Басты бетКөзқарасШыңғыс ханның қазақ болғандығы қазаққа не береді?

Шыңғыс ханның қазақ болғандығы қазаққа не береді?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Соңғы жылдарда жарты әлемді жаулап алған Шыңғыс хан монғол ма, қазақ па деген әңгіме төңірегінде дау-дамай кең етек алуда.  Бұл дау ертеректе жазушы Мұхтар Мағауин мен ақын Мұхтар Шахановтың арасында басталғаны белгілі. Кеңес заманында кеңестік тарихшылар жазған тарихты санасына сіңірген аға ұрпақ өкілдері  адамзатты қанды қырғынға ұшыратып, өркениеттің дамуын тежеген жабайы көшпенділердің көсемін  қазақ деген Мұхтар Мағауинге алғашында түсінбестікпен қараса, кейінірек әртүрлі тарихшы ғалымдардың ғылыми  мақалалары жариялана бастаған кезде  оны қолдаушылар қатары көбейе түскен.

Ресейдің империяшыл  бағыттағы саясаткерлері тарапынан жиі айтылып жүрген қазақтың өркениеті, өз мемлекеті болмаған деген  пікірінің астарында  тәуелсіз Қазақстан мемлекетін мойындамау, бүгінде соғыс ошағына айналған Украина сияқты жасанды ел деп тану пиғылы жатқаны көкірек көзі ашық әркімге де түсінікті жай. Ресей тарапынан жасалып жатқан осындай ақпараттық шабуылдарға тойтарыс беру мақсатында әуелі қазақ хандығының құрылуының  550 жылдық торқалы тойы өткізілсе, кейінірек қазақ мемлекеті өз бастауын Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан алады деп, оған дәлел ретінде Ұлытауда жерленген Жошы ханның кесенесін алға тартып, Жошы ұлысының негізінің қалануының 800 жылдығы аталып өтті. Бұның өзі қазақ мемлекеті кеңес заманында құрылған жасанды республика емес, тарихы сегіз ғасырға кететін ежелгі ел екендігін айғақтайды. Жошы ұлысының негізінде Алтын Орда хандығы құрылып, ол үш ғасырдан астам уақыт өмір сүрді. Алтын Орданың негізін тарихи деректер көрсетіп отырғандай қазақтың ру-тайпалары құрады.

Осы арада «Шыңғыс ханның қазақ болғандығы қазаққа не береді?» деген сұраққа жауап беретін кез келгендей. Шыңғыс ханды монғол деп жазу Ресей импариясы кезінде жүзеге асқан еді. Ертеде «халха» аталып келген бүгінгі монғолдар ресейлік тарихшылар тарапынан  монғол деп аталып, Шыңғыс хан туралы сақталған санаулы деректердің бастысы саналатын —  қытай тілінде жазылған Монғолдың құпия шежіресі негізге алынып, Шыңғыс хан монғол болып жазылды. Міне, осы кезден бастап, Шыңғыс ханды монғол деп  атау қалыптасты.

Кеңес тарихшылары ресей импариясы кезінде қалыптасқан Шыңғыс ханға қатысты ұстанымды қатаң сақтап, барлық тарихи еңбектерде, оның ішінде білім ордаларында оқытылатын тарих оқулықтарында Шыңғыс ханды монғол деп атады. Бұл түсініктің санамызға берік сіңіп қалғаны соншалықты, кейінірек түрлі тарихи деректерді алға тартып, Шыңғыс ханның монғол еместігі жайында жарияланған ғылыми мақалаларды басқа түгілі, қазақтардың өздері онша қабылдамады. Әлі күнге дейін «Шыңғыс ханның қазақ болғандығы бізге ештеңе бермейді, оның ешқандай мәні жоқ» дейтіндер бар. Оған қоса, тіпті Шыңғыс хан қазақтарды қырып-жойған қатыгез қолбасшы деп  жеккөрінішпен қарайтындар да аз емес.

«Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» деген сөз бар. Сонау Ресей импариясы заманынан бастау алып, кейінірек кеңес дәуірінде тамырын тереңге жіберген Шыңғыс ханның монғолдығы жайындағы түсініктің бірер күнде өзгермейтіні белгілі. «Отырар ойраны» сияқты кино түсіріліп, ақын-жазушылырамыздың осы тақырыпта жазған біраз шығармалары жарық көрген сол замандағы түсінікті санамыздан сылып тастау өте қиын болатыны  дау туғызбас шындық. Дейтұрғанмен де, шындық түптің түбінде ашылатыны анық. «Инені қапқа салып жасыра алмайсың» демекші, шындықты жасыру да қиын болмақ.

Ресей импариясын көп жылдар басқарған императрица Екатеринаның айтқан “егер қазақтар өз тарихын білсе, барша әлемді жаулап алады” деген сөзі орыс ғалымдарының не үшін Шыңғыс ханды монғол деп атағанын айқындаса керек. Орыс ғалымдары қасақана талай ғасыр бойы қазақ тарихын бұрмалап түсіндіріп келді. Ақын Қадыр Мырза Әлінің “Біздің тарих ол-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы” деген өлеңінде айтылғандай, қазақ тарихы мүлдем дерлік зерттелмеді. КСРО тарихы оқулығында жас ұрпақ негізінен орыс мемлекетінің қалыптасу тарихын оқыды. Одақтас республикалардың тарихына жете көңіл бөлінбеді.

Ақын Олжас Сүлейменов жазған “Аз и Я” кітабын орыс ғалымдары залалды шығарма деп сатылымнан алып тастап, өртеп жойды. Өйткені ол кітапта орыс мемлекеті жайындағы сақталған жалғыз жазба дерек саналатын “Игорь полкі туралы жыр” бастан-аяқ түркі тілінде жазылғаны нақты деректермен талданып жазылады. Бұның өзі түркілердің тарихын бұрмалап, мәнін төмендетіп түсіндіретін кеңестік ғылымның ұстанымына қайшы еді. Қазақ тарихы жайындағы шындықты жазған тарихшы Бекмаханов, қазақ хандары туралы “Көшпенділер” трилогиясын жазған жазушы Есенберлин де сотталды. Осылайша, қазақ тарихы бұрмаланып, тарихтағы ұлы тұлғалардың есімі аталмады немесе рөлі төмендетіліп көрсетілді.

Бұның бәрі не үшін жасалды? КСРО басшылары сан түрлі ұлттан құралған үлкен мемлекетті ұстап тұру үшін ұлтсыздандыру қажеттігін жақсы түсінді. Сталин өз тұсында одақтағы ең іргелі және тарихын тереңнен алатын екі ұлт: қазақтар мен украиндарды жасанды жымысқы тәсілдермен қырып-жойды. 1930-шы жылдардағы қолдан ұйымдастырылған аштықтан 8 млн-дай украин, 2,5 млн қазақ қырылды. Сол аштықтан қазақ өз ұлтының жартсынан айрылды. Хрушевтың кезінде “орыс тілін неғұрлым тез меңгерсек, соғұрлым жедел коммунизмге жетеміз” деген ұранмен ұлттық мектептер жабылды. Қазақстанда сол тұста 700-ден астам қазақ мектептері жабылды. Жаппай орыстандыру саясаты ашық және пәрменді жүргізілді. Бірақ, соған қарамастан, тарихи тамырын тереңнен алатын қазақ халқын жойып жіберу мүмкін болмады.

Ғалым, математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз “Шыңғыс ханның қазақ болғандығы неге керек, жәрайды ол қазақ болсын-ақ делік, сонда Марста алма гүлдей ме” деді. Есімі әлемге танымал ғалым ағамызды сыйлаймыз, десе де өмірге тек ғылым мен технология тұрғысынан ғана қарау жалаң болады. Ғылым мен технологиясын дамытып, тарихы мен тарихи тұлғаларын ескермеген ұлттың болашағы жоқ. Тамыры тереңге кеткен ағаш ешқандай дауыл мен жауынға қарамай ұзақ жыл жасайды. Тамыры таяз ағаш сәл жел тұрса қопарылып құлап қалады. Сол сияқты тарихы терең халықтың болашағы жарқын және ғұмыры ұзақ болмақ. Ал тарихты қара тобыр емес, жеке тұлғалар жасайды. Шыңғыс ханның қазақтығы міне, сол үшін қажет.

Ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құс қанаты талып жететін асты мен үсті толы қазына жерді қалдырған ата-бабаларымыз бұл жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады. Қазақтың жерінің әрбір сүйемінде аталарымыздың төгілген қаны бар. Сонша жерді қорғап, ұрпақтарына мұра етіп қалдыру үшін қару ғана емес, рух та қажет еді. Атқа мінген қазақ әруақ десе арқаланып, қандай жауға да қасқая қарсы тұратын. Қыпшақтар Ойбас деп, арғындар Ақжол деп, әр ру өз батырларын ұран етіп, қалың жауға қаймықпай шабатын. Жеңіске шабыттандыратын, жаудан қаймықтырмай, ерлікке үндейтін құдыретті күш — рух болатын. Әруақ дегеннің өзі “Ар Рух” дегеннен алынғаны белгілі.

Міне, сол қазаққа рух берген батырлар мен атақты қолбасшылар, хандар — бәрі тарихи тұлғалар болды. Олардың есімдерін қазақ ұрпақтан ұрпаққа ауызша айтып жеткізіп отырды. “Жеті атасын білмеген жетесіз” дейтін қазақ ата-баба шежіресін жатқа білді. Бұның бәрі тарих еді. Сол тамыры терең тарихымыздың, тарихи тұлғаларымыздың көкірегімізге күш-қуат құятын ұлы рухының арқасында тарихтың небір шырғалаңдарынан аман-есен өттік.

Рухы берік ұлтты жою мүмкін еместігін білетін Ресейдің империяшыл ғалымдары үнемі қазақтың тарихын бұрмалап, ұлы тұлғаларын жоққа шығаруға тырысып келеді. 2,5 мың жыл бұрын сол кездегі ең үлкен қуатты империяның негізін қалаған парсының патшасы Кирді талқандап жеңіп, басын алған сақ Томиристен басталатын тарихи тұлғаларымызды бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Жарты әлемді жаулап алып, көшпенділердің ұлы империясын құрған Шыңғыс хан да сол ұлы тұлғарамыздың қатарында бар. Римді талқандағын Еділ патша, Мысырды анталаған жаудан аман сақтап ұзақ жылдар басқарған Бейбарыс сұлтан, әлемдегі екінші ұстаз атанған ғұлама ғалым Әбунәсір әл Фараби, ислам әлеміндегі пайғамбардан кейінгі ең ұлы тұлға атанған әулие Қожа Ахмед Яссауи болып жалғасатын ұлы тұлғаларымыздың есімі бүгінгі қазақ тарихында алтынмен жазылып, барша халық білетін және құрметтейтін тарихи тұлғалар болуы тиіс.

Әлемдегі екінші қуатты армия атанған Ресей әскері  украиндықтарды төрт жыл соғысып жеңе алмай келеді. Өйткені тарихын он ғасырдан астам бұрын құрылған Киев русінен алатын рухы берік украиндар Отандарын жан аямай қорғады. Міне, рухтың мықтылығының айқын айғағы осы. Шыңғыс ханның қазақтығы ұрпағымыздың бойындағы мақтаныш сезімін оятып, рухын бекемдейді. Ал рухы мықты ұлт ешқашан да жоғалмайды.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

 

 

 

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз