпты. «Сен зейінді баласың. Оқысаң аталарың Абай, Алтынсаринның армандарын орындауға атсалысар едің. Олар қазақты басқа елдің қатарына қосуға арман еткен» деп ұстазы Хасен жиі айтады екен.

Жабағы бала оқытып,  ауыл-аймағына жақсы мұғалім деген атағы жайыла бастайды. Атбасарда маусым айында жәрмеңке басталғанда оған есеп-қисап білетін жастар керек еді. Саудагерлер жаза білетін тұрғындарды жұмысқа алатын. Осы кезде оқудың қажет екені анық байқалады.  Жергілікті қазақтар балаларының  есеп, жазуды үйренуіне көңіл бөліп оқуға бере бастайды.

«1905 жылы патшалық Ресей мемлекеттік Дума шақырылып онда «Хұддрият» жарияланғаннан кейін уездік қала Көкшетауда «Серке» атты қазақ-татар тілінде газет шыға бастады. Мен оның оқушысы болдым. Өзім оқып ғана қоймай, ондағы қозғалған көкейкесті мәселелерді кедей шаруаларға, жалшы малшыларға оқып беріп жүрдім» дейді Ж. Қаржасбаев.

Қазан төңкерісінде ол белгілі революценер  Әділбек  Майкөтовтың сенімді серігі,  үгітшісі болады. Ә. Майкөтов жастармен жиі кездесіп тұрыпты. Оның жетекшілігімен С. Көбеевтің «Қалың мал» романы бойынша алғаш рет Атбасарда сахналық қойылым ұйымдастырылады. Ғайшаның бейнесін Әділбектің әйелі сомдайды. Осы қойылымға Жабағыда қатысыды.  «Әділбек Майкөтов ғажап адам еді. Кісіге өте үйір. Адам жанын түсіне, сезіне біледі. Мені ұстаздық жолына меңзеген, ақыл кеңесін берген сол ағамыз еді» деп жазады

Ж.Қаржасбаев. Кеңес үкіметі орнаған соң 1925 жылы  110 үй тұрғыны бар Қаражар ауылында мектеп ғимаратын бөренеден салуға басшылық жасайды. 1926-1927 жылдары білім ордасы ашылып  оқушыларды қабылдайды. «Ұстаз болу үшін, ең алдымен баланы сүйе білу керек. Мұнсыз ұстаз болу мүмкін емес» дейді Жабағы Қаржасбайұлы. Осы мектептен тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аяп Нұрқанов, обком секретары болған Социалистік Еңбек Ері  Сақан Құсайынов, тау-кен инженері Кенжеболат Садуов, ағаш-орман министрлігінің бірінші орынбасары  болған Ақтан Төлеубаев, республикаға еңбегі сіңген дәрігерлер-Ғаббас Шамаев, Садық Табынбаев, қоғам қайраткері Роза Шамжанова және тағы басқа елге танымал тұлғалар  білім алады. Бұл аты аталған азаматтар Жабағы Қаржасбайұлының шәкірттері еді.

1931-1932 жылдары Ж. Қаржасбаев Алматыға барады. Облононың жолдамасымен Қарақастек, Еңбекшіқазақ аудандарында жетіжылдық және  орта мектептерде мұғалім болады. Аудандық оқу бөлімінің аппаратында қызмет жасайды. 1935-1938 жылдары Қаз ПИ-дің дайындық курсында оқиды. 1939/40 оқу жылында Қарағанды қаласында он жылдық орта мектепте еңбек етеді. Кейін Алматыға қайтып келіп мұғалімдер институтын бітіреді. Бес ай милиция мектебінде сабақ береді. 1947-1953 жылдары педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтына ауысып, аға ғылыми қызметкері болады.  Сол жылдары бастауыш кластарға қазақ тілінде «Жазу үлгісі», «Диктанттар жинағы», «Мазмұндамалар жинағы», «Бастауыш мектепте көркем жазу» т.б. бірнеше әдістемелік құралдарын жазады. «Әліппе» оқулығының авторларының бірі атанады. Жарты ғасырдан астам  ағартушылық салады еңбек еткен  Ж. Қаржасбаев «Қаз ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қаз ССР-нің Еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атақтарына ие болады.

Ж. Қаржасбаевтың отбасына келетін болсақ екі рет үйленіпті. Алғашқы әйелі Шаутік Құдабаева (1910-1945) ауырып қайтыс болады. Екінші рет Сара Шойбековамен  (1913-1963) шаңырақ көтереді. Сарамен он жеті жыл тату-тәтті ғұмыр кешеді. Балаларға саналы білім беруде ұлағатты ұстаз атанған Жабағы Қаржасбаев 1968 жылы дүниеден өтеді.

Ж. Қаржасбаевтың ұрпақтары бар ма деп іздеу салған едім. Соңынан ерген төрт қызы бар екен. Солардың бірі Алматыда тұратын Рауза апамызбен телефон арқылы  хабарласып тұрамын.  2008 жылы ұрпақтары Ж. Қаржасбаевтың қайтыс болғанына қырық жыл толғанда рухына бағыштап «Еңбек мұраты» деген кітап шығарады. Сол кітаптың екі данасын маған пошта арқылы салып жіберіпті.

Бірінші әйелі Шәутіктен Әсия (1928-2014) , екінші әйелі Сарадан Әлия (1948-2015), Рауза (1950 ж.т.), Алтын (1954 ж.т.) есімді қыздары дүниеге келеді. Үлкен қызы Әсия Қыздар педагоикалық институтын бітіріп ауылда ұзақ жылдар мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Қордай ауданының атқару комитетінің төрайымы болып зейнетке шығады. Әлия мектепті алтын медальға  бітіріп Алматы медициналық  институтына  түседі. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Теміртау қаласында «Қазақстан магниткасы» деп аталатын медициналық орталықта дәрігер болып еңбек етеді. «Совет үкіметінің үздік дәрігері» төс белгісінің иегері атанады. Рауза Жабағықызы Қаз МУ-ді бітіріп, химия пәнінен мектепте мұғалім, кейін әке жолын қуып Ы. Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында аспирантурада оқиды. Ғылыми жұмыстармен айналысады. «Атамұра» корпорациясында жетекші редактор болып еңбек етеді. «Білім беру ісінің үздігі», Білім Министірлігінің құрмет грамотасының иегері.   Кенжесі Алтын Алматы технология институтын тәмамдаған. Ұзақ жылдар метролог болып жұмыс істейді. «Метрология ісіне еңбегі сіңген қызметкері» деген атақ берілген. Ж. Қаржасбаевтың ұрпақтары халқына қалтықсыз еңбек етті. Әке абыройын асқақтатты.

«Біз әке-шешеден жастай қалдық. 1963 жылы анамыз қатерлі  ісік ауруынан қайтқанда Әлия 15-те, мен 13-те, Алтын 9-да еді. Бұл уақытта әкеміз 71 жаста  болатын. Содан біздің тәрбиеміз толық әкеміздің қолында болды. Мектепке барарда үшеуміздің шашымызды өріп беретін. Үйге келгенде асымызды дайындап қоятын. Бізді ойын-сауыққа жібермейтін. Киноға да бармайтынбыз.Барлық күшімізді оқуға салып соның жемісін көрдік. Бес жылдан кейін әкемізден айрылып қалдық. Ол кісі қайтыс болғанда Әлия екінші курста, мен бірінші курстың студентімін. Алтын 14 жаста жетінші класта оқитын» деп Рауза Жабағықызы ата-анасын сағына есіне алады.

Ия, өңірімізден шыққан тұңғыш ұстаз, ағартушы Ж. Қаржасбаевтың балаларды оқытудағы сіңірген еңбегін ұмытпас үшін, келешек ұрпақ біле жүрсін деген мақсатта Атбасар  қаласының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында  бір мектепке есімі берілсе екен. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Сондықтан ел басшылары мен жақсылары ақылдаса отырып осы  игілікті шараны жүзеге асырса кешегі өткен аға ұрпақ алдында парызымызды өтеген болар едік…

ТЕМІРБЕК ҚАСЫМЖАНОВ, өлкетанушы

(Атбасар қаласы, қаңтар айы, 2020 жыл)

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз