Басты бетСөз салмағыҚазақ тілі қашан мемлекеттік тіл мәртебесі деңгейіне көтеріледі?

Қазақ тілі қашан мемлекеттік тіл мәртебесі деңгейіне көтеріледі?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Президенттің жарлығымен Роман Скляр президент әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалды. Бір қарағанда бұл алып бара жатқан үлкен жаңалық та емес, бұндай тағайындаулар жиі болып тұрады және Скляр да сырттан келген жаңа адам емес, бұрын да талай лауазымды қызметтердің құлағын ұстаған ескі кадр. Жұртшылықтың назарын аударған аталмыш тағайындау емес, әлеуметтік желілердегі осы тағайындауға қатысты жазылған бір-біріне ұқсас  мадақтау мен көкке көтере әспеттеуден, өздерінің жүрекжарды ыстық пейілдерін білдіруден тұратын мақалалар болды. Оған қоса, жаңа қызметімен құттықтап, биік лауазымда табыс тілеп жатқан жағымпаздар да аз болмады.

Сол жазбалардан оқып білгеніміз, Роман Скляр үш жоғары оқу орнын бітіріпті, бесаспап маман, іскер басшы екен. Ең бастысы: қазақ тіліне судай көрінеді.  Құп делік, іскер басшы осындай жауапты орынға келіп жатса, жұмыс жүреді, оң өзгерістер болады деп үміттенелік. Жақсы үмітпен өмір сүрген де жақсы. Оның қай қызметті қалай атқарғанын халық көріп, біліп отыр. Ол жайында ештеңе айтудың қажеті болмас. Бірақ та, көңілімізге көлеңке түсіретін мына бір жай болмаса: ұзақ жылдар бойы еліміздің түрлі басшы қызметтерін атқарған, яғни мемлекеттік қызметте болған адамды мемлекеттік тілді біледі деп неге сонша дәріптейміз? Ау, Конституцияның, одан қалды Тіл туралы заңның талабына сай мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуі тиіс қой. Қазақ тілін біледі деп мақтау –  шопан қойды бағуды жақсы біледі екен деумен бірдей емес пе. Өмір бойы таяқ ұстап, шопан болып келе жатқан адамның қой бағуды білуі заңды құбылыс. Сол үшін оны мақтауға бола ма?

Осы жайға қарап тәуелсіз еліміздегі мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайын айқындауға болатындай. Президент әкімшілігі, Парламент, Үкімет, жергілікті әкімдіктер түгел орыс тілінде сөйлеп, құжат жүргізеді. Соларға қарап, қызмет көрсету ұйымдары мен жеке меншік кәсіпорындар да түгелдей орыс тілінде қызмет көрсетеді. Қазақша сауал беріп, қазақша сөйлеуді талап еткені үшін ғана жазықты болып, жазаға ұшырап жатқандар бар. Таяуда ғана бір курьер жігіт орыс кемпірге қазақша сөйлегені үшін боқтық естіп, одан қалды айыппұл төлегені туралы әлеуметтік желілерде хабар жарияланды.

Парламент спикерінің қазақ тіліндегі сұрағын түсінбей мылқау адамша оған меңірейе қараған вице министрдің әрекеті туралы видеохабарды көргенде, біз осы қай мемелкетте өмір сүріп жатырмыз деген ойға қаласың. Салалық білдей бір министрдің орынбасары мемлекеттік тілден мақұрым болса, онда ол қалай сондай қызметке тағайындалып жүр? Бір Мәжіліс депутаты мемлекеттік қызметке алғанда мемлекеттік тілді білу қажеттігі туралы талаптың орындалмай отырғандығы жайында ашық айтты. Заң неге бұзылады, ол талап неге орындалмайды? Жауап жоқ. Оның есесіне қазақша қақпайтын лауазым иелерінің Конституцияда көрсетілгендей, өзіме қолайлы тілде жауап беруге құқылымын деп, өзіне қазақша қойылған сауалға орысша жауап беретін жайларын жиі көріп жатамыз.

Әлеуметтік желіде жарияланған бір видеода қазақ тілінде сөйлеген қазақ қызды бір кәріс ұлтының өкілі жас жігіт «сіз неге орыс тілінде дұрыс жатық сөйлемейсіз, орысша курстарға оқып, тіліңізді неге жаттықтырмайсыз» деп айыптады. Қазақ қыз орысша жетік білмейтіні үшін айыпты адамдай «болашақта бұл сыннан қортынды шығарамын, орыс тілін жетік білуді үйренемін» деп жауап берді. Осыны көргенде «қазақ елінде тұрып, мемлекеттік емес, өзге тілде неге жетік сөйлемейсің» деген ескерту есту әдепке де, заңға да сәйкес келмейтін оспадарлық емес пе деген ойға қаласың.  Орыс тілінде сайрайтын және соны мақтаныш көретін әлгі Қазақстанда туып, осы елдің азаматы болып жүрген жігіттің қазақ мектебін бітіріп, мемлекеттік тілде білім алған қазақ қызының өзге ұлттың тілін білуі міндетті еместігін түсінбеуінің астарында кеңес заманынан, одан арғы патша дәуірінен қалған және әлі күнге дейін сүйретіліп келе жатқан отаршылық ескі көзқарастың салқынын анық сезінесің.

Орыс тілі ортақ тіл болған КСРО дәуірі келмеске кетті. Бағамдап қарасаң, қазір КСРО шекпенінен шыққан елдердің арасында Қазақстан мен Белорусь қана орыс тілін мемелкеттік деңгейде қолданып отырғанын көресің. Іргелес өзбек, қырғыз елдері өз ана тілдеріне әлдеқашан көшкен. Қырғыздар орысша атаулар мен орыс тілін шектеуге байланысты соңғы жылдарда біраз шаралар жүргізді. Тәжіктер мен түркмендер болсын, болмасын өз ана тілдерінде сөйлейді. Балтық жағалауы республикалары әлдеқашан өз тілдеріне көшіп алды. Грузия, Армения, Әзірбайжан да солай. Соғыс басталғалы бері Украйнада да халық өз тілдерінде сөйлеуге жаппай ден қоюда. Осыған қарап, орыс тілінің аясы жыл санап тарылып бара жатқанын көресің.

Қазір ресми деректерге қарасақ, еліміздегі орта мектепті бітірушілердің 70 пайызы қазақ мектептерінде оқығандар. Яғни, олар орыс тілін шет ел тілі деңгейінде ғана білетін, қазақ тілінде сөйлейтіндер. 30 жасқа дейінгі жастардың 80 пайызы орыс тілін білмейді екен. Олар орыс тілін мүлдем білмейді деуге болмас, дегенмен қазақша оқығандықтан, орысша аздап түсінгенімен, мүдірмей сөлей алмайды.

Ал енді осы орысша жетік білмейтін жастардың құқығы неге қорғалмайды? Орысша білмегендіктен, оларға өз елінде көп қызметтің жолы жабық. Анау лауазымды үлкен қызметкерлердің  бәрі дерлік орысша оқығандар. Олардың арасында орысша білмейтін қазақша оқыған бір адамды таба алмайсың. Ал қазақша қақпайтындар толып жатыр. Өкінішке орай, қазіргі еліміздегі өмір шындығы осындай болып отыр.

Тәуелсіздігімізді алғанымызға отыз жылдан асса да, ана тіліміз әлі күнге дейін өз елінде өгей баланың күйін кешуде. Өзге ұлттың бір өкілі қазақша акцентпен бірер ауыз сөз айтса, соған бөркіміз қазандай болып қуанамыз, оны жатып кеп мақтаймыз. Заң жүзінде мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілін барша Қазақстан азаматтары білуге міндетті екендігін ешқайссымыз қаперімізге алмаймыз. Сол баяғы кеңестік дәуірден қалған бодандық сананың салқыны бұл.

Күні кеше сотта қазақша сөйлегені үшін судьядан дөрекі ұрыс естіген бір қазақ әйелінің жылап тұрып айтқан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Қазақ тілінің мүддесін қорғап жүрген белгілі бір заңгер азамат осы оқиғаға қатысты Ел Президентіне, Жоғарғы сот төрағасына ашық үндеу жолдады. Оған билік басындағылар не жауап береді? Оны уақыт көрсетеді.

Ана тілінің киесі болады дейді, қазақ тілінің мәртебесін биіктетуге әрбір иісі қазақ азаматының атсалысатын уақыты келді. Өйткені, қазақ тілі қазақтан басқа ешкімге қажет емес.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз