Соңғы жылдары Көкшетауда бір істі бастаса, екіншісін бұзу әдетке айналғандай. Қала көшелеріндегі құрылыс пен жөндеу жұмыстары кейде жүйелі істен гөрі, науқаншылдықтың иісін аңғартады. Бір қарасаң — асфальт төселіп, шамдар жаңарып, гүл егілген. Бірақ көп ұзамай сол маң қайта қопарылып, жаңа «жөндеу» басталып кетеді.

Мысалы, биыл ғана «Көк шалғын» аллеясы Президент сапарына дейін асығыс жөнделіп, жарқырап тұрған еді. Ал Мемлекет басшысы кеткен соң көп ұзамай, сол аумақ қайта бұзылып, құрылысшылар тағы кірісті. Сонда бұл тірліктің түпкі мақсаты не? Халық игілігі ме, әлде есеп пен камера алдындағы көрініс пе?

Абылай хан даңғылында да сол жағдай. Веложол салу кезінде ауыр техника жаяу жүргіншілер жолындағы жиектастарды мыжып, плиткаларды сындырған. Кей тұстарда ағаштар да техника астында қалған. Қала көркейеді деп жүріп, табиғатты құрбан ету – нағыз бейқамдық емес пе?

Бұдан бөлек, бірер күнде ашылғалы тұрған «Kokshetau mall» сауда үйінің алдында да соған ұқсас көрініс қайталанды. Кәсіпкер өз қаражатына жолды жөндеп, айналаны абаттандырған еді. Алайда көп ұзамай «Көкше Энерго» жұмысшылары келіп, жаңа төселген асфальтты қопарып тастады.

Ал қаланың орталығындағы Сабатаев көшесіндегі жағдай – бұл мәселенің ең нақты көрінісі. Биыл ғана жартылай асфальт төселіп, тұрғындар қуанып еді. «Ақыры өркениет бізге де жетті» деген жұрттың қуанышы ұзаққа бармады. Себебі сол жолдың бойында қақпағы ашық, шеті мүжілген құдық аузын аңқайтып, қауіптің ордасына айналып тұр.

Депутат Ардақ Назаровтың тілімен айтқанда, ойланып көріңізші: қыс түскенде қар басып, айнала аппақ болғанда, бұл құдықты кім байқайды? Бір қадам шалыс жасасаңыз – апанның ішінде кетесіз. Ол жермен күн сайын мектеп оқушылары да, зейнеткерлер де өтеді. Бұл – жай салғырттық емес, адам өміріне тікелей қатер.
Ең сорақысы, осындай жұмысты әкімдік қалай қабылдап алған? Асфальт төсеу деген – үстін әдемілеу емес, инженерлік инфрақұрылыммен біте қайнасқан жүйелі жұмыс. Егер астындағы құдық сынған болса, ол жолдың да, адамдардың да қауіпсіздігіне әсер етпей қоймайды.
Көкшетауда қыруар қаржы жұмсалған жобалардың сапасы жиі сын көтермей жүр. Бір жерде шұңқыр жабылса, екіншісі ашылады. Бір тротуар төселсе, келесі аптада сол жер қайта қазылады. Сонда бір қолмен салғанды екінші қолмен бұзу — біздің «жұмыс стилімізге» айналып бара ма?
Осы тұста орыс сатиригі Евгений Петросянның ащы қалжыңы еріксіз еске түседі: «Егер қар жауып жатса – демек, жақында асфальт төсейді. Ал егер асфальт төсеп қойса – онда көп ұзамай құбырларды жөндей бастайды».
Бұл – жай әзіл емес, өмірдің өзінен алынған шындық.
Көкшетауда да дәл солай: біреу салады, біреу бұзады. Ал ортақ нәтиже көрінбейді. Қала көркейеді деген сенімнің орнын «қайта жөндеу» мен «қайта қазу» басқан. Бәлкім, «жаңартылған жағажай» деген ұғым да осыдан шыққан шығар.
«Хрущёв алған байталды, Брежнев келіп қайтарды» демекші, бұрынғы әкімнің кезінде басталып, бір жыл өтпей қираған жағажайды бүгін Ахметжанов қайта жалғастырып жатыр. Ертең оның артынан да сын айтылмасын десек, әр істің сапасына мән беріп, жауапкершілікпен қараған абзал.
Қала көркі – әсем ғимараттар мен жарқыраған шамдарда емес, істің ұқыптылығында, еңбектің адалдығында. Ал жауапсыздық пен немқұрайлық жүрген жерде өркениет те, қауіпсіздік те болмайды.
Құдық қақпағы жабылмайынша, қауіп те жабылмайды.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Көк шалғын»: көрікті жоба ма, көзбояушылық па?» тақырыбымен мақала жариялаған едік. Бұдан бөлек Көкшетауда көпқабатты жаңа үйдің кірпіші опырылып құлап жатқандығы жазылды.





