0.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарЖурналистік зерттеу: Қазақ даласында ет неге қымбаттады?

Журналистік зерттеу: Қазақ даласында ет неге қымбаттады?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ішкі нарықтағы теңгерімсіздік пен агросаясаттағы жүйесіздіктің салдары

Соңғы күндері ет бағасы қымбаттауы мүмкін деген ақпарат жиі айтылып жүр. Бұл – алыпқашпа сөз емес, ауылдағы ахуалдың айқын көрінісі. Мал шаруашылығындағы жүйесіз саясат, логистиканың әлсіздігі мен жем-шөптің қымбаттауы сиыр етінің тапшылығына және бағаның шарықтауына әкеліп отыр, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.

Баға шарықтап барады

Қазақстанда ет бағасы соңғы айларда тұрақсыздықтың жаңа шегіне жетті. Ресми статистика бойынша, бір жыл ішінде сиыр етінің орташа бағасы 20 пайызға жуық қымбаттаған. Ал өңірлік нарықтардағы нақты өсім бұдан да жоғары – кейбір базарларда баға екі-үш айдың ішінде 30–40 пайызға көтерілді. Мәселен, Көкшетау  базарларында жыл басында сиыр етінің келісі 3200 шамасында болса, қазір 4 мыңнан асады.

Бұл – маусымдық ауытқу емес. Бұл – ауыл шаруашылығындағы терең құрылымдық дағдарыстың көрінісі.

Бағаның шарықтауы үкіметті де алаңдатып отыр. Ішкі нарықтағы бағаның өсуін тежеу және халықты ірі қара етімен қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін экспорттауға уақытша шектеу енгізді. Бұл шектеу ішкі тапшылықтың алдын алу үшін жасалмақ. Дегенмен қолданыстағы келісімшарттарды сақтап отырған ірі өндірушілерге квота беріліп, сыртқы нарықтармен байланыс үзілмейді.

Бағдарламалар көп, нәтиже шамалы

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстан үкіметі ауыл шаруашылығын, оның ішінде ет өндірісін дамытуға бағытталған алты бағдарлама қабылдады. Алайда олардың нәтижесін ел әлі күнге дейін толық сезіне қойған жоқ.

1996 жылы Алматыда қабылданған алғашқы жүйелі шаралардан бастап, 2027 жылға дейінгі етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасына дейінгі жобалардың барлығының мақсаты бір – қазақстандықтарды еттің барлық түрімен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру болды.

Бағдарламаларда ірі қара санын 7 миллионнан 15 миллионға дейін, қой санын 18-ден 30 миллионға дейін жеткізу, 100 мың отбасылық ферма құру және жылына 1,1 миллион тонна ет өндіру міндеті қойылған еді. Бірақ нақты нәтиже әлі де төмен.

Логистика мен жол – ұмыт қалған фактор

Логистикаға келсек, шалғайдағы облыстарды айтпағанда, елорданың іргесіндегі Ақмола облысының өзінде көлік инфрақұрылымы нашар дамыған.
Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың сияқты ауыл шаруашылығы дамыған аудандарда жол мәселесі өткір.

Тұрғындар Esilnews.kz редакциясына хабарласып, жолдардың жүруге жарамсыз екенін жиі айтады. Кей жерлерде ет тасымақ түгілі, науқас адамды аудан орталығына жеткізу мұң. Жолдардың тозғаны соншалық, жеңіл көлікпен жүру мүмкін емес. Бұл – делдалдардың ет бағасын негізсіз өсіруіне тікелей себептің бірі. Ал жем-шөптің қымбаттауы оған қосымша соққы болып отыр.

Ауыл бейнесі өзгерді: сүт те, май да – дүкеннен

Бұрындары ауылда әр үйде ең кемі екі-үш, кейбірінде алты-жеті сиырдан болатын. Сол кезде сүт, май, қаймақ – бәрі өз қолымен өндірілетін. Ал қазір ауылдың өз халқы сүтті де, майды да дүкеннен сатып алады. Мал ұстайтындар азайған, сиыр ұстау тиімсіз болған. Көпшілік жылқыға бет бұрды, себебі жылқы қысы-жазы далада жүріп, жем-шөпке тәуелді емес. Ал елдің күнделікті тұтынатын еті – сиыр еті. Экспортқа да шығарылатыны сол. Нәтижесінде ішкі нарықта ірі қара еті тапшы болып, бағасы шарықтап кетті. Тіпті, кей өңірлерде сиыр еті жылқы етінен де қымбат.

Бұрын малдың жем-шөбі қымбат болса да, ауыл тіршілігі ұжымдық рухпен жүретін. Әр үйде сиырдан бөлек, қой мен жылқы, ал аулада бір-екі огород – картоп егетін жер болушы еді. Қазір ауылдың өзінде картопты базардан сатып алатын жағдайға жеттік. Қойды да бұрын ауыл болып кезектесіп бағатын, ол дәстүр де ұмытылды.

Ауылдағы ағайын бүгінде шөпті де, отынды да сатып алады. Бұрын үш-төрт үйде бір трактор болып, бірігіп шөп шауып, қысқа дайындалатын. Енді әр үйде бір-бір жеңіл көлік бар, бірақ сол көліктің жүгі – бұрынғыдай еңбектің емес, базардың жолы. Ауылда тұр деген аты болмаса, тіршілігі – қалалық өмірге ұқсап барады.

Сарапшылар не дейді?

Экономист Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, еттің қымбаттауына экспорт емес, ішкі өндірістің әлсіреуі себеп. 2024 жылы Қазақстан бар болғаны 21,5 мың тонна ет экспорттаған – бұл елдің әлеуетіне шаққанда мардымсыз көрсеткіш. Экспорттың 98 пайызы ТМД елдеріне, негізінен Өзбекстан мен Тәжікстанға бағытталған.

«Бізде өндіріс көлемі өссе де, ішкі өңдеу мен логистика баяу дамып келеді. Ет саласында 10-20 жылдық нақты стратегия болмағандықтан, әлеует толық ашылмай отыр», – дейді сарапшы.

Ал Қазақстанның Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев елімізде 185 миллион гектар жайылым бар екенін айтады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде алғашқы бестікке кіреді. Соған қарамастан, ет импортына тәуелді болып отырмыз.

«Мал азығы да, табиғи мүмкіндік те бар. Бірақ стратегиялық көзқарас пен ұзақмерзімді саясат жетіспейді», – дейді ол.

Ауыл – экономиканың тірі тамыры

Елдің азық-түлікке деген сұранысын қанағаттандырып, бағаны тұрақты ұстап тұрудың бір-ақ жолы бар – ол ауылды тірілту. Қазір ауылда қалған жұрттың өзі шаруашылықпен айналысуға жағдай таппай отыр: жем-шөп қымбат, жол жоқ, техника ескірген. Мал баққан адамға не жеңілдік, не ынталандыру жоқ.

Ал ауылды қайта түлетудің басты шарты – адамды ауылға қайтару. Қалада құрылыс жағалап жүрген мыңдаған бұрынғы малшы мен механизатор бар. Соларды ауылға тарту керек – ақшамен, баспанамен, жеңілдетілген несие және нақты қолдау арқылы. Өйткені ауылды солар ғана көтереді – іс жүзінде еңбек етіп, жер мен малдың қадірін білетіндер.

Бұдан бөлек, жердің тек бетін қопсытып, ештеңе екпей-ақ субсидия алып отырған шаруалар бар. Ондай «қағаз жүзіндегі шаруашылықтарды» сүзгіден өткізу қажет. Әр фермердің нақты ауыл шаруашылығымен айналысып отырғанын мемлекет қатаң бақылауға алуы тиіс.

Ауыл – жай ғана мекен емес, ұлттың азық-түлік қауіпсіздігін ұстап тұрған тірі тамыр. Ол үзілсе, елдің де, экономиканың да өзегі босайды.

Түйін

Қазір ауылдағы қора бос, шелекте сүт емес – дүкеннің бағасы пісіп тұр. Бұрын өз еңбегімен күнелткен қазақтың ендігі күнкөрісі сырттан келген тауарға тәуелді болып барады. Ет, сүт, май – бәрі сатылымға айналған шақта, ауылдың өзегі – тіршіліктің түп қазығы да жұқарған.

Ет мол елде еттің қымбат болуы – экономикалық емес, мемлекеттік басқару сапасының айнасы. Егер бүгін ауылды тірілтпесек, ертең дастарқанның дәмін де, еңбектің қадірін де ұмытып қаламыз.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз